Қазақ саясаттағы ескі есімдерден шаршады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Қазақстан халқына үндеу жасап, кезектен тыс президент сайлауы өтетінін айтты. Күні де белгілі болды. Ол – биылғы жылдың 9 маусымы.
Экс-президент Назарбаев өз еркімен отставкаға кеткен соң, тізгінді Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаған еді. Негізі президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс еді. Экс-президент Назарбаев пен екінші президент Тоқаевтың мерзімі сол уақта аяқталуы тиіс болған. Алайда, тоқсан сайын түзету енгізілетін «Сайлау туралы» заңның бірлі-жарым баптарын басшылыққа ала отырып, президентті кезекті рет кезектен тыс сайлап жіберейік деп шешіпті.
Кешелі бері естіп-біліп отырған ақпараттан түйгеніміз, президенттің бұл шешіміне «жоқ, болмайды» деген жан болған жоқ. Тіпті, биліктің оппозициясы деп танитын азаматтар да сайлауға сақадай саймыз дегендей емеурін танытты. Мейлі, түбі болатын іс қой дедік, біз де.
Ал енді президенттікке кімдер таласады? Бұл талқылауға тұрарлық тақырып, сөзсіз. Конституциялық заң бойынша, бізде президенттікке үміткерлерді саяси партиялар немесе қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Ал бізде қазір ресми тіркелген 6 саяси партия бар. Олар парламенттегі үш партия - "Нұр Отан", "Ақ жол", "Коммунистер" партиясы және парламентке өтпей қалған «Ауыл», «ЖСДП» мен «Бірлік» партиясы.
ЖСДП. Жармахан Тұяқбай
Сайлауда ғана көрініп, қалған кезде қалың ұйқыға кететін жалпы-ұлттық социал-демократтар лидері Жармахан Тұяқбай мырза тым-тырыс жатыр. Күдері әбден үзілген болар. Енді ол кісі сайлаудың санын көрді ғой.
Ол кісі жоғарғы билікте болды. 2004 жылы «Отан» партиясының партиялық тізімін бастап тұрған ол Мәжіліс спикерлігіне қайта сайлануға мүмкіндігі бола тұра, оппозицияға өтті. Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партияның төрағасы, қазір.
2005 жылы президенттік сайлауға түсті. Ол кезде Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинаса, Жармахан Тұяқбай 6,61 пайыз дауыспен екінші орында болды.
2007 жылы Жармахан Тұяқбай басқаратын ЖСДП пен Нағыз Ақ жол ҚДП күш біріктіріп, Мәжіліс сайлауына қатысты. 4,54 пайыз дауыс жинады. Сөйтіп, партия Мәжіліске депутат кіргізе алмады.
2011 жылы ЖСДП мен Азат партиялары күш біріктіріп, 2012 жылғы Мәжіліс сайлауына қатысу туралы шешімге келеді. 2012 жылдың 17 қаңтарында ОСК ЖСДП-ның 1,68 пайыз дауыс жинап, сайлаудан өтпей қалғанын хабарлады.
Жармахан Тұяқбай 30-ға жуық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің басын құрап, «Халық Кеңесін» де құрып көрді.
Қазір ара-тұра ақпаратқа шығып, елдің саяси-қоғамдық өміріне қатысты пікір білдіріп тұратыны болмаса, тыныш жатыр.
Кешегі президент Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін өзге партия басшылары тіріліп, тіршілік ете бастады. Ал ЖСДП мен Жармахан Тұяқбай үн қатқан жоқ.
«Бірліктің» бар-жоғы белгісіз
Тағы бір партия «Бірлік». Шындығын айтсақ, бұл партияның қазір бар-жоғы белгісіз. «Википедиядағы» ақпаратқа сүйенсек, партия 2013 жылдың сәуірінде ресми тіркелген екен. Бұрынғы «Руханият» партиясы мен «Әділет» партиясының бірлесіп құрған партиясы екен. Төрағасы Серік Сұлтанғали деп көрсетіпті.
2016 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде «Бірлік» партиясы 0,29 пайыз дауыс жинаған екен. Сөйтіп, ең соңғы алтыншы орын бұйырып, Мәжіліс креслосынан құр қалған.
Алдыңғы күні президент Тоқаев парламенттегі үш партияның басшыларын Ақордаға алдыртқан. Мәулен Әшімбаев, Азат Перуашев пен Компартия хатшысы Айқын Қоңыровтар Тоқаевтың қабылдауында болып, сайлаудың қамын сөз етсе керек. Айтпақшы, президенттің қабылдауында парламентке партиясы өтпесе де, өзі өткен «Ауыл» партиясының төрағасы, сенатор Әли Бектаев та бірге кіріп шыққан.
Кеше ресми мәлімдеме жасалысымен осы азаматтар пікір білдіріп, сьезд шақыратындарын хабарлап айтты. Енді соларды рет-ретімен жазайық...
«Нұр Отан» үміткері сәуірдің соңында белгілі болады
Сайлауға билік партиясы да қатысады. Онсыз бола ма?! Тек ол үшін партия сьезд шақыруы керек. Кеше партия баспасөзі сол сьездің қашан өтетінін хабарлап айтты.
«Кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсыну мәселесі партия сьезінде қаралуы тиіс. Әзірге нақты күні белгілі емес. Бірақ, сәуірдің соңынан қарай болып қалар. Біз процедураға сәйкес жұмыс жасаймыз. Сьездің алдында өңірлерде конференция өтеді» деді партия баспасөз хатшысы Әлия Буриева.
Сөйтіп, «Нұр Отан» партиясының үміткері кім болатыны сәуірдің соңына қарай белгілі болмақ. Дейтұрғанмен, жұрт ішінде билікте басым дауысы бар, екі бірдей президент мүшелік ететін партияның потенциалды үміткері ретінде Сенат спикері Дариға Нұрсұлтанқызын атаушылар аз емес.
«Нұр Отандағы» екі дәу. Партия кімді таңдайды?
Әуелде көмекшілері Дариға Назарбаева сайлауға түспейді деп сөйлеп қалып, артынан спикер ханымның өзі ол сөзді терістеген еді. «Сайлауға түсуге әркімнің құқысы бар. Кімнің үміткер болатынын сьезд анықтайды» деген ауандағы екіұштылау сөз айтқан.
Айтпақшы, «Нұр Отан» атынан президенттік додаға түсетін тағы бір адам – қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев деушілер де жоқ емес.
Ол туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли пікір білдірді. Тоқаевтың тақ таласына түсетін, я түспейтінін сьезд шешеді дегенді айтты.
«Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Конституциялық Заңына сәйкес, президенттікке кандидаттарды ұсыну құқы қоғамдық бірлестіктер мен саяси партияларға тиесілі. Сол себепті, кандидат ретінде президенттік додаға қатысуды жоғарғы орган (сьезд) және республикалық қоғамдық бірлестік (саяси партия) шешеді» деді Берік Уәли.
Бекеңнің де бұл сөздері екіұштылау естілді. Президент Тоқаев сайлауға түсе ме, жоқ па? Оны да сьезд шешетінін ғана айтты. Түседі, я түспейді деп кесіп айтқан жоқ. Соған қарағанда негізгі сайлау дәл осы партия ішінде өтуі әбден мүмкін.
«Ақ жол» 13 сәуірде пленум шақырып, сьезд өткізеді
Президент Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін «Ақ жол» партиясы да қолдады. Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұқаралақ ақпаратқа сұхбат беріп, өзі басқарып отырған партия атынан да президенттік сайлауға кандидат шығару, я шығармау туралы шешім партия сьезінде белгілі болатынын айтты.
«Демократиялық қағидаларды ұстана отырып, құрылтайдың әрбір делегаттары өз үміткерлерін ұсына алады. Дегенмен, соңғы шешімді партия съезі қабылдайды», -деп толықтырып өтті «Ақ жол» жетекшісі.
Ал құрылтайды ұйымдастыру мәселелерін және делегат өкілдерінің нормасын бекіту үшін президиум алдағы сенбі күніне, 13 сәуірге, партияның Орталық Кеңесінің пленумын шақыруды бекітті.
Бекітті дедік қой. Әлеуметтік желідегі пікіршілер «Ақ жол» партиясының потенциалды кандидаты деп басқа басқа емес, төраға Азат Перуашевтің өзін айтады. Бұл туралы депутат Азат Перуашев пікір білдірген екен.
«Қазір ештеңе айта алмаймын. Партия төрағасы ретінде әрбір сөзім – партия атынан айтылған ресми мәлімдеме. Ал қазір партияның шешімі әлі белгісіз болғандықтан жауаптан аулақпын.
Партия құжаттары бойынша сайлауға қатыстыру мәселесі сайлау үміткерлерін шығару мәселесі партия құрылтайы ғана шешеді. Бұл мәселе съезд құзыретінде. Съезд шақыратын орган – орталық кеңесіміздің пленумы. Оны біз сенбі күні шақырамыз.
Басқа кандидат ұсынуда проблема көріп тұрған жоқпын. Мүмкін ол бизнесмен болатын шығар, мүмкін интеллегенция өкілі. Заңнамада президент үміткерлеріне талаптар жазылған. Ол мемлекеттік тіл білуі, жұмыс өтілі, жасы, біз ең алдымен осы талаптарға қараймыз» дейді партия төрағасы.
Коммунистердің сьезі 26 сәуірде өтеді
Айтпақшы, кезектен тыс болатын сайлау үшін кезектен тыс сьезд өткізуді Қазақстан коммунистері де жоспарлап отыр екен.
«Азаттыққа» сұхбат берген депутат Айқын Қоңыров солай деп айтқан. Коммунистік партияның Орталық комитетінің саяси бюросы кезектен тыс сьезд шақырту туралы шешім шығарған.
«Сьезд 26 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Сайлауға кандидат ұсыну мәселесі талқыланады. Коммунистік партия сайлауға міндетті түрде қатысады. Партия мүшелерінің ішінен нағыз лайық адам кандидат болады» депті депутат Қоңыров.
Қоңыров сайлауға қатысуға әзір
Айтпақшы, дәл осы депутат Қоңыровтың өзі де коммунистер атынан сайлауға түсуге кетәрі емес екенін айтыпты.
«Мен партия өкілімін. Біздің жарғымыз демократиялық централизм негізінде жазылған. Сондықтан бір адамның шешімі, бүкіл партия шешімі бола алмайды. Бізде былай: президентке кандидатты партиялық ұйымдар, облыстық, аудандық, қалалық партия комитеттері ұсынады. Олардың барлығы партия сьезінде талқыланады. Сөйтіп, сол сьезде дауысқа салынып шешіледі. Сондықтан барлығы сьезде белгілі болады. Осыған дейінгі практикамыздан белгілісі, екі-үш кандидат сьезде талқыланады да, ішіндегі ең лайықтысы анықталады. Сондықтан менің партияластарым маған сондай шешім шығарса, мен бас тартпаймын. Ал басқа шешімге келсе, мен ол кандидатты қолдаймын» деді Айқын Қоңыров.
«Ауылдықтар» өз кандидатын сәуірдің соңында айтады
Ауылдықтар әлі бір шешімге келмеді. Бұл туралы партия жетекшісі, депутат Әли Бектаев айтты.
«Әрі қарай біз Қазақстанның саяси ұйымы ретінде, бұл сайлауға қалай, қай ракурста қатысатынымызды ақылдасуымыз керек. Меніңше, мұндай маңызды мәселе 3 сағаттың ішінде шешіле салмауы керек. Сондықтан, бүгін өзіміздің қоғамдық пікірімізді білдіру үшін бас қосып отырмыз. Ал сайлауға қатысу мәселесін біз саяси кеңес мүшелерімен, президиум мүшелерімен ақылдасып шешеміз» деді Бектаев.
Әли Бектаев басқаратын «Ауылдықтар» әлі бір шешімге келмегенімен, бұл сайлауға қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.
"Бұл біздің партиямызға Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне араласуға, партиямызды халыққа насихаттауға және бір мүмкіндік береді. Біз бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек. Ол сөзсіз" деді партия жетекшісі Әли Бектаев.
Ал енді жаңағы жарысқа кандидат ретінде кімді ұсынатынын шешу үшін «Ауыл» партиясы да сьезд шақырады. Алда-жалда адам табылып, үміткер шықса, оны сәуірдің соңына дейін жария етеді. Бұл да сол депутат Бектаевтың сөзі.
Зеленский мысалы...
Төрт партия тақ таласына қатысуға мақұл екендіктерін білдірді. Сәуір ішінде сьезд шақырып, өз кандидаттарын таңдамақ. Міне, солай. Саяси партиялар президенттікке кандидат ұсына алады. Бұрынғыдай өзін-өзі ұсыну жоқ қазір.
Осы жолғы сайлаудың екі ерекшелігі бар дейді, әлеуметтік желідегі жұрт әзілдеп. Ең танымал екі кандидат, Нұрсұлтан Назарбаев пен эколог Мелс Елеусізов сайлауға қатыса алмайды-мыс.
Айтпақшы, Мелс мырза осыған дейін 2005 жылы президент болмаққа бекінген. Халықтың 0,28 пайыз дауысын жинаған ол бес үміткердің бесінші болған.
Онан соң, 2011 жылы қайта қатысты. Бұл жолы төрт кандидаттың төртіншісі болған ол 1,15 пайыз дауыс еншіледі.
Рас-ау, бұған дейін екі мәрте сайлауға түсіп, жолы болмаған Елеусізов енді бақ сынай алмас, сірә. Өйткені партиясы жоқ. Партия демекші, биыл ақпанда «Табиғат» дейтін экологиялық партия құратынын айтқан. Үлгермейтін болды.
Жұрт осы жолғы кандидаттарды сезіп-біліп, болжап отыр. Бірлі-жарым адамды айрықшалап айтып та жүр. Қайталап жатпайық.
Біз жалпы сайлау туралы сөз айтайықшы. Қазір Украинада президент сайлауы жүріп жатыр. 39 үміткер тіркелген. Соның екеуі екінші турға шықты. Ол да сәуірде өтеді.
Пәлен жылғы тәжірбиесі бар Тимошенконы да, қазіргі президент Порошенконы да шаң қаптырған Владимир Зеленский дейтін әзілкеш. Бірінші турдың жеңімпазы сол. Ол 30 пайыз дауыс жинады.
Орыс ақпараты мен орыс ақпаратына әбден қанық қазақстандық кейбір саясаткерлер Зеленскийді «орысшыл адам», «шоумен», «комик» деген ауандағы пікірлерін айтты. Бұл сөздерді алғаш болып айтқан орыс пропогандасы. Мейлі, мәселе оның орысшылдығы немесе тіреп тұрған кәсіпкер көкелерінде емес.
Зеленскийді «орысшыл, комик» дегендердің көбі мына бір мәселеге мән бермеді. Зеленскийден кейінгі үш орынды өзара бөліскен үшеуге қараңызшы. Петр Порошенко, Юлия Тимошенко, Юрий Бойко. Барлығы дерлік сонау 1991 жылдан бері саясатпен айналысып келе жатқан адамдар. Юлия Тимошенко үш президенттің кезінде биліктегі басқарушы орындарда отырды. Пәлен рет премьер болды. Порошенко министрліктерді басқарды, президент болып та көрді. Юрий Бойко да 90-жылдан бері Украинаның мұнай-газ саласында басшылық қызметтерде болған адам. 2000 жылдан бастап партиялық қызмет істеді. Сан рет сайлауға түсті. Сан рет халыққа уәде берді. Януковичтің кезінде министр болды. Порошенконың кезінде депутат болды.
Жұрт бұл адамдарды кандидаттар тізімінен алғаш рет көріп тұрған жоқ. Неше мәрте құрғақ уәделеріне құлақ-құрыштары қанған.
Сөйткенде бір адам шықты. Жап-жас. Амибициясы да бар. Саяси сауаты да жеткілікті. Ең бастысы оның Радада (парламентте) лоббилік партиясы немесе Үкіметте таныс-тамыры жоқ. Ол Тәуелсіз Украина тәрбиелеп өсірген адам. Украина Тәуелсіздік алғанда ол бар болғаны 13 жаста еді. Саяси былық-шылыққа қатысы жоқ адам. Әрине, жұрт оған дауыс берді. Өйткені халықтың күткені өзгеріс еді. Халық жаңағы 20-30 жыл бойы саясатта жүргендерден әбден ығыры шыққан. Шаршаған. Олардың өздеріне де, сөздеріне де сенуден қалған. Сол үшін Зеленский қазір фаворит.
Ал бізде ше? Бізде де енді екі айдан соң сайлау өтеді. Бізде Тәуелсіз Қазақстан тәрбиелеп өсірген жас буын бар ма, көшті бастар? Кім? Бар ма? Болса неге жұрт Тоқаевты айта береді? Болса неге жұрт Назарбаеваны айта береді? Болса неге жұрт Қосановтарды, Көшімдерді, Перуашевтер мен Қоңыровтарды айта береді?
Жоғарыда партиялар мен жекелеген адамдардың ешбірі біз айтып отырған категорияға жатпайды. Ел ішінде жүрген Әміржан Қосановтар мен Дос Көшімдер де ендігі саясаттағы ақылшылар секторына жатқызатын адамдар.
Түйін
Дос Көшім мырзаның кешегі «Abai.kz» порталына айтқан пікірі әбден орынды. Жасы 60-тан асқан, немесе 60-қа жеткендердің саясаттағы рөлі – кеңесші ғана. Болды. Бітті. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап, күні бүгінге дейін саясатты сеніп тапсыратын бір адам тәрбиелей алмасақ, қалғаны бос сөз...
Әй, қайдам... Екі президентіміз де егде жастағы адамдар. Парламентімізде 80 жастағы Косарьев, 80-ге жетіп қалған Сұлтановтар отырғанда, не өзгеріс күтеміз, бірақ...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz