Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз!
АЛМАТЫ. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен ғасырдың 90-жылдарының ішіндегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты ауылды жерлердегі колхоздар мен совхоздар тарап, ауыл халқы күнкөріс қамымен қалаға ағылған еді.
Сол тұста техниканың жетіспеушілігінен көптеген жерлер игерілмей қалды, мал басы күрт азайды. Халықтың көпшілігі мал өсіріп, егін екеннен гөрі қалада саудамен айналысып, тіршілік кешуге мәжбүр болды. Алайда ауылдың әл-ауқатын көтермейінше, Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын Елбасы да әрдайым назарында ұстап, айтып жүрді. Соның нәтижесінде 2003-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп жарияланды. Бұл реформаның аясында ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға қыруар қаржы бөлініп, көптеген іс-шаралар атқарылды. Соңғы жылдары қазынада ауылдың деңгейін көтеріп, жағдайын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінуде. Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басқан тұста күйі қашып, құлази бастаған ауылды елдімекендер қайтадан түлей бастады. Халық қайтадан ауылға бет бұра бастады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жанына серік етіп, ата-бабамыздың төл кәсібі - мал өсірумен шұғылданып жүргендердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ.
АЛМАТЫ. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Өткен ғасырдың 90-жылдарының ішіндегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты ауылды жерлердегі колхоздар мен совхоздар тарап, ауыл халқы күнкөріс қамымен қалаға ағылған еді.
Сол тұста техниканың жетіспеушілігінен көптеген жерлер игерілмей қалды, мал басы күрт азайды. Халықтың көпшілігі мал өсіріп, егін екеннен гөрі қалада саудамен айналысып, тіршілік кешуге мәжбүр болды. Алайда ауылдың әл-ауқатын көтермейінше, Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайтынын Елбасы да әрдайым назарында ұстап, айтып жүрді. Соның нәтижесінде 2003-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп жарияланды. Бұл реформаның аясында ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға қыруар қаржы бөлініп, көптеген іс-шаралар атқарылды. Соңғы жылдары қазынада ауылдың деңгейін көтеріп, жағдайын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінуде. Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басқан тұста күйі қашып, құлази бастаған ауылды елдімекендер қайтадан түлей бастады. Халық қайтадан ауылға бет бұра бастады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жанына серік етіп, ата-бабамыздың төл кәсібі - мал өсірумен шұғылданып жүргендердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ.
Өткен аптада Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Айдарлы ауылында бір кездері дәстүрге айналған, кейіннен ұмытыла бастаған «Шопандар күні» аталып өтілді. Мереке барысында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Көкпар тартылып, бәйге болды. Ауыл жастары ән салып, би биледі.
Алматы қаласынан 178 шақырым қашықтықта орналасқан Айдарлы ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Ауыл 1964 жылы құрылған. Ол кезде мұнда 39 мың қой, 2 мың түйе, 700 жылқы болған екен. Соңғы рет шопандар күні 1989 жылы тойланып, одан кейін ұмыт қалған. Өйткені мал басының саны азайып, шаруашылықтар ыдырап, басқа да себептерменнен атап өтуге жағдай болмаған. Қазіргі таңда ауыл адамдары тұрмысының түзелуіне байланысты малшылар күнін атап өтуге ауылдың ірі мал шаруашылығының басшылары мен Жайылым комитеті мұрындық болыпты. Ауыл әкімі Бейсенбек Айнабеков шопандар күнінің қайтадан аталып отырғандығына ризашылығын білдірді. «Бұрын малшылар арасында сабан той, малының амандық тойы деген болған. Соны қайта жаңғыртып, әр жылдың 20 мамырында - ауылдың береке-бірлік күнін, яғни шопандар күнін атап өтуді қолға алып отырмыз. Мұндай мерекеде ауылдың адамдары бір-бірімен жақын араласып, бірлігі нығайып, асыр салып, ойнап-күліп бір шаттанып қалады», -дейді әкім.
Сонымен қатар ол 1990 жылдары ауылдағы адамдар бар малын сатып, қалаға қарай кете бастаса, қазіргі кезде керісінше, ауылға қаладан қоныс аударып жатқандар көп екендігін айтады. «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасымен көптеген жастар келуде. Бұл үрдіс мемлекет тарапынан жастарды үймен қамтамасыз етудің, басқа да жасалып жатқан жеңілдіктердің нәтижесі. Бұрын ауылдан қалаға елдің бәрі жұмыс іздеп кететін еді, қазір ешкім кетіп жатқан жоқ. Бәрі мал өсіріп, өз шаруашылықтарымен айналысуда», -дейді ауыл әкімі.
Дегенмен әкім ауылда малды қарап, тексеріп тұратын мал дәрігерлерінің әлі де жеткіліксіздеу екендігін айтады. «Ауылға мал дәрігері, ауыл шаруашылығы саласында білім алған мамандар керек. Бұл бір кездері жастардың ауыл шаруашылығына онша мән бермей сот, мұғалім сияқты мамандыққа бет бұрып кеткендігінен болып отыр. Алайда, соңғы кездері, ауылымыздың бірнеше баласы осы ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Олар өз ауылына келіп, туған жерінің одан әрі гүлденуіне үлестерін қосады деген ойдамыз», -дейді Б.Айнабеков.
Шопандар мейрамы - мал шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтарды жігерлендіріп, олардың келешекте жақсы жұмыс жасауына үлкен септігін тигізетіндігі белгілі. Айдарлыдағы осы бастама елдің барлық ауылына үлгі болып, қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл ауылдың халқы малды бағып қана қоймай, оны асылдандыруды да қолға алған. Жамбыл ауданы бойынша малды асылдандыру жөнінде 4 шаруашылық бар болса, соның бірі осы ауылда қоныс тепкен. Жайылым комитетінің басшысы, ауылдағы Ақсақалдар алқасының төрағасы және осы ауылда 40 жылдан бері мал дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқан Саламат Алданов асылдандырылған малдың ерекшелігі зор екендігін айтады. «Мәселен, 20 мың қой өсіргеннен көрі асылдандырылған 10 мың қойды асыраған жөн. Оның еті сапалы әрі жүн жағынан да көп пайдалы. Одан алынған төлдің өзі сапалы болады. Бізде басқа ауылдардағыдай малға арнайы жем-шөп дайындаудың қажеті жоқ. Ауылымыздың шөбі шалғын, өте құнарлы. Жусан шөбінің 4 түрі өседі. Міне, осындай шөптермен малды жемсіз алып шыға аламыз», -дейді С.Алданов.
Ауылда халықтың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Көшелерде шамдар жанып, кешкі ауылды жарқыратып тұр. Орта мектебі, ауа райын тексеретін стансасы бар. Облысаралық электр қуатын беретін станса да бар екен. Бұрын жабылып қалған мәдениет үйін ашуға биыл бюджеттен 83 миллион теңге бөлініп, қазір оған қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Ауыл әкімінің айтуынша, 1300 адам тұратын Айдарлыда қазір 30 мың қой, 750 жылқы, 1700 ірі қара бар екен. Сондай-ақ 37 ірі шаруа қожалығы тек мал шаруашылығымен айналысып отырса, кейбір шаруа қожалықтар бау-бақша егумен айналысады екен.
Ауылдағы қазіргі басты мәселе, бұл - мал жүнін игеру болып табылады. Ауыл халқы жүнді ешқайда өткізе алмай және оны игеретін орын да табылмай тұрғандығын алға тартады. «Ауылда теріні және жүнді игеретін кішігірім зауыттар ашылса жақсы болар еді», -дейді Саламат Алданов.
«Дәулетбек» шаруа қожалығының басшысы Әбдіғалып Хадиранұлы қай ауылда болмасын жастар өте аз екендігін айтады. «Жастар мектеп бітірген соң-ақ қалаға қарай тартып тұрады. Олардың кетуін азайту үшін алдымен ортаңғы буын жалқауланбай, қызмет етіп, малын, тағы басқа шаруашылығын өрге дөңгелетіп, оларға жақсы үлгі көрсете білсе, жастар ауылынан ұзамас еді. Қазір күн-түн демей малды бағып, соның соңында жүрген азаматтар көп. Міне, бұл мерекелі күн сондай азаматтардың еңсесін көтеріп, жігерлендіріп жіберетіндігі анық», -дейді Ә.Хадиранұлы. Сондай-ақ ол ауылдың өсіп-өніп, өркендеп келе жатқаны Елбасының салиқалы саясатының арқасы екендігін айтып өтті. «Қазір Нұрсұлтан Назарбаев ауыл әлеуетін арттыру мақсатында ауылға баратын жастарға қолдау көрсетіп, жеңілдіктер қарастыру керек деп жатыр. Міне, сол бастамалар нақты орындалып, расымен де қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді», -дейді ол.
Сонымен қатар ол жастардың ауылдан кетіп жатқанына қынжылатынын жеткізді. «Қаладағы жұмыс ауылда да табылады. Мәселен, қазір ауылдағылардың көпшілігінің тұрмысы жақсарып, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасауда. Міне, осындайда жағдайда жұмыс істейтін адам таппай қалатын кездер болады. Сонымен қатар баласы 11-сыныпты бітіріп жатқандар оны оқуға дайындау үшін қосымша мұғалім жалдап оқытайын десе таппай, қала жақтан әкеп жатады. Еңбек етем деген адамның екі қолына бір күрек ауылдан да табылатындығы айқын. Ауылдың жұмысын ауырсынып, қалаға кетіп жатқан жастарды көріп жүрмін, бірі күзетші болса, тағы біреулері базарда арба сүйреп, елдің тауарын тасиды, енді біреулері құрылыста жүр. Соларды көргенде еріксіз қынжыласың. Қалада тентіремей, ауылға қайтып, мал ұстап, бау-бақша егіп, өз кәсіптерімен айналысса ғой дейсің», -деді назын білдірген Ә.Хадиранұлы.
Сонымен қатар ол малды асылдандырумен айналысып жүргендегі ойымен де бөлісті. Ақтөбенің қазақи ақ сарбас қойын, Қарағандының еділбайын және Кеңес өкіметі тұсындағы меринос қойларын будандастырып, өзгеше тұқым шығарып, оны «Тенти» деп атағандығын айтады. «Қазақ қойы етті құйрығына жинаса, орыс қойы қабырғасына жинайды, міне бұлардың будандасуынан шыққан біздің қой барлық жеріне бірдей ет жинай алады» - , дейді малшы. Осы сияқты ол жылқыларды да асылдандырып отыр екен. «Қазақтың жабысы мен орыстың ауыр жүріске шыдамды жылқысын будандастырып жүріске мықты, ет жинайтын, керемет қазы шығаратын жылқы баптап отырған жайымыз бар», -дейді ол.
Қазір сан емес, сапа керектігін жөн санайтын Ә.Хадиранұлы 100 сиыр, 100-ден астам жылқы, 500-ден астам қой ұстайды екен. Бір жылқымның құны 2-3 қалыпты жылқыға татиды деп мақтана айтқан Ә.Хадиранұлы өзінің малшылары, есепшісі тағы басқа көмекшілерінің бар екендігін де айтып өтті. Алдағы уақытта қыс пен жазға шыдамды, етті жақсы жинайтын малдарды асылдандыруды жетілдіруді көздеп отырған ол мал институтының ғалымдарымен әр қашан байланысып, кеңес алып отырады екен.