Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2187 0 пікір 17 Маусым, 2009 сағат 05:03

Ғалым СҮЛЕЙМЕН. Азияның алды болуға жарамадық

 

Қытайдың Жухай қаласында аяқталған Азия чемпионатында Қазақстанның былғары қолғап шеберлері қос алтын және үш қола медаль жеңіп алды. Бір қарағанда, жаман табыс емес. Алайда кезінде құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланып жүрген команда үшін бұл аздық ететін сыңайлы.
Ең өкініштісі, жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің тең жартысынан көбі бастапқы бәсекелерде-ақ сүрінді. Біздің жанкүйерлер үшін ең ауырға соққаны - Біржан Жақыпов пен Әділбек Ниязымбетовтің жеңіліс табуы. Аса жеңіл салмақтағы Жақыпов - 2005 жылдан бергі уақытта елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай халықаралық ареналарда да табысты өнер көрсетіп жүрген сыралғы боксшы. Шымкенттік өрен 2005 жылғы әлем чемпионатының және 2008 жылғы әлем кубогының қола жүлдегері. Былтырғы Бейжіңдегі ойындарда ол болашақ Олимпиада чемпионы Цзу Шиминнен ғана ұтылған еді. Жалпы, соңғы жылдары «Біржанның алдын орайтын жер бетінде бір ғана боксшы бар. Ол - Цзу Шиминь» деген әңгімелер жиі айтылып жүрді. Алайда Қытайдың мақтанышынан қауіптеніп жүргенімізде, басқа да мықты боксшылар өсіп жетілген екен. Солардың бірі - моңғол Ниямбаяр Тугстугуд. Ширек финалда Біржан Жақыпов сол жігіттен 4:10 есебімен ұтылды.

 

Қытайдың Жухай қаласында аяқталған Азия чемпионатында Қазақстанның былғары қолғап шеберлері қос алтын және үш қола медаль жеңіп алды. Бір қарағанда, жаман табыс емес. Алайда кезінде құрлықтық деңгейдегі додаларда дараланып жүрген команда үшін бұл аздық ететін сыңайлы.
Ең өкініштісі, жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің тең жартысынан көбі бастапқы бәсекелерде-ақ сүрінді. Біздің жанкүйерлер үшін ең ауырға соққаны - Біржан Жақыпов пен Әділбек Ниязымбетовтің жеңіліс табуы. Аса жеңіл салмақтағы Жақыпов - 2005 жылдан бергі уақытта елішілік жарыстарда қарсылас шыдатпай халықаралық ареналарда да табысты өнер көрсетіп жүрген сыралғы боксшы. Шымкенттік өрен 2005 жылғы әлем чемпионатының және 2008 жылғы әлем кубогының қола жүлдегері. Былтырғы Бейжіңдегі ойындарда ол болашақ Олимпиада чемпионы Цзу Шиминнен ғана ұтылған еді. Жалпы, соңғы жылдары «Біржанның алдын орайтын жер бетінде бір ғана боксшы бар. Ол - Цзу Шиминь» деген әңгімелер жиі айтылып жүрді. Алайда Қытайдың мақтанышынан қауіптеніп жүргенімізде, басқа да мықты боксшылар өсіп жетілген екен. Солардың бірі - моңғол Ниямбаяр Тугстугуд. Ширек финалда Біржан Жақыпов сол жігіттен 4:10 есебімен ұтылды.

Әділбек Ниязымбетов - жастар буынының жарқын өкілі. 20 жасқа жетер-жетпес шағында әуелі 69 келі, содан кейін 75 келі салмақ дәрежелері бойынша Қазақстан чемпионы атанды. Оның рингтегі қимыл-қозғалысына назар аударған жанкүйерлердің Әділбектің «ойлы боксшы» екеніне анық көз жеткізді. Және де барша халық Ақтаудың арланының болашағына зор сеніммен қарауда. Бірақ осыдан бір ай бұрын Алматыда өткен Сағдат Нұрмағамбетовтің турнирінде Ниязымбетовтің өнері көрермен көңілінен шықпады. Тым сылбыр қимылдап, ширек финалда қарсыласын әзер ұтты. Содан кейін бапкері Марат Жақиев шәкіртінің жарысты ары қарай жалғастыруын құп көрмеді. Өз шешімін айтулы маман: «Соңғы кездері тым көп жарыстарға қатысты. Тіптен дұрыстап демалуына мүмкіндік болған жоқ. Ал адам ағзасы темір емес қой. Сол себепті Әділбекті жартылай финалға шығарған жоқпын», - деп түсіндірді. Білікті бапкер дөп айтқан екен. Осы жарыста да жас боксшының әлі де өз-өзіне келе алмағаны байқалды. Махимал Вижендермен болған бәсеке үнді спортшысының жеңісімен аяқталды - 4:19.

Тәжірибелі Міржан Рақымжановтың да жолы болмады. Өзбек Таласбай Данияров (54 келі) оның осал тұсын оңай тапты. Екі жыл қатарынан ел чемпионатында дара шыққан Мақсат Оспанов (57 келі) үнді Шотелал Юдавтың алдында тым дәрменсіз көрінді - 1:15. Ересектер рингіне енді өткен аса ауыр салмақтағы Иван Дычко (+91 келі) бірден Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жилей Жангқа тап болып, тас-талқан болып ұтылды - 0:9. Халықаралық жарыстарда тәжірибе жиып үлгермеген Омар Ташенов (64 келі) шу дегеннен өзбек Санжарбек Рахмоновтың алдында тізе бүкті - 1:5. Міне, елге еңселері түсіп оралған боксшылар осылар. Ал қалған бес былғары қолғап шебері жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.
Жартылай финалда үш жерлесіміз сүрінді. 51 келі салмақтағы Олжас Сәттібаевтың алғашқыдағы қарқыны күшті болды. Ширек финалда Тараздың тастүлегі Олимпиада жүлдегері, моңғол Пуревдорж Сердамаға сан соқтырды. Есеп - 11:3. Келесі кездесуде Олжас шаршы алаң иесі Ли Чаодан жеңілді - 3:12. Пәкстандық Тарик Зияны ұрып құлатқан Ғани Жайлауов (60 келі) үнділік Жай Бағбаннан ұтылды - 2:7. Көп кешікпей Дәурен Елеусінов жоғарыда есімдері аталған командалық әріптестерінің кебін киді. Бастапқыда моңғол Шұлыңтұмыр Тұмыржаяның қалпағын кері қайырған (12:4) Оралдың өрені Менг Фанхуаға есе жіберді - 7:14.
Азияның алтын тұғырына көтерілу бақыты - Серік Сәпиев пен Василий Левитке бұйырды. Бұған дейін 64 келі салмақта әлемдік деңгейдегі жарыстарда алдына жан салмай жүрген Қарағандының көкжалы Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынауға бел буған еді. Елішілік жарыста шашасына «шаң жұқтырмаған Серік өзінің алғашқы халықаралық жарысында жеңіліс тапқан болатын. Сол кезде базбіреулер «Жаңа салмақ Сәпиевке жақпады» деп те тіл қатты. Алайда «шын мықтыға тұсау жоқ» екеніне аспанасты еліндегі жарыста көз жеткіздік. Қандасымыз үнді Жағат Сингх, қытай Чен Хонгвей және түрікмен Омар Маматчаевты бас көтертпей, яғни нокаутпен ұтып, сары құрлықтың теңдессізі атанды. Серік салған сара жолды Василий Левит жалғастырды. 91 келі салмақта сынға түскен отандасымыз, моңғол Сандарсурен Ерденбаярды, ирандық Әли Мазахери мен қытай Ли Бинді айқын басымдылықпен ұтып, алтыннан алқа тағынды.

Сонымен, Қазақстан құрамасы Қытай мен Өзбекстанды алға жіберіп, командалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Ринг иелері 3 алтын, 3 күміс және 2 қола мадальді олжаласа, «өз ағаларымыз» 2 алтын және 3 күміс жүлдені қоржынға салды. Қазақстаннан кейінгі орынды Таиланд иеленді. Тай жігіттерінің еншісінде - 2 алтын және бір қола медаль. Үндістан мен Түрікменстан бір-бір алтыннан олжалады. Бұл нәтижеге қазақстандық жанкүйерлердің көңілі толды деп айту әбестік болар. Бір өкініштісі, Қытай, Үндістан және Өзбекстан боксшыларымен болған кездесулердің көбі біздің емес, қарсыластарымыздың пайдасына шешілді. Жарайды, өзбектер мен қазақтар үнемі «жаға жыртысып» келеді дейік. Ал осыдан бірер жыл бұрын ғана Қытай мен Үндістан қандастарымыздың қолына су құюға жарамайтын. Ұлы көршіміздің Бейжің Олимпиадасынан кейін даңқы өрледі. Алайда сол белеске жету үшін ринг қожайындары қандай айлаға барғанын жанкүйер қауым жақсы біледі. Төрешілердің қытайларға бүйрегі бұрып, әділдікті белден басқанына төрткүл дүние жұртшылығы куә. Ал Үнді боксының беделі артуының себебі - Куба бапкерлерімен тікелей байланысты. Бостандық аралының мамандары аталмыш мемлекетте еңбек етіп, аз ғана уақыт ішінде небір мықты жігіттерді қатарға қосты. Ал біз өз позициямызды жоғалттық. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдардың бел ортасында 12 салмақ дәрежесі бойынша сарапқа салынатын бас жүлденің тең жартысы қазақтардың қанжығасына байланатын. 1994 жылы Теһранда бес алтын алсақ, 1995 жылы Ташкентте алты рет әнұранымыз шырқалып, Азияның теңдессіз командасы атанған едік қой. Одан кейінгі жылдары да жаман өнер көрсеткен жоқпыз. Сары құрлықтың саңлақтарын менсінбегеніміз соншалық, чемпионатқа екінші құрамды жіберетін болдық. Соның өзінде жерлестеріміздің арасынан алғашқы айналымдарда сүрінетіндер тым сирек еді. Ал бүгінгі таңда алты бірдей боксшымыз алғашқы асулардан да аса алмады. Ал солардың арасында Біржан Жақыпов, Дәурен Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко сынды сенім артқан спортшылардың болуы көңілге кірбің түсірді.

Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

48 келі: 1.Каев Понгпрауон (Таиланд). 2. Наноа Сингх (Үндістан). 3. Ниямбаяр Тугстугуд (Моңғолия), Ри Чунг Ли (Солтүстік Корея).
51 келі: 1. Сиранжой Сингх (Үндістан). 2. Ли Чао (Қытай). 3. Олжас Сәттібаев (Қазақстан), Амнат Роенроег (Таиланд).
54 келі. 1. Мао Юанхао (Қытай). 2. Таласбай Данияров (Өзбекстан). 3. Житендер Кумар (Үндістан), Луй Шух Жинг (Тайпей).
57 келі. 1. Массук Виджай (Таиланд). 2. Хұршид Тәджібаев (Өзбекстан). 3. Сатоши Шимицу (Жапония), Жафхалан Баяди (Монғолия).
60 келі. 1. Сердар Құдайбердиев (Түрікменстан). 2. Жай Бағбан (Үндістан). 3. Енкзориг Зоригбатар (Моңғолия), Ғани Жайлауов (Қазақстан).
64 келі. 1.Санжарбек Рахмонов (Өзбекстан). 2. Кауман Карами (Иран). 3. Чен Тонг Чой (Қытай), Масатуши Кавачи (Жапония).
69 келі. 1. Серік Сәпиев (Қазақстан). 2. Омар Маматчаев (Түрікменстан). 3. Вей Чен Чанг (Тайпей), Чен Хонгвей (Қытай).
75 келі. 1. Жанг Жиантинг (Қытай). 2. Айман Ауад (Иордания). 3. Наджид Салоум (Ливан), Махимал Вижендер (Үндістан).
81 келі. 1. Елшод Расұлов (Өзбекстан). 2. Мен Фанхуа (Қытай). 3. Данеш Құмар (Үндістан), Дәурен Елеусінов (Қазақстан).
91 келі. 1. Василий Левит (Қазақстан). 2. Ли Бин (Қытай). 3. Әли Мазахери (Иран), Ихат Алматболи (Йордания).
+91 келі. 1. Жанг Жилей (Қытай). 2. Сардор Абдоллаев (Өзбекстан). 3. Парамжет Самота (Үндістан), Ақбар Хуссейн (Иран).

 

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Айқын» газеті 16 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618