Сенбі, 23 Қараша 2024
6030 10 пікір 18 Қыркүйек, 2018 сағат 08:56

Көлгіновтің шамасы Чапаевқа жетпей ме?

БҚО әкімі А.Көлгіновтің

Жергілікті мәслихат депутаттарының

назарына!

 

Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болса да, қолдары қанға боялған  большевиктердің тапсырмасын орындаған В.Чапаевтің қылышын жалаңдатқан ескерткіші Орал қаласының темір жол вокзалы алдында қонақтарды қарсы алып тұруы тәуелсіздігімізге үлкен сын және ұлттық намысқа тиеді. Большевик батырының жалаңдаған қылышы – Қазақтың тәуелсіздігін қылышпен құртамын деп тұрғандай. КСРО кезінде  1984 жылы орнатылған  Чапаевтің атпен тұрған мүсінін тарихи ескерткіш ретінде өзге жерге көшіретін уақыт келді. Себебі, Чапаев қазақтың қаһарманы емес, қызыл большевиктердің ғана батыры.

Қазақ халқы большевиктер құрған Кеңес Одағы тұсында ауыр тауқымет тартып,  үлкен зобалаңды бастан кешірді.  Алаш зиялылары мен бетке ұстар  қазақ ардақтылары атылды, қудаланды. Коммунистердің қолдан жасаған ашаршылығы мен репрессия салдарынан қазақ  халқы күрт азайып кетті. Енді сол қызыл империяның батыры Чапаевті  тәуелсіздік алсақ та, неге әспеттеп, әлпештеуіміз қажет. Әлде облыс әкімі А.Көлгінов пен қала әкімі  М.Мұқаев  және жергілікті мәслихат депутаттары Елбасының ұстанған саясатын мойындағысы келмей, қазақ халқын саяси-қуғынға түсіріп, қойша қырған қызыл империя – Кеңес Үкіметін әлі де аңсайды ма екен?!.  Олай дейтінім, азаттық алғасын, қызыл большевиктердің батыры Чапаевті емес, ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі  үшін күрескен  ұлт батырларын, Алаш зиялыларын және қазақтың ардақтыларының есімдерін ұлықтап, ерліктерін дәріптеп, Чапаевтің орнын солардың біреуіне босатып беруге тиістіміз.

Кеңес Үкіметі социалистік  идеологиялық көзқарасымен  Чапаевтің ерлігін тарихқа енгіздіріп, большевиктің батыры ретінде дәріптеді. Қазақ Елі тәуелсіздік алған тұста В.Чапаевтің егемен алған  Қазақстан тарихында  еш орны,  ұлттық құндылығымызға ешқандай  маңызы және қазақтың батырлар есімдеріне еш қатысы жоқ. Сонымен қатар, қызыл большевиктердің батыры Чапаевтің есімі  Ел Президенті Н.Назарбаевтің жүргізіп  отырған мемлекеттік саяси ұстанымына қарама-қайшы және саяси идеологиялық  тұрғысынан  қарағанда әбден ескірген.

Оралға қонақтардың көбі темір жол вокзалы арқылы келеді. Қонақтарды  қалаға кіреберісте алдарынан қылышын жалаңдатып Чапаев ескерткішінің қарсы алуы - қасиетті Ақжайық өңірінің жұртшылығы мен басшылығы үшін үлкен сын. Бұл мәселені айтыс аламандарында өзге өңірдің  ақындары  көтеріп, жергілікті билік пен ақындарымыздың беттеріне басып, шындықты талай айтқан болатын. Бірақ бұдан қысылатын, қорытынды шығаратын әкімдер жоқ.  Кылышынан қан тамған Кеңес Одағынан  тәуелсіз алғанымызға 27 жыл болды  деп төс қағып  мақтанғанда  сөзіміз әлемге тарайды.  Ендеше тәуелсіздік алуға Чапаевтің не қатысы, не еңбегі бар айтыңдаршы?.. Біз қазір өзге қоғамда, егемен елде өмір сүрудеміз. Ал Чапаевтің қылышын жалаңдатып тұруы, «азаттығыңды қылышпен жоқ етемін» деп, қазақстан халқына үрей көрсетіп тұрғандай болады.

Қалаға келген қонақтарымыз «киелі Ақжайық өңіріне емес, құдды бір Ресейдің жеріне Чапаевтің туған жері Чебоксары қаласына келгендей боламыз» дейді. Біреулер Чапаевтің тарихта орны бар деп айтып жүр. Жақсы оғанда келісейік, бірақ оның қасында 1920 жылы  «Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы»  декрет қабылдап, шекарамызды белгілеп берген, қазақтың кедейлер мен жұмысшыларына және  әйелдеріне теңдік әперген коммунистік партияның  көсемі В.Лениннің Оралда орталықта орналасқан ескерткішін  алдырып, тарихи ескерткіш ретінде  өзге жерге қойдық емес пе? Чапаевтің сол жүйені құрған  Лениннен қарағанда еңбегі артық емес қой. Яғни, Чапаев ескерткішін қаланың қонақтары келетін кіреберіс-темір жолы вокзалы алдынан өзге жерге ресми түрде көшіретін уақыт келді. Осы мақаламнан кейін жергілікті билік ойланар және өзгелер ой-пікірлерін қосар.

Талғат Қатауов, Орал қаласы

Abai.kz

 

 

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490