Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 1925 0 пікір 16 Маусым, 2009 сағат 06:32

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ. Бойында батырлығы бар бабалардың

2008 жылғы қараша айының 16-ы. Ресей Федерациясындағы Орынбор облысының Орск қаласы. Жабық спорт кешенінде ересектер арасында қазақ күресінен II ашық әлем чемпионатының соңғы сайыс сәттері. Жан-жақтан жиналған жанкүйерлердің бәрі дерлік Германия, Швеция, Франция, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы сынды алыс-жақындағы он алты мемлекеттен келген баҺадүр белдесушілердің әрбір қимыл-қарекетінен көз жасып қалмас үшін кірпік қақпастан қырағы қадағалап отыр. Себебі ортаға шыққан жүзден жүйрік жеңімпаздар ақтық сында ұлттық намысын жібермей өз елдерінің абыройын қорғауда барын салып бағуда. Өз кезегінде шаршы алаңға шыққан қазақстандық Бауыржан Райсовтың қарсыласы талайды сан соқтырған Алтай өлкесінің тумасы екендігі хабарланды. Жастайынан дзюдо мен самбоның қыры мен сырына қанығып өскен орыс баласының қандай әдіс-тәсілді жиі қолданатындығын халықаралық жарыстарда байқап жүрген қармақшылық палуанға оның осал тұсын дәл табу аса қиын тиген жоқ. Алланың құдіретіне иланып, әруақты ата-бабалардың рухына сиынған ауылдың қара домалағы оңтайы келген кезде бәсекелесін асқан ептілікпен шұлқи арқаға салып, жамбасына бір-ақ басты. Белгіленген бес минуттық мұрсаттың алғашқы алпыс секундына жеткізбей әп сәтте айласын асырған айбарлы азаматтың әбжілдігіне көрермен қауымның да дүркірете қол соққанын қайтерсіз!

2008 жылғы қараша айының 16-ы. Ресей Федерациясындағы Орынбор облысының Орск қаласы. Жабық спорт кешенінде ересектер арасында қазақ күресінен II ашық әлем чемпионатының соңғы сайыс сәттері. Жан-жақтан жиналған жанкүйерлердің бәрі дерлік Германия, Швеция, Франция, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы сынды алыс-жақындағы он алты мемлекеттен келген баҺадүр белдесушілердің әрбір қимыл-қарекетінен көз жасып қалмас үшін кірпік қақпастан қырағы қадағалап отыр. Себебі ортаға шыққан жүзден жүйрік жеңімпаздар ақтық сында ұлттық намысын жібермей өз елдерінің абыройын қорғауда барын салып бағуда. Өз кезегінде шаршы алаңға шыққан қазақстандық Бауыржан Райсовтың қарсыласы талайды сан соқтырған Алтай өлкесінің тумасы екендігі хабарланды. Жастайынан дзюдо мен самбоның қыры мен сырына қанығып өскен орыс баласының қандай әдіс-тәсілді жиі қолданатындығын халықаралық жарыстарда байқап жүрген қармақшылық палуанға оның осал тұсын дәл табу аса қиын тиген жоқ. Алланың құдіретіне иланып, әруақты ата-бабалардың рухына сиынған ауылдың қара домалағы оңтайы келген кезде бәсекелесін асқан ептілікпен шұлқи арқаға салып, жамбасына бір-ақ басты. Белгіленген бес минуттық мұрсаттың алғашқы алпыс секундына жеткізбей әп сәтте айласын асырған айбарлы азаматтың әбжілдігіне көрермен қауымның да дүркірете қол соққанын қайтерсіз! Дүйім жұрттың алдында осылайша таза жеңіске жеткен Сыр өңірі перзентінің мықтылығын әділ қазылар алқасы да бірауыздан мойындауға мәжбүр еді.

Жиырма үш жасында елу екі килограмдық салмақ дәрежесінде еліміз бойынша тұңғыш Әлем чемпионы атанып, алтын медаль таққан самбо және қазақ күресінен халықаралақ дәрежедегі спорт шеберінің толағай табысына ортақтасып, көл-көсір қуанышын бірге бөліспегендер кемде кем. Ата-анасы мен ағайын-туыстары, қатар-құрбыларына қоса үзеңгілес әріптестері ұсынған кәделі сый-сияпаттарын айтпағанда ресми орындар мен құзырлы басшылардың мәртебелі марапаттаулары бір төбе.

Салалық министрлік лайықты құрмет көрсетулер барысында алдағы асуларда бұдан да биік белестерді бағындыруы үшін облыстық департамент арқылы мемлекет тарапынан жасалатын қолдау мен көмектің барынша күшейтілетіндігін айтыпты.

Өткен жылғы желтоқсан айының 16-ында аталып өтілген еліміздің ұлттық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында аймақ жетекшісі Болатбек Қуандықовтың шешімімен "Облыс әкімінің 2009 жылғы стипендиаты" атанса, Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов Жосалы кентінде жаңадан салынып жатқан ипотекалық үйлердің бірінен берілген үш бөлмелі баспананың символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

- Ұлдардың кішкентай кезінде доп қуа жүріп, бір-бірімен алысып-жұлыса ойнайтыны баршаға белгілі. Төрт ағайынды шағын әулеттің еркелеу өскен ең кенжесі ретінде мен де маңайдағы балалармен жиі күш-сынасып, бірде жықсам келесіде жеңіліп қалатынмын. Бұзықтау балалар аласа бойым мен артық сөзге жоқ тұйық мінезімді қызық көретін. Мектеп табалдырығын аттаған соң да дене тәрбиесі сабағынан себепсіз қалмай, берілген қиын тапсырмаларды құлшына орындап жүрдім, - дейді екі жыл бойы Қызылорда облысының ең үздік 10 спортшысы қатарынан көрінген кейіпкеріміз өз сөзінде. - Уақыт ұзаған сайын спорттың сиқырына қалай арбалғанымды аңдамаппын. Алтыншы сыныпқа көшкен естиярлау шағымда нартауекелге бел байлап, қазіргі кезде өзім еңбек етіп жүрген осы киелі шаңырақтың есігін қақтым. Шын ниетімен келген жастарды қашанда құшақ жая қарсы алатын ғадетімен үйірме мүшелігіне қабылдап, шарболаттай шыңдалуыма білім-білігіне қоса күш-жігерін аямаған Әділбек Үргенішбайұлының жаттықтырушылық еңбегіне ғұмырлық қарыздармын. Және менің жеңісті жетістіктерімді бағалап қошамет білдірген барша сырбойылықтар мен лауазымды тұлғаларға ризашылығым шексіз.

Тоғызыншыны тауысар тұсында жасөспірімдер арасындағы республика біріншілігінде жамбылдық қарсылыстың жауырын жерге тигізіп жүлделі бірінші орынға қол жеткізген бозбала Бауыржан келесі жылы да еліміздің әр аумағынан келген оқушылар спартакиадасында жеңіс тұғырына көтерілді. Ал аудан орталығындағы №105 қазақ орта мектебінен түлегелі тұрғанда (2003ж) Қазақстан Республикасы мен Азия құрлығы мемлекеттерінің жасөспірімдері арасындағы үш чемпионат пен бір спартакиада үздіктер шоғырынан көрінген ол өзінің қанатының қатайғанын білді. Сондықтан көп ойланбастан Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетіне құжаттарын тапсырып, былтыр дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша қолына дипломын алды. Және байырдан бергі бапкері Әділбек Серікбаев басқаратын "Спорт клубы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынға жұмысқа орналасты.

2004 жылы Ташкент шаҺарында ұйымдастырылған жастар арасындағы самбо күресінің Азия чемпионатында екінші орын алған Бауыржан келесі жылы ТМД мемлекеттері Мәскеуде өткізген спорттық ойындарда үшінші қатарда кейіндеп қалғанына іштей өкінсе де еш жасыған жоқ. Керісінше дайындық жұмыстарын бұрынғыдан да жүйелі жолға қойып, талмай тер төкті. Қолы қалт еткенде спорт саңлақтары жайында жазылған кітаптар мен газет-журналдардағы мақалаларды оқитын. Бұл - зейінін зеріктірмеуге септесті. Себебі күнделікті өмірдің өзін нағыз күрес десек, ал спорт мықты майталмандардың мәрттік мектебі.  Осылайша өзін-өзі қайраған қайсарлығы мен ұстазы үйреткен ілімінің нәтижесінде 2006 жылы Бішкек қаласындағы кезекті Азия чемпионатында финалға жолдама алып, ақтық айқастың олжасын өз қоржынында қалдыруды көздеген қырғыз жігітін айқын басымдықпен мүлт кетіргенін-ді. Одан кейін самбодан ересектер арасындағы ел чемпионатында екінші тұғырға қайта көтерілген ол былтыр қазақ күресі бойынша Қазақстан Кубогының иегері атанды.

Туғалы бері арақ пен темекіге әуестенбеген Бауыржан имандылыққа ұйыған қызметтестерімен бірге жұма намаз бен діни дәрістерге барады. Спортпен шұғылданып жүрген жастарға айтар ақылы мен қояр талабы да адамды азғындататын жат әдеттерден сақтандыру.

Әзірге бойдақ жүрген оның арманы елу бесті еңсерген әкесі Әлмамбет пен анасы Бейбіткүлге құрақ-ұшып қызмет жасаумен бірге бауырлары Гүлмира мен Жандос, Айдос пен Елдосты сыйлайтын кішіпейіл келін әкеліп, шаңырақты шаттыққа бөлеу.

- Әкем жас кезінде еркін күреспен айналысып, кейіннен әлқилы себептермен бұл бағыттағы ізденісін жалғастыра алмай қалған. Сондықтан спорттағы сол есесін қайтаруды үміт еткен ұлы ретінде тоқмейілсуге қақым жоқ, - деді Б.Райсов бізбен қоштасарында. -  Алға қойған мақсатымды айтсам - самбодан әлем чемпионы ретінде қазақ халқын және бір қырынан жалпақ жұртқа таныту. Себебі бұл спорт түрі ұлттық өнеріміздің табиғатына тым жақын, Күрестің ережесінде аяқтан ұстау жоқ. Тиісті айла-амалдарды тік тұрған кезде пайдалануың қажет. Ал отырып лақтыру сынды басқа да мүмкіндіктердің қолданылуы самбоға лайық. Жыл сайын 40-қа тарта түрлі деңгейдегі спорт жарыстары өткізілетін киелі өңірдің соңғы жылдары республика жұртшылығына қазақ күресіндегі талантты тарландарымен де кеңінен танылғаны даусыз. Алғашқы қарлығаштардай тыңнан топ жарған Қодаров Алмат пен Жұмабаев Марат сынды аға буын өкілдеріне еліктеп өскен Досымов Жасұлан мен Қуаңбаев Миржан, Тоқболатов Нұрбол мен Райсов Бауыржан бүгінгі балауса балғындарға үлгі-өнеге.

- Осы кезге дейін талай жампоз жігіттерді үкілеп, дүбүрлі додаға қосқанда ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуін ұдайы естен шығармаған едік. Құдайға шүкір кейінгі кезде спорттың қай түрімен де жаттығатын жастардың қатары артып келеді, - деді қазақ күресі мен самбодан Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Ә. Серікбаев - Әрбір шәкірт өзіндік өрнегі және сүбелі үлесі арқылы киелі өңірдегі ұлттық өнерді одан әрі дамытып, өрісін кеңейте бермек. Бауыржан да басқалармен бірге Орал қаласында самбодан өткізілетін отандық командалар құрамында өнер көрсетудің әзірлігінде жүр. Осы іріктеу турында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізсе, әлемдік аренада бақ сынауы қажет. Бұла бойында бабаларының батырлығы бар бағыланымыздың тәуелсіздік тарихында қалдыратын қолтаңбасы тағы бір чемпиондық титулмен толығарына сенімдімін және оған негіз де бар.

R.S: Отыз спорт шебері мен 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін қалыптастырған Қармақшы ауданында 2 балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебi жұмыс жасайды. Жаңажол ауылында жыл басында таэквандо бөлiмшесi ұйымдастырылса, жуырда аудан орталығында ауыр атлетикадан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Илья Ильин атындағы зілтеміршілер залы ашылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен бес миллион теңге бөлінген болатын.

 

 

Қызылорда облысы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5646