Ораз Әлімбеков. Шынның жүзі кандай?
Наурыздың 20-ы мен 21-сі күні «Хабар» арнасынан қазақ және орыс тілдерінде көрсетілген «йассауишілдер», «зікіршілер» немесе «сопылар» деп аталатын қазақстандық сопылық секта туралы деректі фильм көпшілікті бей-жай қалдырмады.
Наурыздың 20-ы мен 21-сі күні «Хабар» арнасынан қазақ және орыс тілдерінде көрсетілген «йассауишілдер», «зікіршілер» немесе «сопылар» деп аталатын қазақстандық сопылық секта туралы деректі фильм көпшілікті бей-жай қалдырмады.
Жұрт «зікіршілердің» қоғам және мемлекет үшін қауіпті екенін фильмдегі бұлтартпас фактілер арқылы көріп білді. Солай болса да, фильмді жасаушыларға орынсыз кінә артып, күмән келтірушілер де табылып жатыр. Солардың бірі - «Қазақстан» ұлттық арнасында «Шынның жүзі» хабары арқылы танылған журналист Қасым Аманжолов. Ол «Общественная позициия» («DAT» жобасы, №15 (98), 27.04.2011ж.) газетіне берген сұхбатында деректі фильмнің журналистік кәсіби деңгейде жасалғанына күмәнданып, қоғам үшін маңыздылығын жоққа шығаруға тырысыпты. Өзінің және өзімен бірге «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істеген Р.Мамырбек, Б.Мүрсәлім, С.Әбединованың «зікіршілерге» қатысы жоқтығын айтыпты. Сөйте келе, Конституцияда жазылған наным-сенім бостандығын еске алып, «зікіршілерге бекер кінә тағып отыр» деген ойды айтуды да ұмытпапты. Оның сұхбатын оқып отырып, фильмді жасаған «Хабар» арнасы жоқ жерден пәле қуып жүргендей көрінеді. Шындығында, солай ма? Әлде, Қ.Аманжолов «бірді» айтып, «екіні» айтпай, көпе-көрнеу манипуляциялау арқылы өзін ақтап алуды, қоғамдық пікірді тағы да «зікіршілердің» мүддесіне бұруды мақсат етіп отыр ма? Осы сұрақтарға жауап беру үшін бұрын баспасөзде жазылған кейбір мәліметтерді қайталап еске сала отырып, оны тың деректермен байытып, «зікіршілердің» қауіптілігі жөніндегі мәселені тағы да талдағанды жөн көрдім.
Пір мен профессор қамауда неге жатыр?
Қасым Аманжолов сұхбатында «Хабар» ұсынған фильмді көрдім. Көрдім де, қатты қапаландым... Соншалық бір өшпенділікпен, елді үрейлендіру, қорқыту мақсатымен жасалған жұмыс екен. ...Зікіршілерге: «кісі азаптады, адам өлтірген болуы мүмкін, мемлекеттік төңкеріс жасау ойларында бар» деген сияқты өте ауыр айыптар тағылады. «Аса қауіпті қылмыстық топ» деген сияқты атаулар ашық айтылды...» деп, фильмде айтылған мәліметтерге күмән келтіріпті. Шындығында, «зікіршілерге» тағылып отырған айыптың негізі бар. Оның біразы фильмде нақты фактілермен көрсетілді. Мұны теріске шығару мүмкін емес. Сол себепті де «зікіршілердің» көсем пірі, «тақсыр» Исматулла (шын фамилиясы әлі анықталмаған) мен ҚазҰТУ профессоры Саят Ыбыраев және бірнеше адам қамауда жатыр. «Екінші тақсыр» Нарымбай Разбекқажыұлы және тағы бірнеше адам ұстатпай қашып жүр. Себебі, полиция қызметкерлері Алматы облысында Н.Разбекқажыұлы бастаған «зікіршілер» «мынау сенің балаң» деп көміп тастаған адамның өзге біреу екенін анықтаған. «Екінші тақсырға» тағылатын негізгі айып осы оқиғаға қатысты болады.
«Зікіршілер» жайындағы мағұлматтарды сараптасақ, Исматулла алаяқтық жасағаны үшін, діни экстремизм, шпионаж, жалған құжат жасау және оны пайдалану, адамды еріксіз қамап, зәбір көрсету сияқты бірнеше баппен айыпталуы мүмкін. Соның бір мысалы ретінде, мына бір оқиғаны еске сала кетейік.
1999 жылы құқық қорғау орындары «зікіршілердің» Алматыдағы Қарасу мешітіндегі «медресе шілханасын» жауып, онда кәмелетке толмаған балаларды күштеп қамап ұстағаны үшін «зікіршілердің» жетекшілерін сотқа тартпақшы болған. Ол оқиға былай болған еді: «Медреседе» оқып жатқан ұлы Алмастан хабар алуға Торғайдан келген Бақытжан Фазылова бірнеше күн бойы кәмелетке толмаған баласына жолыға алмай әуре-сарсаңға түседі. Ақырында құқық қорғау органдарына шағымданады: Алматы қаласы Жетісу ауданының ішкі істер бөлімі арнайы операция ұйымдастырып, мешітке басып кіріп, «тақсырдан» әбден зәбір көрген Алмасты құтқарып алған болатын. Осы заңсыз әрекеті үшін «зікіршілердің» пірі Исматулла жауапқа тартылып, басқа елдің (Ауғанстан) азаматы болғандықтан, депортациялануы керек еді. Сол күні полиция бұл істі рәсімдеп, құжаттарды сотқа дайындағанша күн кешкіріп кетті. Соған байланысты Исматулланы Қарасу мешітінің ішінде қалдырып, айнала полиция күзеті қойылды және оларға ертеңгілік таңда «тақсырды» сотқа апару туралы нұсқау берілді. Бірақ ертесіне мешіт ішіне кірген полиция Исматулланы таппай қалды - ол ұшты күйлі жоғалып кетіпті. ІІМ мен ҰҚК шекараны жауып, оны ұстау үшін жасаған шұғыл іздестіру жұмыстары нәтиже бермеді. Екі аптадан кейін ғана «Исматулла Ауған-Пәкістан шекарасынан өтіп бара жатыр» деген хабар алған. Осылайша оған қарсы қозғалған қылмыстық іс аяқсыз қалды, заңға сәйкес депортациялау мүмкін болмады.
Осы оқиғаға байланысты мына бір жайттарды да айта кеткен жөн. Исматулла өзінің Пешавардағы үйіне қашып кеткенде, оның ауғанстандық төлқұжаты Жетісу аудандық сотында қалып қойған. Олай болса, төлқұжатсыз, әрі полицияның іздеуіндегі адамды шекарадан асырып жіберген кім? Екіншіден, Пешаварға қашып кеткен Исматулла бір жылдан кейін-ақ Қазақстанға қайтадан келіп-кетіп жүрген. Ол қандай құжат пайдаланып, кімнің көмегімен шекараны арлы-берлі кесіп өтті? Үшіншіден, қазіргі төлқұжаты бойынша, Исматтула 2002 жылдан бері Қазақстанның азаматы. Бір қызығы, ол бұрынғы құжаты бойынша 1944 жылы туылған болатын. Ал қазіргі құжатында 1948 жылдың «күн мен түні теңескен күні» - 22 наурызда туылыпты. Қазақстан заңдарын бұзып, депортациялануға тиіс адамға қалайша азаматтық берілген? Оның қазіргі төлқұжатындағы мәліметтер (туған жылы мен аты жөні) қандай негізге сүйеніп жазылды? Бұл сұрақтардың жауабы Исматулланың айыбын ауырлата түсетіні анық.
ҚазҰТУ профессоры Саят Ыбыраев неге жазықты болып қалды? Ол - «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының жетекшісі. «Зікірші сопылар» өздерінің жұмысын осы ұйымның аясында жүргізеді. Құжат бойынша, С.Ыбыраев басшылық жасайтын филиалдың штаб пәтері "Мамыр" ықшамауданының маңындағы үш қабатты үй (Школьный-2, 240 үй). «Зікіршілердің» пірі Исматтулла, «екінші тақсыр» Нарымбай, өзін «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісімін» - деп таныстыратын журналист Еркін Стамшалов осында отырады. Филиалдың штаб пәтерімен қатар бұл үй «зікірші сопылардың» «қырық күндіктен» өтетін «шілхана медресесі». Бұл «шілхана медреседе» қоғамды дүрліктірген оқиға көп болды. Соған байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі - «зікіршілер» туралы фильмде көрсетілген Нұржан Қасымбаевқа қатысты оқиға. Ол «шілханадағы» қорлыққа шыдай алмай, өзіне-өзі қол жұмсап, тамағын орып тастаған. «Шілхана медреседе» өлетін болған соң, оны «зікіршілер» аурухананың қасына әкеп тастап кетеді. Арықтың ішінде қансырап жатқан жігітті дәрігерлер байқап қалып, көмек көрсетіп, аман алып қалды. Дәрігерлер оның қалтасынан хат табады. Хатта Нұржан өзінің өліміне кім кінәлі екенін жазыпты. Осы оқиғадан кейін полиция шұғыл операция ұйымдастырып, «шілханаға» басып кіріп, онда қамауда жатқан сексенге жуық адамды босатты. Осы ретте құрғақ сөзден гөрі «зікіршілердің» тұтқынында болған бірнеше жігіттің сол кезде полицияға арызданған түсініктемесінен үзінді келтірейік.
Нұржан Қасымбаев: «Почти в первый день когда я попал туда, меня спустили в подвал и стали бить по любому поводу. Я не подозревал, что так учат исламу и отказался учиться. Хотел уйти, но меня не отпустили. Говорят, отсюда может выйти только твой труп».
Жанғазы Серіков: «Только спустился в подвал, сразу сотку, деньги, ключи от машины охранники забрали, раздели, избили и дальше увели. Сказали будешь до сорока лет здесь жить. ...Не знаю, зачем я суда пришел?!»
Нұрлан Ешманов: «Ну я хотел отсюда уйти, они поймали. Привели и в наручники заковали. И все! ...Месяц почти в подвале на цепи».
Қуан Хамитов: «42 дня на цепи, тоже... Всего здесь уже 4 месяца, 123 дня...».
Осы оқиғаға байланысты полиция Қылмыстық кодекстің 126-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Сенім. Білім. Өмірдің» Алматы қалалық филиалына қатысты екінші қылмыстық іс «31» арнаның журналисі Азат Рыстанбектің арызы бойынша қозғалған. Журналист «шілханада» не болып жатқанын білуге барған болатын. Есікті ашпай қойған соң, түсіру тобы қайтуға жиналады. Кенет, «шілхананың» ішінен он шақты жігіт жүгіріп шығып, журналист пен операторды ұрып соғып, кассеталарын тартып алып кетеді.
Бұдан басқа да «Сенім. Білім. Өмірдің» Алматы қалалық филиалына қатысты көптеген заңсыздық істері жетерлік. Қазір тергеу орындары осы фактілерді жіпке тізіп, істі сотқа дайындап жатыр.
Бұл айтылған мәліметтер - қамауда отырған Исматулла мен С.Ыбыраевқа қатыстысы ғана. Тергеу орындары тағы қандай фактілерді тауып, соған байланысты тағы қанша «зікіршіні» жауапкершілікке тартатыны әзірге белгісіз. Сондықтан, журналист Қ.Аманжоловтың оларды ақтап сөйлеп, жағдайдың алдын орағытып, кесімді пікір түюге асығуы бекер сияқты.
Ұлттық арна мен «зікіршілер»
Қасым Аманжолов сол сұхбатында Ғалым Доскен басқарған жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, сонда жұмыс істеген өзі және өзінің әріптестері - Болат Мүрсәлім, Рахат Мамырбек, Сәуле Әбединовалардың «зікіршілік» идеяға қызмет етпегенін айтыпты, ақтапты, ақталыпты. «Сектант сопылардың жарнамасын жасап, идеологиясын тықпалап отырды», - деп, дәлелсіз түрде күдікті сектаға жапсырып телу қасақана жауапсыздықпен жасалған» - депті. Осы ретте, кезінде «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істеген кезiмде «Sayasat.kz» сайтында 2005 жылы жарияланған «Діни экстремизмнің сопылық синдромы» атты зерттеу мақаламнан үзінді келтіре кетуді жөн санап отырмыз.
«Сопылық сектаның құрылымдық жүйесі. Қазір сопылар өздерінің жұмысын «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігі арқылы жүргізеді. Бірлестік Әділет министрлігінде 2002 жылы 27 мамырда тіркелген (тіркеу нөмірі 4748-1900-00, мекенжайы Семей қаласы, Шлеева көшесіндегі 14 үй), барлық облыстарда және Алматы қаласында бөлімшесі бар. Бірақ негізгі идеологиялық үгіт-насихат жұмыстары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен оның облыстық филиалдары арқылы жасалады. Ұлттық телерадиокорпорацияны «сопылардың» ақпараттық-техникалық базасы, негізгі плацдармы деуге болады. Бүкіл қаржы-техникалық, адами-шығармашылық ресурс сопыларға қызмет етеді. «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазақ» радиосындағы «Дін және біз», «Ой түйін», «Күлтөбе», «Ақиқат сыйы», «Ауызашар», «Мезгіл» хабарлары осы «ілімді» уағыздайды. Өйткені, бұл хабарлардың жүргізушілері - Санжар Керімбай, Рахат Мамырбек, Болат Мүрсәлім, Саят Ыбыраевтар - «жамағаттың» белсенділері. Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар да Исматулланың мүридтерін жарнамалап қалуға мүмкіндік туа қалса, қалт жібермейді. «Түнгі қонақ», «Ақжүніс» хабарлары да осы ыңғайда. Бұл бағдарламалардың продюсері, «Жан» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Базарбек Атығай «жамағат» басшылығының алғашқы бестігіне кіреді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» - «сопылардың» «Қазақстанды» билеп-төстеп алғанының мысалы ретінде С.Керімбайдың мына бір хатын келтіруге болады. Хатта 2004 жылдың 20 ақпанында болған «Ақжүніс» хабарының қалай жасалғаны туралы айтылады: «Айтпақшы кеше қызық болды. Ауылдан бір аптаға Мұрат келген. Тура сол кезде «Ақжүніс» телефон соғып, жалынып отырып алмасы бар ма. Ойбай Санжар тағы да шығып бер деп, Сәуле (С.Әбединова, «Ақжүністің» жүргізушісі - О.Ә) әпкеміз күніге қолқа салады.
- Ей, маған апта сайын шыға беруге болмайды. Мен сендерге Анна ханым емеспін десем түсінбейді. Сосын жігіттер ақылдасып ақыры менің орныма Мұратты шығаратын болдық. Сәуле де қуана-қуана келісті. Сөйтіп, оның атағын дардай қылып, «Сенім. Білім. Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі деп таныстырып, студияға тығып жібердік. Екі күн Рахат (Р.Мамырбек, «Ой түйіннің», қазір «Мезгілдің» жүргізушісі - О.Ә) екеуіміз әбден дайындалдық. Содан не керек, құрметті қонақ боп төрде шікірейіп Мұрат отырды. Сөйтіп діннен сөз сөйлеп, пәтуа айтып хабарды түйіндеп тастады...» (Хаттың стилі мен орфографиясы қаз-қалпында сақталды - О.Ә.)
Соңғы жылдары Исматулланың «оң қолы» Нарымбай «тақсыр» Ораза, Құрбан айт мейрамы кезінде ұйымдастырылатын эфирден түспейтін болды. Есесіне, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін, мешіт имамдарын телеарнаға тіпті маңайлатпайды. Мүфтияттың баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбектің айтуынша, эфир сұрап, телеарна басшылығына, Баспасөз министрлігіне бірнеше рет өтініш хат та жазған. Бірақ ешбір нәтиже жоқ.
Екі жылдан бері «Қазақстан» сопылардың «Йассауи» діни-вокалды тобының концертін ұйымдастыруға демеуші болып жүр және оны әрдайым жарнамалап отырады. Корпорация басшылығына бір табан жақын жүретін И.Жұбаевтың айтуынша, ансамбльдің былтырғы Құрбан айт мейрамындағы «Аллажар» концертіне корпорация президенті Ғалым Доскен 500 мың теңге берген. «Сенім. Білім. Өмір» бірлестігінің бүткіл шаруасы - хат-хабар жазу, оны жан-жаққа жіберу, керекті әдістемелік материалдар - аудио-видео таспаларды жазып, көбейтіп, тарату телеарнаның есебінен жасалады. Неге? Өйткені, корпорация қызметкерлерінің бірқатары, шамамен, 65-70 пайызы Исматулла «жамағатының» мүшесі болса, қалғандары да солардың ыңғайында немесе ыңғайынан шыға алмайды. Әрине, корпорация төрағасының бұрынғы орынбасары Сләмбек Тәуекел, «Қазақ» радиосының директоры Нұрлан Өнербаев, Маңғыстау облыстық телеарнасының бастығы Иманбай Жұбаевтың зікір салып, сопы болып кетпегені анық. Бірақ бәрін көріп-біліп отырса да, ешбір шара жасай алмайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір жайтты айта кетейік: Өткен жылдың желтоқсан айында Нарымбай «тақсыр» «діни» семинар өткізуге Ақтауға барды. Мұны жергілікті телеарна бір апта бойы насихаттады. Нарымбай «Маңғыстау мейманы» хабарының қонағы болды. Бағдарламаның тұрақты жүргізушілері М.Медиева мен Н.Оразғалиевті былай ысырып тастап, хабарды аяқастынан Әнуар Бимағамбет жүргізді. Ол телеарнаның қызметкері емес, бар болғаны «Сенім. Білім. Өмір» бірлестігінің жергілікті жетекшісі болатын. Ә.Бимағамбеттің аяқасты телегладиаторға айнала кетуінен екі жайтты аңғаруға болады: біріншіден, Нарымбайды барынша жарнамалау болса, екіншіден, телеарна басшысы И.Жұбаевтың сопылар алдында дәрменсіздігі. Н.Өнербаевтың да жағдайы осындай болса керек-ті. Өткен жылдың көктемінде Б.Мүрсәлім өзі басқаратын редакциядағы журналист қыздарды «жамағатқа» кіруге үгіттейді, тіпті қызмет бабын пайдаланып қысым да жасаған. Мәселе ушығып, әңгіме Н.Өнербаевқа жетеді. Ал, ол болса, Б.Мүрсәлімге ескерту жасаумен шектеліп, кейіннен оны телеарнаға ауыстырып жіберді...».
«Шынның жүзі» хабарында қоғамдық-саяси мәселелер жайында әңгіме айтып отырған Алтынбек Сәрсенбайұлына жүргізуші Қ.Аманжолов бас-көз жоқ кенет «Йассауиге көзқарасыңыз қалай?» - деп сұрақ қойды. Әрине, мұндайда кез келген адамның «дұрыс» деп жауап берері сөзсіз. «Сопылар» осындай қитұрқы жолмен «тілінен тартып», пікір айтқызып, қазақ зиялылары мен қоғам қайраткерлері де «өздерімен бірге» екенін, сопылықты олардың да қолдайтынын көрсетуге тырысады. «Күлтөбе» хабарының көздейтін басты мақсаты - сол. Хабарға міндетті түрде 3-4 «сопы» қатысады. Күні бұрын дайындалып, өзара сөз байласып алған олар әңгіме ыңғайымен қақпайлап, аты дардай академиктерді, мүйізі қарағайдай жазушыларды өздерінің «сопылық қорасына» кіргізеді...».
«Исматулламен көзбе-көз кездесіп, ауызба-ауыз сөйлесуге бірнеше рет әрекет қылдым. Осы орайда басымнан өткен бірер жайды айта кеткім келіп тұр. Былтыр, ол кезде «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істейміз, Б.Қосбармақов екеуміз Қасым Аманжоловқа да қолқа салдық - «тақсырмен» көрістіруін сұрадық. Өйткені, «жамағаттың» бір адамы ертіп бармаса, «тақсыр» кез келген адамды қабылдай бермейтінін түсініп қалған едік. Әрі әріптес, әрі «ағалы-інілі» боп іштартып жүретін Қасым алғашқыда ыңғай танытқанымен, артынша, біздің зікір салу үшін емес, журналистік зерттеуді мақсат тұтқанымызды білсе керек, бас тартты...».
Қазір Қ.Аманжолов өзінің және әріптестерінің «зікірші сопыларға» қатысы жоғын айтып отыр. Ол сұхбатында «...сотқа беруге барлық заңдық құжаттарымыз дайын тұр. Алайда «Хабар» агенттігін сопылар да сотқа беруге кіріскен екен. Олар: «Бізге қосыласыңдар ма?» - деп, кісі салыпты, біз оларға қосылудан бас тарттық. Өйткені, егер бір тараптан біз - журналистер заңға жүгінсек, құдды жаңағы «сектант зікіршілермен» бірге бір тапсырысты орындап жүргендей әсерде қалатынымызды болжадық. Сопылардың қарымтасына құрал болғымыз келмеді», - депті. «Бейнемізді фильмде көрсетті» деп сотқа арыздану, арызданбау әркімнің өз шаруасы. Дегенмен, фильм Қ.Аманжолов және оның журналист достарын қаралауды емес, «зікіршілердің» қоғамға, мемлекетке аса қауіпті екенін, олардың не істеп, не қойғанын фактілер арқылы көрсетуді ғана мақсат тұтқан. Егер фильмді жасаушылар тек Қ.Аманжолов, Р.Мамырбек, Б.Мүрсәлім және басқа журналистерге акцент жасауды мақсат тұтса, «Қазақстан» телеарнасындағы әрбір хабарға шолу жасап, «Темірқазық», «Шұға», «Әбжат» сияқты жастар клубында кімнің не айтқанын, қандай уағыз жүргізгенін, апта сайын жасалатын жұмысты белгілейтін «зікіршілердің» «кіші құрылтайына» кімнің қатысқан-қатыспағанын, зікір салған-салмағанын көрсетуші еді. Мұндай жағдайда «Ақиқат» 45 минут емес, бес сағатқа созылары анық...
Сұхбаттағы Қ.Аманжоловтың сөзіне қарағанда, сол кезде «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істеген журналистердің біразы қазір «зікірші сопылармен» ат құйрығын кесіскен сияқты. Оларды «неге бұл ағымға кірдің немесе шығып кеттің» жазғырып жатқан ешкім жоқ. Жазғыру да орынсыз, Қ.Аманжолов айтқандай «Діни сенім - әр адамның жеке, интимдік, Конституциямен қорғалған меншігі» Исматулланың жанында торсықша байланып, өмір бақи онымен бірге жүру әркімге міндет емес. Дегенмен, осы тұста шийттік ағымның исмайылшылдар тармағымен байланысты сопылық тарихаттардың ерекше тактикасы туралы аз-маз айта кеткен жөн сияқты. Ол - «тәкыйа» деп аталады. Мәні өзге діндегі қауымды іштен іріту үшін, өзіңнің діни көзқарасыңды жасыру, яғни христиандардың ішіне кіргенде христиан, сүнниттердің ортасына барғанда сүннит бола қалу. Исмайылшылдар да, сопылар да мұны «өз дініңнен безіну» немесе «діни нанымдық екіжүзділік» деп санамайды. Ғылыми еңбектерге қарағанда, «тәкыйа» тактикасын қолдану сопылық тарихаттардың көпшілігіне қалыпты жағдай болып кеткен. Әрине, мұны айта отырып, Қ.Аманжолов пен оның әріптес достары «тәкыйа» жасап жүр» - деуден аулақпыз - адамның ішіне кіріп шыққан адам жоқ. Оны мына дүниені жаратқан бір Алла ғана біледі.
P.S.Редакция басқа мазмұндағы пікірлерді де жариялауға дайын
«Жас қазақ» газеті