Елбасы – Абай мұрасының жанашыры
«Абай сөзі – қазақтың бойтұмары.
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы».
Нұрсұлтан Назарбаев
Асыл сөзден нәр іздесек, ақиқатты жол іздесек, тарихтан сыр іздесек Хәкім Абайға үңілеріміз анық. «Қазақ елінің киесі мен арына» балаған ұлы ақын сөзі мен өнегесін ұлықтау, халқымыздың рухани өзегіне айналдыру Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жіті назарында болған құндылықтар екенін міне уақыт төрешісі дәлелдеп берді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыхалықтық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, мәдени құндылықтардың рухани жаңғыруына қол жеткізді. Рухы асқақ, тұғыры биік қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды.
Қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде рухани мұрамыздың темірқазы болар Абай шығармашылығына басты назар аудару керектігін тұңғыш президентіміз көрегендікпен бастама жасай білді. Абай сөзі мен хакім құдіретін республика жұртшылығына ғана емес, әлем елдеріне таныту кезек күттірмейтін абыройлы міндетіміз екенін ұғындырды.
Қаншама жылғы кеңестік жүйенің қиыншылығынан енді шығып, экономикалық тұрғыдан да, бар сала бойынша да алғашқы қадамдарды жасай бастаған жас қазақ елі ол кезде той тойламақ түгілі әлем алдындағы беделін енді тіктеп жатқан кез еді. Қандай қиын кезең болса да, Елбасымыз егемендігімізді ала сала Абайдың 150 жылдығын Юнеско көлемінде тойлатып, ұлы ақын мұрасын әлемге паш еткенін біз қазір зор мақтанышпен айтамыз.
Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің рухани, ақындық Меккесі болған қасиетті Жидебайда қазақ даласында жүзіп келе жатқан қос желкенді алып кемедей «Абай – Шәкәрім» мавзолей кесенесін тұрғызу Абайға деген зор құрметтің көрінісі. Жас тәуелсіз елдің міне рухани баспалдақтары ұлы ақынға деген құрметпен басталуы Елбасының жіті назарындағы дүние екені анық.
Елбасымен Абай мұрасын насихаттау жолында жүздесуім менің өмірімдегі естен кетпес, ойдан шықпас тарихи сәттер. Әлем елдерінен түрлі ұлт өкілдерінің, соынмен қатар ата мекенін аңсап жүрген өзге шет елдердегі қандастарымыздың, байтақ жеріміздегі азаттықты аңсаған барша қауым өкілдері бас қосқан қарт Семей жерінде, Шыңғыстау – Жидебай төрінде ұлы Абайдың 150 жылдық тойында Елбасын алғаш жақыннан көргенім есімнен еш шықпақ емес. Ұлылар мекенінің тумасы болғандықтан, әрі мамандығым әдеби мұра бағытында себепті, филилогия факультетінің үшінші курсы студенті болсам да 150 жылдық тойда еліміздің белді ғалымдары мен ақын-жазушыларына жол бойындағы тарихи жерлерді таныстырып бару бақыты маған бұйырған еді.
Елбасымыздың Семейдегі салтанатты жиындағы, Жидебайдағы сөйлеген сөзі, Германияның Нюрнберг қаласында арнаулы технологиямен даярланған, ұзақ уақыттар бойы бүлінбей сақталуы үшін парақтары құрамына металл ұнтақтарын қосып жасаған, салмағы 58 кг болатын, 200 беттік «Зерде» кітабына алғашқы болып қол қойған сәттері күні кешегідей есімде. «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы...», - деген осы «Зерде» кітабына қалдырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қанатты сөздері – қазақ жұртының мақтанышы, ұлы тұлға Абайға деген сүйіспеншілік құрметі, әрі біздің бағыт-бағдарымызды белгілейтін сөз.
Елбасымыздың қазақ өлеңінің қағбасы болған қасиетті Шыңғыстау жеріне, бұған дейін де, кейін де ұлы ақындар рухына тағзым етіп келуі Ұлы Абайға деген зор құрметінің белгісі. 1991 жылғы тұңғыш сайлау алдында арнайы Абай еліне келіп, халықпен емен - жарқын жүздесіп, елдің батасына, ықыласына бөленген Елбасымыз артынша ел президенттігіне сайланған еді. Н.Ә.Назарбаевқа 1991 жылы тұңғыш сайлаудан кейін, тәуелсіз қазақ елін басқаруға кірісер алдындағы ант беру салтанатында бүкіл әлем жұрты алдында Абай елінен Шыңғыстаудың белгілі халық ақыны, абыз бабамыз Шәкір Әбеновтің күллі қазақ елінің атынан, рухани-мәдени қауым атынан бата беріп, ел басқару жолында жетістіктер тілеуі Абай елінің Елбасына деген құрметі, Тұңғыш Президентіміздің Абайға, қасиетті топыраққа деген ризашылық сезімі боларға керек.
Елбасымен келесі жүздесуім де Абай әлемімен тікелей байланысты болды. 2015 жылдың 8 сәуір күні Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған киелі мекенде, қазақ елінің руханият әлемінің орталығында Елбасына ұлы Абай мұрасына арналған залдарының жаңарған экспозицияларымен, құнды экспонаттармен таныстыру бақыты музей басшысы болғандықтан тағы маған бұйырған еді. Әрине Еліміздің Тұңғыш Президентін Абай шаңырағында қарсы алу, музей тыныс-тіршілігімен таныстыру мен үшін үлкен құрмет, зор мәртебе.
Абайдың қара шаңырағында сақталған ақынның 1885 жылы тапсырған жеке заттары мен тарихи жәдігерлер, фотосуреттері, қолжазбасы және құнды кітаптар, тың деректер, құжаттарды таныстыру барысында Елбасының ұлы ақынға деген ерекше ықыласын, зор құрметін аңғардым. Музей құндылықтарымен танысып болған соң, өз ризашылығын білдірген Елбасы Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен жүздесу сәтінде, киелі жерге, елге келгенде тебіренбейтін адам болмайтынын айта келіп:
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек»,-
деп ұлы ақын өлеңінен үзінді оқып, Абай айтқандай "Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюіміз қажеттігін" ерекше атап көрсетті. Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы жиылғандарға өз алғысын білдіріп, еңбектерімізге табыс тіледі. Сол сәтте Елбасының елге, мәдениетке, Абай рухына деген тағзымын терең түсінгендеймін. Семейдегі Абайдың қара шаңырағына келген сапарынан соң Елбасының назарынан тыс қалмай Алғыс хатын алуым, осы жылы «Құрмет» орденімен наградталуым Абай мұрасына деген құрметтің, музей жұмысының жанданғанының, еңбегіміздің бағаланғандығының көрінісі деп білемін.
Күні бүгінге дейінгі қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына ескерткіштер тұрғызылып, қала және көше аттары беріліп, хәкім шығармалары көптеген әлем тілдеріне аударылуы Елбасының Абайға деген құрметінің шексіз көрінісі.
«Ұлттық философия, тіл, әдебиет мәселесінде Абай атамыздан артық жүгінеріміз жоқ. Абайдың еңбектерін көбірек оқу, насихаттау керек», - деген Елбасы сөзін басшылыққа алып, Абай сөзі мен хакім құдіретін жан-жақты таныту біздің абыройлы міндетіміз.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіз ел атанып, бұрын-соңды болмаған, өзгелермен терезесі тең мемлекет құрдық. Дүние жүзі сыйлайтын ел атандық. Соның бәрі – біздің бірлігіміздің арқасы. Қазіргі кезде жастарымыз елдің ішінде де, сыртында да көптеп білім алуда. Біздің буынның тік тұрып атқарған қызметін келешекте солар жалғастыратын болады. Еліміз дамып, халқымыздың береке-бірлігі арта берсін!» – деген тілектің әрбірі Абай аманатымен рухани үндестікте екені мәлім. Ғасырлар бойы күткен тәуелсіздікке жеттіп, бірлік пен ынтымақтастықты, биік парасатпен, ұлт пен ұлыс санасына жеткізе айтатын Елбасынының еліміздің өркендеуіне қосқан үлесін біз қашан да жоғары бағалаймыз.
Жандос Әубәкір, Ф.ғ.к., доцент, Мәдениет саласының үздігі, абайтанушы
Abai.kz