Президент: Салықты азайтудан шыққан қаржы жалақыны көбейтуге жұмсалуы қажет
Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың наурыз айында “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты Қазақстан Халқына Үндеу жолдаған болатын. Үндеудің екінші тармағы - жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту деп аталады.
Мәселен, биылдан бастап табысы төмен жұмысшылардың салықтық жүктемесі 10 есеге дейін азаяды. Ал, бұл игілікті еліміздегі 2 млн 300 мың адам көрмек.
Мұны Ұлттық Экономика министрлігінің өкілдері былай түсіндіреді. Яғни, жалақы айына 60 125 (25 айлық есеп көрсеткіш) теңгені құрайды. Осы сомадан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы, яғни 6 013 теңге шегеріледі, қалады - 54 112 теңге. Бұл сомадан 1 ең төмен жалақы - ең аз салық салынбайтын кіріс, яғни 28 284 теңге шегеріледі. Салық салынатын табыс (қолданыстағы механизм) - 25 828 теңге қалады. Қолданыстағы механизм бойынша салық сомасы 25 828 *10% = 2 583 теңге болады.
Ұсынылған тетікке сәйкес, салық салынатын табысының мөлшері 90%-ға төмендейді: 25 828 - (25 828*90%) = 2 583 теңге. Бұл сомаға жеке табыс салығының 10% мөлшерлемесі бойынша салық салынатын болады - 2 583*10% = 258 теңге.
Яғни, іс жүзінде салық мөлшері 10 есе 2 583 теңгеден 258 теңгеге дейін төмендейді, жалақы қосымша 2 325 теңгеге өседі.
Айта кетейік, Президент Н.Назарбаев салықты азайтудан шыққан қаржы жалақыны көбейтуге жұмсалуы қажеттігін айтқан болатын.
Abai.kz