Жұма, 22 Қараша 2024
Даңғыл 5602 11 пікір 27 Наурыз, 2019 сағат 19:49

Эволюциялық саяси даму және қоғамдық тұрақтылық

Мақаладан үзінді

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру ісінде әуел бастан «алдымен – экономи­ка, содан кейін – саясат» қағидатын ұстанды. Ол сол жылдардағы саяси ахуалдың бар­лық қиындықтарын өз басынан өткеріп, жұрт­шылықтың күдігі мен үмітін терең сезі­не білді. Жауапкершілік деңгейі жоғары болған­дық­тан және әр нәрсеге прагматикалық тұр­­ғы­дан қарағандықтан Елбасы түрлі эксперименттер мен жөнсіз қадамдарға мүл­де барған жоқ. Сол себепті, Қазақстанда эволюциялық және кезең-кезеңмен даму қа­ғидаты басшылыққа алынды.

Уақыт осындай ұстанымның тиімділігін дә­лелдеді. Біз мықты экономика құрып, бір­те-бірте күшті азаматтық қоғамы бар орнық­ты­ әрі теңгерімді саяси жүйеге қадам басып келеміз.

Осы жылдар ішінде мемлекеттік-саяси құрылымның және қоғамдық қатынастар жүйесінің жалпы даму логикасы, ең алдымен, мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істейтін демократиялық институттарын құруға бағытталды.

Атап айтқанда, 1995 жылғы Конс­титуцияға сәйкес біртұтас мемлекеттік би­лікті жүзеге асырудың орнықты тетігі жасалды. Оның негізін биліктің үш тармағы – атқарушы, заң шығарушы және сот билігі құрайды. Тепе-теңдік және тежемелік жүйесі (сенімсіздік білдіру вотумы, импичмент, вето құқығы және т.б.) арқылы би­ліктің тармақтарға бөліну қағидатына ке­пілдік берілді. Конституция президенттік басқару формасын жария етті. Президенттің ерекше мәртебеге ие болуы, биліктің бар­­лық тармақтарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуі және мемлекеттік ор­ган­дардың жұмысы үшін халық алдында жа­уапты болуы осы басқару нысанының өзіне тән ерекшелігі саналады.

Жалпы, 1990 жылдың 24 сәуірінде құрыл­ған президенттік институт егемен елі­міз­дің бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементіне айналды. Мұндай жағдай 1995 жылғы 25 сәуірде Президенттің өкі­леттігін ұзарту жөніндегі республикалық ре­ферендум барысында түпкілікті түрде ре­сімделді. Оның қорытындылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатына қоғамдық қолдау көрсетудің деңгейі жоғары екенін айқын көрсетті. Кейінгі жылдары мұндай қолдау арта түсті. Елімізде өткен барлық президенттік сайлаудың нәтижелері соған дәлел.

Нағыз көшбасшының ұлылығы мен болмысы ұзақ мерзімді басымдықтарды белгілеп, мемлекеттің даму бағытын дер кезінде үйлестіре білуімен айқындалады.

Саяси және экономикалық салада тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген түбегейлі құрылымдық реформалар мықты президенттік билікті қажет етті. Бірақ жаңа тарихи кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкіметтің рөлін күшейтіп, билік өкілеттіктерін қайта бөлген дұрыс деп шешті. Сол себепті Тұңғыш Президент еліміздің саяси жүйесінің жаңа құрылымы мен тепе-теңдігін белгілеп, 2017 жылы конституциялық реформа жүргізуді ұсынды.

Бұл қадам жаңа демократиялық стан­дарт­тарға және азаматтық қоғам инс­ти­тут­тарын дәйекті түрде дамытуға бағыт­талған еліміздің саяси жүйесінің эволю­ция­сындағы жаңа кезеңге жол ашты. Осы реформа арқылы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, егемендігімізді ны­ғайту, демократиялық қағидаттарды дамыту және мемлекеттің тиімділігін арттыру ісіндегі Парламент депутаттарының рөлін күшейтудің стратегиялық перспективаларын айқындады.

Осылайша Қазақстан парламентарийзмі Қазақ КСР-нің ескірген Жоғарғы Кеңесінен заманауи қос палаталы кәсіби Парламентке дейінгі күрделі эволюциялық жолдан өтті. Қоғамдық-саяси күштер кеңінен өкілеттік алып, ел өміріне елеулі ықпал ете бастады.

Бүгінгі таңда республикамызда орнық­ты көппартиялы жүйе қалыптасты. Қазіргі уақытта 6 саяси партия ресми түрде жұмыс істеп келеді. Солардың үшеуі Парламент Мәжілісіне сайланды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1993 жылдың соңында елімізде екі-ақ саяси партия (Социалистік және Қазақ­станның Ұлттық Конгресі) ресми түрде тіркелген болатын.

Президент басқарған «Nur Otan» партия­сы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды және жұртшылық үшін өзекті жобаларды дәйекті түрде іске асырып, Қазақстанның қо­ғамдық-саяси кеңістігінің мықты топтас­тырушы буынына және халықтың түрлі өкіл­дерінің мүддесін қорғайтын күшке айналды.

Қоғамдық-саяси құрылымдардың қыз­метін реттейтін «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң­дар пікір алуандығын қамтамасыз етіп, аза­маттардың республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейде шешім қабылдау ісіне атсалысуы үшін барлық мүмкіндіктерді берді. Бұл жағдай еліміздің қарқынды қоғамдық-саяси өмірінде айқын көрініс тапты. Мәселен, Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазір елімізде респуб­лика­лық және өңірлік деңгейде 23 мыңға жуық қоғамдық бірлестік тіркелген.

Тәуелсіздік алған соң төртінші билік қарқынды дами түсті. Елімізде түрлі мем­лекеттік емес коммерциялық, қоғамдық радиостансалар, телеарналар мен мерзімді басылымдар ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі қамтамасыз етілді. БАҚ еркіндігіне заң жүзінде кепілдік берілді.

Нәтижесінде отандық журналистика халықты ел ішіндегі және әлемдегі жағдай туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін тиімді қоғамдық бақылау институтына айналды. Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі меншік нысанын­дағы 3 393 бұқаралық ақпарат құралдары тіркел­ген. Солардың ішінде 2 829 мерзімді басылым, 133 телеарна, 70 радио және 361 ақпарат агенттігі мен желілік ақпарат көздері бар.

Сонымен қатар Елбасы мем­лекет­­тік қыз­меттің жаңа меритократия­лық жү­йе­с­інің қалыптасуына зор мән берді. Оның басты қағидаттары – демокра­тия­лы­лық, жал­пыға қолжетімділік, қызметтің ашық­­тығы, қоғам­дық пікірдің ескерілуі және жұрт­­шы­лық­пен ұдайы диалог жүргізу, мем­­леке­ттік қыз­мет­шілердің кәсібилігі мен құзыреттілігі.

Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағы ыдыраған сәтте ғалымдар мен саясат­керлердің көпшілігі этностық және конфес­сияаралық қарама-қайшылықтардың салдарынан Қазақстан құрдымға кетеді деп болжады. Американың атақты саясаттанушысы Збигнев Бжезинский Югославияның көпке белгілі баянсыз тәжірибесіне сүйене отырып, біздің өңірді, тіпті «Еуразиялық Балқан» деп атады. Оқиғаның осылай өрбу қаупінің жоғары болғанын атап өткен жөн. Дегенмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейбіт өмірдің, этносаралық және конфессияара­лық қатынастардың нәзіктігі жоғары екенін түсініп, стратегиялық маңызы зор осы са­ладағы барлық жағымсыз үрдістердің алдын алып, оларды тиімді түрде бейтараптандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар ұсынды.

Атап айтқанда, мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік беріп, елі­міздегі дәстүрлі діни бірлестіктердің еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Зайырлы мемлекеттің конституциялық қағидатын жүзеге асыру үшін жағдай жасалды. Соған сәйкес ешбір дін мемлекеттік және жалпыға міндетті дін ретінде белгіленбейді. Мұндай қадам ислам, христиан, иудаизм және басқа да конфессия өкілдерінің үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында институцияланып, белсенді ілгерілеп келеді.

Этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 1995 жылы еліміздегі 130-ға жуық этностың басын қосқан бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Жалпы, бүгінде Тұңғыш Президенттің үштұғырлы тіл және барлық этностар мен конфессия өкілдерінің теңдігі саясатының негізінде қоғамды демократияландыру, Қа­зақстан парламентарийзмі мен азаматтық қоғам институттарын дамыту, сондай-ақ елімізде жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарғанын нық сеніммен айтуға болады.

Махмұт Қасымбеков

Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5313