ДИЭФ-тің мақсаты - мұсылман елдерінің шағын және орта бизнес саласындағы ынтымақтастығын дамыту – Сейд Әбу Бакар Алмодзар
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанада 7-9 маусымда өтетін 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы (ДИЭФ) «Ғаламдық экономикалық даму: өзара байланыс, бәсекелестік пен ынтымақтастық» тақырыбында өрбитіні белгілі болып отыр.
Бүгінде бұл форум Ислам Конференциясы Ұйымына мүше-мемлекеттердің дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін экономикалық саммиті ретінде қалыптасты. Форум алғашында Ислам елдерінің экономикалық басқосуы ретінде 2005 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында «Даму және прогресс үшін жаңа альянстар құру» атты ұранмен өткен болатын. Сонымен қатар Малайзия үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан ДИЭФ «Ислам Конференциясы Ұйымының Давос форумы» секілді идеядан туындаған еді. Еуразия кіндігінде, Астанада өткізілетін осы алқалы жиын қарсаңында Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы Қорының атқарушы директоры Сейд Әбу Бакар Алмодзар мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Директор мырза! Астанада өткізуі жоспарланған ДИЭФ-ке дайындық деңгейін қалай бағалар едіңіз?
АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанада 7-9 маусымда өтетін 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы (ДИЭФ) «Ғаламдық экономикалық даму: өзара байланыс, бәсекелестік пен ынтымақтастық» тақырыбында өрбитіні белгілі болып отыр.
Бүгінде бұл форум Ислам Конференциясы Ұйымына мүше-мемлекеттердің дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін экономикалық саммиті ретінде қалыптасты. Форум алғашында Ислам елдерінің экономикалық басқосуы ретінде 2005 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында «Даму және прогресс үшін жаңа альянстар құру» атты ұранмен өткен болатын. Сонымен қатар Малайзия үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан ДИЭФ «Ислам Конференциясы Ұйымының Давос форумы» секілді идеядан туындаған еді. Еуразия кіндігінде, Астанада өткізілетін осы алқалы жиын қарсаңында Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы Қорының атқарушы директоры Сейд Әбу Бакар Алмодзар мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Директор мырза! Астанада өткізуі жоспарланған ДИЭФ-ке дайындық деңгейін қалай бағалар едіңіз?
‑ Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы биыл Қазақстанға ғана емес, Астана арқылы Орталық Азияға тұңғыш рет қадам баспақшы. Осынау алқалы жиын бұдан 7 жыл бұрын Куала-Лумпурде алғаш рет шақырылған болатын. Ұйым негізінен күрделі экономикалық мәселелерді талқылауды, сондай‑ақ Ислам мемлекеттері басшыларының саммиттерін дамыту мәселелерін талқылауды дағдыға айналдырғаны белгілі. Шараның негізгі өткізілу дәстүріне сәйкес, басқосу пленарлық, секциялық отырыстарды қамтиды, одан бөлек көрмелер ұйымдастырылады, инвестициялық жобалардың тұсауы кесіледі. Бұл бағытта ірі корпорациялар мен бизнес өкілдіктері арасында іскерлік кездесулер мен келісімшарттар жасасуға қолайлы жағдайлар да жасалатын болады. Форум негізінен екі бағдарламаға бөлінеді. Оның біріншісі - әйел кәсіпкерлер мен жас лидерлерге арналса, екіншісі - негізінен Ислам елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты қамтиды. Бірінші бағдарлама ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысып, оның сөз сөйлеп ашыуымен басталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, форум аясында арнайы көрме ұйымдастыру көзделіп отыр. Екі күнге жалғасатын жиынның бағдарламасына сәйкес, сессияның ашылу салтанатына ҚР Президенті Н. Назарбаев та қатысатын болады. Дайындыққа келетін болсам, біз бұған дейін де көптеген жұмыс кездесулерін ұйымдастырған болатынбыз. Сондықтан, форум жоғары деңгейде өтіп, жемісті болады деп сенемін. Бүгінгі күні шамамен форум жұмысына 2‑2,5 мың адам қатысады деп жоспарлануда.
‑ 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумына қандай елдерден өкілдер келеді?
- Біз форум жұмысына 20 мемлекеттен делегациялар қатысады деп күтеміз. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін өздерінің атсалысатынын Индонезия, Малайзия, Ирак, Бахрейн, Қырғызстан және Әзірбайжан қуаттады. Ал форум барысында Малайзия, Ирак, Бахрейннің премьер‑министрлері, Индонезияның вице‑президенті қатысуға ниет танытты. Сонымен қатар форумға Ислам мемлекеттерінің бірқатар басшылары шақырылып отыр. Олардан бөлек Пәкістан, Малайзия, Ливан, Мавритания мен Нидерланды елдерінің бұрынғы үкімет басшылары, Ислам даму банкінің президенті секілді тұғалар да болады. Ислам әлеміне қатысы жоқ Мексика елінен де өкілдер қатысуға ниет танытқан еді.
- ДИЭФ бағдарламасында қандай мәселелер қамтылмақ?
- Жалпы, ДИЭФ Ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қозғауды мақсат тұтып құрылған еді. Қазіргі күнге дейін осы мұратын жүзеге асырып келе жатқан Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы тәуелсіз ұйым ретінде қалыптасып отыр. Негізі бағдары - экономикалық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу. Сондықтан да 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының аясында негізінен экономикалық және бизнес мәселелері талқыға түседі. Тоқтала кететін жәйт, форум жұмысы барысында, оның аясында ешқандай да саяси, діни мәселелер талқыланбайды. Бұдан бөлек, форум аясында талқыланатын тағы бір маңызды тақырып - азық-түлік қауіпсіздігі. Жиынның күн тәртібіне азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселенің енгізілуі Қазақстан үшін де кең мүмкіндік ұсынатыны белгілі. Өйткені, Сіздердің елдеріңіздің жер аумағы үлкен әрі Қазақстан аграрлық индустрия бағытында барынша үлкен әлеуетке ие. Ендеше, форум арқылы Ислам елдерінің азықтық сұранысы үшін инвестициялық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік болып қалар. Сондай‑ақ алқалы жиында «Халал әлемі» атты сессия да өз жұмысын жүргізетіні күтілуде. Бұл ретте де халал экожүйесінің әлеуетін арттыру жайына көбірек назар аударылады. Исламдық қаржыландыру және исламдық банкинг мәселесі де жеке тақырып болып ұйымдастырылғалы отыр. Дегенмен, сессияның осы бөлігіне қатысуға ниеттенушілердің өтініші зор болды. Сондай өтініш берушілердің тілегін ескере келе, исламдық банкинг пен қаржыландыру тақырыбы өз ішінде екі сессияға бөлініп өткізілмекші. Бұдан басқа, форумда энергетиканың балама көздеріне қатысты арнайы іс-шаралар қамтылатыны көзделген.
Жалпылама айтсақ, форумның негізгі мақсаты - шағын және орта бизнес компанияларының ынтымақтаса дамуы үшін мүмкіндік ұсыну. Бұл бағыты арқылы ДИЭФ Давос форумынан ерекшелене түседі. Сондықтан да, әлем елдерінің қатарындағы шағын және орта бизнес өкілдері бұндай жиынға қатысып, өздерінің мүмкіндіктерін арттыратын болады. Еуропадағы Давос форумында ондай жәйт қарастырылмағанын еске салғым келеді. Біздің жиынның ерекшелігі де осы тұста.
- 2010 жылы ДИЭФ тақырыбы «Экономикалық ірілену жағына қозғалыс» тақырыбында өткені белгілі. Сол өткен жолғы форумның қорытындысы туралы да айтып өтсеңіз?
- 6-шы Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы қорытындысына орай, біз арнайы қарар қабылдадық. Онда экономикадағы келешектегі беталыс пен бағыт айтылды. Басым бағдарлар сараланып, 10 пунктке назар аударылды. Осындай баптың бірі бойынша таза энергетика банкін құру туралы ұсыныс қамтылған еді. Бұл ретте нағыз таза энергия көздерін өндіргісі келетіндердің баршасын біз өзімізге келуге шақырдық. Олардың жобаларына қызығушылық танытатынымызды білдірдік. Бұндай жобалар қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселені қатаң сақтайтын болуы керек. Тағы бір қызықты бап туралы айтайын, ол жас азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға арналады. Мәселен, АҚШ‑та Әлем корпусы бар. Онда жас бизнесмендер, болашақ алғырт кәсіпкерлер өздеріне ұнайтын тақырыптарын әкеліп қана қоймай, басқа да елдерге барып, өздерінің сол бизнес идеяларын іске асыруға мүмкіндік алып жатады. Бұндай берері мол тәжірибені неге бізге енгізбеске? Бұл бап жастарды соған шақырады.
- Сіз басқаратын Қор форумдар арасындағы үзілістер барысында немен айналысады?
-Басқа уақыттарда біз өзіміздің жеке бағдарламаларымызды жүзеге асырамыз. Мәселен, әйел кәсіпкерлер үшін семинарлар өткіземіз. Бұндай семинарлар негізінен ислам елдерінде, сондай‑ақ аз дамыған мемлекеттерде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін нәзікжандыларға арналады. Жалпы, форум аясындағы негізгі бағытымыз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болғандықтан, біз жас лидерлер мен әйел кәсіпкерлерге барынша назар аударатын боламыз. Бұған сәйкес, әйел кәсіпкерлер үшін онкүндік семинарлар өткізіп келеміз. Бұндай екі семинар Куала-Лумпурде өткізілген болатын. Астанада өтетін Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумынан соң ондай семинар Бангладеште өтеді. Шара барысында бизнесті жүргізу негіздері оқытылады. Семинарға қатысқысы келетіндер ДИЭФ сайты - www.wief.org. бойынша тапсырыс берулеріне болады.
Бұдан бөлек, біздің Қор аясында университет бітірушілерді өздері тұрып жатқан мемлекеттен басқа елдерге жұмысқа орналастыруға бағдарланған шаралар да баршылық. Мәселен, осы бағдарлама бойынша Пәкістан университетінің түлектері Дубайда жұмыс істесе, Малайзияның түлектері Австрияда және басқа да мемлекеттерде жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бағдарлама осыдан екі жыл бұрын жұмыс істей бастады. Бұл ретте бізбен келісімшартқа отырған компаниялар жаңадан жұмысқа араласатын бітірушілерді еңбеккер ретінде қабылдайтын болады. Тағы бір бағдарлама әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінен үздік профессорлар мен оқытушыларды қатыстыра отырып, тақырыптық халықаарлық конференциялар өткізуді көздейді. Бұндай ауқымды конференцияны соңғы рет Малайзияда өткізген едік. Оның тақырыбы әлеуметтік кәсіпкерлікті қамтыды. Бұдан бөлек, біз бүгінгі күннің өзектісіне айналған исламдық қаржыландыру және исламдық банкинг, халал стандарттарын енгізу секілді мәселелер шеңберінде де халықаралық конференциялар өткізуді жүзеге асыра алатын боламыз. Дәл осы тақырыптағы конференциялар Ыстамбұлда, Бахрейн мен Мәскеуде өтті.
‑ Әңгімеңізге рақмет!