2019 жылы 141 мемлекеттік қызметті электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр
Кеше ҚР Үкіметінің отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру бойынша алдағы жоспарлар туралы әңгімеледі.
Елбасының Жолдауында мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру бойынша белгілі KPI енгізілген болатын. Мақсатқа жету үшін 400-ден астам мемлекеттік қызметті электронды форматта көрсету бизнес-үдерісі оңтайландырылды. 2019 жылы 141 мемлекеттік қызмет электронды форматқа көшірілмек. 2020 жылға қарай ҚР АКМ электронды форматқа мемлекеттік қызметтердің 90% көшіру жоспарланған.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтер тізілімінде тұрмаған «көлеңкелі» мемлекеттік қызметтерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Д. Щеглованың айтуынша, ҚР АКМ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2018 жылы әкімдіктермен бірге 700 мың адам сандық сауаттылық білімін арттырған. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Connection Point, телеграм-бот арқылы өз-өзіне қызмет көрсету алаңдарында кеңес береді.
Сондай-ақ баспасөз конференциясы барысында электрондық цифрлық қолтаңбаның қауіпсіздік мәселелері көтерілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов бүгінгі электрондық цифрлық қолтаңбаны өте ашық механизм деп санайды. Оны тек мемлекеттік, мемлекеттік сыңайлы ұйымдар ғана емес, сондай-ақ жеке ұйымдар да пайдалана алады.
«Бүгінде нарықта көптеген ұйымдар, оның ішінде жекеменшік ұйымдар қолданатын стартаптар бар. Мен электронды цифрлық қолтаңба арқылы бизнеспен келісімшартқа тұратын алаң жасай алатын жастарды да білемін», — деді А. Оспанов.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов, өз кезегінде, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану кезінде қазақстандықтардың ақпараттық қауіпсіздігі толық сақталатынын атап өтті.
«ЭЦҚ ұлттық куәландырушы орталық шығарады. Бізде ол Қазақстанда жалғыз. Электронды цифрлық қолтаңба келесі техникалық құраушыға ие – екі кілті бар – жабық және ашық. ЭЦҚ кез келген пайдалану жағдайы, тіптен жеке секторда болса да, біздің ұлттық куәландырушы орталықпен өзара іс-қимыл орнатады, онда сәйкестік расталады. Бұл – азаматты таза сәйкестендіру және ЭЦҚ салу. Сондықтан да мұнда қауіпсіздік мәселесі ақпараттық қауіпсіздіктің бірыңғай талаптарына және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тұлғасындағы реттеуші талаптарына сай келеді, яғни қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етіледі», — деп түсіндірді Ә. Тұрысов.