Жұма, 22 Қараша 2024
Айбын 4879 8 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 10:26

Орыс әскеріне қарсы соғысқан ауған комсомолы

Тоқсаныншы жылдардың басында Қызылжар қаласының Борки деген ауданындағы кәсіптік-педагогикалық техникумда ауған студенттерінің соңғы легі оқып жатқан еді. Мен ол кезде қалалық «Трибуна» газетінде тілші болып істейтінмін.

Бірде газет редакторы Павел Калантырев маған сол ауған жастарымен сұхбаттасып, мақала жазуды тапсырды. Техникумға келгенде алғашқы танысқан адамым Расул есімді орта бойлы жігіт болды. Оның осындағы ауған комсомолдарының жетекшісі екенін естігенде «жолым болған екен» деп қуанып қалдым. Қанша айтқанмен жастардың идеологиялық тәрбиесіне жауапты адам ғой. Орысша да мүдірмей сөйлейді. Нағыз Кеңес Одағына доскөңілді адам!

Әңгіме барысында:

– Расул, сен біздің әскерлер өзінің интернационалдық міндетін орындап, Ауғанстанды дұшпандардан азат ету үшін ұрысқа кіргенде неше жаста едің? Саған да қиын болған шығар? – дедім.

– Мен ол кезде тым жас болсам да белсенділік танытып комсомол қатарына алындым. Қазір міне, техникумдағы ауған тобының комсомол хатшысы болып отырмын. Әрине, соғыс кезінде қиын болды. Маған әсіресе тауға американдық «Стингер» зеңбірегін көтеріп шығарып, орыс танкілерін дәл көздеп атуға үйрену қиын болды. Бірақ оны да үйреніп алдым, – деп Расул бетіме қарағанда мына сөзден ауызым ашылып қалған мен: «Сонда сен комсомол бола тұра Кеңес Одағының интернационалист әскерлеріне қарсы соғысқаның ба?» деген сұрақты іркіп орынмнан тұрып қоштастым да кетіп қалдым. Сонымен, газетте ешқандай мақала жарияланбады.

Артынан ойласам, Расулдың сөзінде таңқаларлық ештеңе жоқ екен. Өйткені бұл соғыста  ауған халқын қырғынға ұшыратқан Кеңес әскерлері басқыншылар еді. Ауғандықтар олармен идеологиялық ұстанымына, көзқарас қайшылығына қарамастан бір халық болып соғысты. Рухы берік ауғандықтардың жанқиярлығын көріп Ислам дінін қабылдап қаруын тастаған батальон командирі Олег Рубец (Әли Апшерони), моджахеттер жағына өткен қызылжарлық жерлесім Николай Рыжков сияқты жандар да идеологиялық жетекшілердің емес, адами ар-ожданның әміріне бағынды ғой.

Қарап отырсақ, Кеңес насихатын бойына сіңіріп өскен көкжелке комсомолдар мен кеше ғана жылы орында отырып келген коммунистік партия шенеуніктерінің бүгінгі тәуелсіздігімізге жүрегі жылымауы түсінікті де сияқты. Сол тоқсаныншы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шовинистердің, казактардың тәуелсіздікке қарсы ұйымдастырған науқанын бұрынғы облыстық комсомол комитетінің жетекшісі Виктор Очкасов басқарған еді. Ит үрсе де керуен өз жолымен жүре беретінін көрген ол ақыры Ресейге тайып тұрды.

Бүгін бұрынғы коммунист белсенділері комсомолдың жүз жылдығын есі шығып тойлап жатқанда «өлер бала көрге жүгірер» деген сөз еске түседі. Тоталитарлық жүйеге негізделген қатып қалған коммунистік идеология ауғанның да, қазақтың да, басқаның да ұлтық тәуелсіздігіне салынған кісен екенін өткен дәуір сабақтары талай рет көрсетті. Бірақ тарихтан тәлім алып, шыққан батпағыңа қайта батпауға қабілетті оқушының ғана  ақылы жетеді.

Марат  Ермұқанов, Қызылжар қаласы

Abai.kz

 

 

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329