Жемқорлықты жеңу жолы - достарыңыз бен отбасыңызды түрмеге отырғызу...
Біз - жемқорлықпен күресіп отырған мемлекетпіз. Президент Н.Назарбаев бұл індетті жою үшін 2014-2024 жылдарға арналған арнайы стратегия бекіткен болатын. Және ол, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бірінші боп қабылдаған елдердің қатарында екенін де мақтанышпен айтқан еді. Президенттің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қатаң әділ заңдар мен оларды орындау қажет екен. Бірақ, бізде сол Заңдар орындалып жатыр ма?
Қазір Қазақстан жемқорлық бойынша әлемде 123 – орында. Ал, 2014-2016 жылдардағы атқарылған жұмыстардан кейін 17 орынға көтерілдік деген де ақпараттар бар.
Ресми деректерге сенсек, былтыр елімізде жемқорлық ісі бойынша 135 шенеунік қызметінен кеткен. Ал, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жемқорлықтың алдын алуға байланысты 2053 құжат тіркелген. Оның ішінде ІІМ – 862, әкімшіліктерде – 584, мемлекеттік кірістер бөліміде – 99, денсаулық сақтау министрлігінде – 30, ауылшаруашылығы министрлігінде – 33 жемқорлық фактілері анықталған.
Нәтижесінде, 1211 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 135 шенеунік жұмыстан қуылған. 76 адам қызметінен алынып, 190 атқамінерге ескерту жасалыпты. Ал, 281 шендіге қатаң сөгіс жарияланған. Егер, шенеунік шын мәнінде сондай қылмысқа барғаны рас болса және ол қылмысы бұлтартпас айғақтармен дәлелденсе, оған тек ескерту мен сөгіс жариялау қаншалықты әділетті? Ескерту алған шенді екінші рет қылмысқа бармайтынына кепілдік бар ма?
Жалпы, жемқорлықпен күресте бізге Сингапурдың жолы үлгі болу керек-ақ. XX ғасырда экономикасы әбден тұралап, жемқорлық жайлаған елді жаңадан сайланған басшы Ли Куан Ю тығырықтан алып шықты. Оның ел басшысы ретіндегі ең үлкен жетістіктері - сыбайлас жемқорлықты жойып, сот реформасы, инвестиция тарту, жұмыссыздықты жою, білім реформасы және мемлекеттік компанияларды құру болды.
Шын мәнінде, Ли мемлекеттің игілігі үшін ешкімді аямады. Тіпті, өзінің ең жақын досын да Заң бұзғаны үшін түрмеге отырғызды. Парақорлық үшін сот бірнеше министрді абақтыға жапты.
Сондай-ақ, елде шенеуніктердің, олардың туыстары мен достарының қаражатын мұқият қадағалап отыратын тәуелсіз БАҚ ұйымдастырылды. Олар шын мәнінде төртінші биліктің міндетін атқарады.
Нәтижесінде, әбден кедейленген Сингапур Азияда ғана емес, бүкіл әлемде ең дамыған елдердің қатарына қосылды.
Ли Куан Ю-дің тағы бір үлгі болар тұсы – болашақ ұрпақты өз алдына ойланып, шешім қабылдай алуға шақырды. Және, оларды заманға сай озық технологияларды меңгерген маман ретінде қалыптастырды. Сөйтіп, Сингапур жастары шет елдік жұмыс берушілерден тәжірибе алып, әлемдік нарықта олармен бәсекеге түсе бастады. Көп ұзамай Сингапур - электрониканы өндірудің негізгі орталықтарының біріне айналды. Бүгінде Singapore Airlines кәсіпорны – әлемдегі үздік авиакомпания болып саналады.
Ал, біздің елдегі білім жүйесінің ширек ғасырдан бері реформадан көз ашпай келе жатқанын ескерсек, қазақ жастары әлемдік нарықтың бәсекесіне қашан түсетіні белгісіз.
Түйін.
Ли Куан Ю: “Мен билікке келгенде алдымда екі жол тұрды. Бірі – мемлекет қаржысын талан-таражға салып, достарым мен туыстарымды “Форбс” тізіміне қосу. Екінші жол - бар күш жігерімді ел мүддесіне жұмсап, мемлекетімді әлемнің ең үздік ондығына кіргізу. Мен – екінші жолды таңдадым”, - дейді.
Және, «Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз - достарыңыз бен отбасыңызды түрмеге жіберуге дайын болуыңыз керек» депті, бүкіл әлемге үлгі болған Сингапур басшысы.
Шын мәнінде, жемқорлықты жеңу үшін құрғақ сөз емес, осындай батыл да әділетті әркет керек. Ал, біздің шенділер осындай тәуекелге бара ала ма?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz