«Біздің елге арнап жер серігін шығаратын ресейлік зауыттың хабар тарататын және байланыс орнататын ғарыш аппараттарын жасауда ешқандай тәжірибесі болмаған. Бұл дегеніміз - ресейлік зауыт қазақстандық салық төлеушілердің ақшасына тәжірибе-сарап жасап, өзінің техникалық қуатын жақсартып отыр деген сөз.
Ресейдегі М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталықпен келісімшарт жасалғанда, бірден екі жер серігіне тапсырыс берілген. Яғни екі спутниктің де негізгі техникалық және қызметтік тұжырымдамасы ұқсас. Бұл - «ҚазСАТ-2» де «ҚазСАТ-1»-дің кебін киюі әбден мүмкін деген сөз», - деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Ержан Рахметов сәрсенбідегі жиында Үкімет басшысына жолдаған сауалында. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілу үшін, біз Ержан Оразұлын ашық әңгімеге тарттық.
Жас қазақ: Сіз Үкімет басшысына жолдаған сауалыңызда «ҚазСАТ-1»-ді сақтандырған шетелдік компаниялар шығынды «төлеуден бас тартуда» деп қалдыңыз. Сонда «ҚазСАТ-1» ұшты-күйлі жоғалған 2008 жылдан бері сақтандырушылар бір тиын да төлемеген бе? Ержан Рахметов: Жуырда Мәжіліске бас сұққан «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі басшысының орынбасары Мейірбек Молдабековтен: «ҚазСАТ-1»-дің ақшасы қайтарылды ма?» - деп сұрағанымызда ол: «Сақтандырушы компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа жауап қайырды. Бірақ ғаламторда «Сақтандырушы компаниялар «ҚазСАТ-1»-дің ақшасын төлеуден бас тартты» деген ақпар тарады. Менің сауалым да содан туындап отыр. «ҚазСАТ-1»-ге жұмсалған 65 млн долларды қашан қайтарады? Әлде, қайтармай ма? Осы сауалдың жауабын беруі керек. Міне, екінші жер серігін биылғы жазда (маусымда ма, шілдеде де ме әлі белгісіз) ұшырайын деп жатырмыз. Ал сол спутник біріншісінің кебін киіп жүрмей ме? Өйткені, М.Хруничев атындағы орталықтың ондай хабар тарататын ғарыш аппаратын жасаудан ешқандай тәжірибесі жоқ. Зымыран тасу жағынан оның мықты екені рас. Менің ойымша, хруничевтіктер біздің салық төлеушілердің ақшасына сынақ жасап отыр. Сондықтан, біз ұлттық ғарыш агенттігінен шынайы ақпарат беруді өтіндік. Есеп комитетінің есептеуіне қарағанда, 7 363,3 млн теңге көлеміндегі сақтандыру қаржысын қайтару мәселесі әлі күнге шешілмеген. Үш жыл өтсе де, сақтандырушы тарап бұл ақшаны төлемеді. Кейбір шетелдік сақтандырушы компаниялар төлем төлеуден бас тартты деген дерек келтіріледі. Бірақ ол ақшаның неге бүгінге дейін төленбегені туралы ешкім жақ ашпайды. Құзырлы мекемелер қайта сақтандыратын компаниялармен жұмыс жүріп жатқанын айтқанмен, ол қаржы қашан төленетінін жан баласы білмейді. Маған бір түсініксіз нәрсе, еліміз ғарыш саласындағы тәуекелдерді төмендету жөніндегі тәжірибені неге пайдаланбайтыны. Дүниежүзінде жер серігін жасау ең мықты бизнес көзі деп саналады. Оны жасап басқаларға сатады. Ол - тыңшылық әрекеттерге, хабар жеткізуге, теледидарға, телефонға, белгілі бір бағытқа баруға, жол көрсетуге өте тиімді. Яғни ондай спутник бізге де қажет. Бірақ әлемде сынақтан сүрінбей өткен тәжірибе бар. Неге біз сол тәжірибені пайдаланбаймыз?.. Әлгі М.Хруничев атындағы орталықпен кіндігіміз байланып қалмаған шығар?.. Екіншіден, сақтандырушылар неге шығынды қайтармайды? Желге ұшқан ақшамен қоса «Қазақстанның спутнигі құлады» деген беделіміз де былғанды. Сондықтан, екінші спутник біріншісінің былығын қайталамасын деп, сауал жолдадым. «Сақтандырушылармен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл коммерциялық құпия» дейді. Жарайды, құпия болсын-ақ. Алайда, «ҚазСАТ-1» қаңғып кеткелі үш жыл өтті ғой. Жас қазақ: Зымыран демекші, Сарыарқаға әлі зымыран жауып жатыр. Тіпті олардың қалдықтары ауылдардың іргесіне құлауда. Биылғы жылдың қаңтар айында Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Кежек ауылының іргесіне зымыран түсті. Бірақ ол елді мекеннің тұрғындарын дәрігерлік тексеруден өткізген, өтемақы төлеген тірі жан жоқ. Айта-айта жауыр болған бұл мәселе шешіле ме, шешілмей ме? Ержан Рахметов: Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін «Ғарыштық қызмет туралы» заң қабылдауымыз керек. Кезінде ондай заңның жобасы Үкіметтен Парламентке келген-ді. Бірақ біз оған көптеген түзетулер енгіздік. Концептуалды түзетулер көбейген соң, Үкімет ол заң жобасын қайтарып алды. Ондағы себеп - бірқатар ратификациялармен сәйкессіздігі. Бірақ қазір жаңа заң жобасы келіп түсті. Жұмыс жүріп жатыр. Сол жобада депутаттардың мақсаттық өтамақылар туралы түзетулері бар. Мысалы, біреудің үйі құлады ма, тұрғызып беруі керек. Малы қырылып қалды ма, сонша мал берілуі керек. Содан соң, зымыранның ұшатын траекториясын халық алдын ала білуі тиіс. Сөйтіп, сақтанып отыруы керек. Бұлардың барлығын заңға түзету ретінде кіргізгенбіз. Жас қазақ: Бүгін Мәжіліске келген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «2015 жылға қарай өзімізді мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етіп, шикізатқа тәуелділіктен құтыламыз», - деді. Кедендік Одақ қанатын кең жайған соң, жанар-жағар, май бағасын күштеп ұстап тұра аламыз ба? Ержан Рахметов: «Халықтық жанармай» деп аталатын АИ-92 бензині қазір бізде 40 пайыз жетіспейді. Ол Ресейден және басқа мемлекеттерден келеді. Мұнай және газ министрі айтқандай, үш зауытымыз жөндеуден өтіп, мұнай өнімдерінің түрлері көбейсе, онда нарықты реттеу керек емес. Бүгін 40 пайыз жетіспеген соң, «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң қабылдадық. Мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салынғалы бір жыл болды. Ресей де солай істеуде. Сонымен қоса, біздің 7 мың шақырым шекарамыз бар. Біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Мәселе сонда, мұнай өнімдері бізге Ресейден келетін еді, оны жауып тастады. Ал жанар-жағармай бізде жетіспесе, әрине, баға өседі. Министр де осыған алаңдаулы, ондай кепілдік жоқ болса қалай береді?.. Өзіміздің зауыттар ішкі сұранысымызды толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Оның үстіне, Ресейдің бағасы біздікінен жоғары. Ертеңгі күні жанармай бізге жетіспесе, неге сырттан әкелмейміз? Әрине, әкелеміз.
Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ
«Жас қазақ» газеті
|