Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әліпби 13526 22 пікір 28 Ақпан, 2019 сағат 13:22

Қазақтың ұлттық жазуы туралы екі ауыз сөз

Қазақ тілінің дамымай отырғанының басты себебі – екеу. Оның бірі – төл жазуымыздың сөйлеу тіліне бейімделмеуі. Екіншісі – халықаралық, аймақаралық терминдерді сол шыққан тілден тікелей сөз қабылдаушылық ереженің жоқтығы.

Ең бірінші жасалатын қадам – кирил жазуын 29 не 32 әріпке көшіру керек болатын. Үкімет пен филологтар тарапынан бұл қадам мүлдем жасалмады. Әлі де жасалмай отыр. Сонымен бірге 30 жыл уақыт аралығында кирилицадағы ұлттық төл жазуға қол жеткізе алмадық.

Екінші қадам – салалық терминдер жасайтын филолог емес аудармашы мамандар легін қалыптастыра алмадық. КСРО шекпенінен шыққан төл жазуларына ие Гүржілер мен Армяндардың «Бір күн бір аударма кітап» ұстанымына қол жеткізе алмадық. Әрі бәрін филолог аударсын деген жаман ғадетке бой алғыздық.

Осылайша, қазақ ұлттық жазуы әлі өз тәуелсіздігін алған жоқ. Өз тәуелсіздігін алмаған жазба тілде қандай қауқар болады. Осыны ешкім ойлаған жоқ десем, оным ағаттық болар. Бірақ кеңсе тілі орыстың калькасына айналды. Алысқа бармай, мына бір аталым өзінің «Диханшылық» деген атауы тұрғанда «Растениеводство» негізінде туған «Өсімдік шаруашылығы» деген атауға тікелей тәржімаланып иелік етті. Бұндай мысалдар өте көп.

Орыс тіліндегі паразит сөздерді не бауырлас түрік тіліндегі баламасымен, не осы сөздік қолданыс шыққан грек пен латындық түпнегізінен сөйлеу әуеземізге бейімдеуіміз керек. Ол сөзді сол кезде қазір тілімізді үйренбей мұрын шүйіріп жүрген орыс тілді қазақ қауымдастығының өкілдері де ұғатын болады. Сол кезде орысшасы «стюардесса» - қазақшасы – «аспан қыз» деп күле қарамай, бізбен бірге «ұстұудөсө//styuardessa» деп қосыла шүлдірлейтін болады.

Бір сөзбен айтқанда барша салада қолданылатын шет елдік сөздердің реестрін жасап, оның қазақылануына белгілі бір саланың мамандарын қатыстырып түзуге қол жеткізу керек. Ол үшін бір ғана жұрт мойындаған ереже керек. Термин қай тілден енсе, сол тілдегі айтылуы негізінде қазақи әуезденуі шарт деген. Әрі «Қазақ тіліндегі шет тілдік сөздер» сөздігі жыл сайын толықтырылып шығарылып отыруы керек.

Термин алуда көршілес өзбек пен қырғыз ағайындардың да ортақ пікірін ескерген жөн. Әйтпесе, тіл алшақтығына ұрынамыз. Бұдан бөлек шетелдік көп оқылатын авторлардың қазақша кітабының аударылуы мен тарылымын  ретке келтіріп, орыс кітаби интервенциясына шет елдік орысша аударылған кітаптардың қазақшасы бар ма жоқ па деген сауалды кітап сатушы ұйымдар мен жеке заңды тұлғаларға төтесіне қою қажет. Әрі көп шығынды қажет етпейтін қазақша электронды кітаптар сайтын ашатын уақыт жетті. Фрилансерлер осы жұмысқа тартылса, көп нәрседен ұтамыз.

Әуелі ФБ патриоттық негіздегі «Алаш Фрилансер» қауымдастығын құрып, оған кіретін тәржімаға бейімі бар түрлі көзқарастағы қилы ұстанымдағы жандардың басын біріктірсе, мәселен термині қай тілден енсе, сол тілдегі айтылуы негізінде қазақи әуезденген 300-400 беттік кітапты бір күнде аударып, кәсіби редакторлар үстінен қараса, бір аптада бір кітап шығады.

Бұның барлығы кейбіреулерге қиял болып көрінуі мүмкін. Тілді тек ана тілімізге бейімделген өзге тілден енген сөздер арқылы дамыта аламыз. Сонда массаж туралы, шығыс жұлдыз жормалы мен шаштараздық туралы терминдер жұртқа ұғынықты құлаққа жағымды бола түседі.  Әрі латынға көшпей тұрып, қазіргі кирилді 32 әріптік өзгеріске түсіруіміз қажет. Әйтпесе, екі жазу екі түрлі дүниеге айналады. Ал, бұл пікірлерге сіз қалай қарайсыз!?

Әбіл-Серік Әлиакпар

Abai.kz

 

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963