Сенбі, 23 Қараша 2024
2746 0 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 00:05

Отбасылық сот құрудың келешегі талқыланды

Жоғарғы Сотта «Заманауи сот төрелігі жүйесіндегі отбасылық сот» тақырыбында халықаралық «дөңгелек үстел» өтті. Жиынды Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов жүргізді.

Іс-шараға Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, Парламент депутаттары, медиаторлар, мүдделі мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың  өкілдері қатысты.

Жоғары Сот Төрағасы форумды аша келе, отбасы мемлекет пен қоғамның іргетасы екенін атап өтті. «Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Көшеде, қоғамдық орындарда орын алатын қатігездіктің түп тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі», - деді Ж.Асанов.

Жиынға қатысушылар отбасылық дауларды қараудағы соттар қызметінің ағымдағы жай-күйінен хабардар болды. Ювеналды соттар ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек, қылмыстық істер мен 14 санаттағы азаматтық істерді қарайды. Солардың қатарында баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-ана құқығынан айыру, бала асырап алу, алимент өндіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты  барлық әкімшілік істер бар. «Ажырасу, мүлікті бөлісу, көп жағдайда балалардың қатысуымен болатын тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді басқа да істерді жалпы юрисдикциядағы соттар қарайды», - деді Ж.Асанов.

Жоғары Сот Төрағасы қазіргі заманғы отбасы құқығы арнайы білім мен дағдыларды талап ететінін атап өтті. «Отбасымен және балалармен жұмыс істейтіндіктен, отбасылық дау-жанжалдарды шешу бойынша судьялардың айрықша тәжірибесі болуы тиіс. Бұл жұмысқа психологтарды, қақтығыстанушыларды, медиаторлар мен басқа да мамандарды тарту қажет», деп есептейді Ж.Асанов. Сингапурдағы отбасылық сот жұмысының тәжірибесі озық үлгі ретінде аталып өтілді.  ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный отбасылық соттарды сынақтан өткізу және құру туралы айта келе, ажырасу мен некесіз туылатын балалар санының көбейгендігіне және әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Спикер зорлық-зомбылық фактілері туралы ақпарат беру тетіктерінің жеткіліксіздігін айта келе, сот жүйесінде судьяларды мамандандыру және соттарды балалардың мүддесіне қарай бағдарлау мәселесінің өзекті күйінде қалып отырғандығын атап өтті.

Ю.Оксамитный соттан тыс татуласу шаралары бірқатар мемлекеттік органдардың жүктемесін азайтатын экономикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді тәсіл болумен қатар, отбасы мен балаларды дамытуға оң ықпал ететіндігіне айрықша тоқталып өтті.  Осы ретте ол: «Қазақстанның балаларға арналған сот төрелігі саласындағы тәжірибесіне халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы зор, әсіресе Орталық Азия елдеріне үлгі бола алады», - деп атап көрсетті.

Жоғарғы соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменова Қазақстан үшін некені бұзу алдында тараптарға татуласу рәсімінен өту, психологпен кездесіп, дәріс тыңдау міндеті жүктелетін шетел тәжірибесін енгізу тиімді болуы мүмкіндігін атап өтті. Отбасылық дауларды шешу үшін сотта немесе соттан тыс татуласудың мүмкіндігі зор. «Жоғарғы Соттың медиация жөніндегі жобалары көпшіліктің сұранысына сай келуде. Мұны әлеуметтік зерттеулер мен БАҚ-та жарияланған материалдардан көруге болады», - деді судья.

Ұ.Сүлейменова отбасылық соттардың жұмысына қатысты бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.

Мәжіліс депутаты  Зағипа Балиева отбасылық соттарды құру идеясын қолдай келе,  ата-аналары айырылысқанда балалардың кіммен қалатынын анықтау мәселесін шешу кезінде балалардың жас мөлшері шектелімін (10-нан төмен жасқа дейін) азайту қажет деп санайды. Ол заңды бұзған кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғайтын сот төрелігі тұжырымдамасын әзірлеу мен қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қылмыстық қудалаудың сотқа дейін алғашқы сатысында тоқтату мүмкіндігін арттыру ұсынылды.

Еуропадағы дауларды шешу орталығының президенті Катарина Кресал Еуропада соттасудың қымбатқа түсетіндігін, татуласудың тиім тәсіл екендігін айтты. Медиаторлардың қызметіне ақы мемлекеттік бюджет есебінен төленетіндігін айта келе, клиенттер үшін отбасылық  медиация тегін жүргізілетіндігін атап өтті. Словения соттарында  отбасылық  даулардың 75% медиацияның көмегімен аяқталады.

Ұлыбританиядағы Корам палатасының корольдік адвокаты Марк Тумей Англиядағы отбасылық соттардың қызметі туралы баяндама жасады. Спикер бұл соттарда баланың пікірі басты назарда болатындығын атап көрсетті. Соттар баланың мүддесіне сай дұрыс шешім шығару үшін тиісті құралдармен жарақтандырылған. Аталған соттарда ықтималдық факторы есепке алынады. Мәселен, кісі өлтірді деп айыпталған адамды жалпы юрисдикциядағы сот ақтап шыққанымен, отбасылық сотта аталған қылмыс баланың қауіпсіздігін айыпталушы қаншалықты қамтамасыз ете алды деген сұрақ тұрғысынан қаралады.

Форумда Бас прокурордың айрықша тапсырмалар жөніндегі көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары Владимир Долгих пен Дамир Әбдіғалиев, Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Нәзиля Раззақ, сонымен қатар бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері де сөз сөйледі.

Жиын барысында қатысушылар өзара сындарлы пікір алмасты.

«Дөңгелек үстел» жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды. Онда отбасылық соттар бойынша халықаралық  тәжірибені зерделеу, дауларды (шиеленістерді) сотқа дейін реттеу, отбасылық және т.б. даулар бойынша өтініш қабылдау сатысында татуласу рәсімдерін міндетті түрде қолдану қажеттілігі атап көрсетілді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435