Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6197 8 пікір 8 Наурыз, 2019 сағат 11:27

Серік Тұрғынбекұлы. Айбергенов айдыны

(Естелік – эссе)

Алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында, қазақ поэзиясына қырандай самғап, екпіндей енген, ерекше болмысы бар бір ақын болса – ол Төлеген Айбергенов еді. Айбергеновтің сол кездегі қалам сілтесіне қызықпаған ақын кем де кем шығар. Тіпті сол бір тұстарда Төлегенше тебіреніп, Төлегенше толғаған ақындардың легі қалыптаса бастап еді. Әрине, солардың бәрі бір саптан, бір қаптан шыққан бір-бірімен тым ұқсас болып жатса, онда ақынның даралығы танылмас еді.

Әйтсе де, сығалай қарап,сараптай білген сыншы болса, сол жылдар өлең өлкесінде Төлегенге тән ұқсас іздерді бағамдауға болар еді. Бұл да ақынның ерекшелігі, айрықша орны деп бағалар едік. Себебі, сол жылдарда қосылған тың толқын Төлеген жырлары қай оқушыны да бей-жай қалдырмағаны ақиқат.

Өзімнің бағамдауымша, сол жылдарда жаңа шығып, қанат қаға бастаған осы күнгі ең танымал ақындар Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, өмірден ерте өткен Меңдекеш Сатыбалдиев,Өмірзақ Қожамұратов сынды ақындарға Төлеген поэзиясы әсер етпеді деп айта алмаймын. Сол тұста, тіпті, Марат Отаралиев деген талантты жас ақынның жыр жұптаған шабысы да, дабысы да Айбергеновтен аумай қалған сәттеріне куә болып қалушы едік. Кейін, осы ақындардың бәрі де, еліктеу, солықтаудан арылып, өз арнасымен ағып кетті...

Ол өлең оқығанда ерекше бір күйге түсіп, қырандай самғап, қанаттанып кетуші еді. Оның ерекшелігі сол, өлең оқыған сәтінде өзін де, өзгені де, айналасындағы дүниені ұмыттырып, басқа бір бөлек әлемге енгізіп жіберуші еді.

Мені осы Төлегеннің өлең оқуы қатты еліктірді. Қос қолын сермеген, бейне бір қанатты құстай еркін самғап, дауыс ырғағы да сан құбылып, тыңдарманын бірден баурап алып, еріксіз тәнті етуші еді – ау.

Мен Төлегенді алғаш рет Алматыда, Жазушылар одағының үйінде көрдім. Қасында Шәмші Қалдаяқов бар. Төлегенді әп-сәтте сол кездегі жас ақындардың бір тобы қоршап алып, өлең оқуын қолқалады. Ішінде мен де бармын. Көп сөзге келтірген жоқ, алғашында сәл кібіртіктегендей болып еді, келе-келе кең жайылып, құйқылжып, аққан қырандай самғап кетті дерсің. Біз – жас ақындар – аңтарылып қарап қалғанымызды аңғармаппыз. Біраз өлеңдер оқыды.

Маған әсер еткені соншалық, сол өлеңдердің біраз шумақтары менің санамда сол кезден сақталып қалыпты. «Сен менің өзімді көрсең, тұрысым осы менің, ал, мендегі ғаламат сезімді көрсең, шошыр едің!» -деген кезде, ақын жүзін онан сайын барлап, жыр әлеміне еніп, жүрегіне бойлай түскенімізді байқамай да қалдық. Не деген құдірет, не деген ғажайып жыр! – деген ұлан асыр ойдың құшағында қалып, өзімізді бұл дүние емес, басқа бір әлемге еніп кеткендей сезіндік. Қоштасар сәтте, бәріміз қол беріп, ат-жөнімізді айтып жаттық. Кезек маған келген кезде, бірден баяғы танысынша: - Ой, Серік сенің 1964 жылғы сәуір айында, «Жұлдыздың» төртінші санында «Күзеттегі Ана» деген өлеңің бар еді ғой, - деп бір шумағын жатқа соқты. Таңғалып қалдым. Сөйтсем, Төкең, тек қана өзінің өлеңдерін ғана жатқа айтпайды екен, ұнағаны есінде сақталып қалады екен. Оған кейін араласа келе әбден көзім жетті. Бұл – 1966 жылдың жаз айы еді. Содан не керек, келер жылдың күзіне дейін Төлегенді жиі көріп жүрдім. Көбінесе Қайнекей Жармағамбетовтың үйінде жолығып жүрдік. Қайнекей Жармағамбетов менің ауылдас ағам, үлкен ғалым, білімді, зерек адам еді. Әрі ақын, әрі аудармашы. Көп жылдар КазПиде профессор болған, ұстаз. Қазақ әдебиетінде баллада жанрын дамытқан бірегей тұлға.

Чили ақыны Пабло Неруданың балладаларын аударып, оны қазақ әуеніне салып жатқа айтатын. Бір күні Қақаңның жақын інісі Жақсылық екеуміз Қайнекейдің үйіне барсақ. Қақаң төсек тартып жатыр екен. Қасында – Төлеген Айбергенов. Бірақ, қатты ауырып жатқан адамның қалпы көрінбейді. Шараптан шаршағаны сезіліп тұр. Қақаңның аузында дамыл жоқ, бір әуенге салып, ыңылдап өлең айтады: - ...Ей, солдат саған деген үзім нан да, боялған көз жасы мен қызыл қанға... Төлеген тебірене сөйлеп кетті: - Пабло Неруда! Қақаңның аудармасы... Мұны мен де жатқа білем - деп ағыта жөнелді. Қайнекей қатты толқып көзіне жас алды. Сол күні біз Қайнекейдің үйінде күн батып, қас қарайғанша болдық. Төлегеннің өлеңдерінен кейін, Қақаң басын көтеріп, тамаққа қарады. Шәй ішіп, маңдайы тершіп, көңілі жайланды. Тысқа шықсақ, көшені қою қараңғылық қымтап алған екен. Онда қазіргідей емес, көше шамдары жарқырап жанбайды.

Тек әр үйден түскен терезелердің жарық нұры көшелерге мейірім шуағын төгіп, тіршілік тынысын аңғартып тұрғандай. Абай даңғылымен келе жатып, осы күнгі Фурманов көшесінің қиылысына жақындаған тұста Төлеген тоқтай қалды. Бес қабатты дәу үйдің іргесінен өте бергенде сәл іркіліп, шамы жарқырап көрінген терезені нұсқап: - Кеше мен мынау үйде болдым, бұл үйдің жарығы ешқашан сөнбейді!- деді. Кейін білдім, бұл үй, сол кездегі белгілі журналист, Шымкенттік Балта Исаевтың пәтері екен. Ол да Қайнекейдің үйіне жиі келетін. Кейін, мені сол өз үйіне ертіп апарып Төлеген туралы (Шәмші екеуінің) талай хикаяттарын айтып еді-ау. Төлеген сол арада менің өтінішім бойынша тағы бір өлең оқып берді. Жаңа ғана Қайнекейдің үйінде оқыған өлеңінен ұзап кете алмай, қайта тыңдағым келді.

Көше қиылысына келгесін Төлеген біраз тауға қарап, толғанып тұрды. Біз Жақсылық екеуміз төменге түскелі тұр едік.

Төкең бізге жатты да жармасты: - Жүріңдер үйге, мен мына арада жап-жақын жерде, Алатау – 60-та тұрамын!- деді. Менің ере кеткім келіп еді, Жақсылық тартыншақтай берді.Себебі, былтыр ғана үйленген, жақында ғана жас сәбилі болғаны бар, үйіне асығып тұр. Менің Жақсылықты жалғыз тастап кетуге дәтім бармай, дегбірім қашып тұрған. Сол сәтте, тас төбеден төнген ай сәулесімен араласып, алыста Алатаудың қарлы шоқылары айқын аңғарылып тұрған.

Төкең  сол тауларға телміре қарап бірер шумақты төгіп тастады:

Қайғы да, мұң да менен көп табылар,

Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.

Баурайы мәңгі көктем заңғарлардың,

Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.

Төкең бізбен қимай қоштасты. Бірақ бұл соңғы қоштасу емес еді.

***

Араға апта түспесе де, ай аралатып Төлеген ағамен кездесіп қалудың сәті түсіп жүрді. Соңғы кездесуіміз есімде қалыпты.

КазМудың арт жағындағы қалтарыста – «Гүлдер» деген «Кафе» болатын. Біз жас ақындар көбінесе сонда бас қосатынбыз. Бірде барсақ, айналасын әдеттегідей жастар қоршап алған, ортасында, – Төлеген Айбергенов тұр. Шет жағына барып тұра қалдым.

 

Тентек мұхит тепсінген дауылында,

Балықшының оттарын өшіреді.

Күз бен қыстың тұманды жауынында,

Ұшқыштардың тағдыры шешіледі.

Жөні бөлек өлудің ұрыстардан:

Шофердің бұрылыссыз жан тілегі.

Милиционер өледі ұры ұстаудан,

Ақындарды махаббат өлтіреді.

Өлең жалғаса берді. Бәрі де үнсіз тыңдап қалған.Шет жаққа демімді ішіме тартып, мен де тұрмын тырп етпей... Бір кезде артына жалт қарады. Мені көрді. Қасына шықырып алды. Құшақтаса кеттік. Сосын, менің құлағыма қарай мойын бұрып, жәй ғана:

-Мен екі күннен кейін Нөкіске жүрем. Шығарып салып ,әуре болмай-ақ қойыңдар. Қатты қоштаспайық. Мен тездетіп қайтып келемін. Сосын, өзім тауып алам сені,- деген.

Сол сәтте: - Әй, Төлеген!- деген дауысқа бәріміз жалт қарадық. Еңсемізге төнген шыңдай Мұқағали тұр ту сыртта. – Жүр кеттік,- деді. Төлеген бізден сытылып шыға берді.

Артынан қарап қалыппыз. Екеуі қосылып, әлденеге асығыс адымдап  бара жатты. Менің құлағымда жаңа ғана оқыған өлең үні белбеулеп тұрып алды:

Сенделіп өрттей сезіммен,

Лапылдап кетіп барамын.

Үзуге моншақ көзімнен,

Жақындап кетіп барамын.

Құдіретіңе, туған жер,

Мен сеніп кетіп барамын.

Қимастық сенің отыңнан,

Теңселіп кетіп барамын.

Алысты барам арман ғып,

Ауырың болса, арт, өмір!

Жолына жырдың құрбан қып,

Басымды тіктім, әйтеуір...

Төлеген аға сол кеткеннен  ақыры оралмады. Сол жылы күзде Алматыдағы ақ қайыңдардың жапырағы сағыныштан ерте сарғайып, қара жерге саудырлап жиі түсіп жатты...

PS. Осы бір шағын естелік – эссемде Төлеген ағаның аяулы жары, алтындай балаларының асыл анасы – Үрниса жеңгей туралы бірер ауыз лебіз білдіре кеткенді жөн көрдім.

Үрниса жеңгеймен Төлеген аға Ташкенттегі САГУ-де бірге оқыған екен. Құдай қосқан екі жар – бір-біріне сүйеніп, киелі шаңырақтың астында аз болса да бақытты ғұмыр кешті. Тәңірдің Төлегенге Үрнисадай аяулы жар беруі – Төкеңнің ақындық ғұмарына тартқан тағдыр сыйы деп түсінемін.

Үрниса жеңгейдің жібектей мінезі, (Төкеңнің анасының аты да – Жібек еді) жайсаң жан-дүниесі, әсіресе, күле қараған кезде көз шарасынан нұр толып, аса мейірімді шапағат шашып тұруы – нағыз Анаға, Аруға тән ғажайып ерекшелік еді. Төлегеннің осындай ғашық көңілмен, құштар сезіммен жыр жазуы, Үрнисаның игі қасиеті екендігінде дау жоқ. Төкеңнің артында қалған шиеттей балаларын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай», аман-есен тәрбиелеп, тәлім-тәрбие, білім берген ересен еңбегі бұл күнде баршаға мәлім. Төлегеннің қолжазбаларын көзінің қарашығындай сақтап, оқырман жүрегіне жетуге жол ашқан, аяулы жар – Үрниса емес пе?

Төлеген үшін қиын – қыстау кезеңдердің бәріне де отқа-суға түсуге дайын болып, тіршіліктің азабын да, қызығын да қара нардай көтере білген Үрниса жеңгей сөз жоқ, қазақ қызының қайсар мінезін бойына таратқан тағылымды тұлға, асыл жар, аяулы Ана.

Төлеген бір өлеңінде: – «Қара орман керек, қап-қара орман,қара орман, көзіндегі менің жарымның» дейтін жері бар. Айтса, айтқандай, көз қарашығына бүкіл әлемнің жақсылығын жиып, жанарынан нұр шашырап тұратын жарқын бейнесі – Төлеген өлеңдерінің бүтін болмысына айналғандай. Өмірге гүл сыйлаған, жүрегіне жыр жинаған Үрниса жеңгей маған әрдайым ақындықтың ақ-тілегінен жаралған жандай әсер етеді.  Артында төрт қыз, бір ұл қалдырған Төлеген мен Үрниса ұрпақтары ақынның өзі айтқандай бүтін бір үлкен қара орманға айналды. Осынау қара орманның тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқала берсе екен деп тілеймін.

Қазақ әдебиеті әлемінде – құшағына аққу-қаздарын қондырып, қиясынан қыран ұшырған ұшы-қиырсыз жарқырап жатқан – Айбергенов айдыны бар. Көз тартатын аспанмен астасқан айдынның тұнығы тұңғиық, суы мөлдір. Айналасын қалың қарағайлар мен ақ қайыңдар көмкерген көгілдір өлке. Осы өлкеден Айбергенов айдынына әлемнің әр қиырынан сансыз бұлақтар сарқырап ағып келіп, құйылып жатыр. Сарқылмайтын, тартылмайтын кемел де терең айдын.

Серік Тұрғынбекұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394