Құрал Тоқмырзин: «Қазақ өмірін шындықпен жазуға тырыстым»
Бүгінде қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгеріне айналған Құрал Тоқмырзин - біздің жерлесіміз. Ойыл ауданында туып-өсіп, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде жұмыс істеп, қанаттанып ұшқан. Белгілі жазушы таяуда шығармашылық сапармен туған жерінде болды, оқырмандармен кездесулер өткізді. Сол жолы жазушымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Қалың оқырманға біраз прозалық шығармалар ұсындыңыз. Барлық жанрда қалам тарттыңыз. Соның ішінде романдарыңыз да бар. Бір кезде алғашқы қадамыңызды өлең жазудан бастағаныңыз да есімізде. Араға сонша жыл салып өлеңге қайта оралғаныңыз...
Бүгінде қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгеріне айналған Құрал Тоқмырзин - біздің жерлесіміз. Ойыл ауданында туып-өсіп, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде жұмыс істеп, қанаттанып ұшқан. Белгілі жазушы таяуда шығармашылық сапармен туған жерінде болды, оқырмандармен кездесулер өткізді. Сол жолы жазушымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Қалың оқырманға біраз прозалық шығармалар ұсындыңыз. Барлық жанрда қалам тарттыңыз. Соның ішінде романдарыңыз да бар. Бір кезде алғашқы қадамыңызды өлең жазудан бастағаныңыз да есімізде. Араға сонша жыл салып өлеңге қайта оралғаныңыз...
- Бұны оралу деп есептемеймін. Өйткені прозаны жазып отырып, арасында өлең жазатыным бар. Бұл менің тынысым сияқты. Бір ұзақ әңгіме жазып тастасам, қатты шаршаймын. Әсіресе, мен әңгіме жазғанда шаршаймын. Роман жазғаннан гөрі әңгіме жазған қиын дейтінді еститін едім бұрында да. Тахауи Ахтанов марқұм да айтушы еді: «Құрал, сен байқамайсың, роман жазғанда алдыңды оқып аласың да, артыңды қайтадан оқып жалғай бересің шабытың келгенде. Ал әңгіме ауыр», - деп. Сол айтқаны рас екен. Роман ұзақ болғаннан кейін, асықпай адамның образын жайлап ашасың бір кезде. Образды ашу үшін сөздің өзінің жүйесі бар ғой, соны пайдаланасың. Сосын көркемдіктің әр түрлі құралдарын, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлері бар, соны молынан пайдалана отырып, өзімнің әлім келгенінше, сол жаңағы адамның образын жасаймын. Сол адамның образы өзіме ұнаса, әңгіме бітті деп ойлаймын. Сонда барып баспаға беремін. Өйткені әңгіменің ішінде бір адам, екі адам, үш адам әрі кетсе бес адам болады. Солардың әрқайсысының қимылы, сөйлеген сөзі, мінезі, сосын істеген ісі ерекшеленіп, оқып отырған адам көзіне елестетерлік дәрежеде көрініп тұру керек. Ертеректе мен «Автоинспектор Ағыбаев» деген әңгіме жаздым. Негізінен алғанда, менің көптеген әңгімелерім өмірдің өзінен алынған. Өмірде бар адамды аламын да, сәл-сәл өзгертемін. Ол Ағыбаев деген Сағынаев деген автоинспектор еді, мысалы.
- Ол адамды білеміз ғой...
- Оны білесіздер, оның мінезі, қандай екені, барлығы жаңағы әңгіме ішінде көрініп тұр. Сол әңгімені өзі де оқып: «Мені тарихта қалдырғаныңа рахмет!» - деп менің бетімнен сүйген еді марқұм. Бірақ ол нағыз күйінде Сағынаев емес, жинақталған образ. Оның ішінде бірнеше автоинспектор бар. Бірақ Сағынаевтың кішкентай да болса қасиеттері жүр онда. Мінездері, оқыс қимылдары, әсіресе, сөйлеген сөздері көрініп тұр. Сондықтан да халық оны «Мынау Сағынаев қой!» деді бірден. Өйткені Ойылға белгілі адам еді. Сол сияқты менің көптеген әңгімелеріммен романдарымның кейіпкерлері де тірі, болған, өмірге қатысқан адамдар. Мен ойдан шығарып ештеңе алмаймын. Оларды елеп, екшеп, көңілдің таразысынан, әбден сүзгіден өткізгеннен кейін, қосатыным болса, қосамын, алатыным болса алып тастаймын кейбір жерлерін. Адамға белгілі дәрежеде ұнауға тиісті ұнамды образ болса, оған енді жақсылықтардың бәрін қосамын. Ал енді оқыс нәрселер, адамдар бар ғой, мінезі өзінен өзі шығып тұрған, оларға тағы да жамап, басқа біреулерден, өзінің қатарларынан алатын, қосатын жағдайлар болады. Сосын соны бір адамның басына әкеліп үйіп-төгіп, істеген ісін, қимылын барлығын сомдаймын. Сонда ол үлкен образ болып шығады.
- Әңгімеміз өлең туралы басталып еді ғой...
- Өлең жазуды мен бала күнімнен бастадым, он екі-он үш жасымда өлең жаздым. Бір қызық сезім болды менде. Мектепте оқып жүргенімде бір нәрсе ішімді жарып бара жатыр осы, не екенін білмеймін. Өлең жаттап айтып жүретінмін алдында. Бір күні Пушкиннің, сірә, жүз жасқа толуына арнап шығарылған болу керек, қазақ тіліне аударылған кітабы түсті қолыма. Соның ішінде «Патша селосындағы ой» дейтін өлеңі бар. Алдым да оқыдым. Сосын мен неге өлең жазбаймын осы деп ойладым. Содан «Колхоз селосындағы ой» деп өлең жаздым. Әлгі өлеңім жиырма бес шумақ болды. Сол мезгілде біздің мектептің балалары оқып, жаттап алып, шулап айтып жүрді. Содан менің мектепте «ақын бала» деген атағым шықты. Мектептің мұғалімдері мені шақырып алып, қабырға газетін шығаруға жекті. Қабырға газетін шығарамыз, арасына кейбір балаларды өлеңдетіп жібереміз. Серікбай дейтін бала болды. Менің досым өзі. Соны сынап жаздым бір күні. Өзі сабаққа нашар еді марқұм. Кейіннен мұғалімдер сабаққа нашар балаларды іліп-қағып өлең жазып бер деп, соңымнан қалмайтын болды.
- Сондай сабаққа зерек, ақын бала қалай тракторшы болып жүр?
- Сегізді бітіргеннен кейін әрі қарай оқуға жағдай болмады. Ұжымшар басқармасы әуелі құрылыстың оқуын оқы деп жіберген. Осы Ақтөбеге келдім, оқуға адам жиналмады, жалғыз мен болдым. Сол себептен курс ашылмады. Ай жарым күттім. Ақшам таусылды. Ол мезгілде де Ақтөбе шағын болғанмен, қала. Былай-былай жүріп тұру қиындады. Дегенмен осы оқу орнында бұрыннан оқып жатқан, әскерден келген, жастары үлкен, үйлі-баранды болған сақа жігіттер бар екен. Солардың есебін шығарып беріп күн көремін. Өздерінің шамалары жете қоймайды, сауаттары аз, төрт-бес сынып бітірген. Мен сегіз бітіргенмін, қанша айтқанмен. Содан әлгілер мені әулие-көкек қылды. Тамақ береді, қонақ қылады. Бір күні мені осы мекеменің оқу ісінің меңгерушісі шақырды. Есепке жүйріктігімді естіген ғой жігіттерден. Татар жігіт екен, мән-жайға қаныққаннан кейін: «Сен ешқайда барма, жоғары курсқа аттатып, оқуға қабылдаймын», - деді. Бірақ қолынан келмей қалды. Молдашев дейтін директоры көнбеді. Амал жоқ, ауылға қайтуға тура келді. Ол күнде жол Шұбарқұдық арқылы жүреді. Келсем, он бес күн болған. Еш көлік жүрмейді, қатынас жоқ, боран. Енді не істеу керек, тамақ асырау керек. Содан біреу айтты: «Училищеге балаларды алады, тамағы тегін, киімі тегін. Анау Жақсымай дейтін жерге бар», - деп. Сол жерден Әнуар досым кездесті. Каршен құрдасым да сонда оқып жүр екен. Көрді де, қолтығымнан алып, аяғымды жерге тигізбей әкетті. Айтатындары: «Әйда кеттік, тамақ та тегін, киім де тегін. Қазір барған бойда тамағына тоясың, киімін киесің». Айтқандары келді, барған күні киімді де, төсек орынды да берді. Тамаққа лықа тойдырды. Қаңғып жүрген жетімге мұнан артық не керек? Мына артықшылықтарын көргесін, трактордың оқуына түстім де кеттім. Бір жылдық оқуын ылғи төртпен, беспен бітіріп шықтым. Менің тракторист болуымның тарихы сол.
Сонда жүріп те өлең жаздым, айтпақшы. Балалардың бәрі маған қыздарға өлең жаздыратын.
- Содан ұжымшарға қайта оралдыңыз ба?
- Қайда қашасың ұжымшардан, қашатын жерің жоқ. Қара жұмыс, шөп үйесің, қайда бар дейді, сонда барасың.
- Трактор қайда? Жаңа техника ол кезде келді ме?
- Келген жоқ, нашар болды. Бағытжан Кенғанов дейтін марқұм бригадиріміз болды. Сол айтатын: «Біз шуда жіппен байлап тракторды жүргіздік», - деп. Қырық құрау, май-су ағып мына жағынан саулап тұрады. Оны сыртынан шүберекпен байлайсың. Май тегін ол уақытта, жерге төгіліп жатыр. Сөйтіп жүргіздік. Мен соны он жылға жуық айдадым ғой. Сол екі ортада ауданның бұрынғы «Сталин туы», сол тұстағы «Еңбек туы» газетіне жұмысқа шақырды.
- Өлеңдеріңіз шығып тұрып па еді?
- Шығып жаттым ғой. Әуелі облыстық газетте шықтым. 1958 жылы облыстық газетте бірден үш өлеңім жарияланды. Одан 1959 жылдың қаңтар айында Мұхаң- Мұхтар Құрманалин ағамыз бір топ өлеңімді басып, сәт-сапар тіледі. Марқұм Жұлдызбай ағамыз төлқұжатқа түскен құйттай суретімнен құлағымды қалқайтып суретімді салған. Қатарларым көріп, «Ойбай, Құрал ақын болып кетіпті», - десті. Содан менің аудандық газетте екі күннің бірінде өлеңім шығады. Газет бетінен түспедім. Шаруашылығымыздың басшысы Өтекеңнің: «Трактордың көлеңкесінде жатып, өлең жазады», - деп ренжитіні сонда ғой.
- Өлеңге әуейіленіп тракторды жүргізуді азайтқан шығарсыз?
- Тракторды айдап жүрдім ғой. Бәйге де алып жүрдім. Трактор шілденің ішінде қызады, қызбай тұрмайды. Өзі жаман трактор болса, ескі. Сол қызған уақытта желге қаратып қойып, салқындатасың. Өзің көлеңкесінде отырасың, жантайып жатасың. Қалың дәптерім бар. Қарап отырғасын шимайламаймын ба мен енді? Сөйтіп жатқанымда бригадир келіп қалады. Сосын көреді, «Құрал өлең жазып жатыр» деп елге дабыра қылады.
- Сол өлең жетелеп ақырында аудандық газетке алып келді ме?
- Аудандық газет қызметке ерте шақырды. Бірақ күнкөріске қиын болар деп шешем қарсы болып, бара алмадым. Сөйтіп жүргенде аудан тарап кетті. Ойыл ауданын біресе Темірге, біресе Қобдаға қосты.Газет жұмысына алғашқы шақырғанда барғанымда, жағдай басқаша болатын еді. Мен 1964 жылы аудан қайта ашылғаннан кейін ғана аудандық газетке қызметке орналастым.
- Арада біраз уақыт өтті ме?
- Он жыл өтті. Босқа кетті ғой, әншейінен әншейін трактордың соңында.
- Дегенмен соның өзінде де тез көтерілдіңіз? Аудандық, облыстық газеттерде көп аялдаған жоқсыз ғой?
- Бес жылдан істедім.
- Ол жылдар пайдалы болды деп есептейсіз бе?
- Баспасөзді білуіме ықпалы тиді. Әрине, облыстық газет те, аудандық газет те жазуды үйретпейді. Оның үйрететіні - не жазу керекті. Өйткені ол кезде партия не жазу керектігін туралап бізге айтпайды да, бірақ цензурасы бар еді. Соған қарай жазасың, соған көндігесің. Бірақ мен партияны мақтағаным жоқ. Мақтамасам да, шарасыздан айтқан ісін істедім ғой. Партия керемет, көсем деген сөзді жазбай-ақ, еңбек адамдарын, өмірді жаздым. Ол уақытта сын жақсы болды. Фельетонды көп жаздым. Алпысыншы жылдары «Жылу» деген фельетоным «Социалистік Қазақстанға» шығып, ауданда үлкен шу болғанын білесіздер. «Сын және өзара сын» дейтін партияның ұраны болды. Жарғысында «Партия өзін өзі сынап тазартады, төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге қарай сынау керек» деген қағида сақталды. Сынауға шек болған жоқ. Жарғыда партия комитеттерінің бірінші хатшыларын сынауға да құқың бар деп көрсетілген. Ал енді дәл оны сынамағанмен, аудандық партия комитетінің қатардағы хатшыларын, басқа да бастықтарды дөңгелеттік қой талай. Зәресі кетіп қорқып отыратын біз барғанда. Ол мезгілдегі сын мықты еді...
- Жалпы, қазір фельетон жанры жойылып кетті. Сірә, бүгінгі өмірдің өзі қажетсіз деп ығыстырды ма?
- Жоқ, қажетсіз емес. Өмірге ол өте қажет. Фельетон жазуға журналистер қорқады, біріншіден. Екіншіден, фельетонды баспайды. Қорыққанда, түрмеге салайын, атайын деп тұрған ешкім жоқ. Бірақ тісі батпайды. Материалдық игіліктердің көзі тұр басшыларды сынайын десе. Мысалы, Президент жемқорлықты сынаңдар деп айтып жатыр. Бірақ журналистер жаза алмайды, кібіртіктеп... Абайдың айтқаны бар: «Қартаң тартқан адамнан от азаймақ, Оты азайса әр істің бәрі тайғақ, Шаруаң үшін әр кезде ақыл айтып, Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ», - деп. Көрдіңіз бе, сол сияқты қазіргі журналистердің аяғы маймақ болып қалған.
- Партия мектебінде оқыған кезде астана қаламгерлерімен араласудың мүмкіндігі туды ма?
- Оқуға барған соң, арада он шақты күн өтпей, «Мәдениет және тұрмыс» журналына әңгімемді апардым. Онда Берқайыр Аманшин, Жекен Жұмақановтар жұмыс жасайтын. Солар әңгімемді оқып, сүйсінді. Әңгіме «Киелі киік» деп аталатын еді. Бірақ журналда жарияланғаннан кейін, «киелі» деген сөз үшін Орталық Комитет журнал редакторын біраз әуреге салып, қызметінен ауыстырды. «Дүниенің дөңгелегі» деген әңгімем де сонда жарияланды және бірден мақтауға ілікті. Кейін осындай жақсы әңгімелер жазғаным үшін жазушылар ортасы күндеуге айналды. Оның кімдер екенін білесіздер. Олардың жазғандары партияны мақтаудан басқа түк емес еді. Ішінде өмір жоқ. Жалпы, мен партияны, кеңес өкіметін мақтап ештеңе жазғаным жоқ. Қазақтың өмірін шындықпен жазуға тырыстым ылғи да. Сондықтан да кей адамдар, тіпті, жазушылардың өздері мені онша ұнатпады.
- Неге?
- Ұнатпайтын себебі - олардың жазбағанын мен жазып тұрмын. Күшім жеткенінше образын аштым адамдардың. Оқырманға керегі - адам. Оқығанда көзіңе адам елестеп тұруы керек: мінезімен, ісімен, айтқан сөзімен. Әйтпесе оның образы ашылмайды. Менің «Байтақ» дейтін романым тың жөнінде. Соны байқатпайын деп осылай атадым. Отыз мың таралыммен шыққан еді. Жылға жетпей сатылып кетті. Соның ішінде бірнеше сомдаған образдарым бар. Әбдірахман дейтін бақсы болып еді, әкемнің құрдасы. Әке дейтін едім, көрші отырдық. Соның кейбір мінездері алынған, Рахман бақсы дейтін кейіпкерім бар. Сол романды қайтадан шығарсам деп ойлап едім. Өйткені кезінде шығару үшін өкіметке шамалы ұнамасаң да болмайтын болды. Кішкене жалғандыққа барып, өзіңе өзің қиянат жасауға тура келеді. Кезінде сол кітабымды жеті жыл ұстады. Бір сөз қазақша білмейтін орыс қаламгеріне пікір жаздырды. Сірә, біреу жазып берген болу керек. Оның романды оқыған, оқымағаны да неғайбыл. Қалай да шығармай, ұстай тұру керек болды. Себебі мен тыңды жақсы дегенім жоқ. Бұл мәселелерді бұдан көп бұрын «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» журналында дүркін-дүркін жазып көтергенмін. Соларды обкомның хатшысы Ливенцов оқып, ренжіген ғой. Құтылу үшін партия мектебіне жіберді...
- Өз еркіңізбен бармаған екенсіз ғой...
- Еркіммен емес. Бірақ қарсы болғаным жоқ, іштей қуандым. Алматыға отбасымды алып бірден көшкенім де содан. Кейін алмайтынын білдім. Не болса да таланымды сол жақтан көрейін дедім.
- Оқу бітіргеннен кейін Алматыда қалдыңыз. Қаламгерлер арасы қалай қабылдады?
- Олар көпшілігі сонда жүріп, бойларында дарын болса да, болмаса да, әйтеуір, сіңіскендер ғой. Әлі күнге дейін солай жүргендер бар. Кейбіреуі атақ алып кеткен. Бірақ көпшілігінің шығармаларын оқи алмайсың. Шын жазушы сирек. Ауылдың тілін мүлде білмейді...
- Ал өзіңіздің ұнататын қаламдастарыңыз кімдер?
- Көпшілігін оқымаймын. Мақталып жүрген жастарды ғана оқып қараймын. Жастардың ішінде жазушылықты өмірден бастағысы келетіндер бар. Бірақ көпшілігі сөзді білмейді. Мағынасы әр түрлі сөздерді қолдануға шорқақ. Қаламына бірінші іліккен сөзді жазады, екшемейді. Ал ол кірікпей тұруы мүмкін, басқа тіркеспен үйлесімді болуға мүмкіндігі барын ескермейді. Мысалы, таяуда бір жазушы Бауыржан Момышұлын мақтап жазды. Сонда: «Атағынан ат үркетіндей», - деген. Бұл не деген сөз? Ат неден үркеді? Үлкендер: «Ат жыннан үркеді», - деп отырушы еді. Не болмаса спортшылар бір жерге барады, медаль алады. Соны «қоржынына салды», «қанжығасына байлады» деп жазады. «Қылмыскерді құрықтады» деген де үйлесімді тіркес емес. Ол не, қашып жүрген мал ма?
- Соңғы жылдары үш кітаптан тұратын «Кер заман» романын аяқтадыңыз. Оқиға Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ елінің өмірін суреттейді. Ендеше, кер заман аталуы қалай?
- Заман әр уақытта ілгері басады, не кері кетеді. Қазақтың ілгері басқан заманы ілгеріде өтіп кетті. Енді кері басуға айналды. Бұл кері басу 1731 жылдан басталды. Ол доңызға келіп тіреледі. Мен әуелі содан бастап жазбақ болдым. Оған күшім жетпейді-ау деп ойладым да, Есеттің заманынан бастап кеттім.
- Сонда сіз орыс араласқан жерден кер заман деп тұрсыз ба?
- Орыстың басқыншылығы ғой. Бұл - нағыз кер заман. Кері кетірді қазақты, ілгері бастырған жоқ. Отарлаушылыққа айналдырғаннан кейін жерді тартып алды, оны өздерінің қара шекпендеріне бөліп берді. Қазақта билік болған жоқ. Жекелеген батырлар соған қарсы күресті. Олар ұлттың ойы, арманы, ар-намысы еді. Күресуін күресті, бірақ күші жетпей қалды. Ол қару-жарақтың теңсіздігі еді. Егер қару- жарақ тең болғанда, біздің бабаларымыз орысты қия бастырмаған болар еді.
- Алматы сияқты әсем шаһарда тұрсаңыз да, жыл аралатып ат басын елге бұрып тұрасыз. Сағынасыз ба, әлде жазушылық тірлік соған жетелей ме?
- Сағынбау мүмкін емес. Сана-сезімі, есі дұрыс адам болса, елі әр уақытта көкейінде тұрады, түсіне кіреді. Бірге ойнаған достарыңды ұмытпайсың. Бірге, қатар жүрген құрдастарың, солардың айтқан сөзі, қимас сәттері ойыңа келеді. Түсіңе елің, жерің кіреді, кейде шошып оянасын. Сосын, жасың келіп қалған адам, ұйқың қашып жатасың. Көп нәрселер еске түседі. Оның бәрін жаза алмайсың, күшің жетпейді...
- Соңғы кезде Ақтөбе туралы көп өлең жазыпсыз. Жалпы, осы туған өңіріңіздің бүгіні туралы не айтасыз?
- Облыс басшылығына Елекең - Елеусін Наурызбайұлы келгелі шаруа оңға қадам басып, Ақтөбе аймағы мықтап өзгерді. Өйткені бұл азамат маған ел үшін жанын беруге бар сияқты көрінеді. Өмір көріп өскен жігіт. Арғы тегі де мықты. Текті жерден шыққан, ел қамын ойлайтын адамның сойы бөлек қой қашан да. Қолына билік тигенде із қалдырсам деп жүрсе, ердің ері - сол. Жақсы басшының ісін халық өзі-ақ айтады. Шалғай аудан Ойылға жол, аурухана салу - сол халықтың мүддесі. Жалпыға пайдасы тигенді айт! Баға соған қарап беріледі.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
«Ақтөбе» газеті 11 маусым 2009 жыл