Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2110 0 пікір 16 Мамыр, 2011 сағат 04:19

Сәкен Бозаев. Тұрғызба тұрғындары алаңдаулы...

Тұрмыс жағдайымыз  түзелер, көңіл  күйіміз  оңалар  деп  жүргенде  «ауыл аумағының  астынан  мұнай көзі  табылды,  енді  ауыл  көшіріледі  екен»  деген   алыпқашты қаңқу  сөз  аяқ  астынан  қылтиып  шыға  келді.   Ата  қонысынан  айрылудан  артық  жан қинайтын жай жоқ  екені  түсінікті.  Тұрғызбаның тұрғыны Тұңғышбай    бұл жай туралы былай  дейді:

Тұрмыс жағдайымыз  түзелер, көңіл  күйіміз  оңалар  деп  жүргенде  «ауыл аумағының  астынан  мұнай көзі  табылды,  енді  ауыл  көшіріледі  екен»  деген   алыпқашты қаңқу  сөз  аяқ  астынан  қылтиып  шыға  келді.   Ата  қонысынан  айрылудан  артық  жан қинайтын жай жоқ  екені  түсінікті.  Тұрғызбаның тұрғыны Тұңғышбай    бұл жай туралы былай  дейді:

-Жер  асты  байлығы  жөнінен  еліміз  әлемде  алтыншы  орында  дегенді  естуіміз  бар еді. Оның  шапағатын   ауыл қазағының  бәрі бірдей көріп  жатырғаны  шамалы болса да, елде  болса ерінге тиер деп ауыл қазақтары шүкіршілік етіп жүр.   Құдай  берген осы  байлықтың  қызығын неге  бізге қимаған деп  жүргенде,  ата  қоныстан  көшіреді  екен  деген  әңгіме  ауыл  тұрғындарын қатты  алаңдатқаны  түсінікті.   Қаңқу  сөз болар деп  жүргенде бұл әңгіменің  шығу тегі рас болып шықты.   Таяуда  қасына  тілмашын  ерткен  бір  шетелдік  азамат  Тұрғызба  аулында   жиын  өткізді.  Айтуынша,  ауыл  аумағынан  мұнай  көзі  табылыпты. Таяуда  оны  қазу  жұмысы  басталады  екен.  Ал  ауылды  көшіру    туралы   мәселе әлі  қозғалмағанын  әлгі  шетелдік  азамат  түсіндірмек  болды.  Бізді  таңдандырғаны  бұндай  мәселелерді  жергілікті  басшылар  емес,  шетелдіктің  айтуы  болды. Олардың  дүрліккен  ауыл  тұрғындарына    айтары  болмағаны  күмәнді  ойға  қалдырды.   Ауыл  тұрғындарының тіршілігіне, тағдырына,  ауылдың  ертеңі туралы  ең  болмаса жанашырлық  таныту   еркіндігі  болмағаны ма дейтін   сұрақ   өзінен-өзі сұранып  тұр.  Ауыл  тұрғындарының осы жай  туралы сауалына төрдегі  төрелеріміз жауап бере  алмай отыр. Себебі бұндай  мәселелер аудан, облыс көлемінде шешілмейтіні түсінікті.

Баяғыда  Қожанасыр төрелік  сұрай келген екі жақты да тыңдап болып: «екеуіңдікі де   дұрыс», деп   шығарып  салады екен.   « О заман да бұ заман,  төрелік  сұрағандардың екі жағы да дұрыс  бола  ма», деп сұраған әйеліне «сенікі де дұрыс» депті деген бар еді. Жергілікті билік тұрғындар сауалына осылайша жауап беріп отыр. Қол ұзартатын  көсеу ұзын   болса қол күйдірмейтінін біліп алған олар  осыдан  артыққа  баруға батылы жетпейтіні белгілі.    Бұл  жай ауыл тұрғындары үшін  «жоғалтсам  сырғамды  жоғалттым, құлағымның тесігі  орнында», деп  кәрі қыздың  өзін-өзі жұбататынындай мәселе  емес. Ұрлық малдың етін  қазанына  салып отырғандай   дымдарын  ішіне бүккен  жергілікті биліктің бұл жайға бұлайша қарауын тұрғындар  түсіне  алмай отыр. Керегін  сорып алып, содан соң ізім-қайым  жоғалатын  шетелдік  инвесторлардың қолына беріп отырғаны тұрғындар үшін обал   болатын болды. Шетелдіктердің  күлімсірегеніне  түстік  жегендей мәз болып жүргендерге сену де қиын.   Аларынан  айрылса да айтарын жібермейтін  ауыл қарттарының бірі Көздібай шал: « Осындайда  Қадір Мырза Әлінің  «әлхиссасындағы»  сақалар  жиыны туралы мысалы  еріксіз ойға оралады.  Ақжем болып мүжілген  қошқардың  асығы: « біздің  заманымызда  асықтың  сақасы қошқардың  асығы болатын еді. Бүгінде қуыс-тесігінің бәрін бірдей қорғасынға  толтырып  алғаны болмаса, салмақ  дейтін салмағы жоқ ешкінің асықтары сақа  болатын болды», - деп жазыпты. Сол айтқандай, алып кел, шауып келге айналғандар ел тағдырына  жауап бермейді.  Беретін  - президент пен  үкімет. Халық одан бергілерден қайыр күтуден қалды дегенді айтып тарастық» дейді.

Көзіміз көріп отыр: келімсектерді еркіне жібере берсе, күні  ертең қазақ жерін отаным демей, отарым деуі де мүмкін.  Қазақ жұрты ежелден бейбіт тұрмысты, тыныштықты  қалаған.  Ата-бабаларымыз  жағаға қол салмаса,  жайлауына жол  салмаса, ешкімді  жау санамаған. Осылайша  момындық  көрсетсе де сыртқы жұртқа арын  таптатпай, намысын ту қылған еді.  Егемендік алдық деп еңсеңімізді көтергендей болып едік.  Сол егемендік  жемісін  ауыл тұрғындары да  көргісі келеді. Мынау менің елім, мынау  менің жерім дегісі  келеді.  Өз елі мен жерінде өмірге жатырқамай, қалауымен тыныстап,  тұрмыс жасағысы  келеді.  Құпиясын ішіне бүккен мына кезең жұртшылықты өз ығына иіріп, белгісіз жаққа дедектетіп апара жатқан  секілді.  Әрине аштық, жалаңаштық көріп жатқанымыз жоқ.  Үкіметтің қысымдап  берген  азын-аулық  тиын-тебен  көмегіне  қарап  қарамай,  бауын  жамаса ауы  жыртылып,  ауын  жамаса  бауы қайта  үзіліп , өз күнін өзі көріп жатқан ауыл тұрғындары өз ойындағыдай өмір сүруге еркіндік пен мүмкіндік болуын қалайды.  Әр кезеңнің де өз салмағы, өз  қиындығы бар шығар.   Жерінің астындағы байлығын  иеленбек болғандардың  жұртшылықты  атақонысынан  айыру    пиғылы  бар  екені  көрініп қалғаны  жалғыз  бұл емес. Мұнай үшін  қонысынан  көшірілген  Сарқамыс,  Қаратон  тұрғындарының күйіндей  күйге  ұшырауды  қаламайтын  ауыл  тұрғындары  алаңдаулы.

Сәкен  Бозаев.  Атырау облысы, Жылой ауданы

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір