Хамит Бандықуғанов. Мусин мен Мәсімовке Керекудің «бандылары» керек емес пе?..
Осыдан бірер ай бұрын Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі Марат Мұзапаров пен оның қызметкері Серік Балтабаев облыс әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланбаевтың туған күнін тойлау үстінде мас күйінде ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қайрат Орынхановты соққыға жықты деген сыбыс шыққан болатын. Сондай жайтқа байланысты президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин мен премьер Кәрім Мәсімов Өскеменге арнайы барып, облыстың біраз атқамінерін «банды» деп танып, облыс әкімі Әділғазы Бергеневті «образцово-показательно» жұмысынан алған болатын. Артынан естіп жатырмыз, «төбелескіш» шенеуніктердің ісі тексеріліп, алды тиісті жазасын да ала бастапты...
Алайда, қарап отырсақ, басқа аймақтардағы шенеуніктер өскемендік әріптестерінің тағдырынан еш сабақ алмағанға ұқсайды. Мысалы, өткен аптада кейбір тәуелсіз басылымдар Кереку аймағында орын алған тосын жағдайлар туралы жазған болатын. Сол басылымдардың сөзіне сенсек, Кереку қаласы әкімшілігінің ғимаратында екі мәслихат депутаты жақсылап тұрып «демалған» көрінеді. «Дем» беріп, дүмін арттырған «отты сулары» таусылған соң, әлгі екі халық қалаулысы үйлеріне тарайын деп, әкімшіліктің дәлізіне шықса, алдарынан қала басшыларының бірі ұшыраса кетіпті. Олардың арасында не болғанын кім білсін, әйтеуір сөзден сөз шығып, арты қырғын төбелеске айналыпты-мыс. Істің насырға шапқаны сонша, қалалық басшы мен мәслихат депутаттарының «дауын» арнайы шақырылған полиция қызметкерлері ғана тоқтатыпты.
Бүгінгі күні Кереку қаласының атқарушы және уәкілетті билік тармақтарының арасындағы «жанжал» туралы бүкіл облыс шулап жатқанға ұқсайды. Тіпті нақты адамдардың аттары да, олардың атқарып отырған қызметтері де аталып жүр. Бірақ, ресми деңгейде «барлығы дұрыс, бәрі дін аман» деген ақпараттан басқаны естімедік. Қалалық әкімшілік қызметкерлері аяқ астынан түк білмеген, естімеген болып қалады. Полиция қызметкерлері төбелесті көрмеген, ешқайда бармаған болып шығады. Солай бола тұра, өткен сейсенбі күні қалалық мәслихаттың хатшысы Вячеслав Лебедь «денсаулығының күрт мүшкілденуіне байланысты» өз еркімен жұмысынан кеткен көрінеді.
Жалпы алғанда, Керекуде бұдан да бұрын осындай жағдайлар орын алған болатын. Жыл басында керекулік депутат Сергей Тупицын көршілерімен төбелесіп, сотталып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Кеше ғана Керекуде қалалық «Жас Отан» ұйымы басшыларының бірін белгісіздер бауыздап кетті деген де хабар тарады. Облыс шенеуніктерінің жемқорлыққа салынғаны туралы ақпараттар шыға бастады...
Осы орайда Аслан Мусин мен Кәрім Мәсумовке сұрақ қоюдың реті келіп отыр: сіздер Керекуде орын алып жатқан келеңсіз жайттар туралы хабардарсыздар ма? Егер хабардар болсаңыздар, жолға шығып, керекулік «бандыларға» тосқауыл неге қоймайсыздар? Әлде бұл «бандылардың» өскемендік «бандылардан» жөні бөлек пе?
Хамит Бандықуғанов, «Абай-информ»