Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 1734 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:54

Кәмшат ТАСБОЛАТ. Қазақстан Ресейдің ығында кетпей ме?

РФ-ның үкімет басшысы Владимир Путин тек қана Ресей емес, Қазақстан мен Беларусь атынан ДСҰ-ға қатысты мәлімдеме жасады. Бұдан былай үш мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымына жеке-дара мемлекеттер ретінде емес, білдей Кеден одағы ретінде кірмек көрінеді. Бірақ The Fіnancіal Tіmes газеті осы күнге дейін бұл ұйымға қандай да бір Кеден одағының бірнеше мүшесінің бірдей қабылданғаны тарихта болмағанын хабарлайды. Бұл орайда газетке сұхбат берген еурокомиссардың айтуынша, үш мемлекет өздерінің ортақ позициясын айқындаумен қатар, Кеден одағының атынан сөйлейтін бір елді сайлауы керек екен. Сонымен, үш мемлекеттің атынан кім алға шаппақ?

РФ-ның үкімет басшысы Владимир Путин тек қана Ресей емес, Қазақстан мен Беларусь атынан ДСҰ-ға қатысты мәлімдеме жасады. Бұдан былай үш мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымына жеке-дара мемлекеттер ретінде емес, білдей Кеден одағы ретінде кірмек көрінеді. Бірақ The Fіnancіal Tіmes газеті осы күнге дейін бұл ұйымға қандай да бір Кеден одағының бірнеше мүшесінің бірдей қабылданғаны тарихта болмағанын хабарлайды. Бұл орайда газетке сұхбат берген еурокомиссардың айтуынша, үш мемлекет өздерінің ортақ позициясын айқындаумен қатар, Кеден одағының атынан сөйлейтін бір елді сайлауы керек екен. Сонымен, үш мемлекеттің атынан кім алға шаппақ?
Ресей премьер-министрі Владимир Путин қатқыл дауыспен сөйледі: «Тараптардың үкіметтері Дүниежүзілік сауда ұйымын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздердің тоқтатылғаны жайлы құлағдар етеді. Басқаша айтсақ, біздің ортақ мүддеміз ДСҰ-ға қабылдану болып табылады, біз мұны растаймыз, бірақ ұйымға жеке-дара мемлекеттер ретінде емес, бірыңғай Кеден кеңістігі, яғни Кеден одағы ретінде кіреміз». Осылайша Қазақстанның ондаған жылдан бері ДСҰ-ға мүше болам деп жүргізген талай келіссөздері еш кеткен сияқты. Ресей сарапшылары да биыл РФ-ның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерінің басталғанына 16 жыл толғанын айтып, «еліміз бұл ұйымға әне-міне дегенше қабылданып кетер еді-ау» деп санын соғып отыр. Енді Қазақстан үшін де, Ресей үшін де мұның бәрі нөлден басталуы мүмкін. Ал Беларусь Ресей мен Қазақстанға қарағанда, «қалай болған күннің өзінде де ДСҰ-ға кіру керекпіз» деген саяси мақсатты алдарына қойып отырған жоқ. Беларусь премьер-министрінің орынбасары Андрей Кобяков Петерборда өткен экономикалық форумда: «Біздің алдымызда ДСҰ-ға кіру мақсаты бар. Бірақ кез келген тәсілмен бұл ұйымға кіреміз деп саяси мақсат қойып отырған жоқпыз» деп мәлімдеді. Яғни күні ертең Беларусьтің тайқып кетпесіне кім кепіл?! Түптің-түбінде кеден одағы да Ресей-Беларусь одағы сияқты «аты бар да, заты жоқ» ұйымға айналуы мүмкін емес пе?!
Ал Еурокомиссия өкілдері Кеден одағының ДСҰ-ға қабылдану мүмкіндігіне қазірше күмән келтіріп отырғанға ұқсайды. Бұл тұста өкілдер: «Аталған үш мемлекет келіссөздердің әртүрлі деңгейінде қалып отыр, сондықтан келіссөздер процесін қалайша үйлестіруге болатынын айту қиын» деп мәлімдеген. «Азаттық» радиосының хабарлауынша, осы ұйым өкілі Лутц Гулльнер қазірше Брюссельге Мәскеуден қарама-қайшылықты сигналдың түсіп жатқанын жеткізген. Сондықтан да Еурокомиссия Ресейдің өз позициясын айқындап болған соң ғана нақты жоспарын жеткізуін талап етіп отыр.
Бір қызығы, Кеден одағы әлі де құрылмай жатып, Ресей экономикалық интеграцияның келесі қадамдарын ойластырып жатыр. Ал келесі қадам – Ресей, Қазақстан мен Беларусь аймағында ортақ валюта қалыптастыру. REGNUM агенттігінің хабарлауынша, Ресей үкіметінің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов: «Жаңа валюта рубль болуы мүмкін немесе «жаңа бірдеңе» ойластырылуы мүмкін», – деп мәлімдеген. Бұл орайда отандық сарапшылар Кеден одағы құрылса, бізде өзара экономикалық тәуелділік емес, Ресейге қатысты біржақты тәуелділіктің боларын айтып, дабыл қағуда.
Ораз Жандосов, «Ракурс» сараптама орталығының директоры, экономист:
– ДСҰ-ның құжаттары Кеден одақтарына да ұйымға мүше болуға тыйым салмайды. Заңнамалық тұрғыдан, мұны жүзеге асыруға болатын сияқты. Ал Қазақстанға бұл пайдалы ма, жоқ па? Бұл – үлкен мәселе. Біз Ресей сияқты еліміздің экономикасынан 15 есе үлкен елмен бірге Кеден одағын құру арқылы сауда саясатына, Кеден тарифтері, т.б. мәселелерге іс жүзінде ықпал ете алмаймыз. Сондықтан біз Ресейдің жүргізіп отырған сауда-саттық саясатының ығында кетеміз. Бәлкім, бұл жақсы да шығар, бірақ бұл арада концептуальді шешімдер мен нақты есептер жасалуы керек еді. Біздің Үкімет мұны жасамай отыр.
Әрине, мен мұнда экономикалық тәуелділік жайлы айтып отырған жоқпын. Бірақ әрбір ел үшін сауда-саттық саясаты жалпы, экономикалық даму саясатының бір бөлігі болып табылады. Сондықтан біздің экономикалық дамуымыз үшін Ресейдің сауда-саттық саясаты пайдалы бола ма?! Жоғарыда айтқанымдай, Үкімет оңтайлы жақтарға қатысты концептуальды шешім шығарып жатқан жоқ. Ал бұл өз кезегінде экономикалық тәуелділік болып шықпай ма?! Шынтуайтына келсек, солай болар түрі бар. Жалпы, экономикалық өзара тәуелділік қауіпті емес, бірақ біржақты экономикалық тәуелділіктің артуы өте қауіпті. Мәселен, біз шикізатты экспорттап, дайын өнімді импорттасақ, бұл – теріс жағдай. Бұл өз кезегінде экономикалық тәуелділіктің артуына әкеп соғады. Негізінен, егер де түптің түбінде нағыз Кеден одағы құрылатын болса, онда келесі байыпты қадам – ортақ валютаны жасақтау болып шығады. Егер де ортақ валюта рубль болмағанның өзінде, екі мемлекеттің экономикалық потенциалын сөз ете отырып, мұнда Беларусьтің экономикасы Қазақстаннан да кіші екенін ескерсек, онда де-факто жағдайында бұл валютаның Ресей Федерациясының валютасы болары анық.
Азат Қонысбек, кәсіпкер:
– Байқасаңыздар, Кеден одағы туралы мәселе көбіне Ресей тарапынан көп көтеріліп жатыр. Ресей бізге өз айтқанын істеткісі келеді. Қалай десек те, алпауыт көршіміздің бойынан әлі де империялық пиғылдар кете қойған жоқ. Тіпті Ресей алдағы 20 жылда бұл пиғылдан арыла қоймайтын сияқты. Бұл кезінде барлық жерде дүрілдеп тұрған Ресейдің небары жанайқайы... Менің ойымша, бұл одақ құрыла қоймайды. Бұл әңгіменің айтылып жүргеніне қанша уақыт болды?! Жалпы, Ресей-Беларусь-Қазақстан Кеден одағын құрудың қажеті жоқ. Өйткені Ресей бізге қажетті жоғары сапалы тауарларды шығарып жатыр деп айта алмаймын. Жоғары технологиялардың арқасында нағыз сапалы тауарларды Батыс Еуропа, Америка сияқты алпауыттар өндіріп келеді.
Оның үстіне менің ойымша, қазір бізге Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге асығудың керегі жоқ. Неге десеңіз, егер де біз ДСҰ-ға кірсек, олардың кедендік ресімдеуді жеңілдету, кедендік баж салықтарын алып тастау сияқты талаптары бар. Мұның салдарынан Қытайдан ағылған тауарлар одан бетер ағыла түседі. Өз басым мұның кесірінен отандық ауыл шаруашылығы далада қалып қоя ма деп қорқамын.

 

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ
«Айқын» газеті, 12 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5654