Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 6351 35 пікір 5 Сәуір, 2019 сағат 13:22

Қазаққа бір Зеленский керек-ақ...

31-наурыз күні Украинада саяси дода өтті. 38 кандидат қатысқан бұл сайлауда  президент Порошенконың басты қарсыласы - актер, шоумен, КВН-шик В.Зеленский болды. Ол тіпті 30 пайыз дауыспен Порошенкодан алда келе жатыр. Алайда, ақтық сайлау сәуірдің 21-і күні өтеді. Осы жағдайдан кейін "Қазақстанда болатын алдағы сайлауға бізден де осындай шоумендер түсуі мүмкін бе?" деген сауал туындайды...

Жалпы, Зеленскийдің халық арасындағы саяси беделінің артуына бір себеп өзі басы рөлде ойнайтын – “Слуга народу” фильмі. 3 маусымнан тұратын аталмыш туынды Украина саясатының көлеңкелі тұстарын халыққа барынша шынайы жеткізеді.

Ал, Қазақстанда биліктің белгісіз қырларын осындай астарлы әзілмен жеткізетін туынды бар ма? Жалпы, біздің шоумендер сахнада қандай әзілдер айтады? Олар саясат тақырыбын қозғай ма?

Ең алдымен ойға келетіні - Тұрсынбек Қабатов. Әзілдерінің басты тақырыбы – еркек пен әйелдің арасындағы қарым-қатынас жөнінде. Арасында, тіл туралы, білім саласындағы кейбір жағдайлар туралы айтып қалады. Ал, саясат тақырыбына шорқақ десе болады. Айтпақшы, 2016 жылғы жер мәселесі кезінде жер сатылмасын деген халықты ойыншығын бермейтін қызғаншақ балаға теңеп, біраз адамның сынына ұшыраған болатын. Әрине, жердің тағдыры таразыда тұрғанда бұлай орынсыз әзіл айтудың қажеті жоқ еді. Дегенмен, қазір Қабатовтың өзі де ол басқаратын “Әзіл әлемі” театры да мемлекеттік арналардан жиі беріліп тұрады.

Одан кейінгі халық арасында беделі бар әзіл отауы – “Алдараспан” театры. Театрдың негізгі тақырыбы – қоғамда болып жатқан жағдайлар. Қарттар мен сәбилердің мәселесі, жастардың бүгінгі кемшін тұстарын әзілмен жеткізеді. Әзілдерінен қоғам кемшіліктерін көрсете отырып ой салу мақсаты байқалады.

Ал, “Өнер қырандары” театры - діни тақырыптар мен имандылық бағытын ұстанады. Күлдіріп бастап, уағызбен аяқтайтын бұл өнер ұжымы саясат тақырыбына мүлде жоламайды.

Көпшілікке Күлпәш жеңгейді жақсылап таныстырған “Шымкент шоу” театрының негізгі тақырыбы – ауылдың шынайы көрінісі. Келін түсіру, құда күту сияқты дәстүрлерді әзіл арқылы өзінше насихаттап жүр.

Тағы бір күлкі отауы - “Шаншар” театры. Уәлибек Әбдірайымов басқаратын өнер ұжымының ел арасындағы беделі баршылық. Бұл театрдың да көтеретін мәселесі – қоғамдағы келеңсіз жағдайлар мен отбасылық мәселелер. Уәлибек мырза оқитын монологтар да сол тақырыптардың төңірегінде.

Айтпақшы, Есен Елеукен тізгінін ұстаған “Жайдарман” құрамындағы кейбір топтар саяси мәселелерді астарлап айтып қалады. Бірақ, мұны жалпы халыққа өтімді саяси сатираға жатқызуға әлі ерте секілді.

Ал, әзіл әлемінің ең ірі өкілдері - Тамаша театры. 40 жылдан астам тарихы бар өнер ұжымы бір кезде бүкіл халықты әзілге ұйыта алған жалғыз ұжым еді. Оның құрамындағы Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбеков сынды әзіл майталмандары халықты астарлы, салмақты әзілдерімен баурап алды. Мәселен, Құдайберген Сұлтанбаевтың мына монологы бүгінде маңызын жоймаған секілді.

;t=62s

Түйін

Әзіл отауларының тақырыптарын қарап отырып түсінгеніміз – халыққа саяси мәселелерді әзіл арқылы сынап жеткізетін театр жоқтың қасы. Оған не себеп? Бізде бұл тақырыпта майын тамызып жазатын мамандар жоқ па, әлде, өнер ұжымдарының үстінен қарайтын цензура қатты ма? Қалай десек те, әзіл ұжымдары украиналық әріптестері секілді саясат серкелерін әзілдің сын садағына іліп отырса артық болмас еді...

Нұрбике Бексұлтанқызы 

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409