"Алтын тақ" - қазақтың рухын көтеретін фильм
«Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы «Алтын тақ» туындысы көрерменге жол тартты. Фильмнің тұсаукесері 26-ақпан күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл туынды Президент бастамасы бойынша қолға алынған. Сонымен қатар, министр бұл фильмде тарих қана емес, көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленгенін атап өтті.
«Алтын тақ» фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Киноның түсірілім жұмыстары Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген. Сонымен қатар, Тараз және Түркістан сияқты тарихи қалаларда түсірілім жасалған.
Қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашов
Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов
Қоюшы суретші: Мұрат Карипов
Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников
Костюм жөніндегі суретші: Ажар Әубәкірова
Художник по гриму: Сергей Маурин
Бас продюсері: Арман Әсенов
Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
Редакторы: Ерлан Төлеутай
Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Ғазиза Тілеубай, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Фариза Ескермесова, Әшілер Сүлейменов және басқалар.
Біз бұл туынды туралы көрермендердің әлеуметтік желідегі пікірлерін де беруді жөн көрдік...
Қуандық Шамахайұлы, журналист:
"Алтын тақ" фильмінің түсаукесерінде болдық. Көрген соң көп ойлар туды. Бұл "Қазақ хандығы" фильмінің заңды жалғасы екен. Әрине, көркем туынды болғандықтан тарихи деректі қатаң ұстану жөнінде тым бір жақты талап қоюға да келмес. Дегенмен, тарихшы, этнограф ғалымдар тарапынан бұл шығарылым да біраз сынға ұшырауы ықтимал. Бұл жағын солардың еншісіне қалдыра тұрайық.
Жалпы, алғанда фильмнің тағылымдық танымдық өз орны бар. Әсіресе, өз тарихынан хабары аздау қалың көрермен үшін берері бар фильм. Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихы тым арыда болғанымен бұл жерде негізінен хандық дәуірдің басталуы әңгімеге арқау болып отыр. Режиссер Рүстем Әбдіраш та, сценарий авторы Смағұл Елубай да киноға бар өнерін салғаны аңғарылып тұр. Бар мүмкіндіктерін ғана пайдалануы заңдылық қой. Ал, актер, актрисаларға айтар жоқ. Тарихи фильмдерде ойнауға әжептәуір төселіп келе жатқандай.
Сонымен фильм қазақтардың Сығанақты қайтарып алуымен, Керей ханның дүниеден өтіп, Жәнібектің хан тағына отыруымен аяқталды.
Ары қарай не болады? Әлі жалғасын табары анық. Ресей отыршыларының Қазақ даласына өңмеңдеп, өңеш созып келуі, қара шекпенділерді қаптатуы, ұлт азаттық көтеріліс тарихы, Сырым Датұлы, Истай, Махамбет және Кене Сары хан образы сомдалар. Сол бәрінен қызық болып тұр.
Айгерім Мұрат, көрермен:
Рүстем Әбдрашев бастаған шығармашылық топтың арқасында 4 жылға жуық түсірген ерен еңбек ақталды! Елбасымыздың бұл туындыға разы екендігін жеткізді!
Жылап та алдық, рухани байып та алдық. Құйқамыз шымырлап, делебемiз қозып, шабытымыз шарықтап кетті. Апыр-ау, қаншама көл боп аққан жаспен, қанмен келген, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған дәуірдi, келер ұрпаққа аман-есен тапсырмасақ, адамдығымыз қайда қалмақ?! Махшарға барғанда ата-бабамызға не деп жауап бермекпiз?!
Айта берсем, әңгіме, алған әсер, жазар сөз таусылған ба?! Бастысы, Елбасымыздың мына сөзін жадымызда мәңгі сақтауымыз тиіс! "Тәуелсіздіктi осы уақытқа дейін сендерге аман алып келдік, сақтап қалу жастар, келешек ұрпақтың қолында"!
Адам болуымыз да, ада болуымыз да қазірден жасаған ісімізге байланысты! Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етейiк!
Жәмилә Зайырова, көрермен:
Қазақ Хандығы - Алтын Тақ кинотуындысы көрерменге жол тартты!
Елбасының идеясымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген “Қазақ Хандығының” жалғасы “Алтын тақ” кинотуындысын ерекше ықыласпен тамашалағанымды айта өткім келіп отыр...
Әсіресе Түркістан жерін көрсеткенде кеудемді мақтаныш кернеп, Түркістанның сұлулығына таңдана отырдым.
Қазақ жерінің сұлулығын, актерлердің әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Жәнібек ханды ақ киізбен Түркістанның алдында көтергенде кеудемде қуаныш кернеп ҚАЗАҚ болғаныма мақтаныш сезімі ояна түсті.
Шынында да біз кейінгі ұрпақ қандай бақыттымыз! Бейбіт заманда тоқшылық дәуірде өмір сүріп келеміз, Аллаға шүкір...
Рух беретін фильмді тамашалауға кеңес беремін!
Мәлімет үшін: 10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдірашов қатысқан. Ал жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев.Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген. Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда өткен.
Abai.kz