Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2037 0 пікір 16 Мамыр, 2011 сағат 06:04

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)

Үшінші тарау:   ЖЕР ЖЕГІСІ

1.

 

«Алашорда» қайраткерлерінің мұндай жағдайда ымыраға баруы - большевиктердiң «езiлген ұлттарды» одан әрi езе түсу, жаныштау, мәңгүрттендiру, ұлттық бiрлiктi ыдырату, ұлттық тәуелсiздiктi жою сияқты аяр саясатымен келiсу, соған қызмет ету деген сөз едi. Тарихи келiсiмнiң сақталмайтынына, ұлттық мемлекеттiк дербестiк нысанасының большевиктерге мүлдем жат ұғым екендiгiне, тәуелсiздiк жолындағы күрестiң жаңа жолын таңдау керектiгiне ұлт көсемдерiнің көзі жетті.

Ахмет Байтұрсынов ресми түрде большевиктiк үкiметтiң құрамынан шықты. Сол арқылы «Алашорда» үкiметi мен кеңес өкiметi арасындағы саяси келiсiмнiң бұзылғандығын ресми түрде жариялады. Өйткенi, олардың ендi кеңес өкiметiнiң құрамында қалуының ешқандай мән-мағынасы жоқ едi.

Үшінші тарау:   ЖЕР ЖЕГІСІ

1.

 

«Алашорда» қайраткерлерінің мұндай жағдайда ымыраға баруы - большевиктердiң «езiлген ұлттарды» одан әрi езе түсу, жаныштау, мәңгүрттендiру, ұлттық бiрлiктi ыдырату, ұлттық тәуелсiздiктi жою сияқты аяр саясатымен келiсу, соған қызмет ету деген сөз едi. Тарихи келiсiмнiң сақталмайтынына, ұлттық мемлекеттiк дербестiк нысанасының большевиктерге мүлдем жат ұғым екендiгiне, тәуелсiздiк жолындағы күрестiң жаңа жолын таңдау керектiгiне ұлт көсемдерiнің көзі жетті.

Ахмет Байтұрсынов ресми түрде большевиктiк үкiметтiң құрамынан шықты. Сол арқылы «Алашорда» үкiметi мен кеңес өкiметi арасындағы саяси келiсiмнiң бұзылғандығын ресми түрде жариялады. Өйткенi, олардың ендi кеңес өкiметiнiң құрамында қалуының ешқандай мән-мағынасы жоқ едi.

Орыс тарихының ғұлама өкiлi В.О. Ключевскийдiң: «Қырым соғысынан кейiн орыс үкiметi өзiнiң түкке тұрғысыз екендiгiн түсiндi, болгар соғысынан кейiн өз үкiметiнiң түкке тұрғысыз екенiн орыс зиялылары да түсiндi; жапон соғысы тұсында ғана орыс халқы өзiнiң үкiметiнiң де, интеллигенциясының да түкке тұрмайтынын түсiне бастады. Ендi Жапонияның алдында: үкiмет те, интеллигенция да, халық та бiр ауыздан өзiнiң түкке тұрмайтындығын түсiнгендiгiн мойындап барып, бiтiмге келу әрекетi ғана қалды, тек сонда ғана күн сайын өрши топастанып бара жатқан орыстың ұлттық санасының топастану дәуiрiне тосқауыл қойылуы мүмкiн», - деп атап көрсеткеніндей, төңкерістен кейін кеңес өкіметі де «өзінің түкке тұрмайтынын» түсіне бастады.

Сөйтіп, жаңа сана қалыптаспады, ескі сана өшірілді. Тәуелсiздiк мүддесiн таптық мүдде алмастыра берді. Интеллигенция да, халық та, сонымен қатар аз ұлттар да «өзінің түкке тұрмайтындығын мойындап, өзара ымыраға келіп, ұлттық сана күн сайын екпінді түрде топастана» бастады. Ключевский дегдардың келтiрген мысалындағы патша мен «орыстың ұлттық санасы» деген тіркес және қазақ ұлтының мойнындағы қарғыс қамытындағы «империя отары» деген сөз «коммунизм отары» деген сөзбен ауыстырылып жазылды.

Жалпы, ұлттық сана, тарихи даму мен таным тұрғысынан алғанда орыс пен қазақ қоғамының әлеуметтiк - рухани жағдайы сабақтас болатын. Тек қазақ ұлты жоғарыдағы аталып өткен жағымсыз көрiнiстермен қоса ең ауыр әрi қарғыс қамытын - отаршылдық қамытын мойынына киiп отырды. Қырым соғысы тұсында толықтай бодандыққа көштi. Төре мен билердiң қолынан билiк кетiп, түкке тұрғысыз болып қалды.

Ресей империясы Болгариямен соғысқан тұсында қазақ жерінде ұлт-азаттық көтерiлiстер бұрық ете қалғанымен, Хан Кененiң басы кесiліп, дұшпанына сыйға тартылды. Қырымдағы орыс-түрік соғысы тұсында қазақтар толықтай бодандыққа көштi. Қолынан билiк кетiп, жер патшаның меншігіне өтті. Орыс-жапон соғысы тұсында жалпы халықтың ұлттық намысы оянып, Азаматтық Мойынсынбау қозғалысы басталды. Сол қозғалыс буырқана келiп 1916 жылғы көтерiлiске ұласып, «Алашорда» үкiметiнің құрылуына алып келген ұлттық сана кеңес өкіметі тұсында тұманданып, ең қатерлi бағыт алды.

Бұқара халықтың басына «коммунистік-отаршылдық» қамыты мықтап тұрып киiлдi. Тәуелсiздiк мүддесiн таптық мүдде алмастыра бастады. «Ақ болсын, қызыл болсын бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтын тебiннен құтқарып, соның мүддесiн қорғайтын мемлекеттi жақтаймын», - деген Ахмет Байтұрсыновтың өзi бұл сөзiн iс-әрекетпен дәлелдейтiн кезi туды. Мұны ұлт көсемдері тез түсініп, оқыс шешім қабылдады.

Оны кеңес өкіметі де білді. Заки Валидов пен Ахмет Байтұрсынов Мәскеуден астыртын кеткен соң төтенше тергеу орынына да шұғыл тапсырма берілді. Орта Азияда астыртын ұйым құрып, мұхаррамшылар - «басмашылар» қозғалысымен бірігіп кеңес өкіметіне қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін аттанған З.Валидовтің, сонымен қатар «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М. Тынышбаевтің, Х. Досмұхамедовтің, ұлттық большевиктер                         Т. Рысқұловтың, С. Сәдуақасовтың, С. Қожановтың соңынан тыңшы қойылды. Қазақ мемлекетiнiң даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тiрегiн анықтайтын аса жауапты саяси бетбұрыс - 1921 жылы Орынборда өткен Бүкiлқазақтық Өлкелiк кеңестiң II съезi болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкiмет ретiнде ғана қарап, барлық тiзгiндi партияның билеп-төстеуiнде қалдырып, бiрте-бiрте ұлт қайраткерлерiн iс басынан аластатып, ақыр-соңында көзiн жоюды ойластырғанын ұлт өкiлдерiнiң бәрi де сездi. Партиялық тазалау, таптық тектi айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып едi.

Қазақ өлкелiк партия комитетi ұлты қазақ қызметкерлердi жаппай жазалап, мемлекет аппаратынан шеттетiп, сол тұстағы аса дiлгiр әрi маңызды екi мәселе жөнiндегi пiкiр алысуларға оларды қатыстырмауды көздедi. Олар:

1. Ресейдегi ұлттық республикалар мен автономиялардың құрылымын анықтау және ұлттық республикалардың Ресейден бөлiнiп шығу құқының кепiлдiгiн бекiту.

2. Қазақ Автономиясының шекарасын анықтау: солтүстiк және солтүстiк шығыстағы Сiбір ревкомының құрамындағы - Өскемен, Семей, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған; Түркiстан Респуликасына қарайтын оңтүстiктегi - Шымкент, Жамбыл, Алматы, батыста Астраханға бағынышты Атырау, Оңтүстікте - Түрікменстанға, Хиуа мен Бұқараға қарасты Маңғыстау Қызылорда, Шымкент, Қарақалпақ облыстарын Қазақстанның заңды жерi ретiнде тану мәселесi болатын.

Ол кезде ортақ Түркiстан мемлекетiн құру идеясы ұлт қайраткерлерiнiң арасында тәп-тәуiр бел алып тұрған даулы мәселе едi. Ал, Ресейге де, Түркiстанға да қосылмай, тәуелсiз автономия болу идеясын Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қатты ұстанды. Олар «Қазақ - Шығыстың шәркейiн, еуропаның етiгiн кимей-ақ, саптамасымен де ұлттық мемлекет құра алады», - дестi өзара әңгiмеде. Ол үшiн жердiң шекарасын қорғау  мақсатында ел басқаратын азаматтарды ашық майданда сынға салды.

Съездiң қарсаңында: күн тәртiбiне қойылатын осындай талмауытты мәселелерге коммунистердi шұғыл шара қолдануға мәжбүр ету үшiн Ахмет Байтұрсынов ел iшiне өкiлдер жiберді. Оларға:

ұлттық мүддені таптық мүддеге ауыстырамыз деген желеумен, Қазақстанның ұлттық автономиялық аудан ретінде тұйықталып қалуы қаупі барын ескертіп,

қазақ қызметкерлерінің мемлекет басынан шеттетілуін тоқтатуды,

жер мәселесінің қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуін,

қоныстандырушылардың легін доғаруды - талап ету керектігін құрылтайда ашық көтеру мәселесін түсіндіру міндеті қойылды. Сондай-ақ:

аранын ашып келе жатқан аштықтың қасiретi туралы мәліметтер жинап, тиiстi тұжырым жасау тапсырылды.

Саяси қарбаластың қарсаңында С.Сәдуақасов Қазақ атқару комитетiнiң өкiлi ретiнде Семей губкомына жіберілді. Бара салысымен Смағұл Сәдуақасов 1921 жылы 3 маусым күні Қазаткомның Президиумының 18 мамырдағы шешіміне сүйене отырып, Қазақ автономиясын мойындамай, республикалық атқару комитеті жолдаған шешімдерді орындамай, тек қана орыстар тұратын елдi мекендердi ғана мемлекеттiк құрылымға тартып, билiк басына қазақ оқығандарын жолатпай қойған Семей губерниялық атқару комитетiн таратып жіберді де Қазақ автономиясына тікелей бағынатын Семей губревкомын құрды. Негiзгi ұлт - қазақтарды билік басына тартты. Қазақ ұлтының мүддесiн - мемлекеттiң мүддесi деп жариялады.

Төрағалық мiндеттi уақытша өзi атқарды. Смағұл Сәдуақасовтың бұл тәуекеліне губком да қарсы шыға алмады. Өзі кетерде орнына Мұхтар Әуезовті төрағалыққа тағайындады. Ал М. Әуезов Орынборға ауысқанда Қазақ бөлімін Ж. Аймауытов пен Х. Ғаббасов басқарып қалды.

Ұлт мүддесі үшiн тәуекелге барған бұл iс өзiн-өзi ақтады, Семей облысы Қазақстанның құрамына бүтіндей қосылды. Қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар және ұлттық намысты қозғайтын осынау қасиеттi шешім, Алаш ардагерлерiнiң көсемдiк парасатының ықпалымен елiнiң өжет ұлы Смағұлдың батыл әрекетiмен жүзеге асты.

Әрине, жоғарыдағыдай батыл қимылы үшiн С.Сәдуақасов та жақсылап тұрып «сыбағасын» тартты. 1921 жылы 9 тамыз күні «РКП (б) Қазақ өлкелік обкомының Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың теріс әрекеттері» арнайы отырыста қаралды.

«Хаттама. Қатысқандар: Обком мүшелері жж. Костылевская, Струппе, Мырзағалиев, Петров, саяси ағарту бас басқармасының төрағасы ж. Кенжин, Қазақ орталық аткомының хатшысы ж. Досов, үгіт бөлімінің меңгерушісі ж. Шлейфер, Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі ж. Сперанский, РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Феофанов.

Тыңдалды: РКП Семей губкомының президиум мүшесі ж. Феофановтың Қазатком өкілі С.Сәдуақасовтың төмендегідей теріс әрекеттері:

1. Ешқандай себепсіз губаткомды және уездік аткомды таратқаны;

2. Губком мен губаткомның арасындағы байланыстың жоқтығына байланысты бөлімдердің арасындағы бытыраңқылыққа алып келген Кеңес жұмысы мен партия қызметін әлсіретіп алғаны;

3. С.Сәдуақасовтың Қазақ тұрғындарын орыс коммунистеріне қарсы қойып, оларды қазақ тұрғындарының ауыр жағдайына кінәлі деп айып таққаны;

4. Қазақтардың барлық әрекетін қолдап, кеңес өкіметінде істейтін орыс қызметкерлерін айыптағаны;

5. Губаткомның губревком болып өзгергенін жүзеге асқан шара ретінде Орталық Қазаткомның атына жалған ақпарат жолдап, Қазаткомға жалған ақпарат бергені - туралы баяндама жасады.

Сөзінің соңында ж. Феофанов губкомның ж. Сәдуақасовты партиядан шығарып, қызмет бабындағы қылмысы үшін сотқа тартуды ұсынғаны туралы пікірлерін жеткізуді ұсынды.

Қаулы етілді: Мәселені талқылау ж.Сәдуақасов келгенге және президиумның толық құрамы жиналғанға дейін кейінге қалдырылсын. Обкомның хатшысы М.Костылевская. РКП(б) Қазобкомының іс басқарушысы (...)».

Міне, осыдан кейін барып бұл мәселе президиумда қаралып, Смағұл Сәдуақасов барлық қызметтен шеттетілді. Тіпті енді қайтып жауапты қызметке ұсынбау туралы шешім де қабылданды. Қазаткомның жауапты саяси хатшысы ретінде Орынборға шақырылған Мұхтар Әуезов, әрине, бұл шешімге қарсы шықты. Жоғарыдағы айыптауларға М.Әуезовтің де тікелей қатысы бар еді. Егерде осы арада мыстары басылып қалса, олардың қайта еңсе көтеруі мүмкін емес болатын.

Кішкентай адам - ең кекшіл адам. Ж. Аймауытов пен Х. Ғаббасов «Кене», «Бүрге» деп атаған Николай Ежов 1923 жылы Семей губревкомының төрағалығына тағайындалып, С. Сәдуақасовтың жіберген қателіктерін «түзеуге» жіберілді.  Голощекиннің тұсында Қазақ өлкелік комитетіне ауысып, саяси бақылауды қолына алды. Ал жиырмасыншы жылдардың соңында ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «Кене» мен «Бүрге»  деген ат қойғаны үшін «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылды. Смағұлды астыртын арандатумен болды және соңына аңду қойды. Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қалам» - Әбдiрахман Байдiлдин сияқтыларды сына етiп қақты. Ә. Байділдин: Мұхтар мен Смағұл Колчакқа қызмет еттi, - деп баспасөз арқылы жария айып тақты. Іле 1929 жылдың маусым-шілде айларының дүбарасында Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзiне де:

«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кіргені үшін, сонымен қатар Колчак армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылды.

Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен. Ол - өзінің бұл мінезінің сазайын жақсылап тұрып тартты. Тергеу аяқталған соң ешқандай себепсіз атылып кетті. Өйткені ол енді «өзінің міндетін орындап болған», басы артық адам, «керексіз куә» болатын. Қаперге ілетін бір түйткіл, осы істе ресми тіркелген мұндай жасырын үш агенттің үшеуі де тергеусіз және куәсіз атылып кетті.

Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер Ә.Байділдиннің «қаламын» солай қарай қақпайлай бердi. Ол өзiнiң 1929 жылы шiлденiң 25 күнi жазып берген машинкамен басқанда 45 беттiк түсiнiктемесiнде:

«Мен өзiмнiң түсiнiктемемде, әрине, сәдуақасовшылдықтың мұқым тарихын толық баяндап бере алмаймын. Оған қазiр тиiстi жағдай да жоқ, ең бастысы, қажеттi деректер де қолымда емес... Сәдуақасовшылдық партияға қарсы бағыт ретiнде КССР-дiң құрылған алғашқы күнiнен бастап стихиялы түрде қалыптаса бастады... Егерде жинақтап айтар болсақ, сәдуақасовшылдық мынадай бағытта көрiндi.

1. Партияның ұлттық бағдарламасын жүргiзу бағыты (мұны қалай түсiнiп, қалай талдағаны жеке мәселе).

2. Қазақтардың  арасындағы жұмысты күшейту.

3. Төңкерiс жастары деп аталатын топты жоғары қызметке тарту.

4. Отаршылдыққа қарсы күрес және солшыл селтеңбайларға (бездельников) қарсы күрес.

Оның бұл бағыт-бағдары (платформасы) сол кезде басылып шыққан «Жастардың жаңа жолы» деген кiтапшасында барынша толық баяндалды», - деп көрсеттi.

Әсiресе, Бүкiлқазақстандық II Кеңестiң тұсында өткiзiлген қазақ өкiлдерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiндегi қазақ қайраткерлерi, оның iшiнде барлық мемлекеттiк iстi үйлестiрiп отыратын жауапты саяси хатшы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те С.Сәдуақасовтың бағытын ұстанды.

Жүрексiнiп қалған большевик - коммунистер Әлихан Бөкейхановты, Халел Ғаббасовты, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан Тынышбаевті, Әлiмхан Ермековтi, Мiржақып Дулатовты, Жүсiпбек Аймауытовты, Жақып Ақбаевтi өкіл ретінде шақырмады. Бірақ оларды түрмеге қамап, тергеуге де дәттерi шыдамады. Ұлттық республикадағы саяси жағдай оны көтермейтiн. Алайда олардың орынын Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезов басады деп күткен жоқ едi.

Бұл толқынның сол тұстағы саяси ынтымағы Ә.Байділдиннің:

«Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомның үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi әйгілі көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компартиясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты», - деген көрсетуiнен анық байқалады.

Мұхтар мен Смағұлдың қолтаңбаларынан алаш көсемдерiнiң табы танылып тұратындығы да сондықтан. Осындай қарбалас шақта қазақтың басына тағы бiр қауiп аштық төндi. Мұхтардың ендiгi қажыр-қайраты, күш-жiгерi сол нәубеттiң бетiн қайыруға жұмсалды.

Мұқым қазақ зиялылары жиналып, ұлттық намыс пен сана-сезiмдi оятқан мұндай еркін ой шеруін кекшiл империя кешiрмедi де ұмытпады. Қазақстан мен Түркістанның біріккен саяси мәжілісіне тергеушiлердiң де қатты қадалып, қазымырлана шұқшиюының басты кiлтипаны сол болатын.

Т.Рысқұлов кейіннен бұл туралы Сталинге:

«...Шындығында да 1920 жылы «Түрккомиссиямен» жұмыс істейтін жергілікті басшылардың арасында үлкен келіспеушіліктер бар еді... Ұлтшылдық уклон мен Түрккомиссиямен арадағы жетекшілікке талас - жаулардың жолын ашты, бүкіл халықтың көсемі болып көрініп, өзінің соңынан барлық тұрғындар еріп келе жатқанын Москваның алдында көрсеткісі келді. Мұндай ұстаным дұшпандарға көпір салып берді. Бұл тұрғыдан алғанда, мен сол кезде жіберген үлкен қателіктерімді мойындаймын, содан кейінгі қызмет барысында бұл қателіктерімді терең түсіндім. Шектен шыққан жоқпын, жауыммен де жақындаспадым, 1921-1922 жылдан бастап өз бағытымды түзедім, содан бастап тура жолдан тайған емеспін. Өткен қателігімнен сабақ алып, партияның сара жолын түзу ұстап келемін», - деп түсініктеме берді.

Өлкелiк кеңеске осындай кереғар көңiл-күйде келген өкiлдердiң ұлтына қарап екiге бөлiнуi де сондықтан едi. Съезд барысындағы шегiне жете ушыққан көзқарастардың қақтығысын Әбдiрахман Байдiлдиндей жерiне жеткiзiп, қыбын қандырып жазған адам кемде-кем. Сондықтан да қарау пиғылдан туған ащы шындықты назарға ұсынамыз:

«Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жүрiп кеттiк. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер бiрге аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс-әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп жазғырды, т.с. - деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi керiсiнше Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi күрес өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды.

Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн: қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушылары өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады.

Оның сөзiн: бiр жақтан: «Жойылсын ұлтшыл!», екiншi жақтан: «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!», - деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да айқай-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.

Iстiң ақырында дауысқа салғанда - дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақта, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».

Ал бұл «алаш жастары» - Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың шын мәнінде ел көсемi дәрежесiне көтерiлген айшықты мезетi едi. Екеуiнiң де жас мөлшерi 21-24 арасында болса да нағыз ысылған саясаткер, қажырлы да қабырғалы мемлекет басшысы ретiнде көрiне бiлдi. Тiптi, саяси сайысқа түскен шақтарында ерекше шамырқанып, айбарланып, қарсыласына сес те танытты. Айтқанына сендiрiп, ұлтты ұйымдастырып, ұтымды тұжырым ұсынды. Ұлттық егес пен рухани қарсыласу тұсында ақылы мен қайратын қатар билеп, тура сол қарсаңдағы мемлекеттiк мiндеттiң ең шағымды екi мәселесiн күн тәртiбiне қойды. Халықтың назарын төнiп келе жатқан қатерге аударды.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Мәжiлiс жабылардың алдында М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты        М. Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе қазақ тұрғындары арасындағы жағдайдың хал-ахуалы туралы өзара пiкiр алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық», - дедi».

Ұлтының тағдыры тығырыққа тiрелiп, ұйлығысып тұрғанда бар ауыртпашылық пен жауапкершiлiктi М.Әуезов мойынына алды. Бұл үш мiндет: 1). Қаралы қанатын жайып келе жатқан коммунистік-отаршылдық күйзелiстен елдi құтқару, сондай-ақ 2). Қазақ жерiн ашкөздiкпен қомағайлана бауырына басқысы келген ұлы орыстық отарлаушы пиғылға қарсы тиым салу және 3). Қазақ елiн зауалға ұшыратуы мүмкiн ашаршылыққа қарсы күресуге тиiстi қазақ қызметкерлерiнiң iс-әрекет жоспары болатын. Яғни, қауым боп бас қосып, ортақ Ұлттық Идея мен Ұлттық мiндеттi анықтау едi. Мәжiлiсте:

Ә.Байділдин (жалғасы): «...Жергiлiктi жерлердегi жағдай туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр губерния өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiнде қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы - отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр», - деп тұжырым жасады.

Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың айтқаны Әуезов баяндаған жағдаймен түгелдей астасып жатты. Олардың барлығы да iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол: жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақ та жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын - дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысында атап өтудi ұсынды. Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды.

Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қорытты».

Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келген өкiлдер Мұхтардың күдiгiн растап бердi. Азамат соғысы, ақ пен қызылдың қанды жорықтары даланың үйреншіктi тiршiлiгi мен тыныштығын, кәсіби күн көрісін бұзды. Олардың хабары қатерлі жұттың қасіретін сездiрдi. Қазақ қайраткерлерiнiң назарын соған баса аударған Мұхтар Әуезов алға шұғыл мiндеттер қойды. Сондай-ақ, саяси мәнi зор шешiм де қабылдады. Ол:

1. Отарлаушы - коммунистердiң басқыншылық пиғылы мен басынуына тосқауыл қою.

2. Смағұл Сәдуақасовтың Семейдегi iс-әрекетiн ақтап алып, сол арқылы оның iсiне мемлекеттiк-ұлттық сыпат беру мәселесi едi.

Жиналысқа қатысушылар бұл екi ұсынысты да мақұлдап, хаттап, өлкелiк партия комитетiне ресми құжат есебiнде тапсырды. Мұхтар Әуезов төрағалық, Әбдiрахман Байдiлдин хатшылық еткен мәжiлiс мынадай шешiм қабылдады:

« 2-ші Бүкілқазақтық құрылтай кеңесі делегаттарының 1921 жылғы 4 қазан күнгі коммунист-қазақтардың мәжілісінің хаттамасы.

Қатысқандар: РК обкомының мүшелері ж. Меңдешев, Мырзағалиев және Асылбеков, Түркістан республикасының төрағасы т. Ходжаев, Семей, Ақмола, Орал, Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе және Бөкей губернияларының делегаттары, жиыны 51 адам қатысты.

Мәжіліс төрағасы    -    Әуезов.

Күн тәртібіндегі мәселелер:

1. Қазақ арасындағы жұмыстарды күшейту және кеңес аппаратын жөнге келтіру.

2. Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі.

Тыңдалды:                                                          Қаулы етті:

І. Жер-жерден хабарламалар.                     1. Отарлаушылармен аяусыз күрес

1. Кіндік аппарттың губерния-                        жүргізілсін, оларды КССР-дің жерінен

лардан қол үзіп қалғандығы.                           аластатып, партиядан шығаруға дейінгі

шаралар қолданылсын.

2. Қыр адамдарын кеңес пен 2. Сондай-ақ, партиядағы жолдастарды

партия жұмысына тартудың ұлтшыл шовинистермен де аяусыз

жеткіліксіздігі. күресуге шақыру және кейбір

жолдастардың ұлтшылдыққа бет

алғанын сынау.

3. Қыр елінің мұқтаждығы 3. КЦИК пен КСНК құрамын сайлағанда

мен ерекшелігін ескеруге қазақ кедейлері мен еңбекшілерін кеңінен

дәрменсіз және оған құлықсыз тарту, орыстармен тығыз байланысты

отаршылдардың зорлығы, сақтап, қатаң бағыт ұстау және

сондай-ақ тамыр-таныстық құрылтайдың шешімдерін жүзеге асыру.

пен арандату арқылы тартысты

күшейтіп отырған қызметкерлерді

қызметтен алу.

4. Кейбір аса мүдделі және 4. Орталық мекемелердегі съездің

тәжірибелік мәні зор мәселелерді шешімдерін орындауда әрбір жауапты

жүзеге асыру үшін қатаң  тәртіп қызметкерлердің сессия алдындағы -

орнату және ұлт мәселесі жөніндегі жауапкершілігін арттыруды талап ету

Х съездің қаулысын орындау. және жауапты қызметкерлерді

ауыстыра беретін өктемдікті жою.

Қаулының жалғасы:

5. Жергілікті халық өкілдері партия,

кеңес орындарына тартылсын.

6. Партия қатарын тазалау жөніндегі

губерниялық және уездік

комиссиялардың құрамында кемінде

жергілікті халықтан шыққан бір

коммунист кіретін болсын (Осы

қаулыны шығарған М.Әуезовтің өзі сол

тазартуға ілігіп, «тазарып» кетті - Т.Ж.)

ІІ. Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі.

Қаулы етілді:

Сәдуақасов жолдастың қысқаша мәлімдемесін тыңдағаннан кейін мәжіліс мынадай қаулы қабылдады. Оның бейберекеттікке жол беріп, отаршылдық саясатын жүргізген Семей губерниялық атқару комитеті мен губревкомын таратқаны жөніндегі шешімі өте дұрыс деп табылсын. Сәдуақасов жолдастың Семей губерниясындағы іс басына қыр елінің азаматтарын тартып, отаршылдарды жұмыстан босатқан ісі де дұрыс деп табылсын, сондықтан да обком мен бақылау комиссиясы құрылтай кезінде қабылданған Сәдуақасов жолдас туралы шешімді қайтадан қарап, Сәдуақасов жолдасты ақтау туралы мәселе көтерсін. Және обком мен бақылау комиссиясы Сәдуақасовтың ісі туралы Семей мен Ақмола губерниясының өкілдеріне жолығып, қосымша материал жинауды қамтамасыз етсін.

Жиналыс төрағасы -                    М.Әуезов.

Хатшысы -                                 Ә.Байділдин».

Сөйтіп, мемлекет басындағы қазақ қайраткерлерiнiң солқылдақтығы мен намыссыздығының салдарынан Смағұлдың тағдыры талқыға түсті.

«Мен үкiметтi түсiнемiн: болашақ Дума - бiздiң 1907 жылғы шiлде-ақпан айларындағы оқиғаларымыз үшiн қиямет соты болмақ», - деп              В. О. Ключевский айтқандай, дәл осы күнгi, осы кештегi қайраткерлiгi Мұхтар мен Смағұлды қашан көз жұмғанша талқының тезiне салып, өмiр бойы жауапқа тартқызып кеттi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе -                    С. Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге салғаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс оны қолдау керек деп шешiм шығарды (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, оны ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы - С. Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандыр-мады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқа мүшелiгiне өтпей қалды, оны жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн бiлмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай онда ұзақ отыратын».

Қазақ ұлты мен кеңес өкiметiнiң саясат сахнасындағы мүдделерiнiң бағыт-бағдары анықталып, қайтып ымыраға келмейтiндей қарама-қарсы жiкке бөлiнiп, iргелерiн ажыратқан ең соңғы және шешушi талқы едi бұл. Қазақ елiнiң маңдайына қандай бақыт пен сор бiттi, қандай келешек күтiп тұр, тағдырын кiмге тапсырды, үкiмет билiгi жанашырдың қолына тие ме, жоқ жалаңтөс жаhангердiң тырнағына iлiне ме, олар жақсылық әкеле ме, әлде жаманатқа бастай ма, мiне, осындай өзектi өртеген күйiндi мәселелер тiкелей

Алаш ардагерлерінің ақпарымен шешiлдi.

Айтты-айтпады, дәл осы 1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктем айларына дейiнгi аралықтағы ұлттың мүддесiн қорғайтын аса көкейкестi шаралардың бiрде-бiреуi Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары солай атаған) бұрынды-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, iшiнара сая iздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденiң айналасына топтасты.

Тергеудегі екінші басты сұрақ: осы екінші қазақ конференциядағы ұлттық интеллигенцияны қызметке тарту, жинақтап айтқанда, Ә.Бөкейхановтың саяси платформасының С.Сәдуақасов арқылы кеңес өкіметінің құрылымына ықпалы туралы қойылды.

Жалғасы бар

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5557