Сенбі, 23 Қараша 2024
2868 0 пікір 5 Наурыз, 2019 сағат 12:40

"7-20-25" бағдарламасын орындау үшін банктер мен әкімдіктер бірлесе жұмыс істеуі қажет

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы үйсіз жүрген отандастардың үмітін жаққан, жалпыхалықтың қолдауына ие болған бастамалардың бірі екені белгілі. Елбасы Үкімет пен жергілікті басқару органдарына, Ұлттық банкке аталмыш ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар міндеттеген еді.

Осы уақытқа дейін қатардағы қарапайым қазақты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарлама бойынша біраз шаруаның шеті қайырылған. Деседе, мәселе толық шешім тапты деуге тағы келмейді.

Сол себепті де Елбасы Үкімет пен Ұлттық банкке тағы да тапсырламар жүктеді.

"7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажет. "Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады", – деген еді Елбасы.

Осыған орай Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы аудан және қала әкімдерінің басын қосып алқа-қотан жиын өткізген. Ол жиында "7-20-25" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы талқыланды.

Әкімнің ақпаратына сүйенсек, аталмыш ипотекалық бағдарламаның орындалу көрсеткіші Алматы облысына қарайтын Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ақсу аудандарында төмен. Ал Көксу, Іле, Сарқан және Алакөл аудандарында айтарлықтай алға жылжу байқалады.

Сондай-ақ, облыс басшысы аудан және қала әкімдерінің есептерін тыңдады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының игерілуі бойынша жұмыс жүргізу үшін әкімдерде бір апта уақыт берді.

"Көксу ауданынан үлгі алыңдар, шағын аудан болса да, банктің келісімін 30 адам алып үлгерген, 15-і келісімшарт жасасты. Ал Алматының маңындағы ірі аудандар құрылыс қарқынды жүріп жатса да, көштен қалып отыр. Тұрғын үй бағдарламасын орындауда кімнің бар ынтасымен жұмыс істеп жатқанын, ал кімнің қол қусырып қарап отырғанын осыдан-ақ көруге болады", - деді Амандық Ғаббасұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс басшысы екінші деңгейлі банк өкілдеріне де қайрыла сөйледі. Банк өкілдіктері жергілікті атқарушы органдармен қоян-қолтық  жұмыс жасауға шақырды.

"7-20-25» бағдарламасы – халықты қолжетімді баспанамен қамтуға арналған Президенттік тұрғын үй бағдарламасы. Жергілікті атқарушы органдар сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Алдарыңызға келген әрбір тұрғынға бағдарлама бойынша үй алудың шарттары мен ондағы жеңілдіктерді түсінікті, қарапайым тілмен ұғындырып беруге тиіссіздер. Әзірге мен мұндай бірлескен, тиімді жұмысты көріп тұрған жоқпын", - деді облыс басшысы.

Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов бірінші кезекте бағдарламаға қатысушылар пулын қалыптастыру керектігін атап өтті.

"7-20-25» бағдарламасын іске асыру - менің жеке бақылауымда. Әрбір аудан, қала әкімдері бағдарламаның орындалуын жеке жауапкершіліктеріне алсын. Қол жеткізген нәтижелерің жергілікті жердегі жұмыстарыңның сапасын айқындайтын болады", - деді Баталов.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371