Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 5476 7 пікір 11 Ақпан, 2019 сағат 09:50

«Уборщик» болдым дегенше, мұғалім болдым дей бер!

Қазақ «жүргенге жөргем ілінер» дейді. Дәл теңеу! Жөргем – малдың ащы ішегі мен тоқ ішегінен өріп жасалатын дәмді тағам. Алайда оны қонақ табақтар­ына салмайды. Әйтсе де, жүрек  жалғауға  таптырмас  ас.

Жазу өнеріне жақындау жандар үшін «жөргем» - ақпар алу болып келетіндіктен, сапарлағанда ел аузын аңдып, керекті ақпар жинап, «жүрек жалғап» қалуға тырыса­тынымыз  бар.

Сондай сапардың сәті Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында  туды. Облыстық білім басқармасы кәсіподақ комитетінің шақыртуымен Тәуелсіздік күніне орай әртүрлі дәрежеде марапат­талуға Арал ауданынан бір топ мұғалім жеңіл автобуспен облыс­  орталығына  аттандық.

Бардық. Марапатталдық. Ескі таныстарды кездестіріп, қауқыл­дастық. Қайта жолға шықтық. Әрине, бәріміздің «илеген пұш­пағымыз» бір болғандықтан, әңгіме барысы бүгінгі мектеп жайынд­а  өрбіді. Бас қосқандардың  дені ұстаздық қызметке еңбегі сіңген азаматтар болған соң, соңғы кезде білім саласында белең алып бара жатқан келеңсіздіктерге аса қынжылыс білдіріп, өкініштерін жасырмады. Қынжылыс диалогтардың дені былайша өрбіді.

- Мектепке «уборщик» болып кірдім дегенше, мұғалім болдым дей бер!..

- Иә, рас айтасың, еден жуғыш таяқты ұстап жүргендер біршама уақыттан соң, сынып журналын алып бара жатқанын бір-ақ көре­сің!..

- Апыр-ай, біздің мектепте ғана ма десем, барлық жерде де осындай  үрдіс екен-ау!..

- Бүгінде оқушыны тәртіпке салу қиынның қиыны болып тұр. «Тәйт!» десең, бітті! Үстіңнен арыз қарша борайды дей бер.

- «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегендей, қазір оқушы түгілі, жас  мұғалімдерге де сын айта  алмайсың. Мінін айтсаң, жау санайд­ы. Туған-туысқандарын, ағайындарын ізіңе салып қояды.

- Біз  жас кезімізде тәжірибелі мұғалімдердің сынын дұрыс қа­былдап, жіберген қателіктерімізді қайталамауға, ұстаздықтың ұла­ғатын үйренген үстіне үйренгіміз келіп  тұратын.

- Мына шыққыр көзім оқушылары балағаттап жатса да, тым­пиып отыра беретін арсыз мұға­лімдерді де көріп жүр ғой!..

- Әй, мұның бәрі оқушылардың алдында беделі жоқ, сауатсыз мұғалімд­ердің тым көбейіп кетуінен-ау!

- Сөзіңнің жаны бар. Біздің мектепте «и» әрпінің басы қай жерде түртіліп, қай жерде түртіл­мейтінін, яғни дауысты «и» мен дауыссыз «й»-ді ажырата алмайтын қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі түк болмағандай жүр ғой!..

- Міне, нағыз масқара! Оны бастауышт­ың оқушысы да біледі емес пе?!

- Ал, бізде «аш екі о»-ны (Н2О) «эн екі о» деп оқитын химия пәні­нің «данышпан» мұғалімі оқу­шылардың мазағына айналса да, талтаңдап  жүргенін  қайтерсің?!

Ұлағатты ұстаздардың жан ауыртар әңгімелерін мұнан әрі тыңдауға дәтім шыдамай, ой тұң­ғиығына еніп кеттім. Өйткені, бүгінгі мектептің мұндай келелі де келеңсіз мәселелерінің біразы маған­ бұрыннан таныс-ты.

Бұрнағы жылдары менің бір таныс­ым Израиль мемлекетіне барып­ келді де, басын шайқай беретін­ әдетке ұшырағаны есіме түсті.

- Міне, нағыз мемлекет!.. Міне, нағыз ұлт!.. Міне, нағыз патриоттар елі!...

- Ау, не боп қалды соншама! Еврей­лерге тым тамсанып кеттің ғой! - десек, зарланып қоя береді.

- Өйткені, еврейлерде отаншылдық сезім өте асқақ екен! Қолынан келмейтін іске жоламайды. Атқара алмаса, қызметтерін қоя салады. Қысқасы, «белдеріне көтере алмайтын шоқпарды ілмейді» екен. «Ау, бұларың қалай?!» десек, «Біз қолымыздан келмейтін іске, атқара алмайтын лауазымға ұмтылмаймыз. Өйткені, көзсіз әрекет – Израиль мемлекеттігіне күллі зиян!» - деп қарап тұрады бәрі, бірінің аузына бірі түкіргендей! Таңғалмай көр!..

- Е-е! - десеміз  біз  де. – Ғасырлар бойы қуғын-сүргінде жүрсе де, рухы асқақ халық – еврейлер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Израиль­ мемлекетін құра сала, екі-үш жылда аяғынан тік тұрып қана қоймай, бірнеше араб елдеріне бір мезет­те шабуыл жасап, аз күнде барлығын да қирата жеңіп, жерлерін тартып алуының түпкі сыры – отаншылдық сезімінің биігінде жатыр екен-ау!

- «Сол Израиль халқының – еврей­лердің рухын жанып, арын биіктет­кен қандай күш, қандай идеологи­я екен?!» дейсің ғой! – дейді танысымыз.

- Иә, қалай?! – дейміз шу етіп.

- Оларға өзіміздің батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының асқақ рухы, теңдессіз батырлығы мен кір­шіксіз ары, ұшан-теңіз білімі – басты­ пір, басты идеология болған екен, болып та келеді!

Мұны естігенде, біздің таңданысымызда шек болған жоқ. Тек басымызды еріксіз шайқай бердік.

- Апыр-ай, ә!..

- Дәл солай! Алғаш естігенде, мен де қатты таңданғанмын! Орыс жазушысы А.Бектің батыр Бауыржан тура­лы «Волоколам тас жолы» атты романы сол кезде де, қазірде де әр еврейдің төрінде ілінетін ар кітабына айналыпты. Әр еврейге сол кітапты оқу мемлекет тарапынан қатаң міндет­телетін көрінеді. Қысқасы, еврей халқы­ның ары осы кітап арқылы қалыптасыпты!

Мына жайтты естігенде, қуанғаннан шалқамыздан түсе жаздадық. Неліктен танысымыздың еврейлерге тамсанып, басын шайқай беретінін енді түсіндік.

Қайран Баукең! Батыр баба!.. Сіздің әлемдік дәрежедегі пір еке­ніңізді енді ғана біліп жатырмыз!.. Кеші­ріңіз!.. Ер жүрек Куба халқы да сізді ерекше құрметтеп, пір тұтады екен! Ардың туы санайды екен!

Ал, біз ше?! Біз Баукеңдей батырларымызды, хандарымыз бен биле­рімізді, зиялыларымызды пір тұтудың орнына, тыржалаңаш әнші-бишіл­ерді, одан қалды, бірін-бірі алдап­ соғып, өмірлерін тек жалғандықтың батпағына былғантып жат­қандарды пір санататын шетелдік арзанқ­ол фильмдерге еліктеп, ардан безіп  жатқанымыз – мынау!

Айтып-айтпай не керек, сауатсыз мұғалімдердің тым көбейіп кетуі де, сотқар балалардың шектен шығуы да, арызқойлықтың белең алуы да, сот алдында ыржаң-ыржаң еткен жем­қорлардың айылын жимауы да, әліне қарамай қызметтің орындығына кенед­ей жабысқандардың күн өткен сайын көбейе түсуі де, тіпті бар ғой, өзіне-өзі қол салушылықтан еліміз­дің әлемдік «рекордқа» тым жақындауы да,  бәрі-бәрі – бүгінгі қоғамның  «жемістері»!

Қалай десек те, қос өкпемізді қо­лымызға алып, артымыз қызарғанша озық отыз елді ентіге қуып келе жат­қан біздің ел есінен адасса да, елдігінен, арынан айырылмауы керек еді-ау!

«Арымнан жаным садаға!» дейтін текті қазақ едік!.. Мына қоғамда, Тә­уелсіздігіміз қолға тигенде, арымызды арзандатып, рухымызды әлсіретіп бара жатқанымыз өкінішті-ақ!

Нұрбай Жүсіп

Abai.kz

 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394