Бейсенбі, 21 Тамыз 2025
Әне, көрдің бе? 259 0 пікір 21 Тамыз, 2025 сағат 14:31

Жемқорлық шырмауықтай шырмаған қоғам оңа ма?

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қазақстандағы жемқорлық туралы аз айтылып,  аз жазылып жүрген жоқ. Тіпті, онымен күресу туралы Н. Назарбаев дәуірі тұсында да  бірнеше мемлекеттік бағдарламалар мен шаралар да қолға алынған болатын.  Қазір жемқорлық қоғамдық дерт екенін билік те, халық та ұғынды. Бірақ,  оның ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің  болашағына  соншалықты қатерлі екендігін, қатер деңгейін жете түйсіне алмайтын сияқтымыз. Жемқорлық зардаптарын жете түйсіну үшін қазақта «шындықты шымбайына батырып айту» деген түсінік бар, философтардың әдісімен айтқанда: «гиперсыншылдық» (асыра айту) мәнерін қолдану керек.

«Жемқорлықпен күрес» барлық жағынан алда тұруы керек

«Қазіргі Қазақстандағы ең өзекті мәселе қандай?» деген сауалға, «Жемқорлықпен күрес мәселесін бірінші қоюымыз керек» деп жауап берер едік. Неге десеңіз, қоғамдағы небір өткір және қайшылықты, кейде – қайғылы оқиғалардың түп бастауында жемқорлық жататыны анық. Бірақ, адамдар әр саладағы оқиғаларды жемқорлықпен байланыстырмайды. Сондықтан, оның мемлекет пен қоғамға тұтас тигізетін зардабын масштабты түрде бағаламайды. Мысалы, «жемқорлық – заңсыз әрекеттер арқылы пайда табу» дейтін болсақ, онда, алдымен, «пайда табу көзі» ескерілуі  тиіс. Оның негізгі бөлігін мемлекеттік тендермен бөлінетін қаржы құрайды. Ал, мемлекеттік қаржыны жемқорлық схемалар арқылы өз қалтасына басу – «қазақстандық жемқорлықтың» қайнар көзі десек болады. Өйткені, біріншіден, бюджеттік қаржы қорғалмаған не әлсіз қорғаланады. Өйткені,  бюджеттен бөлінген қаражаттан «өз үлесін алуға» қаржыны бақылайтын өкілетті органдардағы қызметкерлер де мүдделі болуына жол ашық. Яғни, олар да бұл «бөліске» қатыса алуы әбден мүмкін...

Сонымен, әу бастан талан‑таражға түскен қаржы жобаны сапалы атқаруға жол бермейді: мысалы, жұмысшыға (мұнайшы, жолшы, құрылысшы т.т.) төмен жалақы беріледі делік... Ол оның отбасылық өмір сүру сапасын төмендетіп, отбасылық денсаулыққа,  балалардың интеллектуалды өсуіне, адами дамуына кері әсер етеді. Сонымен бір мезетте «отбасылық күйзелістер» өршиді. Отбасы ыдырайды... Нәтижесінде, барлық салмақ денсаулық сақтау саласына, білім беру саласына, әлеуметтік салаға және т.т.  ауысады. Яғни, бастапқы жоба қаржысы жемқордың құлқынына құйылғандықтан, оны өтеу енді өзге салаларға жүк болып артылады. Бірақ, жемқолық тұтас жүйені қамтығандықтан, олар да қаржыны талан‑таражға ұшыратады. Сөйтіп, түпкілікті нәтижесінде мемлекеттің «адам капиталын дамыту» әрекеті іске аспайды. Мемлекет құлдырап, өзінің экономикалық және т.т. тәуелсіздігін жоғалта бастайды...

Осымен күресу үшін бізге, біріншіден, қоғамдық санадағы қалыптасқан, стереотиптенген «қолынан келген адам», яғни, астарлы түрде жемқорлықты айыптамайтын түсінікті өзгерту керек.  Бұл түсінік тек жемқорлық ортада ғана емес, қоғамдық санада белең алып кеткен. Мәселен,  халық зәулім сарайларды көріп, оның билік не әкімшілік адамының меншігі екенін естігенде ‑ бұған таң қалмайды. Керісінше, «Ееее.., дұрыс. Басқаша болуы мүмкін емес, солай болуы керек» деген ойға кенеледі. Ал керісінше, билік тұлғасының қарапайымдылығын, оның «екі бөлмелі пәтерде тұратындығын» естісе, «Бұл өз жағдайын жасай алмайтын жан екен, ел басқара ала ма?» деп, одан үркеді...

...Міне, біздегі жемқорлық ахуал осы деңгейге жеткен!  Бейнебір, ертегілердегідей құндылықтар ауысып, жемқорлық құбылыс «бұрыстан дұрысқа айналып кеткендей» әсерде қаламыз, көбіне...

Жемқорлық – пирамиданың ұшар басынан ұшатын бұлт сияқты құбылыс 

Содан болар, қазіргі «шенге не лауазымға ие болу» көпшілік санасында «жемқорлық арқылы баю» дегенмен парапарланды. Халық санасында «шенеунік халық қызметшісі», «ол мемлекет үшін (яғни, халық үшін) қызмет етуге міндеті» деген түсініктер әлі де қалыптаспаған.  Ендеше, лауазымға қолы жеткен жанның мақсаты «жемқорлық арқылы заңсыз  бизнеспен баю» дегенге ұласып жатады.

Қазіргі таңда басшылардың (әрине, бәрінің емес) жемқорлық схемасы мынаған саяды: неғұрлым көбірек ақша жымқыру (бұрын миллиондар болса, оны миллиардтарға жеткізу). Бұл, біріншіден, ұрлаған ақшасының біраз бөлігін өзге де сыбайластармен бөліске салу, сөйтіп, жазадан құтылып кетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, неғұрлым мол қаржы арқылы өзінің және ұрпақтарының болашағын  ұзақ  жылдарға материалдық қамтамасыз ету үшін   өмірінің бір уақытын (1-2 жыл) түрмеде өткізіп, «өзін құрбан ету психологиясы».  Жемқор – осы арқылы «ұрпағымның материалдық қамтамасыз ету жұмысын жасадым» деп сезінетін күйге жетеді. Сондықтан бұл жалпы жемқорлар үшін «өмір сүрудің дұрыс схемасы» сияқты қалыптасады. Мұнда, ол неғұрлым көбірек жымқырса, «мақсатты операциясы» соғұрлым сәтті саналады. Бізде, жемқорды осылайша ақтап алатын түсініктер легі қалыптасып отыр. Бірақ, бұл ой әйгіленбейді.

Мұндай жемқорлық жай ақша жымқыру емес, ол ‑ ашкөздік пен тойымсыздық! Міне, жемқорлық қоғамды осындай дәрменсіз күйге түсіреді.

Негізі, жемқорлықты «тонау», «ұрлық», «бандитизм», «мемлекет негізіне қауіп төндіру», «мемлекетке сатқындық жасау» және т.т. қылмыстармен теңестіре бағалау керек сияқты. Олай болмағанда, қазіргі жемқорлық көптеген мүмкіндігі барлар үшін «тонаушылықтың визиттік карточкасына» айналып,  қоғамның жартысына «жағымды» сипатта қабылданатын боп барады. Ал, онымен ашық күресушілерге «аяқтан шалушылар», «көре алмаушылар», «іші тар» дегендей жағымсыз образдар беру де белең алуда.

Біз коррупция ісінде алдын алумен емес, үнемі салдармен күресіп келеміз. Ал бұрынғы  алдын алу тетіктері қазіргі таңда ескірген. Зиянкес жәндіктің дәріге бейімделетіні (адаптация) сияқты, жемқорлық та жағдайға бейімделген, «ебін тауып екі асау» қағидасымен өмір сүреді. Бұл үрдісті кейбір сарапшылар «ескі жемқорлар» және «жаңа жемқорлар» деп ажыратып жүр.

Осы үлгімен модельдесек, елімізде шамамен бір миллиондай жемқор бар деп болжам жасасақ, ал, олардың, орта есеппен, айына тек үшеуі ғана құрықталатын болса, барлығын ұстап, жазалау үшін мыңжылдықтар керек екендігін есептей аламыз.

Сонымен қатар, жемқорлықпен күрес тәсілінде біз олардың шығу тегін залалсыздандырумен шұғылдануымыз керек. Яғни, күресті басқаша ұйымдастыру керек. Жемқорлық  қазіргі мемлекетіміз үшін жай ғана саяси-экономикалық, құқықтық-моральдік мәселе емес, үздіксіз, халық болып күресетін (ертегілердегі жалғыз көзді дәулермен соғысу сияқты), көпшілік болып қолға алатын жалпыхалықтық қозғалыс болуы шарт.

Өйткені, болашақ ұрпақтар еш кінасы болмаса да, өзінің «жемқор ата-бабасы» үшін азап шегеді. Оның наласы мойнына артылған, аталары қарғысқа ұшыраған ұрпақ бақытты бола алмайды.

P.S. «ҚР жемқорлық жойыла ма?» (әрине, абсолютті түрде жойып жіберу мүмкін емес) деген сауалға оптимистік және пессимистік жауап беруге болады:

Пессимистік: Жемқорлық дендеп, қанға сіңіп кеткендіктен, кемі бір-екі ұрпақ ауыспай  жойылмайды, ол үшін діл мен сананы түбегейлі жаңарту керек.

Оптимистік: «Адал азамат» тұжырыдымдасы арқылы адал ұрпақтар өмір сахнасына келіп жатыр, жаңа Қазақстанның «ескі адамдары» емес, шындығында да «жаңа адамдары» өсіп келе жатыр. Сондықтан жемқорлық тиылуы ықтимал деп болжамдаймыз.

Лайым солай болғай!

Коллаж: Abai.kz.

Б.М. Аташ,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұстазы.

Ә.Бәкірұлы, философ‑публицист.

Abai.kz

0 пікір