«Жайық тасып барады жардан асып...»-республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Батыс Қазақстан облысы тасқын судың құрсауынан құтыла алар емес. Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, Орал қаласы мен бірқатар аудандардың жағдайы әлі де күрделі. Осы жайт «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жайық тасып барады жардан асып...» деген мақалаға арқау болған. «Облыс халқы бірнеше күннен бері табиғи апатпен бел жазбай күресуде. Мекеме-ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілер тобы құтқарушыларға тәулік бойы көмек көрсетуде. Жеке көлігімен келіп адамдарды көшіруге атсалысып жүргендер де бар. Сын сағатта төзімділік пен ұйымшылдық танытқан батысқазақстандықтарға Үкімет қаржылай қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеген болатын», - деп жазады басылым.
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 16 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Батыс Қазақстан облысы тасқын судың құрсауынан құтыла алар емес. Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, Орал қаласы мен бірқатар аудандардың жағдайы әлі де күрделі. Осы жайт «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жайық тасып барады жардан асып...» деген мақалаға арқау болған. «Облыс халқы бірнеше күннен бері табиғи апатпен бел жазбай күресуде. Мекеме-ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілер тобы құтқарушыларға тәулік бойы көмек көрсетуде. Жеке көлігімен келіп адамдарды көшіруге атсалысып жүргендер де бар. Сын сағатта төзімділік пен ұйымшылдық танытқан батысқазақстандықтарға Үкімет қаржылай қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеген болатын», - деп жазады басылым.
Осы басылымның «Сізді не толғандырады?» айдарында Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадовтың «Жетімдері мен жесірлерін жылатпаған ел едік» деген шағын мақаласы басылды. «Қазіргі таңда Қазақстанда 46 мыңнан астам бала түрлі себептермен ата-ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. Соңғы он жылдан бері жетім балалар шетелдіктерге асырап алуға беріліп жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, алты мыңнан астам бала шет ел асқан, оның 5308-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіпті. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз», - деп жазады мақала авторы.
***
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Президент Н. Назарбаев кезектен тыс сайлауда қайтадан сайланып, соған орай билікте орын алған ауыс-түйістердің соңғысы әрі аса маңызды кадрлық шешімдер кешегі Сенаттың жалпы отырысында жүзеге асты. «Десе де, БҰҰ-дағы жоғары лауазымды қызметке ауысатыны белгілі болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына басқа кандидат келетіні әуелден-ақ түсінікті болатын. Сөйтіп, кеше Елбасының ұсынуымен Сенаттың тарихындағы бесінші төрағалықтың тізгінін бұған дейін еліміздің Бас прокуроры қызметін атқарып келген Қайрат Мәми ұстады. Сондай-ақ, Сенат отырысында биліктің барлық деңгейіндегі кадрлық өзгерістерге нүкте қойылып, ҚР Жоғарғы Соты мен ҚР Бас прокуроры қызметіне жаңа басшылар тағайындалса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы өз қызметіне қайта кірісті», - деп жазады басылым. Сенат төрінде өткен бұдан да басқа биліктегі ауыс-түйістер жайында «Сенат тарихындағы бесінші төраға сайланды» деген мақалада кеңінен баяндалған.
«Бүгін - ғылым күні. Осыған байланысты кеше Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бір топ елордалық ғалымдармен кездесіп, мерекелік жиын өткізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, елімізде ғылыми-зерттеу университеттері мен институттардың рөлі артып келеді. Осыған орай қазіргі кезде арнайы жұмыстар атқарылып, алдағы уақытта 21 университетке инновациялық дәреже беру көзделіп отыр. Ол үшін ғылымдағы бәсекені арттырып, саны көп сапасыз оқу орындарынан арылу қажет болады. Б. Жұмағұлов осы мәселе бойынша жұмыс істеп, жоғары оқу орындарының дайындығына қарай Қазақстанда тек 50 университетті ғана қалдыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Мақала «Ғылым күні қарсаңында елордалық бір топ ғалым марапатталды» деген тақырыппен берілген.
***
Хоккейден 18 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы биыл да әлем чемпионатының 1-дивизионында сәтсіз ойнады. Бұл туралы «Айқын» газетінде жарық көрген «Ендігі үміт - бас құрамда» деген мақалада баяндалған. «А» тобындағы командалардың басын қосқан Латвия жеріндегі бәсекені Василий Васильченко жаттықтыратын жас хоккейшілеріміз жап-жақсы бастаған еді. Бірінші кездесуде венгрлерден 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, овертаймда бір ойыншысы кем болғанына қарамастан, ұтып кеткен құрамамыздың қадамына ерекше қуанған едік. Бірақ кейінгі екі кездесуден кейін-ақ өрекпіген көңіліміз орнына түсіп, қуанышымыз су сепкендей басылды», - деп жазады басылым. Толығырақ газеттің сенбілік санынан біле аласыздар.
Осы басылымның «Мінбер» айдарында «Руханият» орталығының директоры Ербол Тілешовпен арадағы сұхбат «Елбасы қазақ тілінің дамуына үнемі көңіл бөліп келеді» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіме барысында ол: «Біз - ғасырларға есесі кеткен халықпыз. Орыстардың немесе ағылшындардың ғасырларға есесі кеткен жоқ. Біздің дұшпанға, жаулаушыларға есеміз кеткен, тіпті замандар мен дәуірлерге де есеміз кетті. Енді біз сол ғасырларға кеткен есемізді қайтарып жатырмыз. Ал оны қайтарудың бір амалы, одан айығудың жолы - Алаш идеологиясын, қазақ болу идеясын бүгінге әкеліп орнықтыру», - дейді.
***
Кеше ҚР Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен елімізге ресми екі күндік сапармен Үндістанның Премьер-Министрі Манмохан Сингх келді. Осыған орай «Казахстанская правда» басылымы бүгінгі нөмірінде «Время стратегических решений» деген тақырыппен мәртебелі мейманмен арадағы сұхбатты жариялады. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген М.Сингх: «Біздің өңірлік және жаһандық мәселелерге көзқарастарымыз ұқсас және біз халықаралық форумдарда бір-біріміздің бастамаларымызға қолдау көрсетіп келеміз, сонымен бірге, көптеген халықаралық ұйымдардың эгидасымен ынтымақтасып жұмыс істеудеміз», - дейді.
Сондай-ақ осы сұхбаттың қазақша нұсқасын «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санынан да оқи аласыздар.