Біздің елде болып жатқан нәрселер санасы ауру адамның әдеттерін еске түсіреді
Істейтін тірлігі жоқ еріккен #ҚайғыПат емеспін. Пафос нәрселерді пафос деп айтудың өзі пафос болған тым бейтарап көңілге отырып алдық қой.
Бірақ, дәл қазіргі сәтте біздің елде болып жатқан нәрселер санасы ауруға ұшыраған адамның әдеттерін еске түсіреді. Омар Жәлел ағамыз бір сұхбатында "Біз әлі өз-өзімізге диагноз қоя алмай жүрген халықпыз" деп еді. Рас қой. Әуелі диагнозын қойып алып, одан кейін барып дәрісін ішпек керек. Рухани Жаңғыру деп аталатын жақсы дәрінің диагнозсыз ішілгендегі кері эффект беріп жатқаны ма екен әлде?!
Комсомолдың мерекелері Рухани Жаңғыру аясында өтіп жатқан соң, басқасынан не сұрайсың? Кімге барып, кімге айтамыз?! Президенттің өзі коммунизмді радикалды идеология деп айтпаған ба еді?!
Ендеше, бұл қайдан шыққан "Комсомолдың Тойы"? Қаншама құрбандарымыздың жайын білетін әрбір азамат ішінде бұл нәрселерге қарсылық болуы керек. Үнсіз қарсылық емес, әрекетпен ең болмаса сөзбен қарсылық болуы керек.
Енді ғана еңсені көтерген кезде, өлген естеліктер өлгелі жатқан "көкелердің" санасын оятып жатыр екен. 27 жыл Тәуелсіздіктен соң, көз ашылды ма дегенде қайтадан кері қайтып жатсақ, соншама жыл істеп жүрген тірліктеріміз не үшін жасалды сонда?!
Онсыз да, әлі жойыла қоймаған ол сана өз қазақтарымыздың арасында Берлин қабырғасын тұрғызып тастады. Оның да астарын ашып қарасаңыз, Кеңес Үкіметін аңсап жүрген талай қазақты көресіз.
Өткеннен бері желіде көптеген қарсылық жарияланып жатыр. Сондықтан, осы елдің азаматы ретінде қарсылыққа қосыламыз.
"Елде бұдан басқа проблемамыз жоқ пааа?" дейтіндер бар осы арада. Елде бұдан басқа проблемалар бар, болғанда қандай?! Бірақ, мынадан асатын сұмпайы проблема жоқ қазір!
Ештеңе Ұмытылмайды. Ештеңені Ұмытпаймыз!
Садық Шерімбектің facebook парақшасынан
Abai.kz