2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салынады
Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың наурыз айында “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты Қазақстан Халқына Үндеу жолдаған болатын. Ол Үндеуде – жастардың білім алу сапасын арттырумен қатар оларды баспанамен қамту мәселесі де жан-жақты қарастырылған.
Президент жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін бірқатар шараларды ұсынды. Яғни, жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу қарастырылады.
Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Олардың ішінде ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары бар.
Сондай-ақ, Президент техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керектігіне тоқталды.
Бұл - орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік беретін болады.
Сонымен қатар, бүгінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де өте өзекті. Мәселен, Қазіргі таңда еліміздегі ЖОО-ларда 530 мың студент білім алады, оның ішінде 204 мыңы (38%) — басқа қалалардан келген, жатақханаларға мұқтаж студенттер. Президент бастамасына сәйкес, 2022 жылға қарай студенттер жатақханаларында жаңа 75 мың орын енгізу қамтамасыз етілуі тиіс.
Мәселен, Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде 98% ауыл балалары білім алады. Былтырғы оқу жылында университетте студенттердің 56%-ына ғана жатақхана берілген. Қазіргі кезде 2000 студент жатақханаға мұқтаж.
Бұл міндетті шешу үшін мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.
Сондай-ақ, Президент 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді деп көзделуде.
Abai.kz