Қорым қазғандар - қателесіп жүр
Қабір. Көр. Бейіт. Мола. Зират. Қорым. Осының бәрі сіз бен біздің барар жеріміз. Қабір - Адамның өлімінен қиямет күні қайтадан тірілуіне дейінгі уақыты “қабір өмірі” деп атайды дейді. Діни ұғымдағы «қабір сұрағы» немесе «Мүңкәр және Нәкірдің алдындағы сұрақ» та осыған қатысты. «Сұрақтарға дұрыс жауап бергендер үшін қабір - тынығу орны, ал жауап бере алмағандар үшін азап мекені болады дейді тақуалар. Сонымен, қабір - жерден терең етіліп қазылып, мәйітті арулап қоятын ақым, оны біз көр деп те атаймыз.
Бейіт - қайтыс болған адамның зиратта жерленіп белгі қойылған орны. Бейіт- араб тілінде «үй», «пәтер», «шатыр», «бөлім», қалта», «қын» дегендерді білдіретін көп мағыналы сөз. Этномәдени ортада зират — белгілі бір қауымға тән меншікті ұжымдык жерлеу орны болса, бейіт - соның ішінде мәйітті қоятын бір «бөлімі», «үйі».
Байырғы кезде ересек адам бейітіне найза (сындырылғаны да болуы мүмкін), әйел адамның бейітіне бақан, піспек немесе ұршық, қыз бейітіне арқан, уық, ал жас нәресте бейітіне бесік қойылған.
Мола - көбінесе әртүрлі себептермен жеке дара жерленген адамның көрі мен көр үстіне қойылған белгі деген ұғымды білдіреді. Мысалы, сапар үстінде, алыс жолда қайтыс болған адамды зиратқа, қорымға қою мүмкін болмаған кезде топырақ бұйырған жеріне қойып, белгі орнатады. Жерлеу орнының бұл түрі де мола деп аталады. Егер ол арнайы сәулет үлгісінде көтерілсе, оны кесене, дың, күмбез деп те атайды.
Зират – көптеген адамдар жерленген орын болса, көне заманнан қазақ оны қорым деп атайды. Алайда қорымның жеке дара да болуы жиі кездеседі.
Қорым - көбінесе соғыста, жаугершілікте қаза болған жауынгерлерді жеке-жеке қабір қазып, арулау мүмкін болмаған жағдайда үлкен етіп қабір тәрізді қазылған орға мәйіттерді топтап қойып, топырақ жауып, үстіне тас үйіп орнатқан жерлеу орны деген ұғымды білдіретін атау болған. Жеке-дара жерленіп ерекше белгі қойылған орындардың түрлері кесене, күмбез, дың, сағана деп аталады. Әдетте, қазақта зират, мола, қорым сияқты жерлеу ескерткіштері жанынан өткен атты жолаушы тоқтап дұға қылады, аялдамайтын жағдайда оң жақ аяғын үзеңгіден шығарып «жандарың жаннатта, жатқан жерлерің жайлы болсын; қияметтің күні жақын» — деп бет сипай ниет етеді. Аяғын үзеңгіден шығару ырымы «аттан түстім» деген меңзеуді білдіреді.
Уекипедияға сүйене отырып келтірілген осы деректердің өзі осы кішкентай ғана ұғымның артында халқымыздың үлкен ұлттық мұрасы мен тарихы жатқанын білдіреді.
Әйгілі хан, сұлтан, би, батыр, әулие сияқты т.б. байырғы элиталық тұлғалардың аруағын ұлықтау мақсатымен, сондай-ақ ел есінде сақтауы, келер ұрпақ ұмытпай қадір тұтып жүруі үшін төрт жолдың торабына, қара жолдың бойына, биіктеу, көрнекі жерлерге жерлеп, басына кесене, күмбез, сағана салып, дың орнататыны ежелден белгілі.
Енді дәл осы жерден, біздің ұлы тарихымыздан хабар беретін қорымдардың бәрі дерлік неліктен қазылып кеткені туралы әңгімені бастайық. Көр қазу сонау патша үкіметі тұсында басталған сыңайлы. Патшалық Ресейдің бодандығында болған ғасырлар ішінде қорымдарды қазып баюды мақсат еткен «қара шекпенділер» деген сұмырайлар болған. Ержан Жаубай деген азамат археологтардың «Біз Моңғолияда жұмыс жасаған кезде, ондағы қорғандардың 90 пайыздан астамы тоналмағанын байқадық. Бізде керісінше 90 пайыздан астамы түгел тоналып кеткен» - деген пікірін келтіре келіп, "алайда прокуратурада «қара археология» бойынша ешқандай факт тіркелмегеніне» таңданыс білдіреді. Сондай-ақ ол «Қазақстан бойынша ресми түрде 25 000 археологиялық ескерткіш бар. Шынтуайтына келгенде бұдан 10 есе көп болуы мүмкін» деген деректі де келтіре кетіпті.
Мен де осы жазда Берел қорғанында болдым. Архоелог ғалымдар алтын адам табылған қорымдардың барлығы дерлік тоналғанын айтты. Енді осы ескерткіштер мен қорымдардың халі нешік? Біздің тарихымыз бен мәдениетімізден, руханиятымыздан мол мағлұмат беретін тарихи орындарды қорғау үшін Үкімет не істеп отыр?
Бүгінгі Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор Бірғаным Әйтімова Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа осындай депутаттық сауал жолдады.
Сенатор Б. Әйтімова: «Еліміздің археологтері мен тарихшылары соңғы уақытта ескерткіштер ескерусіз, иесіз қалып, әртүрлі әсерлерден жойылуда екенін айтуда. Осы әсерлердің бірі - осы дүниелерді заңсыз қазып алып, жеке мүддесі үшін пайдаланушылардың «қара археологтар» немесе «көмбе іздеушілер» қолында кетуі болып табылады. Мұндай тонаушылық әрекеттер Шығыс, Солтүстік, Қазақстан және, Түркістан, Алматы облыстарында қатты өршіп тұр. Бұл қазбалардың жаппай етек алуына ескерткіштерді қорғаудың мемлекеттік жүйесінің әлсіздігі ықпал етуде. Заң бұзғандарды қылмыс орнында ұстау фактілері өте аз.
Бүгінде қазба жұмыстарымен кәсіби археологтер де, археологияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар да айналысып жүр» , - деді.
Сенатор Үкімет басшысына тарихи ескерткіштердің көз алдымызда, тоқтаусыз, бей-берекет тоналуын тоқтату және осы мәселені нормативтік құқықтық реттеу жөнінде тиісті шаралар қабылдау туралы талап қойды.
Бұл жерде мәселені тек құқық қорғау органдарына ғана сілтеп қоймай, әрқайсымыздың ұлттық рухани мұраларды сақтау, бабалаларымыздың қорымдарының тоналмауы, аруағы қорланбауы тұрғысында белсенді позиция ұстанып, көрген, білген жағдайда оларды тыюға атсалысуымыздың да маңызы ерекше.
«Дүние әлі-ақ өтер қимағанмен,
Сыйласқын өз басыңды сыйлағанмен.
Жалғанның ақырында баяны жоқ,
Қазына қызыл-жасыл жинағанмен, - деп ұлы ақын Сүйінбай Аронұлы айтпақшы, дүниеден өткендердің моласына қоса көмілген заттардың, дүниенің тоналғанына күйінбейміз, әуелі, ата-бабамыздың көрі қазылып, аруағы қорланғанына, содан соң тарихымыздан мол тағылым беретін жәдігерлердің мүмкін пендешілікпен, мүмкін тарихты танытпау үшін әдейі жойылғанына күйінеміз. Ең болмаса қалғанын сақтап қалайық...
Әділбек Қаба
Abai.kz