Гүлжаухар Көкебаева: «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атау керек
Гүлжаухар Көкебаева - . Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қатысты көп зерттеу жүргізген маман. Германия, Польша архивтерінде жұмыс жасаған.
- Гүлжаухар апай, бірінші дүниежүзілік соғыс біткеніне 20 жыл өтер өтпестен тағы бір алапат соғыстың қайталануына не түрткі болды?
- Бірінші дүниежүзілік соғыс нақты себептерден туындады Ал, екінші дүниежүзілік соғыстың шығу себебі мүлде бөлек. Көптеген беделді тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыстың шығу себебінің алғышарттары бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасты де айтады. Біз бірінші дүниежүзілік соғыста екі саяси одақтың, яғни Антанта мен Үштік одақтың соғысқанын білеміз.
Гүлжаухар Көкебаева - . Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қатысты көп зерттеу жүргізген маман. Германия, Польша архивтерінде жұмыс жасаған.
- Гүлжаухар апай, бірінші дүниежүзілік соғыс біткеніне 20 жыл өтер өтпестен тағы бір алапат соғыстың қайталануына не түрткі болды?
- Бірінші дүниежүзілік соғыс нақты себептерден туындады Ал, екінші дүниежүзілік соғыстың шығу себебі мүлде бөлек. Көптеген беделді тарихшылар екінші дүниежүзілік соғыстың шығу себебінің алғышарттары бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалыптасты де айтады. Біз бірінші дүниежүзілік соғыста екі саяси одақтың, яғни Антанта мен Үштік одақтың соғысқанын білеміз.
Нәтижесінде Антанта жеңді де Үштік одақтың түп қазығы болған Германияға өте ауыр шарттар қойылды. Ауыр талаптар мен намысқа тиетін міндеттемелер, репарация халықтың шамына тиіп, Германияда шовинистік, әсіре ұлтшыл топтардың құрылуына мұрындық болды. Әсіре ұлтшылдықтың, шовинистік идеялардың жұрт арасында кең тарап кетуіне ең алдымен осы жеңілісті соғыс жағдай жасады.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан қатты зардап шеккен Германия мен Австро-Венгрияда және Ресейде саяси-әлеуметтік сілкініс, төңкерістер басталып кетті. Мұның ақыры әртүрлі саяси топтардың үкімет басына келуімен тынды. Атап-айтқанда мәселен Германияда демократиялық Веймар республикасы құрылды. Бірақ, бұл әлжуаз үкімет алғашқы күндерінен бастап зорлықшыл саяси күштердің арасындағы көкпар лағына айналып кетті. Жас Республика екі жақтан фашистік және радикалды коммунистік топтардың таласының арасында қалды. Осы екі жақты қысым, ықпалдан Веймар Республикасы аяққа тұрып кете алмады. Ақырында фашистік идеялар кеңінен таралып, ұлтшылдардың билікке парламенттік сайлау арқылы заңды түрде келуіне себеп болды. Фашизм қалай билік мінберіне көтерілді, солай кек алу, өш алу, соғысты қайта бастау, айырылып қалған жерлерді тартып алу сықылды мақсаттарын ту қылып желбіретті.
Соғыстан кейін саябырсыған халықаралық қатынастар да ушығып келе жатты. 30 жылдардың орта шенінде Германия, Жапония, Италия секілді елдердің жақындаса бастауы әлемге соғыс қаупін төндірді. Енді соғысты қаламайтын елдерге де бір-бірімен ымыраласып, қорғану шараларын күшейтуден басқа амал қалмай бара жатты.
Басында Кеңес Одағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құру туралы өте жақсы идея ұсынды. Оның алдында Франция өзіне одақтас іздеп Европаның көп елімен келісімшарт жасасқан болатын. Бұл кезде біздің кеңестік дипломатия тоқырай берді. Өйткені, атышулы үштік: Германия мен Италия, Жапония өз басқыншылық әрекеттерін бастап кеткен кез-тін. Италия Эфиопияға, Германия Рейн облысына әскер енгізіп жатты. Жапония .Азияда ашық түрде басқыншылық жасауға кірісті. Тап осындай шешуші сәтте оларға қарсы елдер тежеусіз бақталастарына қарсы тізе қосып қиылдаудың орынына өздері алауыздық танытып алды.
- Осы тіл табыспау неден болды?
- Ол үшін «1938-39 жылдардағы халықаралық саяси дағдарыс» деген атпен тарихта қалған бір құбылысқа назар аударуымыз қажет. Осыншама масштабты қамтитын оқиға 1938 жылғы Мюнхен келісімінен басталады да, 23-тамыздағы Новстрек фактісіне ұласып, ақыры 1-қыркүйекке, яғни соғыстың басталуына тірелді. Осы екі аралықтағы оқиғаларды талдайтын болсақ, біз соғыстың қарсаңында кім қандай позиция ұстанғанын көргендей боламыз. Ғаламдық бауырқырғынға себепті кінәлілердің де сұлбасын анығырақ байқай бастаймыз.
Оқиға 1938 жылы өткен Мюнхен келісімінде Англия мен Францияның Германияға Чехословакияны бөлшектеуіне мүмкіндік беріп қойғанынан басталғандай. Негізінен бұл Ағылшындар мен Франция үкіметінің үлкен бір қателігі болды. Өйткені, Чехословакия территориясының бестен бірін, халқының төрттен бірін құрайтын, әскери жеңіл және ауыр өнеркәсібі шоғырлана орналасқан стратегиялық облыстың бірін Германияның қолына ұстата салды. Ал бұл әрекет оның өзіне деген сенімділігін арттырып, аранын ашып жіберді. Германия сол саясаттан бастап бопса мен күштік әдістерге жүгінуге көшті. Оның геосаясатында бұл бағыт батыс Еуропада Франция мен Бельгияға қатысты өрістесе, шығысында Польша және Чехословакияға, солтүстік-шығыста Прибалтикаға байланысты болды. Әйтсе де Герман басшылығы сақтықты ұмытқан жоқ. Олар шығыс жорығын жасамас бұрын тұңғыш құрбандығы болуға тиіс Чехословакияны әбден зерттеді. Сарапшылары бірауыздан «Чехтар 2-3 аптаның ішінде басып алатын мемлекет емес» деген қорытындыға келді. Чехословакия соғыстың қарсаңында экономикалық дамуы бойынша дамыған ондыққа кірген мемлекттердің бірі еді. Чехия өзінің экономикалық дамуы жөнінен кезінде Австро-Венгрия империясында ең дамыған аудан болған. Сондықтан экономикалық тұрғыдан Чехословакияны соғыспай басып алу керек болды. Ал ол үшін не істеу керек? Мыңжылдықтар практикасынан өткен ескі қанды әдіс бар. Ол - Чехословакияны бөлшектеу еді. Сосын протекторатқа айналдыру. Ол шақта Чех жерінде немістер көп тұрды. Бұл тұрғыда немісі басым Судет облысы саясат құралы ретінде пайдаланылды. Германия сол немістердің құқығын қорғаймыз деген сылтаумен сыналап ену тәсіліне көшті. Әсіресе, оларға негізінен неміс мүддесін көздеген немістердің ұлттық партиясы көп сеп болды. Сол ұлттық неміс партиясы үнемі ұлттық автономия сұрап немесе немістердің құқығы ескерілмеді деп қайта-қайта Чехословакияның үкіметіне хат, петиция жіберіп жатты. Бір жағынан бұл мәселе Германиядағы НСДАП партиясына тіреледі. Себебі, оларды әдебиетпен, қаражатпен НСДАП партиясы қамтамасыз етіп отыратын. Олар «өз құқығымызды қорғаймыз, Чехословакия немістерді төмендетіп отыр. Осы жөнінен Чехословакия біздерді қанағаттандырмайды» деген мәлімдемелер жасаумен болды. Ал Англия мен Франция «бұл Чехословакияның егемендігін бұзады-ау, мұны өзі шешуі керек» деген жоқ. Германияға өзі сұранып тұрған әлгіндегідей немістік бөліктерді ерікті қосып берді. Әркім өз басын қорғап, өзі аман қалу үшін өзгені құрбанға жібереді деген осы ғой. Мұны кейін Кеңес тарихнамасында «пейілдендіру саясаты» деп атап кетті. Алайда, Германия көп ұзамай-ақ өзгенің малына келгенде үлестіргіш екі Атымтай жомартың пікірін ескермейтіндей дәрежеге жетті. Алмандар 1938 жылдың наурызында Чехословакияны басып алды. Енді күшейген Германияны майда-шүйдемен алдандыра алмайтын еді.
- 1939 жылы 1-қыркүйекте Германия Полшаға шабуыл жасады. Қазіргі кезде мұны Кеңес одағымен келісіліп жасалған басқыншылық деп бағалап жатыр. Бұл сөздің қаншалықты жаны бар? Жалпы, Кеңес әскері қай уақыттан бастап Полшаға кірді?
- Қыркүйектің 17-сінен бастап кірді. Оған дейін былай болды: Герман армиясы Варшаваны тізе бүктіргелі жатқанда Риббентроп Шуленбургке қайта-қайта тапсырма беріп, «Кеңес әскері қай жақтан келеді, тез анықтаңдар» дегендей бұйрықтарды боратты. Содан кейін Шуленбургтің Риббентропқа жіберген хаты да бар. Онда ол қызылдардың әзір кіре алмайтынын айтады. «Өйткені оны негіздейтін бір сылтау керек. Ол сылтау арқылы біздің Варшаваны алуымыз мүмкін» деді. Ол қандай сылтау? Одан кейін кеңес әскері Варшаваға кіріп, Варшаваның ішінде шайқастар жүріп жатқан кезде ғана 16-қыркүйекте түнде Польшаның елшісіне нота тапсырады. Онда «поляк үкіметі өзінің халқын қорғамай тастап кетті, ал біз қандастарымызды, белорусь, украиндарды қорғауға тиістіміз» деп жазылды. Сондықтан кеңес әскері Польша жеріне өтеді деп хабарланды.
Ақиқатында поляк үкіметі халқын тастап қашып кеткен жоқ еді. Немістер Варшаваға басып кіргенде поляк үкіметі астана қасындағы бір қауіпсіз мекенге орын ауыстырған болатын. Бір мемлекетке басқыншылар келгенде белгілі бір қауіпсіз жерге үкімет көшіп кететіні бар. Бұл заңды да. Варшава үкіметі қашып кеткен жоқ. Сол орыннан елді басқарып отырды. Олар поляк әскерінің қолбасшысына «ертең кеңес әскері келген кезде қарсыласып оқ атпаңдар» деген хабар жіберді. «Егер өздері қару жұмсаса, жауап беріңдер» деді. Қарап отырсаңыз, кеңес әскері кіріп келгенде олардың көпшілігі қарсылық та көрсетпеді. Тек қызылдар қару жұмсаған кезде жауап берді. Бірақ кейбір ержүрек әскери бөлімдер Кеңестерді қарумен қарсы алып, жерін қорғау үшін қан төкті. Десе де көпшіліктің аты - көпшілік. Коммунистер көздеген аймағын жылдам жайлап алды. Кеңес әскері Германиямен алдын ала жасасқан құпия хаттамада белгіленген шекара сызығынан аттап та кетті. Варшаваны алғаннан кейін Брест қаласында кеңес әскері мен неміс әскерінің жеңіс парады болды. Осыдан кейін олар бір-бірімен тұтқындар алмасты. Немістер өзінің қолындағы тұтқындардың шығыс жағында тұратындарын кеңес еліне берді, олар батыс шекарада тұратын тұтқындарды немістерге берді. Неміс әскерлері шегініп, батыс аймағына жылжып барды. Белорустар мен украиндарды Кеңес одағы солтүстік шығыс аймаққа көшірді.
Осы 17-қыркүйектегі басып кіруге негізгі себеп украиндар мен белорустарды қорғау емес, Кеңес Одағының өзге халықтарға қысым жасауға деген ниетте болғанын көреміз. Әйтпесе, соғыс болмаса тұтқындар қайдан келеді дегенді айтқымыз келеді. Оқ атылып, қысым көрсетіліп жатса, ол неге соғыс болмайды?
Біздің тарихнамада екінші дүниежүзілік соғыс 1941 жылы 22-маусымнан бастау алады ғой. Ал, негізінен ұлы соғысты 1939 жылдың 17-қыркүйегінен бастауға болады. Әрине, егер тарихқа объективті ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ қана. Әлбетте тарихқа идеология, саяси тұрғысынан қарайтын болсақ, онда 17-қыркүйекті ешкім қолдамайды. Ал, бірақ, сол күні нота тапсырылды ғой. Яғни, басып кіретіндігі хабарлады. Мәселе, бір елді қорғауда емес, егеменді елдің шекарасын бұзып кіруде. Бұл соғыс басталды деген сөз.
- Мұның қазір ресми түрде мойындалмасын біле тұрсақ та, сізден тағы бір нәрсе сұрағымыз келіп отыр. Жалпы осы ойыңызды куәландыратын соны дәйектемелер бар ма?
- Ресми түрде мойындалған жоқ. Бірақ осындай дәйектің бары рас. Ресейді түсінуге болады. Өйткені олар КСРО-ның тікелей мұрагері. Ал біздің қайғымыз, ол соғыста қазақтың ұл-қыздарының қаны төгілді. Біз саясатқа араласқан жоқпыз. Бұл бір анық мәселе. Соғыстың алдандағы, соғыс тұсындағы саясатты айтамыз. Біз саясатқа араласпағандықтан да мұрагер боп саналмаймыз. Сондықтан да біз саясат пен идеологияны қойып, ғылыми тұрғыдан қараймыз. Егер ғылыми тұрғыдан қарайтын болсақ, біз «Кеңес одағы соғысқа 17-қыркүйек күні араласты» деп батыл айтуға тиіспіз.
- КСРО-ның тағы қандай территориялық дәмесі болды?
- Полшадан кейінгі ауыр мәселенің бірі Литва мәселесі болды. 23-тамыздағы келісім бойынша ол Германия ықпалында болуы керек еді. Ал Кеңес одағы Литваны өзіне алғысы келді. Ақыры келісті. Көп ұзамай Финляндиямен соғыстық. Біраз жерлерін тартып алдық. Финляндиямен соғысты да жеке соғыс деп алуға болмайды. Ол өзінің уақыты мен мақсаты бойынша екінші дүниежүзілік соғысына кіру керек. Одан кейін біз Прибалтиканы қосып алдық. Осы жерде қынжылатын бір нәрсе бар, шындығында Кеңес одағы көп нәрсені Германиямен ақылдасып шешіп отырды.
1940 жылы Германия мамырда Батыс жорығын ұйымдасырып, Батыс Европанының көп елін, сондай-ақ Францияны жарым жартылай басып алды. Алынбаған Англия ғана қалды. Сол триумфты шақта, яғни 1940 жылдың 27-қыркүйегінде Германияның бастамасымен Италияның, Жапонияның дүние жүзін бөлісу туралы үштік пактісіне қол қойылды.
- Бұған неге КСРО кірмей қалды?
- Қазан айында Кеңес одағына осы «Үштік пактігі» қосылу туралы ұсыныс жасалынды. Тіптен келіссөз жүргізу үшін Берлинге келуге шақырылды. Ізінше 12-13-қарашада М.Молотов бастаған делегация Берлинге келіп, Гитлермен, Риббентроппен келіссөз жүргізді. Қадірменді елші Гитлермен екі рет, Риббентроппен екі рет сөйлесті. Шуленбургпен де келіссөз жүргізді. Үштік пактіге қосылатын болса, қандай шарттармен қосылу керек, олар қандай ұсыныс жасаған еді? Герман жағы КСРО-ға ұлы Азия кеңістігінің оңтүстік жағы беріледі деді. Солтүстік жағы Жапонияға деп шешті. Ол кезде Оңтүстік Азия Англия мен Францияның отары еді. КСРО-ға Европадан жер беру туралы әңгіме болған жоқ. Бірақ Молотов батыс пұшпақтан дәмелі екенін ашық көрсетті. Қайта-қайта келісім жасап, нақты не шешкенін айтпай, сөйлесіп жүріп алды. Негізі бұл келісімге Кеңес одағы бірден тойтарыс беруі керек еді. Бірден тойтарыс бермей Берлинге келу саяси тұрғыдан үлкен қателік еді, тіпті өте оғаш саясат-тын.
- Соғысушы елдердің соғыс сипаты жөнінде не айтасыз?
- Германия басып алған барлық жерлер үшін, КСРО-ның да басып алған аймақтардағы халықтар үшін және аса теперіш көрмесе де Англия елін бомбалағаны үшін бұл соғысты егемендігін, Отанын қорғау деп біледі. Ал Германия, Италия, Жапония үшін бұл - басқыншылық соғыс.
- Ал, біз үшін бұл соғысты қалай атаған дұрыс?
- «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атау керек. «Ұлы Отан соғысы» деп атаудың ғылыми негізі жоқ. «Отан соғысы» деп Польшаға қатысты айтуға болады. Франция да Отан соғысы деп атауға болады. Европа мемлекеттері Отан соғысы десе болады. Бірақ, олардың бәрі Отан соғысы демейді, «екінші дүниежүзілік соғыс» деп нақты атайды
«Ұлы Отан соғысы» деп атау - Ресей, КСРО тарихнамасында айтылып қалған салт. Олар кезінде Наполеон жорық жасаған кезде де «Отан соғысы» деп атаған. Сол Кеңес, Ресей тарихнамасындағы салт бізге келді. Солай екен деп те «Ұлы Отан соғысы» дегенді алып тастау қазіргі ардагерлерге қиянат болған болар еді. Біз соғысты көрген жоқпыз. Тек, естідік. Соғыстан келген ата немесе әке: «Отанды қорғадық» деді. Ол санамызға сіңді. Моральдық жағынан дұрыс, адамгершілік термин ретінде қалса жарайды. Ал, енді болашақ ұрпақ, біздің балаларымыз, олардың балалары бұған қатысты жайларды ғылыми кітаптан қарайтын, оқитын болады. Сол кезде ғылыми негіздегі термин қалыптасар деп ойлаймыз. Мектептегі оқулықтарға «екінші дүниежүзілік соғыс» деген тақырып енгізу керек. Кезеңімен айта келіп, тек 1941 жылға келген кезде, «1941 жылы маусымда Германия КСРО-ға шабуыл жасады, одан кейін 1941 жылдың 22-маусымынан 1945 жылдың 9-мамырына дейінгі аралықтағы Германия мен КСРО арасындағы соғысты кеңестік тарих ғылымында «Ұлы Отан соғысы» деп атау қабылданды» деген бірауыз жолдар тұруы керек.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан:
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ
Гүлжаухар Көкебаева, тарих ғылымдарының докторы
«Үш қиян» газеті
Түпнұсқадағы тақырып: ««Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атау керек. «Ұлы Отан соғысы» деп атаудың ғылыми негізі жоқ»