Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
1883 0 пікір 16 Қараша, 2018 сағат 12:42

Түркістан облысы космецевтика саласына да ден қойды

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында халықты қолжетімді формацевтикалық өнімдермен қамту қажеттігіне де арнайы тоқталған болатын. Сондай-ақ, өңірлердегі өндіріс орындарының да маңыздылығына баса назар аударды. 

Осы орайда, Түркістан облысындағы өндіріс орындарының да аясы кеңейіп келеді. Өндіріліп жатқан өнімдердің сапасы артып, әлемдік нарықта бәсекелес бола алатындай дәрежеге де жетті. Әсіресе, оңтүстік өңірі медицина саласындағы дәрі-дәрмек пен құрылғылар өндіру жағынан елімізде алдыңғы қатардағы орындарда тұр. «Химфарм» зауытын айтпағанның өзінде «Экофарм Интернейшнл» компаниясы өндіретін өнімдердің өзі неге тұрады?!

Енді біздің өңір космецевтика саласына да ден қойды. Әсіресе, осы саланың маманы Бақытжан Бисембаев басшылық жасайтын «Рауан» фармацевтикалық компаниясы өндіріп отырған косметикалар бүгінде жоғары сұранысқа ие болып тұр.

Айта кетейік, 1990 жылы ғылыми-өндірістік орталық ретінде ашылған компания бастапқыда фосфат шығарса, кейін тіс емдейтін препараттар өндіре бастады. Одан соң халық жиі пайдаланатын, бірақ сол замандары тапшы болып тұрған дәрілік препараттар өндірді. 36 түрлі кең көлемді керекті дәрілер шығарған. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, осылайша тәжірибе жинаған мамандар 2008 жылы үйде және клиникаларда қолдануға арналған тазалағыш сұйық заттар өндіруді қолға алған. «ZOR» деген атаумен шығарылған сұйықтық заттар өңіріміздің және еліміздің барлық аймағына таратылып жүр.

Бүгінде атауын «Рауан» деп өзгерткен компания космецевтикалық препараттарға ден қойды. Космецевтика – бет-әлпетті әдемілеу, әрлеу сынды косметика емес, бұл адамның ашық жерлерін, яғни келбетін емдейтін, жөндейтін, орнына келтіретін қасиеті бар ғылым. Демек, нәтиже беретін препараттар өндіреді. Қоспаның 405 түрі пайдаланылатын бұл препараттарға

11 түрлі химия қолданылады. Шикізат толығымен шетелден әкелінеді. Лосьон, гель, эмульсия, пилинг, паста және крем сынды адамның ашық терісін емдейтін және жөндейтін бұл препараттардың физикалық-химиялық тұрғыда әрқайсысының өзінің жеке технологиясы бар. Шаш күтімі, бет күтімі, күннен қорғайтын тауарлар ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке аппаратта дайындалады.

Космецевтикаға дейін бірқатар баспалдақтан өткен өндіріс орны бірнеше жыл зерттеу, тәжірибе жинаудың нәтижесінде 2013 жылы көптен күткен жобаны қолға алды. «Жобамыздың 1-кезеңін бастау үшін 5 жыл дайындалдым. Дерматолог және косметолог сынды дәрігерлермен жұмыс істеудің арқасында бүгінде космецевтика саласындағы негізгі керекті 83 түрлі препарат шығарып отырмыз. Жыл соңына дейін мұның қатарын 140-қа жеткізбекпіз» дейді кәсіпорын басшысы Бақытжан Бисембаев.

Аталған компаниямен бірігіп жұмыс істеп жүрген медициналық орталықтың дерматолог дәрігері Алма Сағатқызы бұл компания туралы өзінің жылы лебізін білдірді. Қарапайым косметика емес, адамның ашық терісін емдейтін қасиеті бар косметикалық заттар шығаратын «рауандықтардың» тауары бүгінде жоғары сұранысқа ие екенін тілге тиек етті. «Рауан» компаниясы екі жылдан бері Алматы және Астана қалаларында өткен көрмелерге қатысып, мамандардың жоғары бағасын алып жүр. Өзім үнемі осы компанияның тауарын қолданамын. Бағалары да қолжетімді. Кейбірі қымбат. Бірақ олар басқа жерде жоқ. Сондықтан оған түсіністікпен қарау керек» дейді А.Сұраншиева.

Компания басшысы Бақытжан Тілеуімбетұлы – осы саланың маманы. Өз ісін ерекше сүйетін маман қиындықтарға, кедергілерге мойыған жоқ. Қайта ізденіп, жігерленіп, жұмысын одан әрі дамыту жолында тер төкті. Міне, осылайша ол қазақтың қолынан да косметикалық зат шығару келетінін өзгелерге дәлелдеп отыр. Қазір серіктес компаниялар кәсіпорын тауарларына қызыға қарап, бірге жұмыс істеу үшін бірқатар келісімшартқа қол қойды. Енді өнімдерді шетелге шығару жоспарлануда. Мұнда өзінің бет терісіне орай тапсырыс беретіндер де бар. Компания басшысының айтуынша, қаншалықты дағдарыс болсын, адамның сұлулыққа деген талпынысы тоқтамайды екен. Қайта жиі-жиі жаңа түрі шығып тұрады. Бүгінде кәсіпорын тауарын интернет арқылы сатуда қарқынды жұмыс істеп жатыр.

Назгүл Назарбекова

Abai.kz

0 пікір