Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3758 3 пікір 4 Сәуір, 2019 сағат 10:39

Нұр-Сұлтанға тағы да жаңа театр салу қажеттігі туыпты

Астана жұртшылығы арасында «қақпа» аталып кеткен Триумфальды арканы жөндеуге қала бюджетінен 600 миллион теңге бөлінеді деген хабар тарады.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне 2011 жылы 16 желтоқсанда ашылған «Мәңгілік ел» қала қақпасы сегіз жылда 600 миллионға тозып қалды ма? Елдегі қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында оны осынша қаржыға жөндеу қаншалықты қажет?

Қала әкімінің орынбасары Нұркенов мырзаның айтуына қарағанда, расында да, «Мәңгілік елдің» қақпасы мәңгілік болмай қалған сыңайлы. «Триумфальды арканың жағдайы күрделі, – депті ол ендігі «Нұр-Сұлтан» атанған қаланың мәслихатында. – Оның жерасты өтпелі жолы сапасыз салынған, жыл сайынғы ағымдық жөндеуден кемшіліктер түзетілер түрі жоқ».
Ал анығында, ұзындығы 40–50 метрден аспайтын өткел жолды сылтау етіп, жер астына 600 млн теңгені көмудің мақсаты тіптен басқада сияқты. Біріншіден, бұл қақпа миллиондарды қылғытып біткен кезде «нұротандық» бір жандайшап атып тұрып: «Мәңгілік елді жасаған – Нұрсұлтан Назарбаев, сондықтан аркаға атын берейік» деуі әбден мүмкін. Қитұрқысы қою Қазақстанда бәрі мүмкін!

Екіншіден, бұл қақпа мен бір мезетте 30 000 мың жамағат «жығылуға» жарайтын мешіт салудың машақаты бірегей қамның қажетінен туған болуы керек. Ол қам – Назарбаевқа дәрігерлер белгілеп берген «екі жылдық мерзімнің» мезетімен тұспа-тұс келсе керек. Әйтпегенде, көп балалы аналарды ақшалы мен ақшасызға бөліп, біреуі он бала тапса да, түксіз қалған, екіншісі – төрт баламен жәрдемақы ала алатындай алалау айласы жасалған жағдайда сол 600 миллионды «көміп тастаудың» басқа да жолдары табылар еді.

Енді бұл аркаға ақша шашу аз болғандай, Нұр-Сұлтанға тағы да жаңа театр салу қажеттігі туыпты. «Тағы да» дейтініміз – бұдан 2-3 жыл бұрын сыйымдылығы 1200 орындық опера театры салынғаны әлі есте. Бұл жолғы салынбағы – драма театры екен. Оның да салынып біту мерзімі сол «белгіленген екі жылмен» межеленіпті.

Айтпақшы, «Самұрық-Қазына» қоры (халықтың ақшасы дей беріңіз) салуы тиіс театрға төгілетін қаржының қисабы әзірге белгісіз көрінеді. Белгілісі – бұл театр орналасатын 6 гектар алқаптағы 47 жер телімі «мемлекеттік қажеттілікке» алынады. Тегін емес, сатылып алынады. Ал ол «қажеттілік үшін» Ахмет Байтұрсынұлы мен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінің аралығындағы алты гектар жердегі үйлер мемлекет қаржысына (тағы да халықтыкі дей беріңіз) сатып алынатын болса, бұл театрдың драмасы дардай болайын деп тұр.

Несін айтасыз, белгілі карикатурашы Мұрат Ділманов өзінің «Фейсбуктағы» парақшасына суретін салып, атауын «какой триумф – такая арка» деп жазғандай (суретті қараңыз), тағы бір «триумфтың» туы көтерілді: кеше елдегі ақпарат агенттіктері Қазақстанның тұңғыш перзидентінің кеңсесін құруға ел бюджетінен 1 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады. Ал Астананың атауы мен жалақыны көтеруге қазынаның есебінен жұмсалатын 37,8 миллиард теңгенің қаншасын Нұр-Сұлтан жұтарын бір құдайдың өзі білсін.

Қысқасы, алдағы екі жылда «триумфтардың» талайын көретін түріміз бар. Тек ел-жұрт аман болсын, ағайын!

Ермұрат Бапидың facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377