Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алашорда 11459 2 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 11:54

Шәкәрімнің үш фотосуреті туралы...

Хакім Абайдың інісі, шәкірті, ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының 3 фотосуреті  сақталып, бүгінгі күнге жеткен екен

Осы фотосуреттердің қилы заманнан бүгінгі ұрпаққа жету  тарихы өз алдына бір үлкен әңгіме.

Бірінші фотодан (жоғарыда) екі дана бүгінгі күнге жеткен. Оның біреуі жазушы Сәбит Мұқановтың Алматыдағы мұражай үйінде сақталған. Шәкәрім 1931 жылы ақпан айында жазушы Сәбит Мұқановқа арнайы хат жазған. Фото сол хатпен бірге жіберілген деген болжам бар.

Осы фотоның екінші данасын сақтап қалған Шәукен деген мылқау адам. Ол кісінің шын аты Оразғали екен. Аудандық ОПГУ-да отжағушы болып жұмыс істеп жүрген Шәукен өзі өртеп жатқан қағаздардың арасынан Шәкәрім фотасын тауып алып, соғыстан кейін Алматыдағы Мұхтар Әуезовтың үйінде  Ахат Шәкәрімұлына табыстаған  деген деректер бар.

Ахат Шәкәрімұлының айтуынша бұл фотоға Шәкәрім 1905 жылдары қажылық сапарға аттанар алдында құжат үшін түскен екен.

Қолына бүркіт алып түскен Шәкәрім фотосуретін Федор Артурович Фиальструп түсірген. Фото суреттегі адам Шәкәрім бе деген күдік көпке дейін өз шешімін таппай келген. Өйткені фотоның сыртында «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинской У. 1927» деген жазу болған. 2014 жылы «Жидебай Бөрілі» қорық-мұражайының қызметкерлері Мәскеудің этнология және антропология институтының мұражайынан дәл осы фотоның екінші данасын табады. Фотосуреттің сыртына Шәкәрімнің аты жазылған екен.

Бұл суретті 2009 жылы Семейдегі мұражай қызметкері Лаура Қадырова құжаттар арасынан тауып алған. Фотосуреттің астына тайға таңба басқандай «Т.№237. Хребет Чингиз. Верховья речек. Поэт и писатель Шакарим Кудайбердин» деп жазылған екен.

Фото ұзақ жылдар бойы Семей қалалық Қазіргі заман тарихы құжатнама орталығында сақталып келген. Кейіннен белгілі болғандай 1924 жылы Н.П.Смысловский басқарған экспедиция Шыңғыстау уезіне қарасты    өзендердің  бойындағы суландыру жүйесін зерттеген екен. Шәкәрім осы кезеңде жолбасшы ретінде экспедиция құрамында болған.

 Дайындаған  Дәулет Тілеуберді, Семей қаласы

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021