XV өңіраралық форумда қандай құжаттар қабылданды?
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысып, бірқатар келіссөздер өткізді.
Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин әуелі форум аясында өткізілген Халықаралық туристік көрмені аралады. Онда Қазақстанның 18 аймағы мен Ресейдің 11 аймағы өздерінің туристік әлеуетін таныстыратын презентациялық жобаларын ұсынған болатын.
Бұдан бөлек, президенттер Қазақстан мен Ресей бірлесіп жүзеге асыратын «Бәйтерек» ғарыштық-ракеталық кешенінің жұмысын талқылады.
Сонымен қатар, өңіраралық форумның пленарлық отырысына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
-Біз бүгін Ресейлік әріптестерімізді Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында қабылдап отырмыз. Ресей біздің ең жақын көршіміз. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» деген сөз бар. Сондықтан біз әуелі көршіміз, туыспыз.
Біздің осы форум құрылғаннан күннен бастап бүгінге дейін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде қалыптасып, экономикалық саясатта және ынтымақтастық қарым-қатынаста ең маңызды институт ретінде өзін дәлелдеді. Бұл форумның форматы пост-кеңестік елдерде үлгі болуда. Біз аталған форумның аясында күні бүгінге дейін 200-ден астам келісімдер жасастық.
Қазақстан мен Ресей арасында экономиканың барлық сала бойынша ынтымақтастық байланыс орнаттық. Қазір біздің елдер арасындағы мемлекетаралық байланыс жан-жақты. Атап айтқанда, ЕАЭО, ҰҚК, БҰҰ, ТМД, ЕЫҚҰ, ШЫҰ секілді Халықаралық ұйымдар шеңберінде де бірлесіп жұмыс жасап отырмыз.
Ресей біздің стратегиялық одақтасымыз, маңызды сауда-экономикалық серіктесіміз. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 11 миллиард долларды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 18 миллиард долларды құрайды деп жоспарланып отыр.
Ресей Қазақстан экономикасы үшін үлкен нарық. Қазірдің өзінде Ресей капиталы мен Ресейлік 9 мыңнан астам компания Қазақстанда жұмыс жасап отыр. Олар экономиканың барлық саласында бар.
Бүгінгі таңда біз жалпы құны 10 миллиард долларды құрайтын 60 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырдық. Әлі құны 6 миллиард долларды құрайтын 57 жоба қазір қолға алынып отыр.
Біздің елдер арасында қазір апта сайын 210 әуе рейсі қатынайды. Осының барлығы біздің мемлекеттер арасындағы байланыстың қай деңгейде екенінің көрінісі.
Бүгінгі форумның тақырыбы өте маңызды. «Қазақстан мен Ресейдің арасында туризмді дамытудың жаңа жоллдары және үрдісі» деп аталады.
Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді. Осыған байланысты, елдеріміздің Үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс.
Күш біріктіре отырып, әлем тарихындағы бірегей Байқоңыр ғарыш алаңына қатысты туризмді дамыту керек. Бұл мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлердің келесі жылға арналған бірлескен жоспарларына енді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірлерін қорытындылай келе, Ресей Федерациясының Президентіне екі елдің Үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін елдеріміздің аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсыру керектігін айтты.
Форум аясында екі ел президенттері Қазақстан мен Ресей шекара аймағындағы өңірлердің туризмін дамыту бойынша бірлесіп жұмыс жасау үшін бірқатар іс жоспарларын қабылдады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері арасында туризмді дамыту және ынтымақтастықты арттыру бойынша екіжақты 75 құжатқа қол қойды. Екі тарап Қазқастан мен Ресей шекаралық өңірлерде 100-ден астам туристік маршрутты бірлесіп жүзеге асыруға келісті.
Сонымен бүгінгі жиында қандай құжаттарға қол қойылды?
– Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен перспективті өңірлік бастамалар тізбесі;
– Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы хаттама;
–Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 3 қазандағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама.
Айта кетейік, кеше Қызылжар қаласында Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуетін танытатын Халықаралық көрме өтті. Көрмеге Қазақстанның 18 аймағы, 4 ұйымы, 4 туроператоры, 1 ұлттық компаниясы қатысса, Ресейдің 11 аймағы. 3 туроператоры өз павильондарын орналастырған. Шара барысында бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Көрмеге Қазақстан мен Ресейден 200-ден астам БАҚ, 2000-нан астам делегат келген.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz