Тегін медициналық көмек кімдерге беріледі?
Қазақстанның әр азаматы Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) алуға құқылы. Бұл туралы бүгін e-gov үкіметтік порталы хабарлады. Ол кімдерге беріледі? Және оны қалай алуға болады?
Тегін медициналық көмек ҚР азаматтары мен оралмандарға беріледі. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады. Қазақстандағы денсаулық сақтау республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Яғни, ҚР әрбір азаматы тұрғылықты-тіркелген жеріндегі медициналық қызметті тегін пайдалануға құқылы.
Ал, республикалық бюджет есебінен көрсетілетін ККТМК-ке келесілер жатады:
Мамандандырылған медициналық көмек көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымының жолдамасы бойынша балалар мен ересектерге реабилитациялық көмек көрсету: хирургиялық, нейрохирургиялық, уронефрологиялық, психиатриялық, онкологиялық және радиологиялық, дерматологиялық және венерологиялық, офтальмологиялық, кардиологиялық, акушерлік-гинекологиялық, сондай-ақ денсаулыққа зиян әрі қауіпті өндірістік факторларға, туберкулез бен алапеске байланысты аурулар.
АИТВ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету.
Төтенше жағдайлар нәтижесінде пайда болған ауруларға байланысты медициналық көмек көрсету.
Сот-медицина сараптамасы.
Республикалық бюджет есебінен көрсетілетін ККТМК-ке келесілер жатады:
Мамандырылған амбулаториялық-емханалық ұйымдардағы қызметкерлер көрсететін алғашқы медициналық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық көмек. Тегін медициналық көмек алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерінің жолдамасы бойынша көрсетіледі. 18 жасқа толмаған балаларға, жүкті әйелдер мен тісі ауырсынып келген науқастарға да стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі, бұған ортодонттық қызмет жатпайды. 18 жасқа толмаған балаларға физиотерапевтикалық қызмет тегін көрсетіледі.
Жедел жәрдем қызметтері.
Жергілікті деңгейде балалар мен ересектерге стационарлық медициналық көмек көрсету, оның ішінде оңалту қызметі:
жедел жәрдем;
алғашқы медициналық-санитарлық қызмет маманының жолдамасы негізінде аурулардың барлық түрлері бойынша жоспарлы қызмет көрсету, оның ішінде: онкологиялық, психоневрологиялық, инфекциялық, офтальмологиялық, хирургиялық, нейрохирургиялық, ортопедиялық, уронефрологиялық, терапевтикалық, травматологиялық, дерматологиялық және венерологиялық, жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулар, алкоголизм және наркомания, туберкулез, қант диабеті, бронх және өкпе аурулары;
АИТВ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету.
Төтенше жағдайлар нәтижесінде пайда болған ауруларға байланысты медициналық көмек көрсету.
Бұл тұрғыда, биыл денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алғашқы медициналық көмек мамандарының құзіретін арттыру бойынша бейінді дәрігерлерге өкілеттіктер беруді ескере отырып, алғашқы медициналық көмек мамандарының қызметтерін кеңейту және отбасылық дәрігерлерді дипломнан кейін оқыту жаңа стандартын енгізуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмек мамандарына шаққанда қаралатын пациенттер санын 1700 адамға дейін төмендетіп, медициналық мамандардың жүктемесін азайтуды қамтамасыз етуді де қолға алғанын мәлімдеген-ді.
Ал, тегін медициналық көмек пакетін қайта қарау барысында, негізгі деген екі мәселенің басын ашып алу қажет. Оның біріншісі – этикаға қатысты мәселе. ТМККК пакеті бәрімізге ортақ игілік. Сол себепті тізімдегі қызметтердің қайсысын алып тастап, қайсысын қалдыру керек деген мәселе жұртшылықтың талқысына салынуы тиіс.
Екіншісі – техникалық мәселе. Оның бір ұшы тізім қандай болуы керек деген сұраққа келіп тіреледі. Үкіметтің қаулысымен бекітілген қазіргі ТМККК тізімі А4 форматындағы төрт парақтан тұрады. Қарапайым азаматқа оның не екенін түсіну үшін бұл құжат аздық етеді. Бұл үшін денсаулық сақтау саласындағы заңдарды біліп қана қоймай, медициналық көмек көрсету тәртібі мен шарттары жазылған көптеген заң актілерімен танысып шығу қажет. Сондықтан мазмұны толық, нақты жазылған, көлемді құжат әзірлеу қажеттігі туындайды.
Abai.kz