Болат Абаған. Текелінің таулары «тенттектік» танытты
Сенбі күні (13 маусым) түн ортасына таман Текелі, Талдықорған, Қапшағай және Алматы қаласы мен сол қалалардың маңындағы аудандарға таяу қоныстанған елді мекендерде қатты жер сілкінісі болды. Алғашынды тым күшті болып байқалған дүмпу араға бірер минут салып барып тағы қайталанды. Дәл сол кезде жер сілкінісінің орталығы болып шыққан Текелінің тенттек тауларын бөктерлей қоныстанған жұртшылық пен Талдықорған қалаларындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары дереу сыртқа ұмтылып, бірер сағат уақыттарын ашық аспан астында өткізіп, содан соң бір қабатты жер үйлерде туыстары барлар соларды паналап, көрер таңды көздерімен атырды. Мұндайда елдің ішін қаңқу сөздің де тез кезіп кететіні айтпаса да түсінікті. Жексенбіні қойыңыз, дүйсенбі күні де Талдықорған қаласының төңірегіндегі елді мекендердің жұртшылығы елеңдеуден арылмады. Халықтың үрейін туғызатын әңгімелер де жедел тарап, желдей ескеннін көзімібен көріп, құлағымызбен естідік. Зілзаладан Талдықорған қаласы ешқандай зардап шеге қойған жоқ.
Сенбі күні (13 маусым) түн ортасына таман Текелі, Талдықорған, Қапшағай және Алматы қаласы мен сол қалалардың маңындағы аудандарға таяу қоныстанған елді мекендерде қатты жер сілкінісі болды. Алғашынды тым күшті болып байқалған дүмпу араға бірер минут салып барып тағы қайталанды. Дәл сол кезде жер сілкінісінің орталығы болып шыққан Текелінің тенттек тауларын бөктерлей қоныстанған жұртшылық пен Талдықорған қалаларындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары дереу сыртқа ұмтылып, бірер сағат уақыттарын ашық аспан астында өткізіп, содан соң бір қабатты жер үйлерде туыстары барлар соларды паналап, көрер таңды көздерімен атырды. Мұндайда елдің ішін қаңқу сөздің де тез кезіп кететіні айтпаса да түсінікті. Жексенбіні қойыңыз, дүйсенбі күні де Талдықорған қаласының төңірегіндегі елді мекендердің жұртшылығы елеңдеуден арылмады. Халықтың үрейін туғызатын әңгімелер де жедел тарап, желдей ескеннін көзімібен көріп, құлағымызбен естідік. Зілзаладан Талдықорған қаласы ешқандай зардап шеге қойған жоқ. Ал Текелідегі (Алматы облысының орталығы Талдықорғанмен іргелес орналасқан қала) қалыптасқан жағдайды өз көзімен көріп, жер сілкінісінің қаншылықты зиян келтіргенін және қауіпті екенін бағамдағысы келген облыс әкімі Серік Үмбетов дүйсенбі күні таңертеңгісін қасына төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет салаларының басшыларын, Текелі қаласының әкімі мен БАҚ өкілдерін ертіп, кеншілер шаһарындағы бүлінген үйлер мен мемлекеттік нысандарды аралап көрді.
Бірінші кезекте осы қаладағы қарттар мен мүгедектердің интернат-үйіне атбасын бұрған әкімді зілзала болғаннын бері Алматыдан арнайы келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ҚР Білім және ғылым министрлігі сейсмология инстиутының директоры Таңатқан Абақанов бастаған мамандар қарсы алып, дәл қазіргі кезде алаңдауға еш негіз жоқтығын жеткізді. Интернат-үйінде көзге бірден ұрып тұратындай бүліністер жоқ екен. 1991 жылы салынған ғимарат дәлізінің төбесіндегі жапсырма қаптамалардың шағын бөлігі құлап, төбенің тұтас плиталары мен қабырғалары арасындағы жіктердің сылақтары түсіп қалыпты. Бұдан соң қаланың тау жағындағы бөлігінде орналасқан Сәтбаев көшесіндегі бірнеше үйдің зілзаладан айтарлықтай зардап шеккенін көзімізбен көрдік. 1959 жылы салынған, заманында қоғамдық монша болған екі қабатты ғимарат кейіннен қайта құрудан өткізіліп, он екі пәтерлік үйге айналдырылған екен. Осы және тағы бір он екі пәтерлік үй мен сегіз пәтерлік бірнеше үйдің қабырғалары жарылып, төбелерінің сылақтары құлапты. Осылардың арасында дәл қазіргі кезде тұруға аса қауіпті деп саналған бірнешеуінің тұрғындарын тез арада көшіріп, қонақүйлер мен жатахқаналарға орналастару туралы қала әкіміне тапсырма берген Серік Әбікенұлы олардың барлығына қала ортасындағы коммуналдық меншікке алынған үйлерден пәтерлер берілетінін, ал бүлінген үйлердің мүмкіндігінше жөнеделетінін айтып, сабырға шақырды. Жалпы қала бойынша аса үлкен дәрежеде бүлінген мекеме - №1 орта мектеп. Төрт жүзге жуық бала оқитын мектеп 1948 жылы салыныпты. Содан бері мезгіл-мезгіл түрлі дәрежедегі жөндеулерден өткезілгенімен, жасы алпыстан асқан ғимарат осы жолғы төтенше жағдайда қатты сыр беріп, корпустарының арасын қосатын тұстар бір қарыстай болып айырылып кетіпті. Ішінде тұрып, сырттағы ауланы көре аласың. Осы жерде аталған ғимараттың 1993 жылғы жер сілкінісі кезінде де бүлініп, оған жер сілкінісіне қарсы күшейту жұмыстарын жүргізу белгіленгенмен, орындалмағаны айтылды. Облыс басшысы өзінің бірінші орынбасары мен қала әкіміне мектепті толық зерттеуден өткізіп, қажет деп табылған жұмыстардың барлығын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі сейсмология инстиутының директоры Таңатқан Абақановтың айтуына қарағанда, институт алдағы жеті он жыл қарсаңында Алматы облысындағы жер сілкінісі болады деп анықталған ошақтардағы оқиғалардың тіркелу мүмкіндігін толық зерттеп шыққан көрінеді. Алайда таяу жылдардың шегінде анықтау жұмыстарының жүргізілуі қиынға соғатын сияқты. Өйткені Алматы облысы бойынша жұмыс істейтін сейсмостансылардың саны аз және жабдықталуы тым нашар екен.
- Қаладағы ең үлкен зардап шекен мектеп екі өзеннің ортасындағы аралда орналасқандықтан оның астына судың жиналатыны айтпаса да түсінікті. Су өз кезегінде іргетас орналастырылған тасты, қиыршықты қабатты шайып отырады. Сондықтан білім ошағын зілзалаға қарсы күшейту шаралары туралы осыдан он-он бес жыл бұрын ескертілген еді. Сол орындалмады, соның зардабын бүгін тартып отырмыз. Сонымен бірге осыдан біраз бұрын былтыр Қытайды қайғыға батырған Сычуань провинциясында болып қайтқанымда, ондағы жер сілкінісінің себептерінің қатарында техногендік сипаттар барлығын естідік. Сондықтан болашақта біздегі тау шатқалдарында су электр стансыларын және тағы басқа да нысандар салуда сейсмолгия инстиутымен бірлесе жұмыс жүргізуді жолға қойған дұрыс. Ал Текелідегі жер сілкінісіне келер болсақ, сенбі күні түнгі сағат 11-ден 17 минутта тіркелген зілзаланың қаладан сәл ғана қашықтықта - орталық нүктесі 7 баллдық жер сілкінісі болғаны анықталып отыр. Екінші дүмпу араға 8 минут салып барып қайталанды. Мұның күші - 5 балл. Содан кейінгі алты сағат ішінде осы аймақтағы жер 21 рет сілкінді.Жексенбі күні тағы тоғыз дүмпу тіркелді. Ал бүгін ондай ештеңе тіркелмеді. Сондықтан алаңдайтындай ештеңе жоқ, - дейді академик-директор.
Облыс әкімі Серік Үмбетов анықталған жағдайларға байланысты тез арада нақты шаралар қолға алынатынын, арнайы штаб құрылып, зілзаладан зардап шегушілердің барлығын анықтап, оларға заң ауқымындағы көмектер көрсетілетінін жеткізді. Ешкімнің назардан тысқары қалмайтынын, арнайы комисияның жұмсынан соң қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілетінін айта келе төтенше оқиғадан адам шығыны болмағанына тәубе айтып, тірлікті алаңсыз жалғастыра беруге шақырды.
Талдықорған қаласы, Алматы облысы.