Рухани жаңғыруды бастаған "Әділет" қоғамы болатын
8 сәуір – «Әділеттің» туған күні
Тәуелсіз еліміздің туын биік ұстайтын азаматтарға шын мәніндегі рухани жаңғыруды бастан кешу ләзім. Коммунистік жылдар бекем қалыптастырған қоғамдық сана жаңару үдерісін өткеріп, жаңа сатыға көтерілуге тиіс. Бұған әркімнің өзін-өзі тарихпен, әсіресе тарихтың көп жылдар бойы жабық боп келген қасіретті беттерін білу арқылы тәрбиелеуі пәрменді әсерін тигізеді. Осы ретте бұдан отыз жыл ілгеріде шаңырақ көтерген Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы қызметіне назар аударған жөн.
ҚазТАҚ «Әділет» – Қазақстанда ХХ ғасырда орын алған саяси қуғын-сүргіндер мен ашаршылықтар ақиқатын ашуды, тоталитарлық режим құрбандарын мәңгі есте қалдыруды, тоталитарлық билік жасаған әділетсіздіктерді әшкерелеп, жазықсыз жазаланғандарды толық мәнінде реабилитациялауға жәрдемдесуді, тапталған адам құқтарын қалпына келтіру істеріне атсалысуды және сол кезеңдер жайындағы тарихи білімді кеңінен насихаттауды совет дәуірінде-ақ мақсат еткен тұңғыш республикалық қоғамдық ұйым. Ол билеуші партия жария етіп, тоталитаризмнің көбесін сөгуге пұрсат берген қайта құру дәуірінде дүниеге келген республикадағы үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы еді.
Екі құрлыққа жайылған ұлан-ғайыр кеңістіктегі Советтік Республикалар Одағын құраған «тәуелсіз мемлекет-республикалардың» бәрін шеңгелдеп уысында ұстаған Коммунистік партияның Орталық Комитеті 1985 жылы жер-жаһанға жариялылық саясатын әйгі еткен еді. Бірақ келесі жылы-ақ өзінің сол жасампаз жариялылық саясатына қиғаш әрекет жасаған. Яғни Қазақстан жұртшылығының пікірін білуді артық көріп, республиканы басқаруға сырттан өз қалағанын бастық қып жіберген. Сосын одан да асып, сол беймәлім эмиссарын жіберу себебін түсіндіруді талап еткен қазақ жастарының бейбіт демонстрациясына әскери күш қолданумен жауап берген.
Соның салдарынан жастар шеруі ашық наразылыққа, қарулы жазалаушылар мен жуасытушыларға табанды қарсылық көрсетуге, орталық алаңға өршелене ұмтылған саяси көтеріліске ұласып, 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда дөрекі күшпен басып-жаншылған. Содан тоталитаризм тоңы Қазақстанда қайта қатаюға бет алған еді, алайда жариялылық жеңген советтік орталықтан тегеуіріндей ескен демократия желі нәтижесінде біртіндеп жібуге мәжбүр болды.
КСРО-ның билеуші партиясы (СОКП) жария еткен қайта құру саясатының арқасында 1987 жылы Мәскеуде 30-шы жылдарғы репрессиялар құрбандарын мәңгі есте сақтауды көздеген бастамашы топ құрылып, «Мемориал» қозғалысы бастау алған-ды. Осы қозғалыс идеясы рухтандырған алматылық зиялы қауымның (ғылым, әдебиет, өнер, кинематография, журналистика қызметкерлерінің) бір топ өкілі Алматыда бас қосып, сталинизм дәуірлеп тұрған жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандардың қалада тұратын ұрпақтарын мәслихаттасу үшін жинауға шешім қабылдады.
Ұзамай бұл мәселеге бейтарап қарамайтындардың жалпы жиналысы өткізіліп, қозғалыстың болашақ ұйымдық құрылымын, жарғысының жобасын әзірлеумен шұғылданатын ұйымдастыру комитеті сайланды. Бұл 1988 жыл еді. Құрамында 17 мүшесі бар осы комитеттің төрағасы Б.І. Ғабитов-Жансүгіров, орынбасарлары Э.Ф. Айрих, М.К. Байділдаев, В.И. Снитковский болды. Дайындық комитеті өз отырыстарында атқарылмақ жұмыстардың мән-мазмұнын айқындады. Қазақстан жағдайында тек қана саяси қуғын-сүргіндердің ғана емес, сондай-ақ 30-шы жылдардың тағы бір қасіреті – тоталитаризм дәуірінде ашық айтуға мүлдем тыйым салынған ашаршылықтар шындығын ашудың да маңызды болмағы атап айтылды. Сталинизм заманының екпінімен сол уақытқа дейін жабық тақырып болып келген осы бұрмалаулардың ақиқатын ашу, саяси репрессия құрбандарын ақтауға атсалысып, олардың адал есімдерін қоғамдық өмірге қайтарумен шұғылдану қажеттігі және оған қол жеткізу жолдары талданды, қорытылып, түйінделді. Осындай мақсат ұстанатын қозғалысты жер-жерде өрістету мәселелерін қарастырды. Аймақтардағы қолдаушыларды анықтау, оларды алға қойған мақсатты жүзеге асырушылар қатарына ұйыстырып, болашақта құрылтайшы жиналыс өткізу шараларын жүйелі түрде жүргізу көзделіп, практикалық жұмыстар жүргізілді.
1989 жылғы 28–30 қаңтарда Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ерікті тарихи-ағарту «Мемориал» қоғамының құрылтайшы конференциясына қазақстандық қозғалыстың он шақты өкілі (С. Жандосов, М. Байділдаев, С. Айтмамбетова, В. Снитковский, А. Тасымбеков, т.б.) делегат ретінде қатысып қайтты. Сол жылғы 8 сәуірде қазақстандық қозғалыстың Алматыда өткен құрылтайшы конференциясында Қазақ республикалық ерікті тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы шаңырақ көтерді.
Құрылтайшы конференцияда Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы Р.Б. Сүлейменов «Әлеуметтік әділеттілікті және сталиндік репрессиялар құрбандарының аяққа тапталған ар-намысын қалпына келтірейік» тақырыбымен баяндама жасады. Баяндаманы конференцияда сөйлеген делегаттар (сталиндік лагерьлер азабын басынан өткергендер, ардагерлер, тарихшылар, журналистер, жазушылар, партия қызметкерлері) әр қырынан тереңдете келіп, құрылғалы тұрған ұйымның алға қоятын мақсаты – КСРО халықтарының тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою, социализм идеялары бұрмаланған кезеңде біздің республикада зардап шеккендердің адал есімдерін қалпына келтіру, демократия мен жариялылықты одан әрі орнықтыруға жұртшылықтың күш-жігерін жұмылдыру болуға тиістігін атап көрсетті. Ел тарихында жол берілген деформацияларды ашық атап айтып, оларды түзеуді батыл қолға алу билеуші партияға тек абырой әперетіні жаңаша ойлау болашағына деген сеніммен, ризашылықпен айтылды.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы өмірге әкелген Алаш-Орда қайраткерлерін ҚКСР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 қарашада ақтауы, ҚКП Орталық Комитеті құрған арнайы комиссияның ұлт тарихында ерекше орны бар төрт тұлғаны (Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовты) сталиндік бұрмалаулардан тазалап, толық ақтауы, есімдерін, еңбектерін, шығармашылық мұраларын халыққа, қоғамға, рухани өмірге қайтарулары (реабилитациялауы) халық арасында үлкен серпіліс туғызды. Шаңырақ көтергелі отырған қоғам келешекте осындай жұмыстардың толастамауына септесетін болады. Қоғамға мүше болған әркім тұрған жерлерінде орын алған заңсыз жазалаулар, жалпы, әр кезгі сталинизм құрбандықтары жайында материал жинастыруға тиіс. Делегаттардың айтуынша, бұл тарапта біраз жұмыс қолға алынған, дегенмен, қасіретті кезеңдерді есте қалдыратындай зерде кітабын жасау үшін жүйелі түрде көп іс тындыру керек.
Бірінші кезекте отырықшыландыру мен ұжымдастыру науқандары кезіндегі қайғылы асыра сілтеулер мен демократияны бұрмалаудың қасіретті шыңырауы болған 30-шы жылдарғы алапат аштық шындықтары жөніндегі деректер, естеліктер, саяси репрессияға ұшырағандар туралы мәліметтер іздестіріп, жинастыру жөн. Ашаршылық жылдары Қазақстанда 2 миллионнан астам адам аштан опат болды, толық емес мағлұматтар бойынша 70 мыңдай кісіге (қазіргі таңдағы дерек бойынша 120 мың жан репрессияланды, оның 25 мыңы атылды деп саналады) жазықсыз репрессиялық шаралар қолданылды, елдің батыс және шығыс өңірлерін мекендейтін кейбір халықтар (соғысқа дейін Қиыр Шығыстағы корейлер, соғыс кезінде Еділ бойындағы немістер, Қырым татарлары, шешендер, күрділер, ингуштер, басқа да кавказдықтар) сталиндік қатыгез жазалауларға ұшырап, тұтастай қазақ жеріне көшірілді. Азаматтық құқтары аяққа тапталған осы халықтардың бастан кешкен қиын жағдайлары жайында есте сақталған әңгімелер мен түрлі құжаттарды жинау ләзім. Өндіріс ошақтарында ұйымдастырылған еңбек армиясы (трудармия) жөніндегі шындық ашылуға тиіс, сонда жіберілген адамдардың естеліктерін жазып алу қажет. Мұның бәрі қоғам жұмысына қалың бұқара атсалысқан жағдайда ғана мүмкін болмақ.
Осындай ойларын қорыта келе, құрылтайшы конференция делегаттары тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді, сол орайда аса маңызды тарихи-ағартушылық жұмыстар жүргізуді көздейтін республикалық ерікті «Әділет» қоғамының дүниеге келгенін жариялады. Қоғамның жарыссөз барысында пысықталған жарғысын қабылдады. Жарғыда қоғам өзінің тарихи-ағартушылық сипатына сәйкес, алдына сталинизм жөніндегі, отызыншы жылдарғы алапат ашаршылық жайындағы тарихи шындықты ашып, қалпына келтіруді мақсат етеді, тоталитарлық режим құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыру, оларды толық мәнінде ақтауға, ақталғандар мен олардың отбастары мүшелерінің мүдделері барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қорғалуы үшін жан-жақты құқықтық қорғау шараларын жасауға жәрдемдесуді міндет етіп қояды деп атап көрсетілді.
Заңсыздықтар белең алған қорқынышты жылдары Қазақстан концентрациялық лагерьлер шоғырланған елге, депортацияланған халықтардың жер аударылу орнына айналды. (ҚКСР аумағында 11 концлагерь құрылды: АЛЖИР, Карлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері). Бұлардың шындығын ашу қажет. Республика тарихында олардан басқа да көптеген «ақтаңдақтар» бар, солар: күштеп индустрияландыру, көшпенділерді зорлықпен отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды советтік реформаларға байланысты оқиғалар, сол шаралар барысында бұрқ еткен көтерілістер, тек 30-шы жылдарғы алапат аштық қана емес, 1917–1918, 1921–1923 жылдарғы ашаршылықтар зерттелуге тиіс. Сталиндік-голощекиндік билік душар еткен жөнсіздіктер мен зұлымдықтар салдарынан сан мыңдаған жекелеген адамдар орынсыз қиыншылықтарды, тауқыметтерді бастан кешті. Тоталитаризм мен деспотизм рухани өмірге де орасан зор залалын тигізді. Билеуші партия қалың халыққа шынайы тарихын білгізбей, жұрттың санасын «Елдігіміз Октябрь революциясынан бастау алды», «Алашордашылар – жексұрын ұлтшылдар» деген жалған ұғымдарға жаулатты. Көрнекті қайраткерлер, көптеген интеллигенция өкілдері, халық шаруашылығындағы, халыққа қызмет көрсету салаларындағы мамандар мен қызметкерлер қатаң қуғынға ұшырады, небір бетке ұстар азаматтар физикалық тұрғыда жойып жіберілді.
Осылардың бәрін зерттеуге алып, жаңа танымды, тарихи әділеттілікті қалыптастыру ісіне атсалысу мәселелерін ҚазТАҚ «Әділет» өзінің бағдарламалық міндеті деп санады. Бағдарламалық міндеттерін орындау барысында қоғам алдында тұрған ұланғайыр жұмыстарды тиімді атқару үшін ұйымдастыру жұмыстарын жетілдіру қажеттігі туындады. Тек Алматының өзінде түрлі көмекке мұқтаж екі жарым мыңдай жан – саяси қуғын-сүргін салдарынан сталиндік лагерьлер азабын көріп келгендер бар болатын. Ал қаза тапқаннан кейін ақталғандардың отбасы мүшелері, олардың ұрпақтары жүз мыңдап саналатын. Солармен нақты жұмыстар жүргізу барысында қилы әлеуметтік мәселелерді мақсаткерлікпен шешу, жалпы, репрессияланғандардың мүдделерін қорғаумен тікелей шұғылдану үшін «Әділет» қоғамының мүшелері ішінен репрессияға ұшырағандар қауымдастығы (төрағасы Б.Ж. Мұстафин), сондай-ақ «Жанашыр» бірлестігі (төрағасы М.С. Нұрпейісов) құрылды.
ҚазТАҚ «Әділеттің» ұйысуына алып келген қазақстандық қозғалыс алғаш Мәскеуде пайда болған «Мемориал» қозғалысы әсерін сезіне отырып өрістегенмен, Бүкілодақтық ерікті тарихи-ағарту «Мемориал» қоғамының құрылуына тікелей қатысқанмен, өзінің жарғысына Бүкілодақтық қоғам тұжырымдаған қағидаларды жазып қойғанмен, құрылтайшы конференцияда делегаттардың көпшілігі Қазақ республикасындағы қоғамды «Әділет» деп атауға дауыс берді. Осылай атау арқылы оның мәскеулік орталықтың тыныс-тіршілігін көзсіз көшіре беруден бастартқан дербестігі нақтыланды. Өйткені «Әділеттің» алдына қойған мақсаттарында «Мемориалдан» өзгешелік бар болатын, атап айтқанда, кеңес өкіметі орнаған дәуірдің бастапқы кезеңіндегі күштеп жүргізілген советтік реформалар салдарынан қазақ халқының ашаршылық сынды ауыр қасіретке ұшырап, жартысына жуығы қырылып кетуінің құпия-сырларын ашу қажет-тұғын. Бұл үшін жоғарыдан түсірілетін нұсқауларға байланбау, іс-әрекетте мәскеулік орталық жоспарымен шектеліп қалмай, өзіндік мәселелермен шұғылдану, ізденісте, іс-қимылда еркіндік болуы маңызды еді.
Сондықтан да қоғамның атын өзгерту, оны әлде-кім, әлде-не жайында іс-шара өткізіп, не архитектуралық құрылыс тұрғызып есте сақтау сипатты түсінік беретін мемориал сөзінен гөрі, өткенде жол берілген зорлық-зомбылық бұрмалаған тарихи шындықты қалпына келтіруді, соған қатысты әділ байлам жасауды мақсат тұтқан, құқықты негізге алып соттау, сот үдерісін жүргізу мағынасындағы юстицияның латынша ұғымымен тамырласып тұрған, жүрекке жылы, қазақы әділет сөзімен атау өте орынды көрінді. Қазақ қоғамы атының өзгеше болуы бүкілодақтық қоғам атқаратын істен басын алып қашуы емес-тін, екеуінің саяси қуғын-сүргін құпияларын ашудағы мақсаты бір екені анық еді, бұл орайда олардың бірлесіп атқарар ортақ шаруалары да айқын-тын. Мұны құрылтайшы конференцияға Мәскеуден келіп қатысқан Бүкілодақтық «Мемориал» қоғамы басқармасының тең төрағаларының бірі, мәскеулік қоғам басқармасының төрағасы, мемлекеттік тарих-архив институтының (МГИАИ) ректоры Ю.Н. Афанасьев бірден түсініп, қазақ қоғамының «Әділет» деп аталуына қолдаушылық көрсетіп сөйледі. ҚазТАҚ «Әділет», шынында да, репрессияланған партия, мемлекет, ғылым, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің, түрлі саладағы еңбек адамдарының ақталуына атсалысып, адал есімдерін қоғамға қайтару арқылы сталинизм қылмыстарын әшкерелеу жұмыстарын «Мемориалдың» мақсатымен үндес жүргізді, онымен өзара мағлұматтармен алмасып тұрды. 1991 жылы КСРО-ның тәуелсіз мемлекеттерге бөлінуіне байланысты Бүкілодақтық қоғам Халықаралық болып қайта құрылғанда, оған Халықаралық қоғам құрылтайшыларының бірі ретінде қолдау көрсетті. Қазіргі таңда да репрессия тарихына қатысты жұмыстары бойынша «Әділет» Халықаралық «Мемориалмен» ынтымақтасып қызмет атқарады.
1989 жылғы 8 сәуірде өткен Құрылтайшы жиналыста ҚазТАҚ «Әділеттің» төрағасы болып, тікелей дауыс беру жолымен С.О. Жандосов сайланды. Ол 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбаны болған белгілі революционер, партия-совет органдарының қайраткері Ораз Жандосовтың ұлы ретінде мәлім еді, әрі сол шақта С. Жандосов атқарушы билікте жауапты қызметте, Қазақстан үкіметінің және ҚКП Орталық Комитетінің мүшесі болатын. Бұларға қосымша, делегаттардың оның кандидатурасына тоқтауына себеп болған жәйт: оның ұзақ жылдар бойы қалалық және республикалық буындарда жауапты қызметтер атқарып жүргенінде көптеген маңызды мәселелер бойынша жеке басының тәуелсіз көзқарасын танытып жүруі және қашанда әділетсіздікке төзбейтін қасиеті әсер еткен-тін. Құрылтайшы жиналыста қоғамның басқармасы мен басқарманың жұмысшы алқасы мүшелері, төрағаның орынбасарлары сайланды. (ҚазТАҚ «Әділет» төрағасының орынбасарлары А.Л. Жовтис, М.К. Байділдаев, Э.Ф. Айрих, М.Ж. Хасанаев, жұмысшы алқасының мүшелері К.Н. Нұрпейісов, В.И. Снитковский, Б.О. Қойшыбаев, басқарманың бұлардан басқа мүшелері қатарында әр жылдарда С.Т. Рысқұлова, С.І. Жансүгіров, А.О. Жандосов, А.Е. Бутин, Қ.Ж. Жұбанова, М.Т. Баймаханов, Ғ.Б. Майлина, М. Есенгелдина, К.С. Күленова, В.И. Қуанышбаева, Н.Ә. Әзірбаев, Ф.Я. Осадчий, Р.Қ. Жұмабаева, Р.М. Сейфуллина, Э.С. Айтхожин, В.К. Кариновский, К.Ұ. Құлымбетова, Т. Бейісқұлов, А.Ә. Лекерова, З.Т. Османова, К.А. Сейітова, Л.Ф. Варшавская-Енисеева, Е.М. Грибанова, Т.Қ. Тоғанбаев, Н.А. Ялымов, Р.Н. Сырғабекова, А.Н. Нұрмақов, А.М. Ахметова, Р.М. Тайшыбекова, А.З. Темірбекова, Е. Уәлиханов, А. Тасымбеков, Қ.С. Алдажұманов, М.Б. Айбасова, Г.Н. Земель, Р.Қ. Шанина, Н.Қ. Жақауова, Ғ.Қ. Әнесов, т.б. болды).
Қоғамның атқарушы директоры болып алғашқы жылдан бері С.Р. Айтмамбетова үздіксіз жұмыс істеді. (С. Айтмамбетова республикалық партия газетінің 30-шы жылдарғы басшыларының бірі, Алматы облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Үлкен террор құрбаны Рақым Сүгіровтің қызы еді). Ол ұзақ жылдар бойы қаладағы идеологиялық ұйымдарда жауапты жұмыстар атқарған тәжірибелі қызметкер болғандықтан, «Әділеттің» практикалық жұмысын уақыт талабына сай кәсіби біліктілікпен жолға қойып, пәрменді түрде жүргізді, Халықаралық «Мемориалмен» де ынтымақтастық шараларын ұйымдастырып жүрді. Мәселен, «Әділет» «Мемориалмен» бірге Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) және басқа ТМД елдерінен келген бұрынғы Кеңгір лагері тұтқындарының Кеңгір поселкесінде кездесуін өткізді, Халықаралық «Мемориалға» кіретін Ресей мен Польша тарихи-ағарту қоғамдары өткізген конференцияларға қатысты. Әртүрлі елдегі концлагерьлерде болған репрессияланғандар жайында «Әділеттің» халықаралық деңгейде деректермен алмасып тұруын, «Әділет» мүшелерінің Кеңгір лагеріндегі тұтқындар көтерілісінің 50 жылдығына байланысты 2004 жылы Жезқазғанда өткен конференциянына, 2005 жылы ГУЛАГ жүйесі қалаларына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасалған автошеруге қатысуын ұйымдастырды. Республикалық қоғамның бірнеше төрағасы тұсында ширек ғасырға созылған мерзім бойы қызмет атқарған Сәуле Рақымқызы «Әділеттің» алдына қойылған міндеттердің орындалуын шебер ұйымдастырып, жүзеге асырып тұрды, сондай істерді біліктілікпен атқаруға қоғамның белсенді мүшелері, репрессияланған қайраткерлердің немерелері Ш. Аманжолова мен С. Қожықованы, басқа да жастарды баулыды. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтар ұрпақтарының екінші буынын осылай тарихи-ағартушылыққа тартып отырған С. Айтмамбетова-Сүгірова, «әділеттіктердің» бейнелі сөзімен айтқанда, 2016 жылы дүниеден өткенге дейін бір тыным таппай – ҚазТАҚ жұмысына барша төрағалар тұсында, «Әділет» басқармасын әр жылдары: С.О. Жандосов (1989–1992), М.Қ. Қозыбаев (1992–2002), М.Т. Баймаханов (2002–2006), К.Н. Нұрпейіс (2006–2007), Б.О. Қойшыбаев (2008–2011), С.О. Сейфуллин (2011 – 2012), А.С. Жандосова (2012–2013), Ғ.Қ. Әнес (2013–2016), М. Әбжанов (2016–2018), Ғ.Қ. Әнес (2018 – қазірге дейін) басқарғанда – әрдайым тың серпін беріп отырған «қозғалыстың моторы» болды.
ҚазТАҚ «Әділет» шаңырақ көтерген алғашқы жылдардың өзінде Алматы, Шымкент, Целиноград (кейінгі Ақмола, қазіргі Астана), Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Қызылорда және басқа да қалалар мен аудан орталықтарында бөлімшелер (филиалдар) ашылды, қоғамның тыныс-тіршілігінен жұртшылықты хабардар етіп тұру, ізденістер барысында «Зерде Кітабын» жариялап тұру мақсатымен «Әділет» жаршысы» шығарылымы әзірленді. Қарағандыда, Алматы түбіндегі Боралдайда, Шымкентте 30-шы жылдары атылған боздақтар аруағын еске салып тұратын обелискілер мен естелік белгілер орнату жоспарланды. Зұлмат жылдар құрбандарының қалай болса солай көміліп тасталған орындарын анықтап, сүйектерін қайта жерлеу жөнінде жұртшылыққа үндеу тасталды. Қарағандыда республика бойынша тұңғыш рет жазықсыз жазадан ақталғандардың зейнетақысына 50 сом мөлшерінде қосымша қаржы төленетін болды. Шымкентте «Әділеттің» Созақ аудандық бөлімшесінің төрағасы Д. Тұрановтың белсене атсалысуымен сол уақытқа дейін ұмыттырылып келген Созақ көтерілісі жайында құжаттар іздестіріле бастады. Жамбыл облысы Сарысу ауданында ардагер журналист Т. Мақашев бастаған топ ашаршылық зобалаңын бастан өткерген қарт кісілердің естеліктерін жазып алуды ұйымдастырды. Қазақ университетіның тарихшы-оқытушылары Қ. Атабаевтың басшылығымен студенттерді көзі тірі ардагерлердің ашаршылық жайындағы естеліктерін жазып алу үшін экспедицияларға шығуын ұйымдастырды. ҚазТАҚ тарапынан репрессиялар құрбандарына қойылатын ескеркіштің озық жобасына конкурс жарияланды. Бұрынғы жазалау мекемесі орналасқан, іштерінде не бір тамаша мемлекет, ғылым мен мәдениет қайраткерлері бар көптеген жан жазықсыз және хабар-ошарсыз қаза тапқан бұрынғы жазалаушы органның ғимаратын мемориалды музей ашу үшін «Әділеттің» қарамағына беру сұралды. Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін, барлық репрессияланғандарды ақтау үшін, оларға тигізілген ахлақи және материалдық залалдың орнын толтыру үшін арнайы заң шығару мәселесін көтерді. («Әділет» қоғамы басқармасының мүшесі, кейін президенті болған академик, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Конституциялық Сотының төрағасы М.Т. Баймахановтың жетекшілігімен жобасы жасалған «Жаппай саяси репрессиялар құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданды).
1990 ж. басында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті ҚазТАҚ «Әділет» салған сұрауға орай Мәскеуден Алматыға жауап хат жолдады, 1-ші данасы «Әділетке», 2-ші данасы Қазақ республикасының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жіберілген бұл хатпен КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының Алматыда өткен Көшпелі сессиясы шығарған үкімдерге сәйкес, 1938 жылғы 25 ақпаннан 13 наурызға дейін атылған 633 боздақтың тізімін берді. 1938 жылғы 22 наурызда республика баспасөзі «отанын сатқан опасыздар» ретінде 6–12 наурызда өткен жабық сот үкімен атылған «халық жауларының» – басшы қызметтердегі 19 партия-совет қайраткерлерінің аты-жөнін жариялаған болатын. Бұл өз уақытында мойындалған жалғыз ғана тізім еді, олардан басқасы жөнінде кезінде туған-туысқандарына ауызша «хат жазысу құқынан айрылып, жер аударылды» деп хабарланған. Іс жүзінде бір күнде атылды деп ашық мойындалған 19 комиссар жариялы хабар шыққан 22 наурыздан көп күн бұрын, тіпті сот басталды делінген 6 наурыздан да бұрынырақ, 25 ақпаннан бастап әр күнде оққа ұшқанына, сондай-ақ «...жер аударылды» делінгендердің де атып тасталғанына жоғарыда аталған КСРО МҚК-нің «Әділетке» жазған жауап хаты куәлік етіп тұрды.
Тағы бір айдан кейін осы қаһарлы мекемеден КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен мемлекеттік террордың барша кезеңінде атылған күллі қазақстандық боздақтардың тізімі алынды. «Әділет» ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен жақсы, іскерлік байланыс орнатты. Соның нәтижесінде арнайы қызмет архивімен бірлесіп, жазаланғандардың толық тізімін жасауда да, атылғандардың жаппай жерленген қорымдарын анықтауда да жемісті жұмыстар жүргізілді. Арнайы қызмет архивінен әр облыс бойынша репрессиялық шаралар қолданылғандардың ондаған кітап етіп түптелген тізімдері «Әділетке» тапсырылды. Совет өкіметінің өз халқына қарсы жасаған қылмыстық әрекеттерін мұқият жасырып, жұртшылыққа бұрмаланған жалған мәліметтер таратып отырғаны осылай әшкерелене бастады.
Осы 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекені жанындағы саяжайлар үшін бөлінген аумақтан бас қорабын оқ тескен адам сүйектері табылған-ды. Саяжайлық жер телімдерінен ҚазТАҚ «Әділет» мұрындық болып қазып алынған сүйектерге сот-медициналық сараптама жасалды, республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері екенін, Үлкен террор жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындады. Сот-медициналық экспертизадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді. Қорым ретінде танылған аумақ (15 га және оның жанынан өтетін үлкен жолдың қарсы бетінен 2 га) Алматы облысындағы Талғар ауданы билігінің шешімімен саяси репрессиялар құрбандарын есте қалдыруға бағытталған құрылыс нысандарын салу және тиісті еске алу әрі тарихи-ағарту шараларын жасап тұруы үшін 1997 жылы ҚазТАҚ «Әділетке» бөліп берілді.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Әділеттің» он жылдығына орай 2000 жылы қабылдауында болған қоғам төрағасы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қозыбаев бастаған делегация айтқан өтінішті тыңдап, атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берді. Соған сәйкес қорым басына «Жаңалық» мемориал кешенінің басты ескерткіші салынып, оны 2002 жылғы 31 мамырда салтанатты түрде Президент Н. Назарбаевтың өзі ашты. Содан бері бұл орында жыл сайын 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған шара өтіп тұрады. Биыл мемориал-ескерткіш жанынан арнайы музей салынды. Алдағы уақыттарда ескерткіш айналасына құрбандар тізімі қашалған стела-қабырға тұрғызу, аумақты тақырыпқа сай абаттандырудың өзге де маңызды шаруаларын атқару көзделіп отыр.
Президенттің қабылдауында ҚазТАҚ «Әділет» делегациясы Жаңалықта ескерткіш ашумен қатар, Алматыдағы бұрынғы НКВД ғимаратын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі кезеңдегі Саяси қуғын-сүргін тарихын көрсететін мұражайға айналдыру мәселесін көтерген болатын. Өтініш қабыл алынып, сұралған музей 2003 жылы осы ғимаратта ашылды. Алайда бір жарым жыл ғана жұмыс істеген музей, күштік құрылымдардың бірі балансындағы ғимаратты әлдекімдердің жекеменшігіне сатып жіберуіне байланысты, жабылып қалды. (Оны халық игілігіне қайтаруды сұраған өтініштер, акциялар, өзге де толассыз іс-шаралары әзірге нәтижесіз болуда). Президентке айтылған үшінші өтініш репрессияланғандар мен олардың ұрпақтарының естеліктерінен жинақ шығару жөнінде болатын, кітап «Қасіретті тағдырлар беттері» («Страницы трагических судеб») деген атпен 2002 жылы жарық көрді.
«Әділет» дүниеге келген алғашқы жылдан бастап зерттеушілердің тарихтағы «ақтаңдақтарды» ашуға белсене кірісуіне, саяси репрессиялар науқандарында жазықсыз құрбан болған көптеген мемлекет, партия-совет, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің есімдерін рухани өмірге қайтару бағытындағы істеріне қолдау көрсетіп отырды. Қасіретті кезең шындығын көрсететін құжаттар мен материалдардан көрмелер ұйымдастырып тұрды. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейімен бірлесіп, «Реквием. Замананың құжаттық және көркемдік куәгерлері» деген атпен бірқатар мәдениет қайраткерлерінің қайғылы тағдыры жөнінде әңгімелейтін құжаттық деректер мен материалдарды, лагерь азабын бастан кешкен суретшілердің туындыларын тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынды, көрме 1989, 1990 жылдары Алматыда, Шымкентте, Қарағандыда, Целиноградта (Ақмола, Астана) көрсетіліп, жұртшылық назарын мәселеге қатты аударғаны сондай, ел ішінен жазықсыз жазаға ұшырағандарды ақтап, адал есімдерін қайтаруға байланысты толып жатқан сұрау салу, түрлі құжаттар жіберген хаттар легі «Әділетке» үздіксіз келіп жатты.
Содан бастап мұндай көрмелер және лагерьлер азабын бастан өткерген суретшілер шығармаларын экспозициялау ҚР Орталық музейінде, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрды. «Әділеттің» мүшесі, Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорының президенті А. Жандосова «1937: Есте сақтау аумағы. Жоқтау» арт-жобасын жүргізуге бастамашылық көрсетіп, 2013 жылы Қастеев музейінде Қазақстандағы саяси репрессияларға арналған, осы алапат трагедияны әр буынға жататын суретшілер көзімен пайымдауды көздеген үлкен көрмені ұйымдастырушылардың бірі болды. Қоғамның идеяларына сай ауқымды ұйымдық жұмыстар жүргізуге қатыса жүріп, Ш. Аманжолова Батыс Қазақстан облыстық мұражайларына Алаш-Орда қайраткерлері қызметін көрсетуге байланысты құнды кеңестер, отбасылық мұрағатынан көптеген мағлұматтар мен материалдар берді, С. Қожықова қазақ ұлт-азаттық қозғалысының белгілі қайраткері, саяси репрессия құрбаны Қоңырқожа Қожықов әулетінің: қазақ өнері тарихында елеулі орын алған отбасы мүшелері – жұбайы Ләтипа, ұлдары Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет Қожықовтардың Қастеев музейінде және өз отбасында сақталған мұралары арқылы шығармашылық ғұмырларын жаңғыртып, тақырыптық көрмелер жасау жолымен республика жұртшылығына (Алматы, Қызылорда, Түркістан қалаларында) таныстырды. «Әділет» мүшелері А. Шәжімбаев пен А. Тасымбеков 90-шы жылдары түсірген «АЛЖИР» – «Отанын сатқан опасыздар әйелдерінің Ақмола лагері» жайындағы деректі фильм тарихи-танымдылық, ағартушылық сипатымен көпшіліктің ризашылығына бөленуімен қатар сталинизм қылмыстарын әшкерелеу тақырыбында жұмыс істейтін кинодокументалистика, журналистика қызметкерлерінің қатары молая түсуіне ықпал етті. Содан бері Х. Омаров, Е. Рақышев сынды көптеген режиссерлер еліміздің ашаршылықты, репрессияны бастан кешкен күрделі кезеңдерінен, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың өмірі мен қызметінен ондаған тарихи-танымды туынды берді. 80-ші жылдардың аяқ кезінде Алматыда М. Әуезовтің музей-үйінде әуелі Түркреспублика, одан Қазөлкеком басшыларының бірі болған Үлкен террор құрбаны С. Қожановтың 95-жылдығына арналған конференция өткізілген, тағы бір жазықсыз атылған боздақ, Қазақстандағы мәдени революцияның жетекшісі, Ағарту халық комиссары Т. Жүргеновтің юбилейі Алматыда және туған жері Қызылордада атап өтілген еді, содан бастап есімдері репрессия тамұғынан оралған ондаған мемлекет, ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлері жайында ғылыми-практикалық конференциялар, кездесулер, жиындар әзірлеп, өткізіп тұру жақсы дәстүрге айналды.
Жазықсыз жазаланған қайраткерлер турасында мерзімдік баспасөз беттерінде Сексен алтыншы жыл ызғары басылған 1988 жылдан бастап батыл және жиі жазыла бастағаны белгілі, 1990 жылы «Әділет» мүшесі Б. Қойшыбаевтың «Жазықсыз жапа шеккендер» жинағы жарық көрді, содан бері бұрынғы жабық тақырыпты зерттеушілердің, ғалымдардың танытқыштық мәні зор еңбектері үзбей шығып, ғылыми диссертациялар қорғалып келеді. Бұл ретте «Әділет» ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференцияларға белсене атсалысып жүрген тарих ғылымдарының докторлары: Алаш қозғалысы мен репрессия тарихын терең зерттеген ҚР ҰҒА академик М. Қойгелдиев пен ұжымдастыру және солақай реформаларға қарсылық көтерілістерін жан-жақты қарастырған ҚР ҰҒА құрметті академигі Т. Омарбековтің еңбектері ҚазТАҚ-тың жарғылық мақсаттарына жетуіне көп жәрдем беретінін атап айту керек. ҚазТАҚ «Әділет» атылғандардың қысқаша өмірдеректері келтірілген тізімін ҚР ҰҚК архивінің материалдары негізінде, архив қызметкерлерімен ынтымақтастықта құрастырып, 1996–2011 жылдары тоғыз том «Азалы кітап – Книга скорби» жинағын жарыққа шығарды.
Қазақ халқының ұлттық апаты – 1917–1933 жылдары дүркін-дүркін соғып, тікелей 4,5 миллиондай адам өмірін әкеткен алапат ашаршылық – әрдайым ҚазТАҚ «Әділеттің» назарында болды. Қоғамның бастамашылық көрсетуімен ҚР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіздіктің алғашқы жылы-ақ республиканың белгілі ғалымдарын тарта отырып, қасіретті кезең шындығын зерттейтін комиссия құрды. Әр жылғы 31 мамырды ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алатын күн ретінде белгіледі. Алматы қаласының атқарушы билігі бұрынғы НКВД ғимараты жанындағы саябақ ішінен болашақ ескерткіш салынатын орынды белгілеп, естелік тас орнатты. (Комиссия жұмысының ұжымдастыру кезеңіндегі ашаршылықты зерттей келе, қазақ халқына геноцид жасалғанын тұжырымдаған қорытындысы сол кезгі парламенттің мақұлдауымен 1992 жылы республикалық газеттерде жарияланды. Ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылы Президент пәрменімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде өзгертіліп белгіленгеннен кейін ғана тұрақты түрде ресми атала бастады, бүгінде, 2017 жылдан бері, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық құрбандары аруағына арнап Алматыда тас қойылған орынға ширек ғасырдан кейін лайықты ескерткіш тұрғызылып, 2017 жылғы 31 мамырда ашылды).
Қазақстанда сталиндік бұрмалаулар салдарынан орын алған тарихтағы «ақтаңдақтар» астарын ашу, республикадағы ұжымдастыру, индустрияландыру, депортация, соғыс, түрлі саяси науқандарда, «халық жауларын әшкерелеу» шақтарында бастан кешкен қилы қиын кезеңдерді жан-жақты зерттеуге алу арқылы ел бірлігіне, халықтар арасындағы өзара түсінушілікке, татулыққа қызмет ететін тарихи шындықты анықтау орайында ҚазТАҚ «Әділет» тарихшылармен бірлесіп кең көлемді зерттеушілік және ағартушылық жұмыс жүргізді. Тоталитаризмнің әртүрлі аспектілері бойынша ғылыми конференциялар өткізді, атылғандар тізімін жинақтап жарыққа шығаруды жолға қойды. «1937 трагедиясы: сталиндік тоталитаризм құрбандары аруағына» атты ғылыми-практикалық конференциясында Үлкен террор қылмыстары жан-жақты әңгіме болды. «Тоталитарлық және посттоталитарлық мемлекеттегі қоғамдық сана» тақырыбына арналған дөңгелек стол советтік кезендегі және тәуелсіздік ахуалындағы интеллигенцияның, көркем шығармашылықтың, баспасөздің жағдайы қарастырылды. «Құжаттар куәлік етеді: Қазақстандағы тоталитарлық режимнің халыққа қарсы саясаты туралы материалдар» атты семинарда архив құжаттары негізінде саяси үдерістердің, ашық «сот үдерістерінің», еңбекпен түзеу лагерьлерінің шындығы ашылды, жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау және олардың тізімін жариялауға әзірлеу жөніндегі жұмыс барысы қаралды. «Қазақстандағы тоталитарлық режимге қарсылық көрсету және саяси репрессиялар» семинарында 1929–1932 жж. шаруалар көтерілісі және 1959 жылғы Теміртау оқиғасы қарастырылды. «Әділетші»-ғалымдар «Халықтарды депортациялау – тоталитарлық режимнің қылмысы» тақырыбымен өткен дөңгелек столда Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар, олардың орналастырылуы, осы озбырлық әрекеттің заңи қырлары жайындағы ойларын ортаға салды.
Осындай тарихи-ағартушылық жұмыстары арқылы тоталитарлық-террорлық билік жүйесінің өз халқына қарсы жасаған қылмыстарын әшкерелеу және қоғамдық сананы қалыптастыруға сіңірген ҚазТАҚ «Әділет» еңбегі жоғарғы билік тарапынан лайықты бағасын алды: қоғам төрағасы М. Қозыбаев 1997 жылы ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты болды. Осы жылы «Әділеттің» ұсынысымен Алматы қаласының он көшесіне репрессияға ұшыраған қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, мәдениет қызметкерлерінің есімдері берілді.
Ақталған қайраткерлер жайында жоғары оқу орындарында еске алу кештерін өткізу дәстүрге айналған, 2009 жылы Абай атындағы педагогикалық университеттің тарих факультетінде «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған журналистер рухына тағзым» атты еске алу кеші болып, онда ұлт бостандығы үшін, елдің рухани жаңғыруы үшін публицистикалық қаламымен де күрескен Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды атақты қайраткерлер алдыңғы легінде болып, сталиндік репрессияларға ұшыраған қазақстандық 125 журналистің есімі аталды.
ХХ ғасырдың басында ҚазТАҚ «Әділет» сол шақта қалтарыста қалып ұмытылғандай болған ашаршылық тақырыбына жұртшылық назарын қайта аударуды қош көрген-ді. Баспасөзде «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасарлары: академик, т.ғ.д., проф. К. Нұрпейіс пен т.ғ.к., жазушы Б. Қойшыбаев 2002 жылы «Ұлттық апат мәңгі есте болсын» атты ғылыми-публицистикалық мақала жариялады. Мұнда ашаршылық болған кезеңдер (Түркреспублика аумағындағы 1917–1919, Қазреспублика аумағындағы 1921–1923, Үлкен Қазақстан аумағындағы 1931–1933 жж.) нақты аталып, олардың озбыр саясат салдарынан перманентті сипат алғаны, сөйтіп іс жүзінде қазақ халқының мүлдем жойылып кетуі ықтимал зұлматпен бетпе-бет қалғаны тұңғыш рет еш боямасыз Ұлттық Апат деп бағаланды, алдағы уақытта атқарылуға тиіс жұмыстар жайында ұсыныстар айтылды.
Ашаршылықтың аяқталуының 75 жылдығына орай, 2008 жылы «Әділет» Алматы облысының архивімен бірлесіп «1931–1933 жылдарғы ашаршылық: себептері, ауқымы, салдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференция Қазақстан тарихында өшпес із қалдырған қасіретті кезеңді – Ұлттық Апатты бүкіл халық болып еске алып тұратын арнайы күн белгілеу қажет деп тұжырды; ашаршылық құрбандарының рухтарына арнап жер-жердегі мешіт, шіркеу, ғибадатханаларда уағыз айтуды, дұға оқуды жолға қоюға және оны дәстүрге айналдыруға шақырды; мұрағаттар мен шежірешілердің деректері негізінде опат болғандардың ныспыларын нақтылап, Қасірет кітабын түзуге, соның негізінде тарихи тағылымы ересен ғылыми мұражай жабдықтауға үндеді; бұл істерге халық өкілдігінің мұрындық болуы маңызды болмағын атап айтып, қазақ халқы тұтастай қырылып кетудің аз-ақ алдында қалған Ұлттық Апат мәселесіне парламенттің, атқарушы биліктің айрықша назарын аударуын сұрады.
ҚазТАҚ-тың құрылғанына 20 жыл толуына арналып, «Әділет қоғамы: тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» атты тақырыппен ҚР Орталық мемлекеттік архивімен бірге 2009 жылы өткізілген республикалық ғылыми-практикалық конференцияның жұртшылыққа үндеуінде де тоталитарлық биліктің совет өкіметінің соғысқа дейінгі кезеңінде 340 мыңдай адамды жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны, тек Үлкен террор жылдары 120 мыңнан астам адамға репрессиялық шаралар қолданғаны, 25 мыңын атып жібергені, 1917–1933 жылдарғы «большевиктердің аштық саясаты» (М. Шоқай) науқандарында тікелей 4,5 миллион көшпенді жұрттың ашаршылық құрбаны болғаны, осы қасіреттермен астастырыла, жалпы саны 1,5 миллиондай неміс, корей, шешен, ингуш, балқар, күрді, месхедтік-түрік, болгар, грек, қырым татарлары, қалмақ және басқа да халықтар өкілдері қазақ жеріне күштеп көшіріп әкелінгені, одан кейін индустрияландыру, тың көтеру науқандарында тағы да миллиондаған қоныс аударушылар келгені, соның бәрі қосыла келе қазақ халқының ұлттық мүдделерінің шектелуіне жанама түрде болса да әсер еткені көрсетілді, билік пен жұртшылықты келер ұрпаққа өнеге бермек бірқатар имандылықты паш етер шараларға атсалуға шақырды.
Аталған жәйттер ҚазТАҚ «Әділет» 2010 жылы ҚР ОМА-мен, Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивімен, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығымен, Қазақстан тарихшыларының қауымдастығымен және А. Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қормен бірлесіп өткізген «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның үндеуінде де тиісінше көрініс тапты.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың ашаршылықтың 80 жылдығына байланысты 2012 жылғы сөзіне, сондай-ақ Астанада арнайы мемориалдық ескерткіш ашылуына байланысты, бұл кезеңдерді зерттеу ісі жандана бастады, «әділетшілердің» қатысуымен түрлі конференция, дөңгелек столдар, жиындар өткізілді, деректі фильмдер түсірілді. «Әділеттің» ұйымдастыруымен өткен конференциялардың барлығының материалдары жеке жинақтар түрінде жарыққа шығарылды. 2000–2003 жж. «Әділет» мектеп оқушылары арасында үш жыл қатарынан «Тарихтағы адам. Қазақстан – ХХ ғасыр» деген тақырыпта жоғары сынып оқушылары зерттеушілік жұмыстарының конкурсын өткізді, жыл сайын конкурс жеңімпаздары анықталып, арнайы жүлделер берілді, таңдаулы жұмыстар жеке кітапқа топталып, 2003 жылы жарыққа шығарылды. 2005 жылы ҚР Президентінің архивімен және Халықаралық құқыққорғау орталығымен бірлесіп, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы «Қазақстандағы 1930–1950-жж. репрессиялар сабақтарын және адам құқтарын қорғау проблемаларын заманауи ұғыну» тақырыбы бойынша дөңгелек стол өткізді, онда қуғын-сүргін науқанының маңызды саяси-құқықтық қырлары, депортацияланған ұлттық азшылық ахуалы және оны әлеуметтік-құқықтық қорғаудың мәселелері, саяси репрессияларлы зерттеудегі мұрағатшылардың үлесі және зұлматты бастан кешкендер мен олардың ұрпақтарының қайғылы тағдырлары қозғалды.
Бірқатар «әділеттіктер» қиын кезең бұрмалауларын әшкерелеген өз естеліктерін шығарды (А. Жовтис. «Мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қалай қауіп төндірдім немесе МҚК қалпағы астында» («Как я угрожал Комитету государственной безопасности или Под колпаком КГБ»), Ф. Осадчий. «Ессіз билік құлдары» («Рабы безумной власти»), Н. Ялымов. «Әкелеріміздің рухы елестейді» («Витает дух отцов наших»), Л. Кудерина, А. Лекерова, т.б. қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының өз әкелері, отбастары жайында жазғандары), олар тоталитарлық-террорлық биліктің ащы шындықтарын, адам құқтарын іске алғысыз еткен кезеңдер суреттерін оқырман алдына жайып салады. 2009 ж. «Әділет» мүшесі Г. Қасымжанова ҚазТАҚ-тың 20 жылдығына арналған «Халықтың қасіретті тағдыры» («Суровая драма народа») атты деректі телефильм түсірді. 2014 ж. ҚазТАҚ «Әділеттің» 25 жылдығына орай Б. Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр» атты публицистикалық хроникасы шықты.
«Әділет» қоғамы «Жаңалық» мемориалды кешенінде Алматы облысы әкімдігінің тапсырмасымен 2018 жылы салынып, желтоқсан айында ашылған Қуғын-сүргін құрбандары музейі экспозицияларының дерекке, мазмұнға бай етіп жасалуына атсалысты. Музейде репрессиялар тарихын көрсететін және Алматы облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу залдары бар, солармен қатар, жиындар өткізуге арналған арнайы залдағы экспонаттардан ҚазТАҚ «Әділет» тарихымен, оның атқарған жұмыстарымен танысуға болады. Отыз жылдық қызметі кезінде «Әділет» қоғамы бірқатар мүшелерінен айрылды. Сталиндік концентрациялық лагерьлер азабын көріп оралғандар мен атылған боздақтардың жұбайлары мен балалары (Айткен Бутин, Федор Осадчий, Гүләндам Қожанова-Лапина, Дәмеш Жүргенова-Ермекова, Людмила Варшавская-Енисеева, Гүлнәр Дулатова, Райхан Жұмабаева, Сәуле Рысқұлова, Зиба Қожанова, т.б.), ҚазТАҚ «Әділет» жұмысының бірден жұрт назарына ілігіп, айрықша беделге ие болуына ерекше үлес қосқан алғашқы басшылар мен басқарма мүшелерінің бірқатары: «Әділет» қоғамының алғашқы төрағалары Санжар Оразұлы Жандосов (1992), Манаш Қабашұлы Қозыбаев (2002), Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс (2007), олардың орынбасарлары Мардан Келдібайұлы Байділдаев (1994), Александр Лазарьевич Жовтис (1999), Марат Жақсыбекұлы Хасанаев (2002) өмірден озды. Залда олардың портреттері, өмірбаяндық деректері көрсетілген стендтер, есімдерін ұлықтау шаралары жайында ақпараттар бар. Мәселен, «Әділет» 2010 жылы «С.О. Жандосов: өмірбаян деректерінен – толыққанды бейне» («С.У. Жандосов: от биографических фактов к цельному образу») тақырыбымен мемлекет және қоғам қайраткері С. Жандосовтың туғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми конференция өткізді, 2012 жылы қоғам қайраткері, кәсіби мұрағатшы М. Хасанаев мұрасынан «Парыз – Долг» деген атпен ғылыми-публицистикалық жинақ шығарып, арнайы ұйымдастырылған еске алу кешінде жұртшылыққа таныстырды.
«Азалы кітапты» 9-шы томында «Жаңалық» қорымына құпия көмілген 4 мыңнан астам құрбанның аты-жөні тізілген. Алда тұрған міндеттердің бірі – осында жатқан боздақтардың есімдерін тасқа қашап жазып, «Жаңалық» мемориалы айналасына стела қою. Осындай шара арқылы мемлекеттің жұртты жаппай саяси қуғын-сүргінге түсіріп, өз азаматтарына қарсы жасаған қылмысын – Үлкен террор құрбандарын еске салып тұратын Жаңалық кешенінің танымдылығы мен танымалдығын арттыра түсеріміз кәміл. Өйткені мұнда халқымыздың советтік негіздегі мемлекеттілігін қалыптастырып, дамытуға зор үлес қосқан қайраткерлердің, республикамыздың басшылығы мен ардақты азаматтарының көпшілігі жатыр. Алматыдағы НКВД ғимаратының подвалында оққа ұшып, Жаңалық ауылы төңірегіне көмілген құрбандар арасында Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов, ҚазЦИК-ті алғашқы төрт мерзім бойы басқарған Сейтқали Меңдешев, Қазөлкекомның екінші хатшысы болған Ізмұқан Құрамысов, Алматы облыстық және Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Жанайдар Садуақасов, Ұлттық апаттан – елді есеңгіретіп жіберген алапат ашаршылықтан аман қалған жұрттың еңсесін көтеруіне, республикадағы мәдени революцияның басында тұрып, өлшеусіз зор үлес қосқан Ағарту халық комиссары Темірбек Жүргенов, басқа да халық комиссарлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері: Алматы облатком төрағасы Ораз Жандосов, Хасен Нұрмұхамедов, Ілияс Молдажанов, Шәкір Дивеев, Ғабдол Бөкейханов, Қабылбек Сарымолдаев, Жағыпар Сұлтанбеков, Зейнолла Төреғожин, Нығметолла Сырғабеков, Ілияс Қабылов, Мирасбек Төлепов, Сүлеймен Есқараев, Сәлемхат Күленов, Әзімбай Лекеров, Мұхамедияр Тұнғаншин, Әбілқайыр Досов, республика комсомолының басшысы болған Қайсар Тәштитов, ғылым, әдебиет және мәдениет қайраткерлері: КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы базасы басшыларының бірі, педагогика және медицина институттарының алғашқы ректоры болған әйгілі тарихшы-ғалым, профессор Санжар Асфендияров, қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Қазақ КСР ХКК жанындағы көркемөнер істері бойынша басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов, алғашқы кәсіби театр режиссері Жұмат Шанин, қазақ драма театрының директоры Сағыр Камалов, журналистер Бірмұхамед Айбасов, Рақым Сүгіров, Зарап Темірбеков, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, көзі тірісінде «ұлттың ар-ожданы» атанған Ахмет Байтұрсынов, Ахаңмен қатар Түркістан өлкесі мектептері үшін тұңғыш «Әліппе» жазған, Алаш қозғалысының оңтүстік қанатындағы көрнекті қайраткер, Қоқан (Түркістан) автономиясы Халық Кеңесінің жауапты хатшысы болған Қоңырқожа Ходжиков (Қожықов), оқу-ағарту ісіне өлшеусіз көп еңбек сіңірген тілші-ғалымдар Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедов, Телжан Шонанов, сондай-ақ қыз-келіншектерден Шаһзада Шонанова мен Анас Ілиясова бар. Мұнда, жалпы, жазықсыз қуғын-сүргін құрбаны болған әр сала қызметкерлері, қарапайым еңбек адамдары – төрт мыңнан астам боздақ жатыр. Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев, ҚКП ОК-нің екінші хатшысы Садық Нұрпейісов, Ресей Федерациясы Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Советтік бақылау комитеті төрағасының Өзбекстан бойынша орынбасары Сұлтанбек Ходжанов (Қожанов), КСРО-ның Сауд Арабиясындағы бұрынғы елшісі Нәзір Төреқұлов, БРОАК (ВЦИК) хатшысының орынбасары, ВЦИК Төралқасының мүшесі Нығмет Нұрмақов, Алаш-Орда төрағасы Әлихан Бөкейханов, Батыс Алаш-Орда төрағасы Жанша Досмұхамедов, Алаш ұлттық қозғалысына қатысушылар: жазушы Жүсіпбек Аймауытов, мәдениет қайраткері Дінмұхамед Әділов, әдебиетші Әбдірахман Байділдин, журналист Ахметсафа Юсупов, агроном Ғазымбек Бірімжанов сынды боздақтар Мәскеуде, Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметінің алғашқы бас министрі Мұхамеджан Тынышбаев Ташкентте, «Алаш-Орда» үкіметінің мүшесі Айдархан Тұрлыбаев, жазушы Қошмұхамед Кемеңгеров Омбыда атылды. Олардың бәрі сол қалалардағы жаппай қорымдарға көмілген. Жалпы түркі елінің азаттығы үшін күрескен атақты қайраткер Мұстафа Шоқай Францияда, азаттық күрескері Райымжан Мәрсеков Қытайда жатыр. Соловки лагерінде дүние салған Алаш қайраткері, ақын және публицист Міржақып Дулатовтың сүйегі тәуелсіздіктің алғашқы жылында туған ауылына әкеп қойылды. Келешек уақыттарда шет елдерде қалған боздақтардың жатқан жерлерінен топырақ әкеліп, осында жасалмақ өзіндік пантеон іспетті арнайы орынға қаралы-салтанатты рәсіммен қою жобалануда.
Жаңалық кешеніндегі музейді жедел салып, 2018 жылғы желтоқсанда іске қосқан Алматы облысы үкіметінің басшылығына алғыс айта отырып, болашақта тағы да бірлесіп шешуді тілейтін мәселелер, атқаруды тілейтін алда тұрған міндеттер жайында да айта кеткенді жөн көреміз. Қаралы да киелі, қастерлі орынға тағзым ете келушілер санын арттыру үшін, әкімдіктің қамқор көмегіне сүйене отырып, осы орынды әлі де жағдайластыра түсу керек. Бұл орайда мемориалдық ескерткіш айналасына құрбандар тізімі қашалған гранит стела орнатумен қатар, музейден әрі қарай ағаштар егіп, аллеялар жасау, онда азаматтардың осындағы боздақтарға, өздері қадір тұтатын тұлғаларға арнап кіші архитектуралық формалар қоюларына мүмкіндік жасау жөн болар еді. Сонымен қатар осында тағзым ете келетіндерге лайықталған арнайы орынды жағдайластыру сұранып тұр. Атап айтқанда, шағын мешіт пен шіркеу (часовня), алыстан қатынайтындар үшін түнеу орталығын салу, құрбандық шалу парыздарын орындауларына жағдай туғызу жобасы жүзеге асырылуы тиіс. Әрине, музейде ғылыми орталық құрылып, ырғақты жұмыс істеуіне билік тарапынан қажет қамқорлық көрсетілсе жақсы болар еді. Орталықта ғылыми қызметкерлер тиісті зерттеулер жүргізеді, экспозицияларды толықтырып, жаңартып тұрумен, тақырыптық көрмелер ұйымдастырып, репрессия құрбандарына арналған еске алу шараларын, түрлі кездесулер өткізіп тұрумен шұғылданады. Осындай істер арқылы Саяси қуғын-сүргін музейі «Әділет» қоғамымен бірге қаралы кезеңдер хақындағы тарихи білімді тұрақты түрде насихаттап, Бірінші Президенттің рухани жаңғыруға, сананы жаңартуға бағытталған белгілі бағдарламалық мақалалары рухында жанды жұмыстар жүргізе беретін болады.
Ал жас ұрпақты аталған қасіретті тарихи кезеңдер шындығы арқылы тәрбиелеу – олардың әділетсүйгіштік сезімін ұштайды, отаншылдыққа баулиды. Мұндай әрекет өткендегі сорақы бұрмалаулардың енді ешқашан қайталанбауын қамтамасыз етеді, демократияның құндылығын, адам құқтарын әрдайым сақтаудың маңызын баршаның терең түсінуіне жәрдемдеседі. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы, міне, тәуелсіздік азаматтарын тарихпен тәрбиелеуге атсалысатын осындай істерімен өзінің отыз жылдық белесіне де келді. Осылай өткен заман шындықтарын қалпына келтіру арқылы, елдігіміздің мәңгілікке ұласуын қамтамасыз ететін ұрпақ санасын жаңартуға атсалысуын жалғастыра бермек.
Бейбіт Қойшыбаев, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz