Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7142 5 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 09:04

Ақын бақыты

Алашта Ақын көп десек те, даңғайыр Даламыздың түкпір-түкпірінде қоңыр тірлік кешіп, жырды жан азығы қылғандар саусақпен санарлық. Солардың бірі – жауһар жырлары жеті кітабына жүк болған оралдық Ғайса-Ғали Сейтақ. Қасиетті Нарыны мен ақжарылқап Ақ Жайығын өлеңге өзек еткен талантты шайырды мерейтойымен құттықтай отырып, оған шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз.

Менің екі сыншы досым бар. Басымыз қосылып, өмірі бітпес ой жарысты қыздырған сәтте әңгіме соңы қайтсе де өлеңге ауысады. Ескі әдеттен жаңылмай,  бірі – Ойдың, екіншісі – Сезімнің атын алға оздырам деп жан ұшырады. Бірі тақылдап Қадырды оқыса, екіншісі Тұманбайдың тұма жолдарын жатқа соғады. Сол қиыннан қиысқан, шиыршық атқан шумақтарды тамсана тыңдап отырып расында да қос Ақын ортамызға оралып, рингте қолғап түйістіргендей күй кешесің. Кезек-кезек нокдаунға түскен сайысшы сыншылар да терлеп-тепшіп, дау-дамайларын әупірімдеп итжығыспен аяқтайды...

Арасында қарап отырмай мен де ортаға от тастап қоям. «10 томдық «Жыр маржаны: қазақ поэзиясының антологиясын» көрдіңдер» деймін. Белі қайысқан әр томға 50-60 ақыннан кіргеннің өзінде 500-600 санды өлеңші бар» деймін. «Қаптаған газет-журналдар мен бұрыш-бұрыштағы баспалар күн құрғатпай қаншама талаптының тұсауын кеседі?!. Қазақта сол өлеңді оқитын оқырманнан гөрі мен ақынмын деп кеуде соққандар көп. Сонда олар өлеңді кім үшін, не үшін жазады?!.» деймін. «Үш ғасыр жырлайдың» бар ма? – бар. «Бес ғасыр жырлайдың» бар ма? – бар. «Он ғасыр жырлайдың» бар ма? – бар. Тағы не керек, тойқұмар қазаққа соның өзі жетіп артылмай ма?!. Барды бағамдап, бойға сіңіріп алсақ та аз олжа емес қой» деймін. Әрине, менің сөзіме тоқтар олар жоқ, Ойға өрілген, Сезімнен шырын тамған шумақтарын пулеметше боратады. Талайдың аты аталады, бірін Поэзия патшалығының төріне шығарса, біріне орын босағадан әрең тиіп жатады. Шынын айту керек, мен көп жағдайда тосылып қалам: көбінің түсін түстемек түгіл, аты-жөнін де алғаш естіп отырсам қайтпекпін...

Арасында әңгіме әуені Нарық пен Даңққа ауысады. Аштан өліп, көштен қалмағанымен ешбірінің шекесі шылқып жүрмегені сөз болады. Тағы да Қадыр ағамның кеңес заманындағы ең ақшасы көп, санаулы байларының бірі болғаны, сөйткен Ойшылдың (Алаштағы ең ақылды адамның бірі болған деп есептеңіз) бір күнде тақыр кедей болып шыға келгені, шулы базар іргесіндегі бес қабат үйдің ең жоғарғы аядай пәтерін паналағаны айтылады. Мұқағалидің ішіп кеткені, тіптен жасының да, кәрісінің де бұл дүниеден баз кешіп, өздеріне қол салғаны еске алынады...

Еріксіз ойланып қаласың. Бұл дүние есігін ашқан әр пенде өмірде бақытқа қол жеткізсем деп ұмтылмай ма? Бақ пен Сор... Сор мен Бақ... Сонда деймін-ау, Ақын бақыты неде?!.

Осындайда еске Ғайса дос түседі. Бұл да болған оқиға еді.

2001 жыл. Күн батыс, қиыр шеттегі Оралдың Ордасында (қазіргі Хан Ордасында) ұлан-асыр той болды. Қазақтың соңғы хандығы – Бөкей Ордасының шаңырақ көтеріп, ту тіккен, қасиетті жеріміздің қаншама бір бөлігін Ақ патшадан қайтарып алған айтулы дәуірді, екі ғасыр бұрынғы тарихи датаны еске түсіру мерекесі-тұғын. Біреу білер, біреу білмес: 1801 жылы 11 наурызда Ресей патшасы І Павел сан жыл сарсаңға салып барып, Кіші жүз қазақтарының Жайықтан өтіп, атамекендеріне оралуына мұрсат берген Жарлыққа қол қойған. Күн жарықта қол қойып үлгергені қандай абырой болған десеңізші. Өйткені сол күні түнде баласы бастап, бүлінген бүлікшілер қостап, патша ағзамның басын алып тынған болатын...

Міне, сол тойдың үстінде Оралың болсын, Хан Ордаң болсын, бұлардың барша көшесінен Ғайса-Ғалидың «Егер Бөкей көшпесе...», «Орда» өлеңдері тұтастай банерлерге көшіріліп, оңымыздан да, солымыздан да жарқырап шықты да отырды.

«Егер Бөкей көшпесе,

жүрер едік біз қайда,

Шекараны өзге жұрт

басқа жерден сызбай ма?!

Егер Бөкей көшпесе,

Еділ-Жайық бетке алып,

Құмнан аспай қалың жұрт

қалар ма еді тоқталып?!» – деген жолдар әсіресе осы Нарын құмында туып, бал құдықтарынан су ішкен біз сияқтылардың көңілін айран-асыр етті, ата-бабамызды, әке-шешемізді еске алғызып, жан-жүрегімізді толқытқаны әлі есте.

Ал

«Құм Нарынның төсіне

Дара қонған бұл Орда»;

«Сан Орданың сарқыты

Секілді ме бұл Орда»;

«Перзенттері алып кіл

Ұлықталған бұл Орда.

Жанарында тарихтың

Тұнып қалған бұл Орда»;

«Астанаға ел көшін

Бастағандай бұл Орда» – жолдары тек тақтаға жазылған жоқ, баршаның көңіл төрінен орын алды. Өйткені бұл жаңғырған Алаш Елінің, Жаңа Қазақстанның бар-жоғы 10 жылдық толайым тойымен тұспа-тұс келді. Сол бір зарықтырып жеткен Тәуелсіздіктің тәтті ауасын құмарлана жұтқан кездер, ерекше құлшынысты, ұмтылысты жылдар талайдың жадында болса керек. Міне, сол сәтте Ғайса құрдасқа, Ақын досқа қалжыңға сүйеп: «Сен бақыттысың ғой, жырың жұрттың көзінде (самсаған банерлерді айтқаным), өлеңің елдің аузында... Бүгін-ақ анау бір жаққа жөнеле берсең де болады», – дегенім бар еді. Расында да, көзі тірісінде осындай ерек құрмет-дәрежеге ие болған Ақын бақытты емес пе?!.

Қайран да менің, Бөкейім!.. Бұл бауырынан бүгінгі Сарайшықты Атырау мен әулиелі Маңғыстауды өргізген берекелі Бөкей Ордасы еді. Көзден бұл-бұл ұшқан Аштарханды аңсаймыз. Осы құйқалы атамекендегі бүгінде Селитрный деп аталатын село-станциядағы ата-бабамыздың астана-байтағы Сарай-Беркенің жұртын, Волгоград түбіндегі Царева қонысындағы тағы бір бас қаламыздың жұрнағын бір көруге зармыз. Салқар Самара-Сақмарды, Сарытау мен Царь-қаланы (Волгоград), атажұрт – Алтын Орданың алтын бесігі Еділді оқулыққа енгізбек түгіл, ауызға алуға да қорқа соқтаймыз... Қайран да менің, Бөкейім!..

Осы сәттерде қолыңа еріксіз Ғайса-Ғали ақынның жыр кітабын аласың. Өксікті өкінішіңді оның намысты жырлармен басасың.

Тарихымыз терең деп мақтануға шебер-ақпыз. Шынына келсек, оның зары терең, мұң-қайғысы көл-көсір ғой. Күні кеше – 1921 жылы Ақтөбеміздің жерінде Ақбұлақ ауданы құрылып еді. Күні кеше – 1935 жылы сол өңір аяқастынан Ресейдің Орынбор облысының құрамына өтті де кетті. Ғайсекең жырлағандай:

«Ақтөбе жақты аңсайтын

Ақбұлақ атты аудан бар.

........................................

Мұң торлап қара көздерді,

Орысша шығар сөз де енді.

Ауылдар, қазақ тұрса да,

Аттары түгел өзгерді.

Осылай елді тонау бар,

Жүгі де оның көп ауған.

Ақтөбе жақты аңсайтын

Ақбұлақ атты жоқ аудан...».

Зарды зар, шерді шер қозғайды. Дәл осы жылдары менің ауылымда да, Нарын құмында Азғыр деген су жаңа аудан құрылған-тұғын. Бірте-бірте адам зады қолымен адам санын азайта келіп, ақыр соңы ауданды жауып тынды. Азғыр, Сүйіндік, Балқұдық, Асан, Ұштаған, Ноғайбай, Қоңыртеректер Ордаға қарады. Соғыс біте салып, жаңа соғыстарға жаңаша дайындалған өкімет Азғырға әскери киімсіз «экспедиция» төкті. Халқын тым-тырақай бостырды, қалған-құтқанын қиырдағы Гурьев облысының Теңіз (Денгиз) ауданының қанжығасына байлап берді. Атом полигонын ұйымдастырды, 17 рет жерасты жарылысын жасады. Иек астындағы Хан Ордасына жарты ғасыр бойы қатынасу еш мүмкін болмады, екі араны киік жарықтық ғана жол етті. Мұның бәрін атың өшкір кеңес заманының сұрқия саясаты дерсіз. Хош, жақында Орда арқылы атажұрт Сүйіндік-Балқұдыққа барып келдім. Сондағы көріп-білгенімді айтуға сөз таба алмай отырған жайым бар. Біздің іргемізде, 60-ақ шақырым жерде Ресейдің Аштарханға қарасты Харабали деген қаласы бар. Осы шаһар мен Балқұдықтан шыққан күре жолдың қақ ортасында ежелден «Майор құдық» деген малшы қонысы бар-тұғын. Жолшылар сол жерде аяқ суытып, «Бұл қақ орта, орыспен шекарамыз» деп отыратын. 1990 жылдардың аяғында шекара сызығын сызған орыстың соқалы тракторы «Майор құдықтан» «жаңылысып», ауылымызға 16 км жерден меже кесті. Хош дедік, өйткені дәл осы жерден полигон үшін салынған Харабали-Азғыр тас жолы бізге соқпастан қиялап өтетін. Ал күні  кеше ғана көргенім: Ресейдің шекара постысы өңмеңдеп келіп, Балқұдық ауылының іргесінен орын теуіпті. «Бұрын шекара дұрыс сызылмаған екен. Дұрысы осы екен» деседі жұрт. Әйтеуір жел өтіндегі, ел шетіндегі Балқұдық пен Азғырдың Ресей дәргейіне өтіп кетпегеніне шүкіршілік етеді ел. Мен осы кезде Ғайса-Ғалидің «Ақбұлақ» өлеңін есіме алып, айтарын айтып қалар ақын болып тумағаныма өкіндім...

Мен білгенде, көне тарихты, әсіресе Алтын Орда сорабы мен жырлы да жұтты Ноғайлы тарихы хақында Ғ.Сейтақтан артық жазған ақын жоқ.

«Тіршіліктің сүзіп ішіп қаймағын,

Қалмағандай сен баспаған аймағың.

Күллі Ресей алым төлеп құтылып,

Қырымды да жайладың.

Алауыздық елге төнген зауал-ды,

Аласұрып,

Таба алмадың дауаңды.

Астарханды қолдан беріп ақыры,

Қазанды да жау алды.

Ресей салған құтыла алмай тұсаудан,

Ащы зар мен таңың атып,

Түс ауған.

Жерің де жоқ бүгінде,

Тиген енші – үш аудан.

Аяқ-қолды шырмап мәңгі кісенге,

Үш ауданды бөліп беріп үш елге,

Ресей ақыр сенен солай өш алды,

Басқа жол жоқ түсерге.

Жерің бар-ды таулы, сулы, тоғайлы,

Бастан бақтың ұшуы да оңай-ды.

Дүркіреген атың қалды тарихта,

Қалың жұртым –

Ноғайлы!». Міне, бұл аты айтып тұрғандай – «Ноғайлы» жыры.

«Құдіретіңнен айналдым,/ Қасиет қонған қара жер!» деп толғана отырып, «Қалса елі қытайланбай, орыстанбай,/ Ұласар келешекке көп іс бардай./Жиғаны ізгілікке қызмет етіп,/ Иманы адамзаттың тоғысқандай» үміт қылып, «Айналып Ақ Ордаға кәрі Ақмола,/ Байланып қалды Жердің кіндігіне» баланған «Қазақтың көк тіреген Астанасынан» құт-береке күтеді.

Орда – тұңғыштар мекені! Бұл – ел аузында жүрген сөз. Оны әрісін айтпағанда өткен ғасырдың басындағы тарихты Ордада «Қазақстан» сынды «Ұран»-дап шыққан тұңғыш газеттер, «Мұғалім» журналы хаттап, құжаттап қойған. Екі жылдан астам байрақты ту көтеріп, мемлекеттік билік құрған «Күнбатыс Алашордасының» өзі неге тұрады!.. Тек Орданың ғана емес, Алты Алаштың тұңғыштарының шежіресі Ғ.Сейтақтың «Нарынның нар ұлдары» кітабында ескерткіш болып тас тұғырға қойылған. Онда тек құр сөз сауып мақтау емес, «Озбырлардың қылған лаңы –/Орға құлап кіл ардағы, Опынтады елді мәңгі/ Отызыншы жылдар зары», Жаһаншадай көсемге қарата айтылған «Ел үшін түстің сарсаңға,/Ұлы сөз айтып ұлтыңа./Ұрпақсыз әттең қалсаң да,/Ұраның жетті жұртыңа!» өкініші де өлең болып өріледі. Бұл арнау-жырлар, әсіресе алғашқы оқыған қазақтарға, Алаш Арыстарына бағышталған толымды толғамдар мектеп оқулықтарына, түрлі хрестоматияларға сұранып-ақ тұр. Бұл саладағы ақын еңбегі, оның жырларындағы тарихи таным, ащы ақиқат-шындық, намысты жаныр қалам қайраты болашақ зерттеулердің нысанасына айналары сөзсіз.

Сәті түскенде елді аралайсың, көне мен жаңаны көресің. Батыс Қазақстанның оң түстігінде қазақы төрт аудан бар: Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Казталов. Ағайын-туыс көп тұратын осы атажұртты аралағанда төрт ауданның орталықтарында, тіптен шалғай ауылдарында да Сізді Ғайса-Ғали Сейтақтың жырлары жазылған үлкенді-кішілі банерлер қарсы алады, тап бір кеңес кезіндегі күн көсемдердің көнермес сөздеріндей. Олар араға жыл салмай ауысып жататын әкімқаралардың нұсқауымен ілінбесе керек. Меніңше, жұрт көкейінде жазылған, жүрегінде жатталған сөздер қайта түлеп, рухани жаңғырып, елдің жалаулы үгіт-ұранына айналғандай. Бойыңа түсер, өзегіңді өртер, ар-намысыңды оятар өлең жолдары қарлығаштай қалықтап, халқыңның жанына дауа, болашағына медет тілеп тұрғандай...

Ей, беу, Ақын дос, Ғайса құрдас, Сен бақыттысың ғой!..

P.S.: Осы жазбамды жоғарыдағы даулескер қос сыншының электронды пошталарына да жолдап отырмын. Бүгінгі қазақ поэзиясының тағдырлы жолы туралы менің түсінік-пайымымды осы ыспатты деп білерсіздер.

Ғарифолла Әнес

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458