"Шонжы" атауын "Әлмерек" деп өзгертуге болмайды
ҚР Премьер-министрі
Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың
назарына
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Сіздің атыңызға "Қазақстан Заманы" газеттінің 19 шілдедегі нөмерінде редакцияның анықтама түсініктемесісіз мыңдаған адамдардың қолы қойылған «Ашық хат» жарияланды. Бұл хаттың алға қойған мақсаты «...Тоқ етері қазір бізге тарихшы ғалымдардың Әлмерек би жөніндегі зерттеулері, пікір-ұсыныстары, тарихи деректері өте қажет болып отыр» делінген екен.
Мен, ғасырдан аса қан кешкен қазақ-жоңғар соғысын арнайы зерттеген тарихшы емеспін. Дегенмен, ол туралы азды-көпті хабардар екенім де белгілі. Мені ойландырып-толғандырған мәселе, мақалада сөз болған жер-су, елдімекен атауларымен ономостикалық атауларға қатысты ешбір дәлел-дәйексіз, құжаттық негізсіз ойжота сөздерді заңдастырғысы келетіндерге тосқауыл қою керек деп ойлаймын.
Мен «Ұйғыр авазы» газеті көтерген Жетісу өңіріндегі жер-су атауларын ешбір дерек-дәйексіз ұйғыр ұлтына теліген авторға Abai.kz ақпараттық порталы арқылы тойтарыс бердім.
Ал, Әлмерекшіл топтың «Ашық хаттындағы» сөз болған мәселелер Абдоллажан Самсақовтың мақаласы секілді болжал, ойжоталардан асып түсіпті.
Мен «Ашық хатшыларды» қолдайтын болсам, «Ұйғырлар қазақ жер-су атауларын неге жекешелендіре бастады?» атты мақаламдағы «Шелек, Шонжы т.б.» топонимдерге берген анықтамаларымнан бас тартқаным емес пе (ол әрине мүмкін емес екенін баса айтамын)? «Ашық хат» иелерінің мүлде қисынсыз анықтамаларын қолдай алмайтындықтан мына жайттарды ашып айтуыма тура келеді.
Нақтылап айтқанда, бүгінге дейінгі жазба және аңыз әңгімелерде қалмақтың «Қордай батыры» деген адам болған емес. «Қордай» батыр дегенді Қордай асуындағы тақтаға кейінгі жылдарда ғана жазып қойды. Онда «Қордай» қазақ батыры делініп тұр. «Ашық хат» авторлары төбеден түскендей етіп «Жоңғардың батыры Қордай елу мың қол бастап қазақтарға қарсы жорыққа аттанады» деп жаза салудың астарында не жатыр?
Сол «Ашық хаттағы «Әлмерек батыр отыз бес жасында жоңғардың батыры Алғабастың, он сегіз жасында жоңғардың (қоңтайшысы) қолбасшысы, әрі қас батыры Шонжының басын алып, қазақтың абыройын асқақтата түседі» деген сөздерден не ұғуға болады? Қалмақтың батырына «Алғабас» деп қазақша ат қоюына қандай негіз бар? «Алғабас» Кеңес заманында пайда болған елді мекеннің аты емес пе еді?
«Қордай» туралы М.Қашқаридың «Түрік сөздігінде «Қордай құстың бір түрі» дей келіп, өзен-көлдер жағасында сайрандап жүрген «аққу-қордай» тіркесін қоданады. («Түрік сөздігі» 3-том. 324-б.) Аң-құстың атымен аталатын әйгілі адамдар түрік халықтарында көптеп кезігеді. Бірақ ол біресе қазақ батыры, біресе қалмақ батыры болып қатар айтылмаса керек.
«Шонжы» туралы мен жоғарыда аталған зерттеу мақаламда жетерліктей тоқталғанмын. Топонимикалық атауды ономостикалық атауға айналдырып жіберген ағайындар тарихшылардан қандай тарихи дәлел сұрап отыр? Тарихшылар жоқ деректі қайдан алмақ?
«Ашық хатта» мынау ХХІ ғасырда еш ыңғайсызданбастан «Бабамыз жайлы көктен түскен шындық пен аңыз әңгімелер өте көп» деп жазып отырған адамдар тарихшылардың дәлелдеріне неге мұқтаж болды екен? Осы арада, «Көктен түскен шындық» дегенді пайғамбарларға түскен «Уақи» деп ұғуға тиіс екенімізді, бірақ аталмыш «шындық» кімге, қашан мәлім болғанын, кім бізге айтып бере алатынын сұрауға мәжбүрміз.
Ш.Уалиханов атындағы Тарих институтындағы басқа тарихшылармен еліміздегі тарихшылар қауымы бұл сұрақтарға қалай жауап берерін өздері білер, ал мен бұл мәселе жөніндегі ойларымды төмендегіше түйіндегім келеді:
1. Бүгінге дейінгі ресми, бейресми тарих пен тарихи құжаттарда Әлмерек батыр басын алды деген Шонжы, Алғабас, Қордай батыр атты қалмақ батыры туралы еш нәрсе болмаған, немесе мен байқамаған болармын, сондықтан ол туралы айтарым жоқ.
2. «Шонжы, Қордай, Шелек, Іле, Ертіс, Қас, Күнес, Кеген, Нарынқол, Мұқыр, Қапшағай, Түрген, Ақсүмбе, Тұрпан т.б. жер-су атаулары жөніндегі тұжырымдарымды өзгерте алмаймын, әрі оған ешбір қажеттілік те жоқ.
3. Әлмерек бабамыздың әулиелігі мен билігі, батырлығы жөніндегі аңыз бен ақиқатқа құрмет етемін. Ал, құрметтеу "ол адамның атына елдімекен атын бермесе болмайды" дегенге тіреліп тұрмаса керек.
4. Жер-су, елдімекен атауларын адамдастыру, адам атымен атау біздің қазақ халқында мүлде болмаған, орыс отаршылдары (ақ, қызыл) алып келген көп індеттің бірі еді.
Біз көршілердің жаман әдеттерін оның қаңсығын таңсық көріп еліктеп-солықтауға дағдыланып кеткен халықпыз. Ал, мына бес мың жылдық жазба тарихы бар Қытай елінің тарихында қаншама әйгілі адамдар, зұлым, шен құмар патшалар мен қолбасылар болса да, солардың атында бір де бір жер-су, елді мекен, қала, көше аттары болмаған екен. Қытай тарихын, оның географиясын, топонимикасын зерттеушілер еш шатаспастан-ақ бес мың жылдық тарихын жазып та, оқып та келеді.
Ал, біз бір жүйе ауысса немесе бір патша, көсемсымақтар ауысса олардың атындағы елді мекен, қала, дала, көше аттарын жаппай өзгертіп, мемлекет қаржысын ысыраптаудың сыртында халықтың тарихи жадын, ұрпақ, дәстүр жалғастығын өктемдікпен бұзып, талқандаймыз. Сонда бұндай дарақылық пен атаққұмарлықтық біздің рухани жаңғыруымызға оңды әсері бола ма, әлде кезекті науқан құрбанына айнала ма? Егер «Шонжы» атауын өзгерту сонша керек болса, сол өңірдегі тарихи жер-су атауларының бірін мәселен «Шарын, Көкбекті, Алатау немесе қаптаған «нұрлардың» бірінің алды-артына (мәселен, Нұркент, Нұрқала т.б.) бір анықтама сөз тіркеп-ақ жаңа атау беруімізге болар еді ғой.
Тәуелсіз Қазақстанның жер-су, елді мекен атауларын адам атына ауыстыру тарихына назар аударғанда, одан бір тұтас халықтық - мемлекетшілдіктен гөрі жершілдік-рушылдық сияқты орта ғасырлық дерттің зардабын сезгендей болар еді.
Бұл дерт - індет ұлтты ұйытуға, мемлекетшілдікке, ұлттық тұтастануымызға осы уақытқа дейін аз кедергі келтірмегенін мойындауымыз керек. Мемлекет құраушы ұлт ретіндегі қазақ халқының елімізді мекендеген пәленбай жүз этникалық топтар алдындағы жауапкершілігімен абырой-атағы, сондай-ақ болашақ ұрпақтарымызға қалдырар оңды үлгі-өнегемізді естен шығаруға хақымыз жоқ. Тарих сабағы бізге осындай батпан жауапкершілік жүгін арқалатып отыр. Әр істі көңіл ауанымен емес, ақыл мен парасатпен кең ойлап, кең пішуді үйренуіміз керек. Мына аласапыраң ХХІ ғасыр сынынан аман-есен өту үшін үлкен-үлкен істерімен айналысуға ұжымдасайық ағайын, отыра қалып қол жинап, улап-шулау ендігі жерде ұят болар.
Әлімғазы Дәулетхан, Тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz