Майк Помпео: Ирандағы терактіге АҚШ-тың қатысы жоқ
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Азаттық радиосының Фарда қызметіне берген сұқбатында Ирандағы терактіге АҚШ-тың не Израильдің қатысы барын үзілді-кесілді теріске шығарды. 13 ақпанда Ирандағы терактіден 40-тан аса адам қаза тапқан.
Теракт Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан провинциясының Чабахар қаласындағы әскери базасы жанында болған. Биліктің мәліметі бойынша, Ислам революциясының сақшылар корпусының мүшелері бар автобусты жанкешті жарып жіберген. 20-дан астам әскери қызметкер мен бейбіт адамдар мерт болған. Бұдан бөлек 20 адам жарақат алған.
Иран СІМ басшысы Мохаммад Жавад Зариф твиттер парақшасы арқылы Ирандағы теракт аяқ астынан болмағанын айтады. Сол күні Варшавада Таяу Шығыс жөніндегі халықаралық конференциясы басталған. Оған Израиль, АҚШ және көптеген араб мемлекеттері бар 60 елдің өкілдері қатысып жатыр. Олардың ішінде Помпео да бар.
Помпео Азаттыққа берген сұқбатында "АҚШ-тың бұл терактіге ешқандай қатысы жоқ" деп мәлімдеді.
"Көптеген елдің өкілдері, оның ішінде еуропалық өкілдер бар, Жавад Зарифпен кездесті. Ол өзін ұстамды саясаткер ретінде көрсетеді. Бірақ соңғы мәлімдемесі ешқандай ұстамдылыққа жатпайды. Теракт үшін америкалықтар мен израильдіктерді айыптау ұстамды позицияға жатпайды. Бұл Зариф пен президент Рухани Иранның өзге лидерлері секілді радикалды екенін көрсетеді", - деп атап өтті Помпео.
Ол сонымен бірге күндердің бір күнінде Иран өзге елдерге қауіп төндіретін "радикалды" болмайды деп үміттенеді. Бірақ ол саяси бағыт сырттың әсерінен емес, Иранның ішінде жүруі тиіс деп есептейді. Ол Иранның қазіргі ұстанып отырған саясаты тұрғындардың бәріне бірдей ұнай бермейді деген ойын жеткізіп, қазіргі биліктің әрекеті көрші елдерге қиындық туғызып отыр деді.
«Коалиция бірауыздан Ираннан келіп жатқан қауіп шынайы деген ұйғарымға келді. Мұндай пікірді барлық елдер айтты. Бұл қауіпке қандай әрекет ету керектігі бойынша әртүрлі пікірлер айтылды. Иран мемлекет ретінде тұрғындардың көмегімен өзгеруі керек. Халқының пікірі билікке естілуі қажет. Иран халқы өздерінің құқықтарын талап ете білу керек. Иран халқы өте ақылды. Олар көп нәрсеге қол жеткізе алады. Олар өз елін басқара алады. Осы жағдай туғанда Таяу Шығыс толығымен қауіпсіз аймаққа айналады", - дейді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
"Біз Иранның халқын қолдау үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Олар ерте ме, кеш пе, өздері қалағандай өмір сүрулері тиіс", – деді Помпео.
Abai.kz