Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4814 0 пікір 3 Мамыр, 2011 сағат 07:03

Қуандық Шамахайұлы. Билікке ықпалы бар баспасөз ғана тәуелсіз

Бүгін мамыр айының үші - дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Қазақ баспасөзінде еркіндік бар ма, болса қай деңгейде дегенге бір сәт ой жүгіртіп барымызды базарлап, жоғымызды түгендейтін күн. Осымыздың өзі әйтеуір, аз ба, көп пе сөз еркіндігінің болғаны ғой. Егер ештеңе жоқ болса, ондай әңгіменің де қозғалмасы айдан анық емес пе.

Халық жазушысы, көрнекті публицист Мұхтар Мағауин өзінің зарлы толғау деп атаған «Ұлтсыздану ұраны» атты мақаласының «Қазақ тілді баспасөз» деген бөлімінде: «қазақ тілді журналистеріміз ап-анық нәрсенің өзін бұлдыратып жібереді, көркемдеймін, өрнектеймін деп, мүлде бүлдіреді». Түптеп келгенде, осының бәрі әдепкі сауаттың төмендігінен...Еркін сөздің парасатты, өткір, мән-маңызды, бүгінді тереңінен қамтып, болашақты нақты бағдарлаған игі қасиеттеріне ұмтылудың орнына, батыста саржағал аталатын басылымдардың былғаныш әдеттеріне бейімделіп кетті. Нәтижесінде, ұлттың көкейкесті мәселелерінен тысқары қалып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап теріске ойысып, ақыр түбі бүгінгі, әрі дәрменсіз, әрі қатерлі қалпын тапты» - деп мәселеге басқаша қырынан келеді. Профессордың пайымдауынша, он үш жыл бойғы қазақ баспасөзіндегі ең негізгі сарын - бір жағынан жылымшы мадақ, жөреуке жағымпаздық және оған керісінше, балағат, сөгіс. Мадақталатын - билік басында отырғандар, - деп ой түйеді.

Бүгін мамыр айының үші - дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Қазақ баспасөзінде еркіндік бар ма, болса қай деңгейде дегенге бір сәт ой жүгіртіп барымызды базарлап, жоғымызды түгендейтін күн. Осымыздың өзі әйтеуір, аз ба, көп пе сөз еркіндігінің болғаны ғой. Егер ештеңе жоқ болса, ондай әңгіменің де қозғалмасы айдан анық емес пе.

Халық жазушысы, көрнекті публицист Мұхтар Мағауин өзінің зарлы толғау деп атаған «Ұлтсыздану ұраны» атты мақаласының «Қазақ тілді баспасөз» деген бөлімінде: «қазақ тілді журналистеріміз ап-анық нәрсенің өзін бұлдыратып жібереді, көркемдеймін, өрнектеймін деп, мүлде бүлдіреді». Түптеп келгенде, осының бәрі әдепкі сауаттың төмендігінен...Еркін сөздің парасатты, өткір, мән-маңызды, бүгінді тереңінен қамтып, болашақты нақты бағдарлаған игі қасиеттеріне ұмтылудың орнына, батыста саржағал аталатын басылымдардың былғаныш әдеттеріне бейімделіп кетті. Нәтижесінде, ұлттың көкейкесті мәселелерінен тысқары қалып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап теріске ойысып, ақыр түбі бүгінгі, әрі дәрменсіз, әрі қатерлі қалпын тапты» - деп мәселеге басқаша қырынан келеді. Профессордың пайымдауынша, он үш жыл бойғы қазақ баспасөзіндегі ең негізгі сарын - бір жағынан жылымшы мадақ, жөреуке жағымпаздық және оған керісінше, балағат, сөгіс. Мадақталатын - билік басында отырғандар, - деп ой түйеді.

Әрине, ағамыз айтқандай, қазақ газеттерінде ондай кемшіліктердің әлі де бары рас. Алайда, ол жекелеген шығармашылық иелерінің бәріне тән емес. Мұндай пайымның туындауына себепкер болып отырған мәселенің өзі айналып келгенде,  шынайы тәуелсіз, бейтарап баспасөздің қалыптаспауында болса керек.

Қалай десек те, Қазақстан тәуелсіздік алып, демократиялық журналистиканың негізі қаланған кезден бастап баспасөз бостандығы көрініс тапты.  Марат Қабанбай, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Сейдахмет Құттықадам, Сапа Мекебаев, Шәріп Құрақбаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Тұрсынжан Шапай, Мырзан Кенжебай, Ермұрат Бапи, Әміржан Қосанов, Ақас Тәжутов, Дәурен Қуат, Ораз Әлімбеков, Бақытжан  Қосбармақов, Жұлдыз Әбілда, Еренғайып Қуатайұлы сынды еркін ойлы тәуелсіз  журналистердің жазу шеберліктерінде пайда болған еркіндік пен сапалық ілгерілеушілік  жанрлардың айырмашылықтарын мейлінше азайтып, олардың бір-біріне сіңіп кетуіне жол ашты.

Мерзімді баспасөзде әртүрлі жанрлардың сипатын көрсететін аралас тұрпаттағы материал дәл осы тәуелсіздік жылдарында көбейді. Сонымен қатар бұрынғыдай жанрлардың белгілі топтарына жатқыза салуға келмейтін немесе бәріне ортақ сипатта жазылатын туындылар да жасалып келді.

Сонымен қатар БАҚ бейтараптыққа бейімделіп, журналистер қауымы үшін шығармашылық бостандықтың нақты көріністке айналуы журналистика жанрларының мазмұнын тереңдетумен бірге формасы мен тәсіліне де  айтарлықтай ықпал етті. Оның сыртында журналистер мен зерттеуші-ғалымдардың жанр атты ұғымға өзгеше тұрғыдан қарай бастағаны тағы бар. Журналистиканың күнделікті тәжірибесінде жанрлар таза қалпында даралануды қойды. Керісінше, жанрлар бір-бірінен туындаған немесе мидай араласқан гибрид тұрпатта кездесіп жатады. Сондықтан, жанрларды анықтағанның өзінде дәл қай түрінің басым түсіп жатқанымен санасуға тура келетін жағдай туды.

Тоталитарлық тәртіптің күйреуі қазақ қоғамының барлық саласында, әсіресе, баспасөз нарығында елеулі өзгерістердің енуіне ықпал етті. Коммунистік идеологиядан босаған кеңістікті пікірауандығы мен жариялылық жайлап, цензураның орнын БАҚ дербестігінің басуына мүмкіндік туды. Бұл үрдісте Қазақстан Орта Азия елдері арасында ғана көшбасшыға айналды.

Алайда, жаңа ақпараттық сананы қалыптастыру үрдісі күрделі жағдайға, қиындық пен кедергілерге тап болып отырғанын қазіргі Қазақстан журналистикасының өмірі айғақтауда. Бұрынғы позициялары мен бағыт-бағдарларына біржолата көз жазған тәуелсіз елдердің барлығының журналистикасы үшін ортақ мәселелер мыналар болды:

1)                  ақпарат нарығын тиімді әрі оңтайлы үйлестіру;

2)                  тәуелсіз баспасөзді шынайы мазмұнына сай құру;

3)                  ақпарат құралдарының дербестігін қамтамасыз ету;

4)                  БАҚ жүйесінің құқықтық ахуалын дұрыс қалыптастыру;

5)                  ақпарат құралдарын журналист мамандармен қамтамасыз ету.

Аталмыш проблемада қарқынды болмаса да белгілі деңгейде алға жылжу бар. Қысқа мерзім ішінде ақпарат құралдарының саны күрт өсті, бүгінде ресми тіркелген 7000-ға жуық БАҚ-тың 2500-ге жуығы тұрақты жұмыс істеп отыр. Оның 80 пайызының мемлекеттік емес нысанда болуы ақпарат құралдарының дербестігі шынайы көрініске айналғандығының белгісі деуге негіз бар. Олардың арасындағы «Жас Алаш», «Дат» жобасы бойынша жарыққа шыққан және шығып келе жатқан газеттер, «Қазақстан», «Свобода слова», «Время» секілді тәуелсіз ойлы, оппозициялық ұстанымдағы газеттер жұрт назарын көбірек аударатыны жасырын емес. Сондай-ақ, «Түркістан», «Алтын Орда» (М. Ақдәулетұлы, Д.Қуат басқарған тұстағы), «Жас қазақ» (Т.Ешенұлы, Д.Қуат басқарған тұстағы), «Айқын» (журналист А.Көшкенова, К.Тасболат т.с.с) сынды газеттер жекелеген журналистерінің өз деңгейіндегі дербестігімен, бейтарап бағыттағы еркін ойларымен, салмақты салиқалы пікірлерімен оқырмандардың ықыласына бөленіп келді. Мерзімді басылымдардың сыртында жекеменшік теле, радиоарналардың саны өсіп, қарқынды даму бағыты байқалғанымен әзірше баспасөзбен бәсекеге түсуге қабілетті емес.

Қазақстандағы еркін ақпарат ағынындағы жалпы үрдіс БАҚ-тың ішкі мазмұнынан бұрын сыртқы келбетіне басымдық беруге әуестеніп барады. Сан жағынан бір-біріне дес бермеген баспасөз енді өзге елдермен бірлесіп қазақ-орыс, қазақ-түрік сипатындағы («Известия-Қазақстан», «АиФ-Қазақстан», «Қазақстан-Zaman») үлгіге көшті. Электрондық ақпарат құралдар («Еуразия», «31-СТС», «Интерфакс-Қазақстан», «Русский радио-Азия») арасында да осындай үрдіс еніп, ақпараттық қарым-қатынастың жаңа нарығын қалыптастырды және оның өзі бүгінге дейін бірнеше кезең бойынша дамыды. Дегенмен, мұның өзі орыс тілінің ықпалын сақтап қалуға, ресейлік нео отарлаудың жымысқы әрекетін қалыптастыруға әсер етіп отыр.

Қазақстан баспасөзі саласындағы реформалық өзгерістер одан бұрынырақта өткен Шығыс Еуропа елдеріндегі жағдайлармен төркіндес болды. Алғашқы кезеңде дәл сондағыдай Қазақстанда да БАҚ елдің саяси өмірін жаңартуда алдыңғы орында болып, жетекші рөл атқарды. Әртүрлі көзқарастардың мінбері, бұқараның үні болу арқылы БАҚ жаңа саяси қозғалыстар мен партиялардың пайда болуына елеулі ықпал етті. Бұл БАҚ нарығындағы дамудың үшініші кезеңі болатын. Дәл осындай үрдіс Мажарстан, Чехия, Польша секілді елдерде әртүрлі деңгейде жоғарыдағыдай жүрілген еді.

Аталмыш жайлардың бәрі Қазақстанда тәуелсіз баспасөздің пайда болуына игі ықпал еткенімен бостандықтың тұрақтануына, қалыптасқан үрдістің ары қарай қарқынды жүрілуіне сенімді тетік бола алмады.                                         Кейде мерзімді баспасөзде ұсақ-түйекті дабырайтуға, ұлттық сананы лайлауға тырысушылықтың бой көрсетуі сөз бостандығын жеке мүддеге пайдалануды көздеуден туған әрекеттер болатын. Тарихта кім болғаны беймәлім «батырларды», «данышпандарды» дәріптеушілік, қазіргі күні көзі тірі біреулерді де жер-көкке сыйғызбай, жөн-жосықсыз мадақтау, тіпті табындыруға тырысушылық белең алды.

Кейбір журналистер билік иелерінің дау-дамайларына, күрес-қайшылықтарына сілтейтін қолшоқпарына айналғаны да бар. Мұның бәрі айналып келгенде, БАҚ дамуындағы жаңа бетбұрыстың бастауы еді. Нәтижесінде, көптеген газеттер іс қызметтерін өзгертіп, жаңартты, кейбірі жұмыстарын біржолата тоқтатты. Ал, мемлекеттік нысандағы газет-журналдардың таралымы азайды. Ондаған журналистер әртүрлі себептерге байланысты өз кәсіптерінен қол үзуге мәжбүр болды.

Өздерінің байырғы саясаттары мен бағыттарынан үзілді-кесілді бас тартқан газет, журналдар нарық экономикасына, жаңа жағдайға, заман талабына бейімделіп, іс қызметтерін жаңалауға белсенді қадам жасады. БАҚ жүйесіндегі аумалы-төкпелі жағдай журналист мамандарын іріктеу саясатына да елеулі ықпал етті. Жаңа жағдайға лайық тың серпінмен, озық идеямен, жаңаша тәсілмен жұмыс істейтін, тәуелсіз баспасөз мамандары талап етіле бастады. Журналист даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 26-ға жеткен кезі болды. Кейін азайғанның өзінде бұл сан 17-18 - ден түспеді. Барлық облыс орталықтары мен кейбір шағын қалалардағы оқу орындарының өзі журналист даярлауға тырысуларының салдарынан сапасыз, қазіргі журналистиканың талаптарына жауап бере алмайтын БАҚ қызметкерлерінің көбеюіне әсер етіп отыр.

Материалдық базалары сын көтермейтін, дәріс оқитын мамандары жеткіліксіз университеттерде журналистика бөлімдері мен факультет ашылуы онсыз да жағдайы мәз емес қазақ журналистикасының ахуалын тіпті ауырлатып жіберді. Десек те, уақыт сыны, нарықтың қатал заңы бәрін өзіне лайық орындарына қоя бастаған жалпы үрдіс алда журналист даярлайтын ЖОО-ды да айналып өтпесі анық.

Нарықтық экономика қатынасының жетістігі мен кемшілігі БАҚ мазмұнымен тікелей байланысты екендігін ерекше атап айтқан жөн. Ол үшін өткеннен сабақ алудың артықтығы жоқ. Айталық, тоталитар қоғамдағы БАҚ сұрғылт мадақ пен құрғақ ақпаратпен жұртты мезі етіп, жоқшылықты, кедейшілікті мағынасыз насихаттауының салдарынан журналистиканың беделін түсіргені белгілі. Олай болса, халық арасында «аш та жап» деп аталып кеткен бірер ірі таралымды газет тура сол тоқырау кезеңіндегі жүрісінен жаңылмай брежневтік қалпына қайта түсті. Олардың жағымпаздана дәріптеуге сөз таппай  «сіз біреу, қалғанымыз тіреу» деп жырлаған әуендері бүгіннің өзінде әзіл әңгіменің тұздығына айналып үлгерді. Ондай жарамсақ газеттің билікке қандай ықпалы болмақ.

Қазіргі ақпарат нарығы БАҚ жүйесін, оның құрылымын уақыт талабына сай өзгертуді талап етіп отыр және оның өзі журналистиканың болашағын анықтаушы, шешуші фактор екендігі анық. Қоғамдық ой, пікірдің күшті қаруы болып табылатын БАҚ кімнің қолында болуы керек деген сауалға жауап іздегенде мемлекет, үкіметтің монополиялық құқығын шектеу, тәуелсіз баспасөзді шынайы мазмұнына сай дамыту деп қана қарау жеткіліксіз. Оны Қазақстан журналистикасының болашығымен тығыз байланыстырудың маңызы зор.

Қазіргі Қазақстан радио, телевизиясы шығармашылығының мазмұны мен сапасы жағынан мерзімді баспасөзбен бәсекелесетін жағдайға жете алған жоқ. Соған қарамастан билік газеттен гөрі телевизия бағдарламаларына көбірек бақылау жасауға тырысады. Алайда, мұның өзі уақытша құбылыс. Жалпы БАҚ-қа бақылау жасау үшін тырысушылықтың өзі билік үшін күрестің шынайы көрінісі. Мұндай күрес соңғы жылдары біршама күш алып келеді. Партия жетекшілері, үкімет билеушілері белгілі бір баспасөз, ақпарат ұйымын өз идеологиясының құралы еткісі келеді. Өз мүддесін, көзқарасын БАҚ арқылы қорғатуға, оны өз саясатын насихаттайтын мінбер етуге тырысады. Осындай қызу бәсекелес тұсында баспасөз бостандығы мәселесін кім дұрыс әрі тиімді көтере біледі сол ғана ақпарат нарығында өзінің лайықты орнын таба алады. Алайда, бұл мәселенің дәл қазір оңайлықпен шешіле қоймасын қазақ журналистикасының бүгінгі таңдағы даму кескін-келбеті анық көрсетуде.

Қазақстанда шынайы БАҚ монополиясы қашан болады, Еуропаның постсоциалистік елдері - Мажарстан, Польша, Чехияның ақпарат нарығындағы секілді шет елдік ірі медиа-концерндер Қазақстанға енуге мүдделі ме? Бүгінде Шығыс Еуропа медиа нарығының тең жартысының шет елдік инвесторларының құзырына қарасты екені белгілі. Аттары әлемге әйгілі Херст, Шпрингер, Бертельсман, Маркар концерндері бұрынғы коммунистік партиялардың таңдаулы баспасөзін, күнделікті газеттермен қатар кейбір жергілікті басылымдарды да әлдеқашан сатып алған.

Қазіргі Қазақстан баспасөзі, ақпараты нарығында жоғарыда аталған үрдіс дендеп еніп кетпесе де шет елдік БАҚ ықпалы белгілі деңгейде аңғарылып отыр. Оның нақты мысалы ретінде қазақ-орыс, қазақ-түрік бірлескен баспасөзді, «31 арнаның» ресейлік «СТС»-ке акциясын беруін атап айтуға болады. «Караван» акционерлік қоғамы бірнеше басылымды қатар шығаруға, елдің ақпарат нарығында өз монополиясын жасауға тырысып жүр. Алайда, мұның бәрі тек бастама ғана екенін ұмытпауымыз керек.

Бүгінгі таңда  кейбір тәуелсіз басылымдар бұқараның санасына мемлекттік және ірі саяси партиялардың газеттерінен артық ықпал ете алатынын аңғару қиын емес. БАҚ-тың саны артып, олардың 80 пайызы мемлекеттік емес нысанда болуы азат журналистика жайында оптимистік ойға жетелегенімен оның тек сандық көрсеткіш ғана екендігін естен шығармауымыз қажет. Егер оған БАҚ қызметін, мақалалар мен эфир бағдарламаларының мазмұнына үкімет тарапынан және саяси, бизнес топтарынан көрсетілетін тікелей, жанама түрдегі қысымдарды қоссақ, мүлде басқаша көрініске тап боламыз.

Балама ақпарат таратқан баспасөздің журналистері түрлі қысымдарға ұшырап келгені жасырын емес. Олардың арасында соққыға жығылдары, тұтқынға алынып, қылмыс іс қозғалғандары, бас бостандықтарынан айырылғандары бар. Көзқарасы үшін қысымға ұшырағандардың арасында журналист Алтынбек Сәрсенбайұлының   тапсырыспен өлтірілуі - тәуелсіз қазақ баспасөзі тарихындағы ең ауыр қасірет болып отыр.

Барлық БАҚ-тың сексен пайызы мемлекеттік емес нысанда деген ресми деректі мойындауға болар еді, егер олар дербес тіршілік етіп жатса. Алайда, оның ірі саяси, бизнес топтарының иелігінде, яғни, мемлекет қарауынан шығып қалталы, әл-аухаты мықты, қолында билігі бар адамдардың құзырына өткен БАҚ екендіктерін ескеруге тиіспіз. Қазақстандағы ірі бизнес үкіметпен тығыз байланысты ғана жасалатыны ешкімге құпия емес. Олай болса, мемлекеттік емес БАҚ дегеніміздің өзі шын мәнінде үкіметтің бақылауындағылардан еш айырмасы жоқ нысан болып шығады. Облыстарда тәуелсіз баспасөз атаулы қалмаған. Павлодар, Қарағанды қалаларында бұрын шығарылып келген тәуелсіз бағытындағы газеттер бүгінде түгелдей жабылған. Ол аз болғандай Қарағандыдағы «Сана», «Сорока» секілді тәуелсіз газеттерге жергілікті биліктен бұрын облыстық газеттегі өз әріптестері шүйлігіп, тезірек жабылуына мүдделі болған.

Бүгінде іс жүзінде жергілікті билік иелері меншік нысанына қарамастан барлық баспасөзді қатаң бақылайды. Ондағы журналистердің шығармашылық бостандығы мүлде сын көтермейді. Ал, Астана мен Алматыдағы жағдай көш ілгері. Онда өзгелермен салыстырғанда БАҚ сан жағынан көп. Бизнес, экономикалық әртүрлі топтардың баспасөз саласына қаржы құюға кең мүмкіндіктері бар.

Тағы бір назар аударарлық жайт - қазақ журналистері өздерін қорғауға дәрменсіз және оның құықтық негіздерін, жай-жапсарын біле бермейді. Сондай-ақ, журналистер күш біріктіріп, ынтымақтаса алмай отыр. Осының өзі ресми биліктің астамшылдығына, білгенін істеулеріне  мүмкіндік берумен қатар журналистиканы әсіресе, тәуелсіз баспасөзді менсінбеуіне жол ашатын бірден бір фактор. Журналистердің әлеуметтік жағдайлары төмен, жалақылары аз болғандықтан қалталыларға кіріптарлығы басым, тіпті байлардың сойылын соғуға дейін итермелейтін жайы бар.

Оппозициялық газеттер Қазақстанда саяси жүйе қаталданды, бір отбасы билігі шектен шығып барады деп сынға алуда. Қалай болғанда да ең бастысы журналистердің санасын ояту арқылы тәуелсіз баспасөздің маңыздылығын, аса құнды рухани байлық екенін жалпы жұртқа түсіндірудің мәні зор болмақ. Оған журналистердің кәсіби біліктілігі, шығармашылық қабілеттіліктері мен тәжірибелерінің рөлі айтарлықтай. Өкінішке қарай қазақ журналистерінің шеберліктері, тың көріністерді сезіну, жаңаша ойлау қабілеттері талапқа сай келмей отыр. Тәуелсіз баспасөзді дамытуға тұсау болып отырған тағы бір фактор осы.

Қазақстан журналистер одағы, өзге де кәсіби ұйымдар журналистердің мүддесін қорғауға, оларды қолдауға, көмектесуге келгенде әлсіздік танытып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның БАҚ жүйесінде құқықтық қолайы орта қалыптасқан жоқ. Қазіргі қолданыстағы заң актілерді жетілдіру қажеттілігі өмірден туындауда. Алайда, үкімет шенеуніктерінің балама ақпарат тарататын тәуелсіз баспасөзді тұншықтыруға барын салып кірісулері олардың жалпы шындықтан, БАҚ-тан өлердей қорқатындықтарын білдірсе керек. Бұл - журналистика үшін қуанарлық жағдай. Тәуелсіз баспасөз ресми билікке ықпал ете алады, қозғалыссыз қатып-сеніп қалған бюрократияның өзін жылы орнынан тұрғызады екен.

Қазақстан - Дүниежүзі баспасөз бостандығы комитетінің әр жылдағы есебінде әлемдегі тәуелсіз баспасөзі жоқ елдердің алдыңғы қатарында тұрғанымен тәуелсіз дербес БАҚ-ты дамытуға, журналистер қауымның баспасөз бостандығы үшін күресте күш біріктіруге деген талпыныстардың, алғашқы қадамдардың жасалып жатқанын жоққа шығаруға болмайды.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315