Дәурен Сейітжанұлы. Қазақтың тұңғыш жастар ұйымы - «Жерлестер»
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында айшылық алыс жерден Санкт-Петербург университетіне білім, ғылым, өнер үйренуге барған Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров сынды бір топ қазақ жастары жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу – мақсат деп «Жерлестер» ұйымын құрды. «Жерлестер» – қазақ тарихындағы ең тұңғыш ұйытқы болған жастар ұйымы. Қазақ қайраткерлері шыңдалған, өмірлік мұраттарын айқындауға септігін тигізген ұйымда олар басқосулар өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып, танымын қалыптастырды. Сонымен бұл ұйым қалай дүниеге келді, заманының ыңғайы қалай болды? деген сұрақтарға жауап берелік.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарихи өзгерістер бола бастады. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақ жерінің Ресей құрамына қосылуы патша өкіметінің субъективтік мақсаттары мен мүддесіне сай жұмыс жасады. Қазақ жұртының жігері мүжіле, жері жырымдалып, талан-таражға түсе бастады.
Ұлтының хал ахуалының мүшкілденуі, сайқал саясаттың сырын түсінген Б.Сыртанов, Б.Қаратаев, М.Сердалиндердің көз алдында өтті. Дәл осындай күрделі де аса ауыр жағдайда тарихи сахнаға Санкт-Петербургке оқуға аттанған қазақ жастары шықты.
Барлығын да ел үкілі үмітпен аттандырған еді. М.Тынышбаев ұстазы Б.Сыртанов туралы өзінің естелігінде: «…Сондай қиыншылықта Жетісу деген бір түкпірден қазақ көрмеген я естімеген жерге Барлыбек …жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі болып, жол көрсету үшін жалғыз кетті» дейді. Ал Жетісу облысынан тұңғыш болып Санкт-Петербургке білім алуға аттанып бара жатқан Барлыбек Сыртановты бүкіл ел болып, Құдайы тамақ беріп, Құран оқытып және жиған-тергендерін қолына ұстатып ұзақ сапарға шығарып салады. Осылайша әрбір қазақ баласы ел аманатын арқалап Санкт-Петербургке келген болатын.
Қазақ қоғамындағы қалыптасқан әлеуметтік жағдайлар мен саяси-құқықтық қатынастар қазақ даласының әр түкпірінен Санкт-Петербургке келген қазақ жастарының өзара тізе қосып бірігуіне әкелді, әрі олардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін анықтауға әсер етті. «…Сол кезде Петроградта 2-3-тей-ақ қазақ студент бар еді, қазақ арасынан университетке алғаш кірген солар еді», – деп жазады М.Тынышбаев. Солардың бірі – 1881 жылы Петербург университетінің заң факультетіне қабылданған Бақтыгерей Құлманов. Ол осы факультетте 1884 жылға дейін оқып, әр түрлі себептерге байланысты университеттің шығыс тілдері факультетіне ауысты. 1889 жылы тіл білімінің министрі деген үлкен ғылыми атақпен ойдағыдай бітіріп шықты. Б.Құлманов араб, парсы, түрік және татар тілдерін еркін меңгерген оқымысты қазақтар қатарындағы тұңғыштардың бірі.
Петербург университетінің есігін 1886 жылы бір топ қазақ жастары ашты. Олардың ішінде Көкшетаудан келген Мәмбетәлі Сердалин, Жетісудан – Барлыбек Сыртанов, Оралдан – Бақытжан Қаратаев, Ақтөбеден – Абдолла Теміров сияқты жас жігіттер бар еді. М.Сердалин жаратылыстану факультетіне түсіп, В.И.Лениннің ағасы А.И.Ульяновпен бірге оқыды. Б.Қаратаев пен А.Теміров заң факультетінде оқыды. Барлыбек Сыртанов шығыстану факультетіне түсті. Университет қабырғасында қазақ даласының әр облысынан білім іздеп келген жастар қоян-қолтық араласып, шартарапқа әйгіленген білім ордасынан сусындайды. Осы университет қабырғасынан білім нәрімен қаныға сусындап, сайын даласында азаттық пен өркениет жаршысы болуды көксейді. Бұл мұраттардың бәрін университетте әр ұлттың жастары арасында өзінің бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген «Жерлестер» («Землячества») үйірмесі немесе «Жерлестер одағы» («Союз землячества») деп аталатын астыртын ұйымдардың ішінде жүріп шыңдаған еді. Ұйымның астыртын жұмыс жасауының өзіндік себебі бар. Сол уақыттарда Ресей империясының астанасында 1886-1887 жылдарда студенттер арасында кең қанат жайған революциялық және студенттік қозғалыстар, саяси оқиғалар көп болды. Мәселен, 1887 жылы наурыздың 1-ші жұлдызында Александр ІІІ патшаға қарсы А.Ульянов және басқа революционерлердің жасаған қастандық әрекеттері. Осы оқиғалар студенттердің саяси белсенділігін арттыра берді. Әрине, бұл оқиғалар билікті қатты алаңдатты. Патша өкіметі қатаң тәртіпке көшті. 1886 жылы Ресей университеттерінде 1884 жылы бекітілген жаңа Жарғы енгізілді. Жаңа Жарғының талаптары студенттер мен оқытушы-профессорларға қатал тәртіп енгізіп, университетте дәстүр болып жалғасып келе жатқан демократиялық дәстүрлер қыспаққа алынды. Студенттердің ұйымдар мен үйірмелер құруларына, ақшалай қор ұйымдастыруға, тіпті, жиылып концерт қоюларына қатаң тыйым салынды. Университет басшылары аталмыш әрекеттерге қатыспауға міндеттеме ретінде әрбір студенттен қолхат алып отырған (Б.Сыртановтың осы турасында жазған қолхаты сақталған). Бекітілген тәртіптерге қарсылық білдірген студенттерге Жарғы бойынша сөгіс жариялау, 24 сағаттан 4 аптаға дейін карцерге қамау, университеттен уақытша қуу және оқудан шығару сияқты жазаларды қолдану іс жүзіне асырылды. Демалыстарда еліне қайтатын немесе басқа жерлерге баратын жағдайда да рұқсат сұраған. Абдолла Теміров Торғай облысына қайтпақ болғанда арнайы рұқсат сұрап, өтініш жазған. Сондықтан да студент жастар барлық игі саяси, рухани шараларын астыртын жасауға мәжбүр болғанын байқаймыз.
Соған қарамастан 1880 жылдары Санкт-Петербургтың барлық жоғары оқу орындарында астыртын түрде «Жерлестер» ұйымдары кең қанат жайған болатын. Олардың құрылуының негізгі себебін зерттеуші С.Өзбекұлы жан-жақты тарқатып, ашып өтеді: «бір өлкеден, бір топырақтан шыққан студенттердің қоян-қолтық араласуы және бір-біріне қамқор болуы еді. Алғашында «Жерлестер» ұйымының мүшелерінің мақсаты бір ұлттан немесе бір өлкеден келген мұқтаж студенттерге материалдық көмек көрсету болған. Бірақ бұл ұйымдардың пісіп-жетілуі барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұшырасып кетіп отырды». Бірте-бірте «Жерлестер» үйірмелерінің аясы ұлғая келе көп студенттерді қамтыған «Жерлестер одағына» айналып отырды. Олардың арнайы Жарғылары, мүшелік жарналары болған. 1880 жылдары Санкт–Петербургте студенттер арасында 20-ға жуық «Жерлестер» үйірмелері болған және олардың мүшелігіне 1500-ге тарта студенттер кірген. Атап айтсақ, студенттердің Сібір, Поволжье, Кубань, Дон, Польская касса, Таврия, Новгород, Украина, Грузия, Армения сияқты «Жерлестер» үйірмелері мен одақтары тұрақты түрде қалыптасты.
Сол «Жерлестер» ұйымы қазақ жастары арасында да болған еді. Барлыбек Сыртанов, Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттер «Жерлестер» үйірмесін құрады. Қазақ жастары үйірмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу, ауырған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешті. Өйткені, университет қабырғасында оқып жүрген студенттер материалдық ауыр жағдайды да бастан кешіреді. 1887 жылғы наурыздың бірінші жұлдызында Александр ІІІ-ге қастандық жасағаннан кейін Министрлер кабинеті оқу үшін төленетін ақыны (1884 жылғы Жарғы бойынша бекітілген 60 рубльді 100 рубльге көтерді) тым көтеріп жіберді. Бұдан да басқа көптеген төлеуге міндетті нәрселерді жүктеді. Студенттердің 40 пайызы материалдық ауыр жағдайда болды. Бақтыгерей Құлманов студенттік өмірін өте ауыр мұқтаждықта өткізген, соған қарамастан университетті тастап кетпей, оның толық курсын аяқтап шыққаны жөнінде деректер бар. Ал қазақ зиялысы Сәдуақас Шорманов Санкт-Петербург университетіндегі Барлыбек Сыртановтың халінен хабардар болып, Григорий Потанинге жазған хатында: «…бір бала Петербургский университетте оқиды, руы Сыртанов, соған мүмкін болса көрісіп, лайық болған қадари жәрдеміңізден тастай көрмеңіз» делінген. Қазақтың баласы бір-біріне осылай жанашырлық көрсеткен.
Материалдық мәселелерді шешіп қоймай, сонымен қатар, «Жерлестердің» жиылыстарында астыртын революциялық мазмұндағы прокламацияларды оқып талқылау, теңсіздік пен әділетсіздік, қазақ даласында мәдени-ағартушылық ісін тарату туралы пікірлер жиі-жиі айтылып тұрды. «Жерлестердің» мүшелері қаладағы қайнап жатқан өмірден тыс қалмай, барлық оқиғаларға атсалысып отырды. Атап айтсақ, 1886 жылдың қарашасының 17-сінде орыстың ойшылы Н.А.Добролюбовты еске түсіруге арналған демонстрацияға қатысады. Аса белсенділік танытқан университет, орман, технология институттары мен діни академияның студенттерінің бірсыпырасы оқудан шығарылды.
Сол күні кешке Александр Ульяновтың пәтерінде бір топ студенттер болған оқиғаның мән-жайын бағалағаннан кейін «Петербургтегі 17-қараша» деп аталатын прокламация жазып бітіреді. Прокламацияның мазмұны студент жастарды патша өкіметінің демократияны тұншықтыруға бағытталған әрекеттеріне қарсы тұруға, бірлікті нығайтуға шақырды. Үлкен саяси мәні бар бұл құжат тез арада бүкіл Санкт-Петербург студенттерінің арасына тарап үлгереді. Оның мазмұнымен қазақ студенттері де жақсы таныс болған.
Бұл саяси мәні бар оқиғалар қазақ жастарының саяси жағынан шыңдалуына ықпал етті.
Қазақ жастарының арасынан университетте, әсіресе, М.Сердалин революциялық қозғалыстар мен студенттік жиындарға жиі-жиі қатысып жүрді. 1887 жылдың наурыз айының 1-жұлдызында Александр ІІІ-ге қастандық жасау ісіне белсене қатысқан бір топ студенттер өлім жазасына кесіліп, жүздеген студенттер оқудан шығарылады. «Жерлестер» саяси бағыт алғандықтан ұйымның мүшесі болып, оның жиындарында көрінгені үшін патша өкіметі М.Сердалинді оқудан шығарып, Көкшетауға полицияның бақылауына жіберіледі. Б.Қаратаев, Б.Сыртанов және А.Теміров 1890 жылы университеттің толық курсын ойдағыдай аяқтады. Бұлардың ішінде Б.Қаратаевтың тамаша дарынды қабілетіне патша үкіметінің басшылары да назарын аударып, Сенаттың екінші департаментіне қызметкер болып орналасуына жолдама берді.
Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов – университеттен диссертация дипломмен қоса ғылым кандидаты атағын алып шыққан қазақтың қоғам қайраткері, Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік думасының депутаты, Алаш көсемдерінің бірі. Жетісулық Барлыбек Сыртанов шығыс тілдері факультетін араб, парсы, түрік, татар тілдері негізінде І дәрежелі дипломмен, ырғыздық Абдолла Теміров алтын медальмен, оралдық Бақытжан Қаратаев заң факультетін алтын медальмен тәмамдады. Бұлармен бір жылда түскен көкшетаулық Мәмбетәлі Сердалин саяси көзғарасы үшін қудаланып, университетті бітіре алмағанымен, зиялы, экономист-ғалым ретінде танымал болды.
Әлихан Бөкейханов 1890 жылдары Петербургке барғанда Б.Сыртанов, А.Теміровтердің оқу бітіріп, елге қызмет етуге кіріскен кездері еді дейді. Кейін 1911 жылы жазда Әлихан Бөкейханов Барлыбекпен келелі істерді талқылап болғаннан соң «құшақтасып, сүйісіп айрылысқан едік» деп жазады «Қазақ» газетіне. Енді «Жерлестерден» қанатын қағып ұшқан қазақ жастары ойы, көзғарастары ХХ ғасырдың басындағы Алаш идеясына ұласып кетті.
«Жерлестердің» салған сара жолының арқасында Санкт-Петербургте оқығандар көп болды. Санкт-Петербург ақмешіттік С.Лапинді, семейлік Д.Сұлтанғазинді (Шоқанның немере інісі), оралдық Ә.Ниязовты, қарқаралылық Ә.Бөкейхановты және т.б. атауға болады.
Қорыта келгенде, бостандық жолындағы сан ғасырлық ұлт-азаттық қозғалыстың бір көрінісін Ресей астанасының қақ төрінде тұлғаларымыз «Жерлестер» ұйымының аясында көрсетті. Кейін елге оралып, өз істерін жалғастырды. Бұл ұйым мемлекеттік деңгейдегі идеялардың қайнар көзі болғаны даусыз.
Дәурен Сейітжанұлы
«Үшқиян» газеті 11 маусым 2009 жыл