Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 2748 0 пікір 18 Мамыр, 2011 сағат 05:34

Болат Манкенов: «Француздар мықты емес, өзіміз қателікке жол бердік»

WSB (Әлемдік бокс сериясы) аясындағы жарыстың Қытайда өткен финалында «Астана арландары» Францияның «Paris United» клубынан ұтылуға мәжбүр болды. Алғашқы күнгі жеңісті келесі күні жалғастыра алмадық. Қол созымдағы қуаныштар өзге алақанға әп-сәтте сырғып кете барды.  Әттеген-ай деп сан соғып, өкініштен ішіміз қан жылап қала бердік...

...Делебемізді қоздырып, намысымызды жанығын жарыс та өз мәресіне жетті-ау. Бірақ содан бері жанкүйер  көкейінде  мынадай түйткілді сауалдар жүр: «Шынымен-ақ, «Париж клубының» мықты болғаны ма?»,  « Жоқ, әлде, төрешілер әділетсіздік танытып, «арландардың» жолын кесті ме?»,  «Бәлкім, біздің бапкерлердің тактикасында олқылық болған шығар.

Біз бокс сүйер қауымның көкейінде жүрген осы бір сауалдардың шешімін табу үшін «Астана арландары» командасының бас директоры Болат Манкеновке   Қытайдан келген бетінде барып, сыр бөлісіп қайтқан едік.

- Болат Тоқтарұлы,  Францияның «Paris United» командасы шынымен бізден мықты ма?

WSB (Әлемдік бокс сериясы) аясындағы жарыстың Қытайда өткен финалында «Астана арландары» Францияның «Paris United» клубынан ұтылуға мәжбүр болды. Алғашқы күнгі жеңісті келесі күні жалғастыра алмадық. Қол созымдағы қуаныштар өзге алақанға әп-сәтте сырғып кете барды.  Әттеген-ай деп сан соғып, өкініштен ішіміз қан жылап қала бердік...

...Делебемізді қоздырып, намысымызды жанығын жарыс та өз мәресіне жетті-ау. Бірақ содан бері жанкүйер  көкейінде  мынадай түйткілді сауалдар жүр: «Шынымен-ақ, «Париж клубының» мықты болғаны ма?»,  « Жоқ, әлде, төрешілер әділетсіздік танытып, «арландардың» жолын кесті ме?»,  «Бәлкім, біздің бапкерлердің тактикасында олқылық болған шығар.

Біз бокс сүйер қауымның көкейінде жүрген осы бір сауалдардың шешімін табу үшін «Астана арландары» командасының бас директоры Болат Манкеновке   Қытайдан келген бетінде барып, сыр бөлісіп қайтқан едік.

- Болат Тоқтарұлы,  Францияның «Paris United» командасы шынымен бізден мықты ма?

- Осал команда емес, әрине. Осал болса, Еуропа конференциясынан топ жарып шығар ма еді?! Өз тобында «Париж перілері» бокстан «Куба қабыландарының» өзіне дес бермейтін Ресейдің «Кремль аюлары» клубын төрт мәрте тізер­летті. Сондай-ақ, құрамында Доменико Валентино, Клементе Руссо сынды мықты жұдырықты жұлдыздары бар Италия клубының өзінен асып түскен. Ал, жартылай финалда Азия конференциясында біздің боксшыларымызды үш рет ұтқан «Баку оттарын» жолдан тайдырған команда. Бұл жерде мен, біздің боксшыларды нашар деп отырған жоқпын. Әрине, телеарналардан жергілікті жанкүйерлеріміздің барлығы көрген болар, қолымызда тұрған жеңісті екінші күні беріп қойдық. Мамыр айының 9-ы күні бапкерлер бар, басқа да мамандар бар, бәріміз бас қосып, бірінші  және екінші күнгі жарыстарды талқыладық. Мысалға, Мерей Ақшалов пен Мейіржан Рақымжанды алатын болсақ, екеуі де  өз мүмкіндіктерін толық көрсете алған жоқ. Қатты қобалжып шықты. Әрине, кез келген спортшыда   шаршы алаңға шығар алдында қобалжу болады. Ондай кезде не істеу керектігін тәжірибелі спортшылар біледі. Менің ойымша, осы екі боксшымыз нақақтан күйіп кетті. Олар өздерінің шаршы алаңда қалай   жұдырықтасу керектігін терең сараптай алмаған тәрізді.

- Қай күні қай боксшыны шығару жағынан бапкерлер қателескен жоқ па?

- Әрине, қателік болды. Ол тек бапкерлердің ғана қателігі емес. Ол   біздің барлығымызға тән ортақ тактикалык қателік болды. Әсіресе, ауыр салмақта. Мен өз басым бапкерлердің жұмысына, әсіресе, боксшыларды жаттықтыру жұмыстарына жөнсіз килігіп, көп араласа бермеймін. Қытайға аттанар алдында, 2 мамыр күні,  жұдырықтасатын екі бестік жұпты анықтаған кезде  Сардордың орнына Иштванды қалап едім. Бірақ, бапкерлер, жауапты мамандар және дәрігерлер, барлығы  Сардорды қолдады. Қытайға    Иштванды да алып барғанбыз. Ол жерге барғанда мен бұл әңгімені тағы да көтердім. Бірақ, шаршы алаңға Сардор Абдуллаев шықты. Мен оған бола бапкерлерді кінәлап отырған жоқпын. Бұл менің жеке өз ойым және бір емес бұл мәселені екі рет ортаға салдым. Содан болар, ішімде   «әттеген-ай!» деген өкініш қалды. Сардор бастапқы екі раундта ұтты да, соңғы үш раундта шаршап қалды. Бұл жігіттің бойынан осы айқаста керемет ұмтылыс көрмедім. Иә, ұтатын азаматтарымыз ұтты. Ұтқанда да керемет соққыларымен әлем елдерінің алдында өздерінің кім екенін, қазақ жігіттерінің қалай айқасатынын, ешқашан өліспей беріспейтінін, жауынгер ұлт екендігін дәлелдеді. Ол жігіттерге қатты ризамыз. Ал, Бақыт Сәрсекбаевтың жеңілісі бізді ыңғайсыз күйге түсірді. Руслан Мырсатаевқа да бірдеңе жетпей қалды. Мен жанкүйерлерді жақсы түсінемін. Алайда, 7 мамырда, жігіттердің  мейрамы күні жеңіліс тапқаны жанымызға батты. Мен өз басым Бақытты қатты құрметтеймін. Оны жігіттердің барлығы да жақсы біледі. Мемлекеттік жаттықтырушы кезімде боксшыларымызды  Бейжің  олимпиадасына шығарып салып тұрып: «Жігіттер, 40 минуттық жұмыс, алтын медаль үшін 5 жекпе-жек өткізесіңдер, бес бәсекеге білгендеріңді аянбай салсаңдар, онда сендер тәуелсіз елдеріңнің нағыз батыры боласындар!» деген едім. Сол жарыстан Бақыт чемпион болып келгенде, «Аға шынымен, сіздің айтқаныңыз келді, мен барымды салып елдің батыры атандым!», - деген еді. Егер кез келген спортшы екі рет Олимпиада чемпионы боламын десе, тек ұтуға ұмтылуы керек! Жалықпай еңбек ету керек. Біздің жігіттерге тілейтініміз де осы.  Бақыт үшін және кез-келген спортшы үшін шыңның басына шығып, қайта құлау, сосын  шыңның басына қайта шығу деген өте қиын. Бақытқа соңғы жеңілістері физиологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да қатты әсер етіп жүргенін  сеземін. Бірақ   журналистерге берген сұхбатында «Екі дүркін Олимпиада чемпионы атансам,  арманым жоқ!» дегенді айтып жүр. Онысын қолдаймын. Мүмкін, осы жеңілістері оған сабақ болар. 2012 жылы бауырымыз Лондон төрінде қазақтың көк байрағын тағы бір желбіретіп жатса, бізге де, оның өзіне де одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Сондықтан мен  командадағы   жігіттердің барлығына рахмет айтамын. Бұл жаңа жоба, ауыр айқас болды.

- Төрешілердің барлығы дерлік еуропалықтар болды, сондықтан өздеріне бүйрегі бұрды деген пікірлер айтылып жүр ғой?

- Рас, төрешілердің барлығы дерлік еу­ропалықтар болды. Біз бірдеңе болса, бапкерлерді, төрешілерді кінәлауға әзірміз. Бұл жерде менің де қателігім бар шығар. Ал, төрешілерге келетін болсақ,  еуропалықтар өздеріне бұра тартты  деп ойлау адамға тән құбылыс. Бірақ, біздің жеңісіміз бен жеңілісіміз тікелей өзімізге байланысты. Осы жобаның қожайындары - WSB. Төрешілер комиссиясы бар, олар да тектен-текке қарап отырмайды. Өздерінің белгілі ережелері бар, сол ережеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан төрешілер қандай шешім шығарса, біз соған бағынамыз. Бірақ, олар ешкімнің еңбегін еш қылуға мүдделі емес. Егер төрешілер әділетсіз болса, біз Америкада жергілікті команданы   3:2 есебімен жеңер ме едік? Нағыз азуын айға білеген құрлықтың арғы бетіне барып тұрып, жеңіспен оралған жоқпыз ба?  Сондықтан кінәні басқадан көре беруге болмайды. Қанат Исламұлы, Ержан Мүсәпіров және Қанат Әбутәліпов  сынды жанкешті жігіттерімізді ешкім тоқтата алмады. Шын мықтыға тұсау жоқ.

- Біздің құрамада  Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, қола жүлдегер Қанат Исламұлы ғана болды. Ал, қарсы командада Олимпиада чемпиондары болды ма?

- Біздің боксшыларымызды жанкүйерлеріміз жақсы біледі. Кімнің кім екенін, ел чемпионатында, халықаралық ареналарда қандай жетістіктері бар екенін айтудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Біз айтпасақ та ел біледі. Ал, қарсыластарымызға келетін болсақ, олардың арасында Олимпиада чемпиондары болған жоқ. Бірақ, Олимпиадаға, әлем чемпионаттарына қатысушылар бар. 54 келіде Мейіржан Рақымжанов Ирландия спортшысы Джон Джо Невинмен кездесті. Бұл жігіт - Миланда өткен әлем чемпионатында қола медаль алған. Бейжің олимпиадасына қатысушы. Марат Молдагереев Абделькадер Бухениамен айқасты. 24-тегі бұл жігіт WSB рингіне алғаш рет шыққан екен. Бірақ бұған дейін бағындырған белестері -2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері және Францияның үш дүркін чемпионы. Ал, өзбек бауырымыз Сардор Абдуллаев Хорватияның 18 жастағы көкжалы Филипп Хрговичпен қолғап түйістірді. Ол - 2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы.

- Құрамадағы жігіттердің қайсысының үлесі басым деп ойлайсыз?

- Командада жалқаулыққа бой алдырғандар да болды. Кім алға ұмтылды, кім еңбек жасады, кім жеңіс үшін талпынды сол азаматтарымыз осы кезеңнен сүрінбей өтті. Дегенмен, осы жеңісте 17 жігітіміздің әрқайсысының өзіндік үлесі бар. Оны ел болып көрді. Әр кездесуімізді сол күні ел көрсін деп «Еларнадан» көрсетіп отырдық. Соның арқасында, кімнің кім екенін халық   жақсы біліп отырды. Бапкерлерге де  рахмет айтқым келеді. Алда талай айқас бар.  Бұл бәсеке осымен тоқтап қалмайды. Алда - екінші кезең.

- Екінші кезең қашан басталады?

- Осы айдың 19-21 күндері аралығында Швейцарияда төрт құрлықтың 12 командасының басшылары бас қосып, өткен жарысты талқылайтын болдық. Екінші кезең сындары қай кезде басталатыны сол жиналыста белгілі  болады.

- Екінші кезеңде осы боксшылар қайтадан шыға ма, әлде құраманы қайта жасақтайсыздар ма? Мен осы құрамада қалып, әрі қарай   жұмыс істеймін, болмаса құрамадан бас тартамын деген боксшылар бар ма?

- Бұл өте жақсы сұрақ. Мен қазір құрамада кімді қалдыру, кімді қалдырмау керектігін жақсы білемін. Бапкерлердің де көкейлерінде жүрген ойлары бар. Жігіттердің барлығы бірдей емес, жарысқа, жеңіске табандап ұмтылатындары, жанын салып кіріспейтіндері бар. Ең бастысы - спортшыларда ұлттық намыс болу керек.   WSB ережесі бойынша олардың барлығымен үш жылға келісім-шартқа отырғанбыз. Жалқаулығы бар жігіттерге үш жыл ақы төлеу ақылға сыймайды.  Осы мәселені жоғарыда   болатын жиналыста ортаға салғым келіп отыр. Бұл туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деп ойлаймын. Бұл ұсынысымды басшылар мен басқа клубтағы азаматтар да қолдайтын шығар деп отырмын. Біздің ішімізде ережені, шартты бұзған жігіттер бар. Біз келесі кезеңге дейін сол жігіттермен   қоштассақ  деп отырмыз. Бірақ, қазір олардың кім екендерін айтпай-ақ қояйын. Ал, бізбен бірге болатын жігіттерден Қанат Исламұлын ерекше атап өтуге болады. Қанат біздің командаға кеш қосылғанына қарамастан, көп еңбек сіңіріп берді. Өте тегеурінді, қабілетті, өз ісіне мұқият қарайтын, уақытын есеппен пайдалана білетін боксшы. Сосын  Ержан Мүсәпіров, Қанат Әбутәліпов, Иштван Бернат және Рамзжон Ахметовты атап өтуге болады. Сондай-ақ, Мерей Ақшалов пен Мейіржан Рақымжановты да қалдыруға болады. Ал, жалқаулардың қатарында аса ауыр салмақтағы Сардор Абдуллаев пен Милутин Станкович бар. Біздің командамызда жанкешті, еңбекқор жігіттерден Руслан Мырсатаевты айтқым келеді. Ол бойындағы бар қуатын көрсетуге бар күшін салды. Марат Молдагереевтің боксқа келгеніне бір жыл ғана болды. Сосын Иштван Бернаттың да еңбекқорлығын атап өтуге болады. Осы үш жігітіміздің еңбегі  ерекше атап өтуге лайық.

- Бірінші кезең әлі толық аяқталған жоқ. Алда екі тарланымызды жауапты бәсекелер күтіп тұр. Ол туралы не айтасыз?

- Иә, алда жекелей чемпионат қалды. Оған Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров барады. Олар жарыстан келген бойда, тынығып алсын деп, Бурабайға жібердік. 5-6 күн демалған соң  екеуі арнайы жаттығуға кірісетін болады.

Қазір екеуінің спорттық бабы ойдағыдай шығар?

-  Қазір екеуінің де пихологиялық жағынан демалғаны дұрыс. Осының алдында біраз адамдар Ержанды АКШ-қа бекер апардыңдар деп еді. Бірақ менің ойымша, ол өте дұрыс шешім болды. Өйткені Америкаға барып, ұтылғаны оған сабақ болды. Өздеріңіз де көріп жүрген боларсыздар. Ержан өте намысқой, ұлтшыл азамат. Осы жолы финалда ол өзінің бар өнерін көрсетті. Ержанның өзі де «Америкаға барып, жеңіліп қайтқаным маған үлкен сабақ болды», деп жүр. Екі азаматымызды Бейбіт Есжанов бастаған  үш бапкер арнайы дайындайды. Жеңуге мүмкіндіктері бар деп отырмыз. Бірақ, бақ шаба ма, бап шаба ма деген. Екеуіне тілейтінім: бақтары да, баптары да қатар шапсын!

Біздің кейбір жазғыштарымыз қарсыластарымыздың келбетіне, ұлтына, нәсіліне байланысты әртүрлі теңеулер қолданып жүр...

- Бізді біреулер кемсітіп жатса, жақсы көреміз бе? Біз спортшыларды нәсіліне, сыртқы пошымына қарап кемсітпеуіміз керек. Спортшы өз елінің намысын қорғап жүрген, елі, ата-анасы үміт күтіп жүрген азамат емес пе?! Біз де шетелдерге шығып жатырмыз. Қазақтар анадай екен, мынадай екен деп ұлттық сипатымызды кемсітетін болса, біз де ренжиміз ғой. Сол үшін кез-келген елдің ұлттық болмысына ат қойып, айдар тағу дұрыс емес.Біздің журналистер осы жағына абай болса екен.

- Тағы бір сұрайын дегенім, егер құпия болмаса, сіздерге әр кездесу сайын қанша қаржы жұмсалады? Ол қаржы қайдан келіп жатыр?

- Әр кездесуге теңгемен есептегенде 15 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды.   Ол шығынның барлығын еліміз көтеріп жатыр. Соның ішінде, «KEGOC"» ұлттық компаниясы, «Медикер» медициналық компаниясы,  «ҚазМұнай Газ» компаниясы, т.б. демеушілеріміз бізден ешқандай көмегін аяған жоқ. Оларға да алғысымыз шексіз. Бұл мемлекеттік жоба болғандықтан, жеке компанияларға да хабарластық. Бірақ көбінің қызығушылығы болмады. Бізде жарнамалық жүйеміз, өзімізге тиісті нышанымыз бар. Оларды шетелдерде де көрсетіп, насихаттап жүрміз. Енді, Алла қаласа, екінші кезеңде салмақтың барлығын ұлттық компанияның мойнына арта бермей, жеке банктер, басқа да жеке компаниялар, жеке кәсіпкерлер, белгілі тұлғалар көмек қолын созамыз деп жатса, біз қарсы болмаймыз. Біздің клуб  бірінші жылдың өзінде әлем бойынша 2-орын алып, әлемге танылды. Өздерінің жарнамасын біз арқылы көрсетеміз деген  мекемелер мен азаматтармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.    Қазақстан бокс федерациясы бізден ештеңе аяған жоқ. Бізге не керек, сол мүмкіндіктің барлығын жасады. Біз басшыларымызға мың алғысымызды айтамыз. Бір ұжым болып жұмыс істедік. Олар біздің қуанышымызға да, сәтсіздігімізге де  ортақ болды. Сол үшін біз ол кісілерге ризамыз. Сонымен бірге барлық жанкүйерлерге, журналистерге алғысымыз шексіз...

- Болат Тоқтарұлы, әңгімеңізге көп рахмет! Сіздердің еңбектеріңіз далаға кеткен жоқ. Жеңіс құтты болсын!

Біз финалда ел намысын қорғап қайтқан он оғыланымызбен және осы команданың бас бапкері Бейбіт Есжановпен әңгімелескіміз келді. Өкінішке қарай, Бейбіт Е сжановпен кездесе алмадық. Боксшыларымыз да үйлеріне тарқап кетіпті. Соның ішінде үш-төртеуіне телефон шалып, аз-кем тілдескен едік.

Мейіржан Рақымжанов

- Мейіржан Қытайда жеңілуіңе не себеп болды?

- Мен осы жолғы қарсыласымды бірінші рет кездестіруім. Әрі ол туралы көп білмейді екенмін. Алғашында маған басқа қарсылас шықпақшы болатын. Мен сол французға дайындалып жүрген едім. Мен үшін күтпеген жағдай болды.

- Қарсыласың сондай мықты болды ма?

- Аса мықты емес. Мен қателік жібердім. Шаршы алаңға өте асығыс шықтым. Өз-өзімді меңгере алмай қалдым. Жоспарымды жүзеге асыра алмадым.

- Осы командада әрі қарай болу ойыңда бар ма?

- Әрине, үш жылға келісім-шартқа отырғанмын.

Мерей Ақшалов:

- Егерде қабағың жарылмағанда жеңіс қолыңда болар ма еді?

- Ол Алланың қолында ғой. Ештеңе айта алмаймын.

- Жарысқа аттанарда сөзсіз жеңіп келемін деп ешкімге уәде бермеп пе едің?

- Уәде берген емеспін. Бірінші өзімді Аллаға тапсырып, сосын барып өзіме сенемін. Кез келген спортшы жарысқа жеңілемін деп бармайды. Бәріміз де жеңсек, ел үмітін ақтасақ деп бардық. Бірақ, мен өзім жеңілсем де командамыз топтық сында топ жарсын деп тіледім. Екінші орын алып қалғанда қатты қиналдым.

- Алда қандай мақсаттарың бар?

- Егер осы команда   мені қалдырып жатса, келесі  айналымда бар күш-жігерімді жұмсап, кеткен кемшіліктерімнің орнын толтыруға күш саламын. Сонымен қатар Олимпиада чемпионы атану үшін еңбек етуім керек.

Қанат Исламұлы:

- Қанат, кіндік қаның тамған мекенге Қазақ елі атынан бірінші рет барып, атажұрттың намысын қорғап қайттың. Қытай елі қалай қабылдады?

- Бұл жерде маған Қытай елінің қалай қабылдағаны қызық емес. Мені қызықтыратыны - қазақтың намысы! Мен Қытайда жүргенде  сол жақтағы қандастарымның намысы үшін күрестім. Маған бәрінен қазақтың намысы қымбат!

- Кетіп қалыпсың ғой, неге кеттің дегендер болды ма?

- Әрине, болды. Мені қытайлардың  ұнатпағанын білемін. Бірақ, әр азаматтың қайда барады, қай елдің атынан өнер көрсеткісі келеді, ол өз еркінде ғой. Мен Қытайдан кетіп, басқа елдің жыртысын жыртып жүргем жоқ. Келсем, өз ата-бабамның мекеніне келдім. Оған бола маған ешкім ештеңе айта алмайды.

Қазір жанкүйерлер арасында, егер бірінші күні сенің орныңа Бақыт Сәрсекбаев түсіп, келесі күні Бақыттың орнына сен түскенде жеңіс бізде қалар еді деген пікір тарап жүр. Сен не айтасың?

-  Оның барлығы құр сөз. «Біткен іске сыншы көп» деген ғой. Бақыт өте тәжірибелі, мықты боксшы. Мен Бақытты әріптес ретінде де, аға ретінде де қатты сыйлаймын. Алланың бұйыртқаны солай болған шығар. Бір жеңіске жеткен боксшы қайта жеңілмейді деген сөз жоқ. Бәсеке болған соң, жеңіс те, жеңіліс те болып тұрады.

- Әңгімелеріңе көп рахмет! Алда жеңісті күндерің молынан болсын...

Тілші бағамы: Қалай десек те, үш жүз жыл өзге елге бодан болған, 16 миллион ғана халқы бар Қазақ елі тәуелсіздіктің дәмін татқанына 20 жылдай бола тұра қаншама бай қуатты елдердің боксшыларын жолдан тайдырды. Азия аймағында Әзірбайжанның боксшыларына ғана аздап есе жібергеніміз болмаса, азуын айға білеген Америка да бізге қарсылас бола алмады. Шынымен де, осы жолы аздап тәжірибесіздіктен француздарға жол беріп қойдық. Оған бола қазақ елінің абыройы ортая қойған жоқ. Қайта талай елдің тамсана айтар ертегісіне айналдық. Бұл- жеңіс қазақ елінің жеңісі! Біз әлем бойынша екінші орындамыз! Біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда екенін естен шығармайық, ағайын!  Абыройымызды асқақтатқан «Астана арландары» құрама командасына шексіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сұхбаттасқан Күнсолтан Отарбай

«Абай-ақпарат»

0 пікір