Өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар марапатталды
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Алматы облысында 2018 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды, спорт бөлімдері мен мекемелерді, осы саланы насихаттаған журналистерді марапаттады. Салтанатты шараға қазақтың маңдайына біткен спортшылар Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибрайымов, Қанат Ислам, Ардақ Назаров, Мәулен Мамыров құрметті қонақ ретінде қатысты.
Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтында жазылуынша, жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтаған Амандық Баталов облыстағы спорт саласының дамуы мен спортшыларды қолдау барысына қысқаша тоқталып өтті.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті. Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс», – деген болатын. Бұл орайда саланы дамытуға жүйелі жұмыс жасалуда. Материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа нысандар салынуда. Бүгінгі күні облыста 30 мың спорт нысаны бар. Елбасы еліміз бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жүктеген болатын. Осы ретте біздің облыста 8 ДСК салынып жатыр, соның 4-еуі биылғы жылы іске қосылады. Бұл істе бізге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі зор мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, жақын күндері осы тетік негізінде Талдықорғанда олимпиадалық жүзу бассейнінің құрылысы басталады. Біз жергілікті бюджеттен спортшыларға қолдау көрсетуді тұрақты атқарып келеміз. Ол өз нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жылы біздің спортшылар түрлі деңгейдегі 2 мыңдай медальға ие болды. Осы мереке күні баршаңызды жеткен жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, еліміздің спорттық имиджін көтеру жолындағы еңбектеріңізге алғыс айтамын, - деді А. Баталов.
2018 жылғы облыстық спорт мекемелерінің, аудандық, қалалық бөлімдердің жұмысын рейтингтік жүйеде бағалаудың қорытындысына сәйкес жеңімпаз деп танылған облыстағы спорттық ұйымдардың әрқайсысы 500 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болды. Олардың арасында Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, Талдықорғандағы № 1 олимпиадалық резервтегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, Алматы облысы бойынша грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы бар.
700 мың теңгенің сертификаты самбодан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылғы XVІII жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Ділдаш Құрышбаеваға берілді.
Халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2018 жылғы XVІII жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, мүгедек-спортшылар арасында пауэрлифтингтен III Паразия Ойындарының күміс жүлдегерлері Раушан Қойшыбаева мен Рахметжан Хамаев және қола жүлдегері Гүлбану Абдыхалыкова 400 мың теңге ақшалай сертификаттарына ие болды.
Сол сияқты каратэ шинкиокушинкайдан ерлер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мерей Сүйіновке, бокстан жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Анель Құдайбергенге, самбодан әйелдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы Гүлнұр Ерболова, қол күресінен 2018 жылғы жастар арасында Әлем чемпионы Алена Станскаяға 300 мың теңге ақшалай сертификаттар берілді.
Сондай-ақ Азия чемпионатының жүлдегерлері, саламатты өмір салтын, спорт саласын насихаттаған журналистер 150 мың теңгенің сертификатын алды.
Бапкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында Вячеслав Шапран, Виктор Юрайтис, Азамат Көкебаев, Махаббат Туғанбекова, Денис Орлов, Бақыт Жазықбаев, Александр Гетало, Боранбек Қоңыратов, Дмитрий Кальтенбергер және басқалар бар. Жаттықтырушыларға 300, 200 және 100 мың теңгенің сертификаттары ұсынылды.
Мінбеге қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров көтеріліп, көпшілікті мерекемен құттықтай отырып, ел спортының болашағы жарқын болатынына сенім білдірді.
Өз сөздерінде мүгедек-спортшылар арасында пауэрлифтингтен III Паразия Ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева мен бокстан жастар арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Анель Құдайберген Президенттің спортқа деген қамқорлығына, облыста спортшыларға жасалып отырған жағдайларға ризашылықтарын білдіріп, қашанда ел туын биіктетер белестерді бағындыра беретіндерін айтты.
Шара соңында облыстағы өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы қойылды.
Атап өтсек, 2018 жылы Алматы облысының спортшылары 1779 медаль иеленіпті, соның 637-сі – алтын, 529-ы – күміс, 613-і – қола медаль. 49 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 111 спорт шебері, 818 спорт шеберлігіне кандидат, 504 бірінші разрядты спортшы дайындалған.
Abai.kz