Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2494 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 18:41

«Мәдени мұра» – кемел шешім

 

 

Апта басында Алматыдағы «Алатау» АҚ шипажайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті, Мәдени саясат және өнертану институты «Өркениеттер диалогы» Әлемдік қоғамдық форумымен бірлесе отырып, «Нұр Отан» партиясының стратегиялық әріптестігімен «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясында «Тарихи - мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы ролі» атты халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Конференцияға Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, «Өркениеттер диалогы» Әлемдік қоғамдық форумының президенті Владимир Якунин, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Саиров, «М.Әуезов» қорының директоры, филология ғылымының кандидаты Мұрат Әуезов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев тағы басқа да қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, шетелден келген қонақтар қатысты. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ә дегеннен «Мәдени мұра» ұлттық жобасын халықаралық дәрежеде насихаттау, Қазақстанды әлеуметтік-гуманитарлық өзекті мәселелерді шешетін, халықаралық өркениеттер диалогының алаңына айналдыру, сондай-ақ Қазақтың ұлттық тарихи-мәдени мұрасын дүниежүзілік ғылыми айналысқа енгізу міндеттері күн тәртібіне қойылды. «М.Әуезов» қорының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Әуезов осы орайдағы тарихи бұрмалаушылықтарға ерекше тоқталып өтті. «Мұның бәрі де сәбидің жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқанымен бірдей процесс. Мысалы, қазір қырғыздар жазып жатқан тарихта қазаққа дұрыс орын жоқ деуге болады. Сондықтан мемлекеттің «сәбилік» кезінде тарихи бұрмалаушылықтар орын алады. Ондай бізде де бар: қазағың да біраз дүниені жазып тастады. Бірақ мұның бәрін ретке келтіруіміз керек, – дей келе: Әрине, Ресейде де тарихи бұрмалаушылық бар. Сондықтан осындай басқосулар өткізілуі керек», – деді. Қоғам қайраткерінің айтуынша, Ресеймен бірге өткен тарихты сөз еткенде, бұрынғы отаршыл саясаттың астарын зерделеп, жалпы өткенді ұмытуға болмайды. Өз кезегінде конференция қонақтары болып отырған шетел ғалымдары әлемнің әрбір елінде «Мәдени мұра» бағдарламасы секілді бағдарламаларды құрау маңыздылығы жөнінде сөз қозғады. Осы жөнінде және тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі туралы әңгімелеп кеңге кеткен ғалымдар: «Жаһандану – мәдени әралуан-дылыққа бірінші нөмірлі қатер», – десті. Одан әрі қарай бәрі де бір ауыздан: «Соңғы уақытта дүние- жүзінің көптеген елдері ұлттық мәдениетке ғаламдасудың тигізіп отырған залалды ықпал-әсерлері туралы ойланып толғануды шығарды. Осынау толқу арасында Қазақстан үлгісіндегі «Мәдени мұра» секілді бағдарламалар әрбір халықтың өзіндік ерекшелігін сақтап қалуына мұрындық болмақ. Міне, неліктен шетел ғалымдары қазақ жобасына қызығушылық танытып отыр. Егер бұл жоба қолдау тауып кетер болса, онда алдағы уақытта мәдени мұра баламаларының Еуропа елдерінде де көрініс беріп қалуы ғажап емес», – деп шынайы жағдайды бір түйіндей кетті. Бұған қатысты «LUISS» халықаралық қатынастар университетінің профессоры Маркетти Рафаэле: «Бағдарламаның ұстыны өте керемет екен. Бірегей де қайталанбас деуге болады. Менің ойымша, бұл жоба біздің жоғары технологиялы заман үшін ауадай қажет. Ең бастысы, Қазақстанның «Мәдени мұрасы» өркениеттер сұхбаты тұғырнамасымен үйлесімді көрінеді», – деді. Отырыс барысында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 50-ге жуық тарихи ескерткіштер мен жәдігерлердің қайта қалпына келтірілетіні баса айтылды. Қуантарлық бір жайт, алдағы уақытта Түркістанда қазақтың би-батырларының, хандарының пантеондары ашылатын болыпты. Тағы бір сілкініп тұрған жоба ретінде, Қытайға, Ресейге, Түркияға, АҚШ-қа және Батыс Европа елдеріне экспедициялар жасау идеясы қолдау тапты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, аталған аумақтарда 5000-ға жуық жазба және материалдық ескерткіштер бар көрінеді. Мәдени саясат және өнертану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Саиров қолға алынғалы отырған соны жоспарлар жөнінде былай деді: «Біз қазір Еуропа елдеріне жекелеген экспедициялар жасауды көздеп отырмыз. Ондағы мақсат, текке қыдырып, батыс қонақжайлығын қызықтау емес, нақты жоспарымызға көптеген сапарнамалық кітаптар жазып, оларды әр елдің тілдерінде баспаға шығару, деректі фильмдер шығару… Өз мәдениетіңнің танылғанын қалайды екенсің, ендеше, басылымға да көбірек шыққан абзал. Әрине, отандық емес, шетелдік басылымдар бұл ретте таптырмайтын құрал бола алады. Біз қазір осы ойымызды жүзеге асырудың жолдарын қарастудамыз». Ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев: «Мәдени мұра» ұлттық жобасы еліміздің арғы-бергі тарихына байланысты деректерді жүйелендіруге арналған. Ондағы басты мақсат – «біз кімбіз?» деген сұраққа жүйелі жауап беру. Жалпы, диалог болу үшін және оған қатысу, алдымен, осы сұраққа жауап беруден туындайды. Сол себепті де «Мәдени мұра» жобасын Елбасының кемел шешімі деуге болады», – дей келіп, 2011 жылға қарай толықтай жүзеге асып бітетін «Мәдени мұра» бағдарламасының қазақ ренессансына келелі үлес қосатындығына сенімі мол екендігіне ерекше екпін берді.

 


Абылайхан МАМЫРАЙХАН
«Үшқиян» газеті 11 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641