Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025
Көршінің көлеңкесі 232 0 пікір 30 Желтоқсан, 2025 сағат 15:00

Ресейдегі үнсіз жойылу трагедиясы

Сурет: poisknews.ru сайтынан алынды.

Қазіргі әлемде ұлттардың тағдыры экономикалық көрсеткіштермен, әскери қуатпен немесе геосаяси ықпалмен ғана өлшенбейді. Ұлттың шынайы байлығы – оның тілі, мәдениеті, тарихи жадында. Осы тұрғыдан келгенде, Ресей Федерациясының кең байтақ аумағында өмір сүріп жатқан ондаған шағын ұлттардың тағдыры алаңдатпай қоймайды. Көзге көрінбейтін, бірақ күн өткен сайын үдей түсіп отырған үдеріс – шағын халықтардың біртіндеп жоғалуы.

Ресей ресми түрде көпұлтты мемлекет саналады. Статистикалық деректерге сүйенсек, ел аумағында 190-нан астам этнос бар. Алайда бұл сан алуандық қағаз жүзінде ғана сақталып отырғандай. Іс жүзінде соңғы ондаған жылда көптеген шағын ұлттар тілінен, мәдени болмысынан, тіпті этникалық өзіндік санасынан айырылып барады. Осы жағдай – бір күндегі құбылыс демейік, ғасырлар бойы жүргізілген саясаттың, жүйелі ассимиляцияның нәтижесі.

Патшалық Ресей кезеңінен бастап-ақ «тұтас империя» идеясы ұлттық айырмашылықтарды әлсіретуге бағытталды. Кеңес өкіметі бұл саясатты басқа формада жалғастырды. Сырттай қарағанда, автономия, ұлттық республика, ана тіліндегі мектеп секілді мүмкіндіктер берілгендей көрінгенімен, шын мәнінде орталықтандыру, орыстандыру үрдісі тоқтаған жоқ. Ал, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басталған жаңа дәуірде шағын ұлттардың жағдайы жақсарудың орнына мүлде, одан сайын күрделене түсті.

Бүгінде Ресейдегі көптеген шағын халықтар үшін басты қауіп – тілдің жойылуы. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады. Мысалы, ижора, водь, юкагир, энц, кет, нивх секілді халықтардың ана тілінде сөйлейтін адам қалмаған. Кейбір тілдерде жас ұрпақ мүлде сөйлемейді. Сол секілді,  башқұрт, қалмақ, татар, шуаш, хакас, мари, урдмурт тағы басқа елдерде тіпті жойылды десекте артық айтқандыққа жатпайды. Тіл мектепте оқытылмайды, ресми өмірде қолданылмайды, күнделікті тұрмыста да анда санда естіледі. Бұл – кезіндегі тірі тілдердің мүлде өшуге айналғандығын айқын көрсетеді. Біздің солтүстік облыстартағы жергілікті қазақтарында (қандастар емес) тілсіз, дәстурсіз, діңсіз қалғандығын көріп жүрміз.

2018 жылы Ресейде қабылданған «ұлт тілдерін ерікті оқыту» туралы заң шағын ұлттарға ауыр соққы болды. Бұған дейін ұлттық республикаларда ана тілін оқыту міндетті болса, жаңа заң оны ата-ананың таңдауы деп жариялады. Нәтижесінде көптеген мектептерде ұлттық тілдер бағдарламадан алынып тасталды. Ал ата-аналар баласының келешегін ойлап, «пайдасы жоқ» тілден гөрі орыс тілін таңдауға мәжбүр. Осылайша, заң жүзінде «еріктілік» деп аталған шешім іс жүзінде тілдердің жаппай ығыстырылуына жол ашты.

Шағын ұлттардың жоғалуына тек тіл ғана емес, әлеуметтік-экономикалық факторлар да әсер етіп отыр. Көптеген этностар тарихи қоныстарынан айырылған. Өндіріс, пайдалы қазбаларды игеру, ірі инфрақұрылымдық жобалар жергілікті халықтың өмір салтын түбегейлі өзгертті. Тайга мен тундрада өмір сүрген халықтар қалаларға көшуге мәжбүр болды. Ал қалада олар өз мәдени ортасынан ажырап, көпшілікке сіңіп кетеді. Ұлттық дәстүр, салт-сана, тұрмыс-тіршілік дағдылары осылайша үздіксіз тізбектен үзіліп қалады.

Демографиялық жағдай да көңіл көншітпейді. Көптеген шағын ұлттарда туу көрсеткіші төмен, ал өлім-жітім жоғары. Медициналық қызметтің қолжетімсіздігі, кедейшілік, ішкі миграция бұл үдерісті одан сайын ушықтырады. Кейбір халықтардың жалпы саны бірнеше жүз адамнан аспайды. Мұндай жағдайда кез келген әлеуметтік немесе саяси күйзеліс ұлттың толық жойылуына әкелуі мүмкін.

Ең қауіптісі – этникалық өзіндік сананың әлсіреуі. Көптеген жас өкілдер өз ұлтына емес, «жалпы ресейлік» немесе «орыс» болмысқа жақын екенін айтады (бізде де солтүстік, Павлодар жағы солай ғой). Бұл – табиғи құбылыс емес, ұзақ жылдар бойы жүргізілген идеологиялық ықпалдың жемісі. Ұлттың тарихы мен мәдениеті оқулықтарда мардымсыз беріледі немесе мүлде айтылмайды. Ал ұлттық мақтаныштың орнын «ортақ империялық кезеңдер» туралы біржақты әңгіме қозғалады.

Ресей билігі шағын ұлттарды қорғау жөнінде бағдарламалар іске асып жатқанын алға тартады. Алайда, осы бағдарламалар көбіне символдық сипатта. Фольклорлық фестиваль, ұлттық киім көрмесі немесе мерекелік концерт – ұлтты сақтап қалудың жеткілікті жолы емес. Егер тіл күнделікті өмірде қолданылмаса, егер мектепте оқытылмаса, егер мемлекеттік қолдау нақты әрі жүйелі болмаса, мәдени шаралар проблеманы шеше алмайды. Қазіргі еліміздің билігі де қазақ халқының тіліне, дәстуріне, әдеп-ғұрпына, мәдениетіне, әдебиетіне мүлде қарамайтын болды.

Шағын ұлттардың жоғалуы – тек сол халықтардың ғана демейік, бүкіл адамзаттың ортақ қасіреті. Әрбір жойылған тіл – адамзат ойлау жүйесінің бір қырының жоғалуы. Әрбір жоғалған мәдениет – әлемдік өркениеттің әр бояуының өшуі. Бұл үдеріс Ресейдің ішкі проблемасы деп қарастыру – қателік. Өйткені мәдени әртүрлілік – бүкіл әлемнің ортақ байлығы. Тіпті, Ұлы қорған еліндегі тибеттіктер, ұйғырлар тілін, дәстүрін жоғалтып, халық деуге келмес этнос ретінде қалды. Енді, бес-он жылдан кейін Маньчжурлар секілді мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Шағын ұлттар үшін бүгінгі күн – шешуші кезең. Егер қазір нақты қадам жасалмаса, ертең кеш болуы мүмкін. Тіл жоғалған соң, ұлтты қайта тірілту мүмкін болмайды. Сондықтан Ресейдегі шағын халықтардың тағдыры – үнсіз жойылуға демейік, қалайда сақтауға лайық. Бұл – тек саясаткерлердің ісіне жатпайды, бүкіл қоғамның, халықаралық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір