Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3464 0 пікір 26 Мамыр, 2011 сағат 06:15

Сайран Сыралғы. «Дүниежүзілік Қазақстан құрылтайы» қалай өтуде?

Құрылтайдың «болғанынан боладысы қызық болды». Бұған дейін  «Абай.кз» ақпараттық порталында көтерілген «ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫН ШЕШПЕЙТІН ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ БОЛА МА?» деген тұрғыдағы сұраққа жауапты 25 мамырда басталған Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы бере бастады. Көңіліміз күпті боларлық көріністі жұрттан сүйінші сұрағандай хабарлауымыз дұрыс болмас, бірақ жан жабырқатар  жайтты жасыра алмаймыз.

Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан - әлемдегі барша қазақтың құтты қара шаңырағы» деген тезиске құрылтай барысында көзімізді жеткізгіміз келгені рас еді. Бірақ...

Жиынға жиналған жұрт кәзіргі астаналық әдетке айналған қалың тексеріске тап болып, ұзын ширатқа тұрғанын, орыс тілінде қоқаңдаған қауіпсіздік мекемесінің қазақ жігіттерінің сондай жатбауыр түрінен шошына, Тәуелсіздік сарайына кіргеніміз әуелгі әуейі көңілімізді сап басқанын кімге айтып жатайық. Ондай-пұндайға үйренген сәбикөкей  қазекеңнің көңілін ештеңе де жабырқатпады, көрмеге қоярдай алаштың көптен көріспеген атпал азаматтары мен азаматшалары, ығай мен сығайлары бір бірімен шұрқырай сәлемдесіп, елсарайдың іші ханбазарға айналды да кетті...

Бес жылдан кейін бас қосқан құрылтай басталып, сөзді алаштың ақсақалына айналған, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алды. Ол Қазақстанның жиырма жылдық жеңісі мен жемісін баяндап, жұрт оның сөзін ауық-ауық ду қол шапалақпен үзіп отырды. Президент «Нұрлы көш» бағдарламасының жаңа сатысы келер жылдан басталарын, оған мол қаржы бөлініп, әсіресе, шеттен оралатын қазақ жастарына жол ашыларын баяндады. Десек те, талай әлемді астанаға жиып сөйлегенде көсілетін қазақ көсемінің дауысынан жарқындық аңғарылмады. Мінбеге шыққан түрі келіскен қытайлық Тілепалды ағамыз Қытай компартиясының съезінде оқылар баяндамасын шатастырып алды ма, әлде реті солай ма, сықыйған сөздерді ағытып, бізге ұмыт болған жарықтық КСРО жиынын еске бір салып өтті. Оған не дерсің, қазақтарды бақылап, қытайлық делегация соңында үш-төрт қытай азаматтары бірге келіпті.

Сонымен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасынан кейін төрт бес адам сөз алып, ақыры үзіліс жарияланды. Құрылтайды үзуге арандатқан ресейлік қазақ қыз (әйел деуге ауыз бармайды) Нұрғайша Барынқызының миллионнан аса Ресейдегі қазақтарда екі-ақ мектеп барын, мәдени-рухани мәселелерді, ресми бекітілген «кезекші мәтінді» бітіре сала ағытқаны себеп болса керек.

Бір бірін жаңа көрген жүздеген қазақ үзілісті фотоласуға жұмсап, көрісуді одан әрі жалғады. Шетелден келген қазақ жастары Нұрағамен суретке түсіп қарық болды. Алайда, ол кісінің үзілісте кетіп қалғанын төрдегі орынның босағанынан бір-ақ  білдік.

Үзілістен соң төрт бес адам сөз алды. Сөз жазушы Смағұл Елубайға берілгенде күбір-сыбыр зал басын көтеріп елеңдесті. Смекең сөзін барынша қазақы жайттарға аударған болды, Үрімжідегі қазақ консулдығының басшылары қызметтен кеткені жөнінде хабарлап, қытайлық қазақтардың отанға оралуына саңылау ашылғанын жеткізді. Алайда, зиялы ағамыз көсіліп, қазақ мәселесін ашу мен шешуге бара алмай, сөзін жылдам бітірді. Әсіресе, мәжілісмен көкеміз Уәлихан Қалижан өз сөзінде елбасының барлық жетістігі мен тұлғасын тұрпаттап тұрып алды. Нұрағамыздың тұлғасына күмәнмен қараған адам болмаса да, Уәкеңнің мол сөзі бар қазақтан гөрі бір қазаққа ғана ойысқаны бір түрлі болды... Одан кейін мінбеге көтерілген журналист ағамыз Сауытбек Әбдірахманов ағай да осыдан жиырма жыл бұрынғы болған Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізу идеясының авторы Нұрсұлтан Әбішұлы екеніне жұртты сендірумен әлекке түсті. Мұның бәрі неге керек екенін сөзді мемлекеттік хатшы Қанат  Саудабаев мырза алғанда ұққандай болдық. Ол аталған құрылтай маңызын ашуға біршама сөзін арнау кезінде ауызына «ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАЛТАЙЫ» деген тіркестің түсуін байқамады ма, көп қазақтың жиналғанына толқыды ма, әлде тілінің келгені сол ма, әйтеуір, жұртты күбірлетіп барып, ақырында қауымдастық төралқа төрағасына тағы да бес жылға Нұлсұлтан Назарбаев кандидатурасын ұсынды. Ұсыныс бірауыздан қабылданды. 1-орынбасарлық орынға да Талғат Мамашев мырза қайта отырып, қауымдастықтың салтанатты жиынын жауып тынды.

Одан әрі Конгресс-холда құрылтай қатысушыларына арналған түскі ас берілді. Алайда, оны «түскі ас» дегеннен гөрі әдеттегі шараларда өтетін шай-үзіліс деуге болар - меймандарға ыстық ас берілмеді. Былтырғы ОБСЕ кезіндегі тонналаған тағамның қазақтың бас жиынына қатысушылардың түсіне де кірмегені мәлім болды.

Сонымен, құрылтай жалғасуда, бағдарлама бойынша қашан жабылары белгісіз. Себебі, он кісінің ғана сөз алып, шала сөйлегенін құрылтайдың күн тәртібі деуге келмейді: ешбір мәселе көтеріліп, оның шешілуі талқыға түскен жоқ және Т.Мамашевтың сөзімен айтқанда салтанатты жиын ғана жабылды, ал құрылтай жабылды деп жарияланған жоқ.

Бүгін, яғни 26 мамырда шетелдік қазақтар астананың көрікті орындарын аралап, «Этноауылды» тамашалайды, қала әкімінің қабылдауында болып, министрліктерде кездесулер өткізеді, одан әрі спорт кешендеріне барады; 27 мамырда шетелдік қандастарымыз Ұлттық спорт ойындарын тамашалайды, қолөнер шеберлерінің көрмесін көреді, одан ары жыр мүшәйрасы мен қазақ жастарының концерті, сосын кешке қарай «Дискотека»; 28-не қонақтарды шығарып салу - осымен бітті!

Қорыта келгенде, болып өткен шара - «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы ма, әлде шетелдік қазақ делегацияларының Астанаға келіп кетуі ме?» деген сауал туындады. Оны оқырманның өзі бағамдасын.

«Абай ақпарат»,

Қазақстан. Астана. Тәуелсіздік сарайы - Конгресс-хол

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394