Ақберен Елгезек. Адамзаттың «Үш анығы»
/Шәкәрімнің «Үш анығын» оқығаннан кейін туған ойлар/
Адам баласы ғаламдағы өз орнын, миссиясын анықтап, жете түсіну үшін Тәңір оның генетикалық жадына үш сұрақтың кодын қашап қойған. Сол үш сұрақтың жауабында Тәңір адам бақытының құпиялы кілтін жасырыпты. Бұл үштікке жауап тапқан адамның түйсігіне өмір сүру ләззатының, кемелдіктің һәм қуаттылықтың тәтті дәмі сезіле бастайды. Бұл қандай да болсын магияңыздан, сиқыр мен дұғаңыздан да құдыретті дүние. Себебі, сол үш сұрақтың айналасында жалпы жаратылыс жұмбағының шешімдері топтасып тұр.
Бұл қандай үш сұрақ дейсіз ғой?
Бірінші сұрақ - «Әлем белгілі бір себептердің күшімен жаралған ба әлде ол өз алдына дамып, жойылып отыратын меңіреу табиғат жолымен жаралды ма?»
Екінші сұрақ - «Жан деген не?»
Және үшінші сұрақ - «Адам үшін өлгеннен соң өмір бар ма?».
Бұл үш сұраққа өткен ғасырдың басында Шәкәрім Құдайбердіұлы жауап беріп кеткен. Нақтырақ айтқанда Алаштың ұлы ойшылының жауаптарын біз оның «Үш анық» атты философиялық трактатынан таба аламыз.

Енді сол жауаптарды талдап көрелік. Шәкәрімнің бірінші анығы бойынша - жаратылыста бірде бір құбылыс кездейсоқ болмайды. Барлығының түбінде белгілі бір себеп болуы заңдылық екен. Керек десеңіз, сол себептің өзіне де себеп керек! Олай болса, барлық себептердің түп-тамыры, қозғаушы күш - Жаратқан Ие. Яғни мынадай математикалық дәлдікпен үйлесімді ғарышты жарату үшін - Ұлы сана, құдыретті түйсік, шексіз шеберлік қажет. Оған қоса шығармашылық жан иесіне тән романтика мен ата-анаға тән нәзік махаббат қажет. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» - деген ғой Абай.
Саналы дүниенің өзінен өзі пайда болуының өзі - логикаға қайшы. Мәселен баспадағы станок өзінен өзі әріптерді лақтырып отырып, кездейсоқ «Абай жолы» романын түзіп шыға алады дегенге сенесіз бе? Жоқ, әрине. Мұхтар Әуезов болмаса, ол роман-эпопея жазылмасы сізге де, өзгеге де белгілі.
Демек, шексіздік пен уақыттың сыртында мәңгілік медитация жасап отырған Тәңір - барлық жаратылыстың ең ұлы себебі, ең түпкі қозғаушы күші. Шәкәрім айтқан бірінші анық арқылы біздің санамызды «мен ғарышта жалғыз һәм тастанды емеспін, мені ерекше махаббатпен жаратқан Біреу бар, яғни мен Оның мәңгілік қамқорлығындамын» - деген періште-ой әлдилейді.
Шәкәрім осы «Үш анығын» жазғанда қазіргі заман ғылымының жаңалықтарынан бейхабар еді. Бұл сұрақтарға жауапты ол түйсік арқылы, кемелденген интуиция арқылы жетті деп білеміз. Я болмаса, осы сауалдардың жасырулы кодын ол өз жүрегінен оқып, көрді.
«Жан» деген субстанцияны Шәкәрім әлемдегі кез келген зат секілді жоғалмайтын тек басқа формаға ауысып отыратын ақпараттық-энергетикалық құрылым деп білді. Бүгін ол физика ғылымына таңсық дүние емес. «Барлықтың ішінде бар болып» ажалсыз жүре беретін жанның құпиясын да Шәкәрім өз жанымен тілдесу арқылы да білуі мүмкін. Өз жаны арқылы бүкіл ғарышпен де диалог құруға болатынын білген Шәкәрім шындығында әулиеге айналды деп айта аламыз.
Дене - жанның киімі, қозғалыс құралы. Ал, жан бөлек екенін көрсеткен ұлы ойшыл, адам баласын мазалайтын үшінші сұраққа да жауап береді. «Киімін» шешіп қалықтай кететін жанды жерден де өзге, жерден де ғажайып әлемдер күтіп тұратынын меңзейді. Саналы адам оны елестете алса, ол үшін ажал деген «өткел» ешқандай үрей мен қорқыныш туғызбаса керек-ті. Яғни жан да, жаратылыс секілді мәңгілік.
Өмір егер бір сызықтың бойымен келе жатып, бір нүктеде тоқтап қалса, Тәңірдің жарату үрдісінің логикасы тым қысқа, тым қызықсыз болар еді. Біздің алдымызда күтіп тұрған сансыз, шым-шытырық сұлу әлемдерге жету үшін Шәкәрім - ұждан немесе ар деген ұстанымды алға шығарады. Жанды рухани азықтандырып, ардан аттамаған адамға сансыз әлемдерге тоқтаусыз саяхат Тәңір тарапынан үлкен сый болмақ деп білейік.
Қорытындылай келгенде «Үш анықты» білген һәм жете түсінген адам баласы үшін мына дүниенің барлық заңдары белгілі болып, бәрі өз орнына тұра қалады. Елегізіп тұрған жан сабырға келмек дейміз. Ал, ол өз кезегінде жанға тыныштық әкеліп, алыстағы дүниелерді көре білу қабілетін оятады. Бұл тіршілік иесі үшін нағыз бақыт деп ойлаймыз.
P.S.
Алаш жұрты ғасырлар бойы теперішті көп көрген халық. Қаншама зобалаңды басынан өткерсе де, қазақ Аллаға өкпесін айтпаған ел. Бұл біздің бойымыздағы төзімнің арқасы, бұл гүлдің күлтесіндей түйсігіміздің арқасы деп санаймыз.
Алдағы уақытта ойшылдарымыз бен кемеңгерлеріміздің айтқанына құлақ салып, Жаратқанның ғажайып сырларын танып-біліп, түсініп жүрсек, Құдайдың мейіріміне бөленеріміз хақ.
Бұл біздің сақтап қана қоймай, ұлы ұлтқа айналдыратынына күмән болмасын.
«Абай-ақпарат»